ШАРДАРАДА ДИХАНДАРҒА СУ БЕРІЛМЕУДЕ?!. - Қазыбек Иса

ШАРДАРАДА ДИХАНДАРҒА СУ БЕРІЛМЕУДЕ?!. - Қазыбек Иса

Егіс күйіп барады! Егіспен бірге егелері - Халық күйіп барады!?»

Әрбір сағат, әр сәт маңызды!

Шардарадан тағы да шу шықты! Шу тағы да судан шықты... Бұл жолы ауыз су емес – ағын судың мәселесі!

«Құрметті ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса Жарылқасынұлына Шардара ауданынан аманат хат.

Шардара ауданына қарасты жер шаруашылығы мәселесі бойынша аудан тұрғындарының атынан өзекті сұрағымыздың шешілуіне көмегіңізге зәруміз.

Егіп қойған егініміз күрішке су түбінде тұрса да, суға қол жеткізе алмай отырмыз. Соның салдарынан еккен егініміз, маңдай теріміз бен еңбегіміз күйіп кету қаупінде тұр.

Уақыт күттірмейтін жағдайға байланысты абдырап, қобалжып, сізге осы хатты жолдап отырмыз.

Аталған су мәселесі Су ресурстары министрі Н.М. Нұржігітовтің құзыретіне қарайтын мәселе екені белгілі. Бірақ біз халықтың аманаты болған соң, қиналған кезде өзіңізді іздейтініміздей, бірден сізге хабарласып жатырмыз.

Күннің қатты ыстығына байланысты, халықтың еккен күріші қурап кету қаупі болғандықтан, бұл мәселе уақыт күттірмейтін жағдайға жетіп отыр. Сондықтан, сізден мүмкіндігінше жедел қол созып, оң шешім болуына ықпал етеді деген үміттеміз. Қаншама халық үшін өте маңызды мәселемізге назар аударады деген үмітпен, аудан халқы аманатын жеткізіп, үлкен өтінішімізді шешуге ықпал етуіңізді сұраймыз» дейді Шардара ауданы дихандарының арызын жеткізген азаматтар Жұмахан Жаппарұлы мен Алтынбай Мұса.

2026 жылы 16 маусым күні көрсетілген «Astana» телеарнасының тілшісі Айзада Төребекқызы түсірген хабарда 10-15 см өсіп қалаған күріш алқабының сусыз жатқанын, күйіп бара жатқан күріштігіне қарап күйінген дихандардың жанайқайына куә болдық. Өзіміз сол өңірде, күріштің арасында өскендіктен, піскенге дейін сусыз тұрған күрішті көрмеген басымыз, егістіктің шаңы шығып жатқанын көріп, жанымыз шыға жаздады...

Биыл ақпан айында аудандағы су саласы басшыларынан күріш егуге рұқсат алған Мейірбек Қуатов: «Бізге де су берілмей жатыр, өткен жолы Түркістан облысынан келген бір комиссия «Судың бағасын екі есе төлесеңдер ғана суға рұқсат береміз, еге беріңдер» деп кетіп еді, одан да нәтиже жоқ»-дейді. Шаруалар Жұмахан Жаппарұлы, Бегалы Қуатов та осылай дейді.Ал Бауыржан Бөрібеков жерінің астынан су шығып жатқанын, амалсыздан күріш екпесе, ылғалды жерге ешқандай басқа дақыл шықпайтынын айтады.

Дихандардың айтуынша, келісім-шарт жасалмаған күріш алқаптары ғана емес, жоспарда бар күріш алқаптарына да су берілмей жатыр...

Сусаған егінге су бермей отырған Су ресурстары министрлігінің комитет төрағасы орынбасары Темірлан Әбдіқұлов «Шаруалар рұқсатсыз күріш екпеу керек еді, енді оларға су беруді мен шеше алмаймын, менің құзыретіме кірмейді» деп шорт кесті.

Біз Түркістан облысы Шардара ауданы әкімі Арман Қарсыбаймен сөйлесіп, дихандардың да зарын тыңдап, нақты жағдайдың өте қиын болып тұрғанына көз жеткіздік.

Сондықтан, біз бірден Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі О.Бектеновке шұғыл депутаттық сауал жолдап отырмыз.

Өйткені, министрлерді түгендеп отыруға уақыт жоқ!  

Егіс күйіп барады! Егіспен бірге егелері - Халық күйіп барады!

Әрбір сағат, әр сәт маңызды!

Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасы орынбасары.

