Талғат Теменов: АДАМ ЗАҢ ҮШІН ЕМЕС, ЗАҢ АДАМ ҮШІН КЕРЕК

Талғат Теменов: АДАМ ЗАҢ ҮШІН ЕМЕС, ЗАҢ АДАМ ҮШІН КЕРЕК

2026 жылғы 23 мамырда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Алматы қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Қандастарға қамқорлық» тақырыбында келелі кеңес өтті. Қандастардың азаматтық алу, құжат рәсімдеу және әлеуметтік бейімделу мәселелерін талқылауға арналған жиынға ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, ақын Қазыбек Иса және мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, еліміздің әр өңірінен келген қандастар қауымы, жүзден аса адам қатысты. Басқосу тарихи Отанына оралған азаматтардың мәселелерін ашық көтерген маңызды қоғамдық алаңға айналды.

Аталмыш жиынға Астанадан арнайы келіп қатысып, қандастардың арыз-шағымын тыңдаған, парламентте көші-қон мәселесін жүйелі көтеріп келе жатқан Мәжіліс депутаты, ақын, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса сөзінің толық жазбаша нұсқасын бұған дейін порталымызда жарияладық.

Бүгін осы мәселе жөнінде режиссер, Қазақстанның Халық артисі Талғат Теменовтың пікірін оқырман қауымға ұсынамыз.

АДАМ ЗАҢ ҮШІН ЕМЕС, ЗАҢ АДАМ ҮШІН КЕРЕК 

Бұл ми­нистрліктер заңды орындамай отыр. Президент қол қойған кез келген заң талқыланбай орындалуға мін­детті. Қазақ­станның дамуы кей тұста неге те­желіп жатыр? Өйткені Мемлекет басшысының айтқанына қайсы­біреулер құлақ салмайды. Мен өз басым солай түсінем. 

Адам заң үшін емес, ең алдымен заң адам үшін керек.Барлық жерде сол. Кез келген заң адам құқығын қорғау үшін қажет. Елдегі қазақ әлі 20 миллионға жете алмай жатқан кезде келемін деген қандастарға тосқауыл қою дұрыс емес. Ресейдің заңы бойынша ол елдің азаматтығын алу үшін біздің Орталық Азиядағы тәжіктер, өзбектер, қырғыз бен түрікмен орыс тілін, тарихын білуге міндетті. Онда (көп елде) барлық өзге ұлттардан орыс тілінен (мемлекеттік тілден) емтихан алады да, бірақ шеттен келген орыстардан орыс тілінен емтихан алмайды ғой?! 

Өте дұрыс! Барлық елде солай!

Ал бізде неге шеттен келген этникалық қазақтардан қазақ тілінен емтихан алады? Міне, мәселе осында жатыр. Қазыбек Иса дұрыс дабыл қағып отыр - бізде де шеттен келген этникалық қазақтардан қазақ тілінен емтихан алмауы керек Азаматтық туралы заң бойынша. Үш министрлік осы заңымызды және конституцияны белден басып бұзып отыр. Бұлар орыстың көшірмесін алып отыр. Қытайда, Моңғолияда тұратын қазақтар біздің Конституцияны қайдан біледі? Олар өз атамекеніне сол Ата заңды оқып-білу үшін келіп жатыр. Сондықтан бұл үш министрліктің алысты болжай алмауы немесе Президент қол қойған заңды елемеуі. Олардың үй ішінен үй тігіп, бүйректен сирақ шығаруы дұрыс емес. Заңды шығарған адам да пенде ғой. Жобаны жасаған министрлік өкілдерінің 25-30 пайызы сол емтиханды тапсыра алмайды. Қазақша жаза алмайды. Өзіміз ана тіліміз үшін күресіп жатқанда, бұл жөн емес. Мен Қазыбек Иса көтеріп отырған мәселені қолдаймын. Өйткені оның ұсынысында «қазақтар көбірек келсе екен, қазақша ойлайтын азаматтар елде көп болса екен» деген ой жатыр. 

Қытайдан келген қазақтар кириллицаны оқи алмайды. Ауғанстаннан, Ираннан, Еуропадан келген қандастар да оқи алмайды. Бұрынғы Совет кеңістігінің адамдары ғана түсінеді. Бірақ оларда да Қазақстан Конституциясы оқытылмайды. Ал олардың арманы – біздің ата заңды оқып, ана тілінде сөйлеп, осы елдің бір уығын көтеру. Сол үшін біздің шенеуніктер бұл мәселені адами, азаматтық, отаншылдық, патриоттық тұрғыдан қарауға тиіс.      

Талғат ТЕМЕНОВ, режиссер, Қазақстанның Халық артисі