АҒЫЛШЫНДАРДЫ ТАҢҒАЛДЫРҒАН АҚСУДЫҢ АЮЫ
2026 ж. 12 шілде
35
0
Осыдан тура бір тәулік бұрын, 11 шілде күні сағат 15:40-тар шамасында қасиетті Түркістан өлкесінде, шырайлы ШымшаҺардан небары 60 шақырым жерде керемет оқиға болды!
Тау ішінде табиғат әсемдігін тамашалап, тартып келе жатқанда қарсы алдыңыздан аю шыға қалса, не істейсіз?!.

Табиғаты тамаша, Алашқа аты мәлім «Ақсу- Жабағылы» ұлттық қорығы ішінде біздің нағыз натуралист Сырымбет баламыз Сәкеннің әніне салып, «Мен келем тау ішінде өлеңдетіп. Астымда ақ боз атым сылаң қағып, Жалтақтап құлақтарын елеңдетіп»-деп әндетіп келе жатса, қарсы алдынан аю шыға келіпті!?. Иә, кәдімгі қорбаңдаған дәу қоңыр аю, тіпті, жалғыз емес, жанында сүйкімді екі қонжығы да бар!

Біздің Сырымбет Жарылқасын да жалғыз емес. Оның жанында да ертіп жүрген екі адамы бар. Сонау әйгілі Ұлыбританиядан Ұлы Даламызды бір көруге келген екі ағылшын саяхатшысы.
Өмірі дала кезіп, тау-тасты аралап, жан-жануарлармен сырласып жүретін Сырымбеттің арманы орындалды осылай! Күтпеген жерден екі аю алдынан шыға келіп, керемет оқиға болды! Ал мұндай күтпеген сәттіліктен есі шығып кеткен екі ағылшынның қуанғаны мен қорыққанын көрсеңіз – айтпаңыз! Өйткені, бұндай керемет сәттілік кез келген адамға кездесе бермейді, көбісі мұндай оқиғаға өмір бойы куә бола алмауы мүмкін!?.

Негізгі мамандығы заңгерлікті ұмытып, бар күшін тылсымы терең табиғат тануға, жануарлар әлемін зерттеуге жұмсап жүрген Сырымбеттің күткені орындалып, алдынан шыққан аюы бұлармен қоштасқандай қонжықтарымен қосылып, екі аяқтарымен тік тұрып, құрмет көрсетіп, ұзақ қарап тұрып, қорбаңдай басып, ағаштар арасына кіріп кетті...
Сонымен бұл тосын оқиғаға куә болғандар:
1.Сырымбет Жарылқасын – табиғаттанушы (натуралист).
2. Ұлыбританиялық саяхатшы Том.
3. Ұлыбританиялық саяхатшы Сэм.
4. Бекжан – «Ақсу-Жабағылы» паркінің инспекторы
Табиғат - толған тосын сый. Тек ұлттық байлығымыз – дархан дала, асқар тау, ән салатын Қызылқұм, сыңсыған ну орман, қалың тоғай, терең теңіз, үлкен өзендер, барлық географиялық табиғатқа бай Қазақтың керемет табиғатының құнын біліп, аялап, сақтай білу керек.

Әлем саяхатшылары қызығар туристік кластерді дамыта білсек, байлығымыз қазынамызға қаржы болып құйылары анық.
Анықтамалық ақпарат
Сырымбет Есенәліұлы Жарылқасын — Шымкент қаласының тумасы, натуралист, табиғат зерттеушісі және әуесқой анималист суретші. Бастапқыда заңгер мамандығын меңгеріп, осы салада еңбек еткенмен, уақыт өте келе өзінің басты қызығушылығы — табиғатты зерттеу мен жануарлар әлемін бейнелеу өнеріне бет бұрды.
Ол Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде аңшылықтанушы-биолог қызметін атқарып, аймақтағы жануарлар дүниесін зерттеу, табиғи экожүйелерді бақылау және биоалуантүрлілікті сақтау бағытында жұмыс істеген. Бұқар бұғыларын Сырдария тоғайларына жерсіндіру жұмыстарымен айналысқан. Сонымен қатар Қазақстан табиғатына қызығушылық танытқан шетелдік зерттеушілер мен туристерге табиғи аймақтар бойынша гидтік қызмет көрсетеді.

Әкесі Есенәлі Жарылқасынұлы Иса, заңгер, Түркістан облысы Шардара ауданы Қызылқұм ауылы мектебінен кейін, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факултетін бітірген. Қызылорда облысында, Шымкентте құқық қорғау органдарында қызмет еткен. Қорғаныс министрлігі Әскери полиция Ақтау горнизоның бөлімшесінің басшысы, әділет подполковнигі (2002-2004). Маңғыстау облысы Ішкі саясат департаментінің бөлім басшысы , Маңғыстау облысы Әкім апаратының әдеп жөніндегі уәкілі (2006-2024). Қорғаныс министрлігінің әскери ардагері, Мемлекеттік қызметтің ардагері.
Қазыбек ИСА,
Түркістан облысы