ҚАЗАҚ КӨШІНЕ ҚАРСЫ ТОСҚАУЫЛ ҚАШАН ТОҚТАЙДЫ?!. - Қазыбек Иса
2026 ж. 09 маусым
188
0
2026 жылғы 23 мамырда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Алматы қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Қандастарға қамқорлық» тақырыбында келелі кеңес өтті. Қандастардың азаматтық алу, құжат рәсімдеу және әлеуметтік бейімделу мәселелерін талқылауға арналған жиынға ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, ақын Қазыбек Иса және мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, еліміздің әр өңірінен келген қандастар қауымы, жүзден аса адам қатысты. Басқосу тарихи Отанына оралған азаматтардың мәселелерін ашық көтерген маңызды қоғамдық алаңға айналды.
Біз бүгін осы жиынға Астанадан арнайы келіп қатысып, қандастардың арыз-шағымын тыңдаған, парламентте көші-қон мәселесін жүйелі көтеріп келе жатқан Мәжіліс депутаты, ақын, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса сөзінің толық жазбаша нұсқасын жариялап отырмыз.
-Ассалаумағалейкум, ардақты ағайын!
Бүгінгі кездесуді жоспарлағалы бір айдай болды. Содан бері келіп-кетуге мүмкіндік болмай жүрген. Бүгін қазақтың аса көрнекті ақыны Исрайыл Сапарбайдың жылы өтіп жатыр. Мен соған келетін кезде бір-екі сағат уақыт табайын дедім. Сонымен осылай келістік.
Ал енді залдың осы жерде, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ғимаратында болу себебі, біріншіден, қазақтың басын қосқан қасиетті қарашаңырақты көрсін дедік. Қазақтың көрнекті жазушысы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының ең алғашқы бірінші орынбасары болып талай жыл жемісті жұмыс істеген Қалдарбек Найманбаев бүкіл қазақтың басын қосқан, жинаған жер осы үй. Мынау, осы ғимаратты салған кезде құрылысқа қаржы жетпей қалып, үйіндегі жеңгеміздің алтын жүзіктерін «кейін қайтарамын» деп алып, тірнектеп жинап жүріп тұрғызған. Табанынан тозып жүріп, бүкіл әлемді аралаған. Қазақтың басын қосуға қолынан келгеннің бәрін жасаған Қалдарбек ағамыздың өзі құрып кеткен, өзі қазығын қаққан қасиетті шаңырақта жиын өткізейік деген ұсыныс дұрыс. Бұл жерде кең зал жоқ екен. Отыз шақты адам келеді деп ойлап едік, бес еседей асып түсіп, жүзден аса адам келіп отыр. Сіздердің келгендеріңізге көп рахмет! Әрқайсыңыздың көкейіңізде, көңіліңізде айтатын бір сұрақтарыңыз бар.
Бұл жерде бастысы, бір сағаттың ішінде маңызды мәселелердің барлығын айтыңыздар. Бүгінгі басты тақырып – әркімнің жеке-жеке зарын тыңдау емес, оны келесіге қалдырайық. Жеке мәселені жазбаша жіберсеңіздер де болады. Міне, осы жерде «Ақ жол» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары,
Қазақстанның Халық жазушысы, ұлы жазушымыз Қабдеш Жұмаділдің ұлы Арман Жұмаділ отыр. Биыл туғанына 90 жыл толып жатқан Қабдеш Жұмәділ осы қазақ көшінің басында тұрған, 1962 жылы Қытайдан 300 мыңнан аса адам келген көшті бастаған, қазақ көшіне «Соңғы көш» атты сом шығармасы арқылы ескерткіш қойып кеткен дарабоз жазушы.
Бұл жерде «Ақ жол» партиясы Алматы облыстық филиалы
төрағасының орынбасары Абзалбек Сағымбекұлы да отыр. Осы екі азаматқа, екі қызметкерге маған айтатын арыздарыңыздың барлығын айта беріңіздер. Бұл кісілер маған міндетті түрде жеткізеді. Мен тиісті орындарға жолдап, қадағалайтын боламыз.