ШАРДАРА ДИХАНДАРЫНА ҚАШАН СУ БЕРІЛЕДІ?!.

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрі

О.Бектеновке

Құрметті Олжас Абайұлы

Түркістан облысы Шардара ауданында дихандар күріш егу үшін 3,5 мың га жерге Су министрлігімен келісім-шарт жасалған. Бірақ, 552,3 гектар артық егілген. Енді сол шартсыз егілген жерге Су министрлігі су бермей отыр. «Былтыр күріш еккендер бұдан екі есе көп еді, су тапшылығында да су жеткен, ал биыл Шардара су қоймасында жылдағыдан су екі еседей көп болса да, су бермеуде, егініміз күйіп барады» деп, күйінген Шардаралықтар парламентке арыз айтуда.

Енді Шардара ауданы әкімдігінен алынған нақты мәліметтерді сөйлетейік.

Түркістан облысы Шардара ауданы бойынша күріш дақылы туралы ақпарат

Шардара ауданында 2026 жылға Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігімен келісілген су лимиттеріне сәйкес күріш егу үшін жалпы 3 500 гектар көлемінде егіс алқабы бекітілген. Оның ішінде: · Қызылқұм ауылдық округінде – 657 га, · Алатау батыр ауылдық округінде – 953 га, · Ұзын ата ауылдық округінде – 611 га, · Көксу ауылдық округінде – 550 га және · Қоссейіт ауылдық округінде – 729 га күріш егу көзделген.  

Бекітілген лимиттердің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімдігі, ауылдық округ әкімдіктері, су шаруашылығы саласының мамандары және мүдделі мекемелер тарапынан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен биылғы 2026 жылғы наурыз айынан бастап бүгінгі күнге дейін тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, су тапшылығы жағдайында күріш дақылын тек белгіленген көлемде орналастыру қажеттілігі ескертілген.  

Соған қарамастан, жүргізілген мониторинг нәтижесінде бірқатар шаруашылықтардың «Қазсушар» РМК-мен басқа ауыл шаруашылығы дақылдарына арналған келісімшарттар негізінде лимиттен тыс шамамен 552,3 га гектар жерге күріш егілгені анықталды. Аталған фактілер бойынша тиісті мемлекеттік органдарға ақпарат беріліп, заңнама талаптарына сәйкес шаралар қабылдануда.

Анықтама: Қ.Тұрысбеков а/о бойынша 64 га 1 шаруа қожалығы, Қоссейіт а/о бойынша 358,3 га 43 шаруа қожалығы, Достық а/о бойынша 40 га 1 шаруа қожалығы, Қызылқұм а/о бойынша 40 га 5 шаруа қожалығы, Алатау батыр а/о бойынша 50 га 20 шаруа қожалығы).

Жалпы 552,3 гектар, 70 шаруа қожалығы.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің аумақтық бөлімшелері тарапынан лимиттен тыс егілген күріш алқаптарына су беру мәселесі қайта қаралып, белгіленген тәртіпке сәйкес шектеу шаралары қолданылуда. Осыған байланысты жекелеген шаруалар қосымша су лимитін бөлу туралы ұсыныстар көтеруде.

Ал жылда су деңгейі төмен түсіп кетіп, шу болатын Шардара су қоймасының жағдайы қалай? 

Былтыр Шардара су қоймасының су көлемі шекті деңгейден соңғы он жылдықта болмаған деңгейге дейін көп төмен түсіп кетіп, ауданда қиын жағдай болған еді...

Соны білгендей, сол қиын жағдайдан бір ай бұрын 2025 жылы 26 маусымда «СУ ҮСТІНДЕГІ ЕЛ СУСЫЗ ҚАЛҒАЛЫ ТҰР? СУ ҚАУІПСІЗДІГІ - ҰЛТТЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ СРАТЕГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕ!» деп, депутаттық сауал жасаған едік. Оған үкімет қозғала қоймай, ақыры біз, парламент каникулда болсақ та, жазғы демалысымызды ұмытып, «СУ ҮСТІНДЕ ОТЫРҒАН ЕЛ СУСЫЗ ҚАЛАТЫН ЖАҒДАЙДА! БІЗДІҢ ЕЛДЕ ҮКІМЕТ БАР МА, ЖОҚ ПА?!.» деп дабыл қағып, Үкімет басшысы, ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауалхат жолдағанбыз.

