ХАЛЫҚТЫ ЕШКІМ АЛДАЙ АЛМАЙДЫ! - Қазыбек Иса

ХАЛЫҚТЫ ЕШКІМ АЛДАЙ АЛМАЙДЫ! - Қазыбек Иса

“Ақ жол” партиясы съезіндегі баяндамасына қосымша сөз

Астанада «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды Съезі өтті. Съезге партия басшылығы, Саяси кеңес мүшелері, өңірлік партия конференцияларында өкілдік нормаларына сәйкес сайланған 200-ден астам делегат, депутаттар, жастар қанатының өкілдері және кәсіпкерлер қауымдастығының мүшелері қатысты.

Съезд аясында «Ақ жол» демократиялық партиясының Құрылтай сайлауына қатысу мәселелері қаралды.

"Қазақ үні" ақпарат агенттігі “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исаның съездегі баяндамасын жариялаған болатын. Сол баяндамаға қосымша сөзін де келтіруді жөн көрдік.

***

“Ақ жолдың” қос қанаты бар. Ширек ғасырдай ХАЛЫҚТЫ, КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОРҒАП, ҰЛТ ЗИЯЛЫЛАРЫН ҚОЛДАП КЕЛЕ ЖАТҚАН

ЖАЛҒЫЗ «АҚ ЖОЛ» ПАРТИЯСЫ.

“Ақ жол” партиясының құрылған кезінен қазығын қағысқан алғашқы мүшелерінің бірі ретінде айқын айта аламын - қазір “Ақ жолмен” салыстыра алатын партиялық тарихы да, парламенттік тарихы бар партия жоқ!

Айтыңыздаршы, “Ақ жолдан” басқа 5 рет парламентте болған, 4 рет парламентте белсенді фракция құрып, мүшелері комитет басқарып, Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасарына дейін көтерілген, 2 рет президент сайлауына қатысқан қандай партия бар? Жоқ!!!

Ендеше, Құрылтай сайлауына құрыштай берік қалпымызбен кірісуге дайынбыз!

Елімізде тұңғыш рет 2007 жылы Ұлттық саясат концепциясын қабылдаған, парламентте Кәсіпкерлік кодексті қабылдауға бастамашы болып, ұлттық мүддені қорғап келе жатқан, аты брендке айналған “Ақ жол” партиясына келесі жылы 25 жыл - ширек ғасыр толады құдай қаласа. 

1.Бірақ, кәсіпкерлердің сөзін сөйлейміз деп парламентке кеше келген кейбір партиялар өзгелерге тасада тұрып, тас ата бастапты. Олар «халық не айтсақ та, сене береді, парламентте кәсіпкерлер мүддесін қорғауда біздің қарсы дауыс бергенімізді ешкім білмейді» деп ойлайтын болуы керек. Сондықтан да «Біз кәсіпкерлер құқын корғадық» деп, әлеуметтік желілерде желдей есіп, елді алдап жүр. Желіде ғана желпініп, виртуальды өмір сүріп жатқандар шын өмірде не болып жатқанын білмейтін сияқты… 

2.Енді міне, сайлау басталғанда ғана, халықпен кездесер кезеңді ойлаған ондай партияның ақ түс көрсе, ақылынан адасып, қаралауға дайын мүшелері: “Біз де кәсіпкерлер мүддесін қорғадық” деп, беттері бүлк етпей халықты алдап, ал шын қорғаған партияға тас атып тұрғандарын көргенде, «бұлар бұлай сөзі басқа, ісі басқа болудың оқуын қай жерде оқыған» деп таңғаласың…. 

3. ”Ақ жолдың” істегенінің 100-ден бірін де істеп көрмеген бұлардың әйгілі мысалдағы пілге үрген кәндендей күлкілі де, аянышты тірліктеріне қарасаң, қазақтың өткір сатиралық мысалы еске түседі.  

Қос қанатын жайған алып қыран бүркіт қиядан құйылып келіп, түлкіні алғанда, жартастың жанында тығылып жатқан қара қарға жанына жалп етіп қона кетіп, бүркітке: “Әй, әйтеуір сіз боп, біз боп, алдық-ау түлкіні” деген екен. 

Бүркіт пен қарға туралы тәмсіл көп.

Бүркіттің арқасына мініп алған қарға бүркіттен де биікке өзім шықтым деп қарқылдайтын көрінеді...

Бұны білген бүркіт қарғаның сазайын беру үшін қатты биікке көтеріліп кеткенде, биікте болуға жаралмаған қарғаға ауа жетпей, құлап түседі екен…

“Ақ жолдың” бар еңбегін пайдаланып жүрген кейбір партиялардың тірлігі осы қара қарғадан да асып кетті...

Ел бірақ кімнің кім екенін, кімнің еңбегі қандай екенін жақсы біледі!

Сөз бен істің бірлігін көрсетіп, халықтың мүддесін қорғап, қос қанатымен биікте самғап келе жатқан “Ақ жолға” әрқашан Ақ жол тілейміз!

Алдағы аламанда “Ақ жолдың” ақбоз тұлпары алда келе бергей!

Алла жар болсын!

Ақ жол!

Қазыбек ИСА, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісі VII, VIII шақырылымдар депутаты