 «Су тапшылығы болатынын біле отырып, «Шардара» су қоймасының жағдайын ескермей, «Арнасай» су бөгеті арқылы Өзбекстан Республикасына не себепті 1 805 млн.м3 су жіберілген?»

 «Егер 1 805 млн.м3 суды «Арнасай» арқылы Өзбекстанға жібермей, «Шардара» су қоймасы мен «Көксарайға» жинағанда, қазіргі жетіспей жатқан 1 811 млн.м3 су орны толып, су тапшылығы болмас еді...» деген сұрақтарды көтерген едік?».

Премьер үш күннің ішінде Шардараға келіп, елдің жағдайымен танысып, қабылдануы тиіс шараларды тапсырып кетті.

Соның өзінде, ақыры Шардара қаласына су шықпай қалып, біраз уақыт қала халқына су тасығыш көліктермен су жеткізілді.  

Ал биыл, 2026 жылы Шардара су қоймасының жағдайы жақсы, суы мол, құдайға шүкір.

Сонымен қатар, «Ақ жол» фракциясының парламент пен үкімет сағаттарында талай көтергенінің жақсы нәтижесі ретінде 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап, Шардара қаласының тұрғындарына «Тама-Тастанбек» жобасы арқылы су берілу жоспар бойынша. Бектілген лимит бойынша қала тұрғындары 1 күндік тұтынатын су көлемі 12 мың текше метр, жыл соңына дейін 1.8 млн. 

Анықтама: Қазіргі таңда Шардара су қоймасының толуы 4835 млн.м3 немесе 93% (кіріс – 311 м3/сек, шығыс – 420 м3/сек). Былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 млрд.м3-ке (2025 ж -2883 млн.м3) артық.Оның ішінде: Сырдария өзені арқылы – 350 м3/сек және Қызылқұм МК арқылы 70 м3/сек ағын су босатылуда.

Ағымдағы жылға «Қызылқұм» магистралды каналы арқылы жеткізілетін су лимиті 850 млн м³ көлемінде бекітілген. 

Алайда бұл өткен жылмен салыстырғанда 137 млн м³-ке аз (2025 жылы – 987 млн м³). Бүгінгі күнге нақты алынған су көлемі 509 млн м³ құрап (60%) отыр. Осыған байланысты вегетациялық маусымды қалыпты деңгейде өткізу үшін былтырғы лимит көлемінен кем болмауын қайта бекіту қажет.

Былтырғы жылы Түркістан облысында 10 908,2 га күріш егілген. (Мақтаарал 3484 га, Жетісай 1122 га, Отырар 400 га, Ордабасы 3 га, Шардара 5899 га). Былтырғы жылмен салыстырғанда 6855 га аз егілген.

Ал Шардара ауданында былтырғы жылмен салыстырғанда 1847 гектарға аз егілген.

Күріш дақылын өсіп жетілдіруге қажетті су көлемі гектарына 26100 куб текше метр бекітілген. Яғни артық егілген 552 га күріш дақылына жалпы 14,4 млн куб су қажет.          

Құрметті Олжас Абайұлы! 

Бүгінде суармалы сумен қамтамасыз етілмей отырған Түркістан облысы Шардара ауданындағы 70 шаруа қожалығының 552,3 гектар күріш алқабына жалпы 14,4 млн куб су қажет.

Су берілмеген жағдайда 552,3 гектар алқапқа егілген күріш күйіп кетуі мүмкін. Оның салдары шаруалардың табыссыз қалуына, ауыл халқының тұрмыс деңгейінің күрт төмендеуіне және өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың күрделенуіне соғады. Сондықтан аталған мәселені шұғыл түрде қарастырып, шаруаларды қажетті сумен қамтамасыз ету бойынша нақты шешім қабылдау аса маңызды.

1.Біріншіден былтырғы жылы Түркістан облысында 10 908,2 га күріш егілген. Былтырғы жылмен салыстырғанда 6855 га аз егілген.

Ал Шардара ауданында былтырғы жылы 5899 гектар егілсе, биыл 4052 гектар егілді. Яғни, былтырғы жылмен салыстырғанда биыл 1847 гектарға аз егілген. 

2.Екіншіден, былтыр 2025 жылы табиғи жағдайға байланысты су тапшылығында Су министрлігі 1 805 млн.м3 суды «Арнасай» арқылы Өзбекстанға жіберіп қойып, 1 811 млн.м3 су жетіспей қалғанда да бұдан екі еседей көп егілген күріш алқабына су жеткілікті болған еді. 

Яғни, былтырғы су екі есе аз кезеңде екі еседен көп күріш егілсе, керісінше, биыл су екі еседен де көп кезде күріш екі еседен де аз егіліп отыр. Сондықтан, жоспардан тыс егілген күріш көлемін сумен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар деген сөз. 

Жалпы, Шардара су қоймасы не үшін салынды, қандай мақсат орындауы тиіс? Ең алдымен мемлекеттік саясатымыз өңірді суландырып, ауыл шаруашылығы саласын дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын арттырып, азық-түлікпен қамтамасыз ету емес пе?!.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында агроөнеркәсіп кешенін дамыту, су ресурстарын тиімді пайдалану және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударып келеді.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабында жер мен табиғи ресурстар халық игілігі үшін пайдаланылуға тиіс екендігі белгіленген. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Су кодексінде су ресурстарын басқару кезінде ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің заңды мүдделерін қамтамасыз ету міндеті көзделген. Су ресурстарын ұтымды пайдалану; су пайдаланушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау; ауыл шаруашылығының суға деген қажеттілігін қамтамасыз ету міндеттелген. Ал Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамыту және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысының басымдықтарын айқындайды. Алайда бірқатар өңірлерде суармалы егіншілікпен айналысатын шаруалардың мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр.

Егер күріш алқаптары қажетті сумен қамтамасыз етілмесе, шаруалардың бір жылдық еңбегі зая кетіп, айтарлықтай материалдық шығынға ұшырайды. Нәтижесінде ауыл тұрғындарының табысы төмендеп, әлеуметтік мәселелердің ушығуына және өңірдегі экономикалық ахуалдың нашарлауына алып келуі мүмкін.

Өйткені осы 70 шаруашылықта еңбек етіп отырған азаматтардың отбасы мүшелерін есептегенде, шамамен 600-дей адамның табысы мен тұрмыс-тіршілігі, күнкөріс көзі осы егіннің тағдырына тәуелді.

Күріш – суға аса тәуелді дақылдардың бірі. Өсімдіктің вегетациялық кезеңінде қажетті көлемде су берілмеген жағдайда, өнім толық жойылуы мүмкін. Бұл өз кезегінде шаруалардың қаржылық шығынға ұшырауына, несие және лизингтік міндеттемелерін орындауда қиындықтарға тап болуына, жұмыс орындарының қысқаруына және ауыл халқының әлеуметтік жағдайының нашарлауына әкеледі.

Алдын ала есеп бойынша, 552,3 гектар күріш алқабының өнімсіз қалуы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін азайтып қана қоймай, жергілікті бюджет кірістерінің төмендеуіне, азық-түлік қауіпсіздігіне және өңір экономикасына да теріс әсер етуі мүмкін.

Осыған байланысты, аталған мәселені жан-жақты қарастырып, 552,3 гектар күріш алқабын суармалы сумен қамтамасыз етуге қатысты шұғыл және нақты шаралар қабылдау қажет деп санаймыз. 

Қазақстан Республикасы Үкіметіне ұсыныстарымыз бен сұрақтарымыз: 

1.Түркістан облысы Шардара ауданындағы 70 шаруа қожалығының 552,3 гектар күріш алқабын суармалы сумен қамтамасыз ету үшін қандай шұғыл шаралар қабылдануда?

2.Аталған шаруашылықтарға су берілмеуінің нақты себептері қандай және оған жауапты ұйымдар мен лауазымды тұлғалар анықталды ма?

3.Су тапшылығына байланысты туындаған жағдайды шешу үшін қосымша су көздерін тарту немесе су бөлу лимиттерін қайта қарау мүмкіндігі қарастырылып жатыр ма?

4.Егілген егістіктің жойылу қаупі туындаған жағдайда шаруалардың шығындарын өтеу немесе мемлекеттік қолдау көрсету бойынша қандай тетіктер қарастырылған?

5.Болашақта осындай жағдайлардың қайталануын болдырмау үшін өңірдегі су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру жөнінде қандай нақты шаралар жоспарланған?

6. Сумен қамтамасыз етілмей отырған Түркістан облысы Шардара ауданындағы 70 шаруа қожалығының 552,3 гектар күріш алқабына жалпы 14,4 млн куб су қажет. 

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз. 

Құрметпен, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары

«Ақ жол» фракциясы мүшелері: Қазыбек Иса,

Азат Перуашев,

Ерлан Барлыбаев,

Серік Ерубаев,

Олжас Нұралдынов.

Депутат: Ерлан Әбдиев