Маған көп хат келеді, күніне кейде 50 хатқа дейін келеді. Көмекшім екеуміз де кейде түскі асқа шықпай жұмыс істейміз. Былтыр түнгі он бір жарымда жұмыстан қайтып бара жатсам, көше үстіндегі көпірден түскенде, төменде екі қазақтың баласы жолығып, амандасты. «Сізді көпірдің үстінен көріп, қуанып кеттік, аға! Осындай уақытта жұмыстан қайтып бара жатсыз ба? Суретке түссек бола ма?» дейді. Бұларды айтып отырған себебім, жұмыс өте қауырт, оның ішінде өздеріңіз де барсыздар. Осы Алматыда арғы бетте атағы дүрілдеген Солтыкен балуанның жылы өтіп, кітабының тұсаукесері болды ғой. Жазушы Жәди Шәкен бауырым шақырып, соған арнайы келіп қатысқанда, айтып едім: «Ер жігіттің үш жұрты болады. Менің төрт жұртым бар, төртінші жұртым - қандастарым» деп. Сіздер аман болыңыздар. Сіздердің Атамекенге жолдарыңызды ашуға біз әрқашан қолдан келген көмегімізді аямаймыз.
АЗАМАТТЫҚ АЛУ ҮШІН ҚАНДАСТАРДАН ҚАЗАҚ ТІЛІНЕН ЕМТИХАН АЛУ - ЗАҢСЫЗ!
Ал бүгінгі негізгі мәселе – Қандастарға қатты тосқауыл қойып отырған Үкіметтің, үш министрліктің бүйректен сирақ шығарған бұйрығы, пилоттық жобасы. Мен бұл туралы бірден жаздым да, айттым да. Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдадым. Оны білесіздер, жарияланды.
Азаматтық алу үшін Мемлекеттік тілден емтихан тапсыруды “Ақ жол” партиясы талай рет көтеріп, Азат Перуашев екі рет, мен үш рет депутаттық сауал жасап жүріп, ақыры 2024 жылы мен өз қолыммен ұсынып, заңға енгіздік. Бұл заңды Парламент қабылдап, Президент қол қойды!
Ал осы Азаматтық алу туралы заңның 17 бабы, 14 тармақшасында ақ қағазға қара сиямен, тасқа таңба басқандай, соқырға таяқ ұстатқандай етіп, мемлекеттік тілден емтихан тапсыру этникалық қазақтарға қолданылмайды деп жазылған!
Ал Үкіметтің үш министрлігі - Еңбек министрлігі, Жасанды интеллект министрлігі және Ішкі істер министрлігі бірлесіп шығарған пилоттық жобада қандастарға мемлекеттік тілден емтихан тапсыртып қойған! Сонда Парламент қабылдаған, Президент қол қойған заңды үш министрлік үстінен аттап өте бере ме?!. Бұл үш министрлік Парламенттен де, тіпті Президенттен де күшті болып тұр ма?!.
Бұл не масқара?!.
Ол ҚР Азаматтық алу туралы заңға өзгерістер 2024 жылы 16 мамырда қабылданған. Президент қол қойып, бекітіп, іске асырды. Қазір өмір сүріп жатыр. Ал енді Парламент қабылдаған, Президент қол қойған Заңды үш министр жиналып алып, қалай аттап өтеді? Қалай таптап өтеді?
Қандастардан емтихан алу Конституцияның бірнеше бабына, яғни 5-ші, 13-ші, 15-ші баптарына қайшы. Атап айтқанда:
1). 5-бап:Қолданыстағы құқық Қазақстан Республикасының
Конституциясынан, оған сәйкес заңдардан, Республиканың өзгеде нормативтік құқықтық актілерінен, Республика ратификациялаған халықаралық шарттардан тұрады. Конституция жоғары заңдық күшке ие. Үкімет қаулылары мен бұйрықтар Заңға қайшы келмеуі тиіс. Қазақ тілі емтиханы талабы Заңның (Азаматтық туралы) 17-бабына қайшы, сондықтан Конституциялық күшін жоғалтады.
Яғни, қазақшалап айтқанда, Конституцияның 5-бабы бойынша ешқандай министрдің бұйрығы түгілі, Үкіметтің, Премьер-министрдің қаулысы да заңнан жоғары тұра алмайды. Заңға қайшы бола алмайды. Ал бұлар заңға қарсы шығып отыр!?.
- 13-бап: Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес алынады және тоқтатылады, ол қандай негізде алынғанына қарамастан, бірыңғай және тең болып табылады. Этникалық қазақтардың Азаматтық алу рәсімі жеңілдетілген, бірақ Үкіметтің пилоттық жобасы бұл теңдікті бұзып отыр.
- 15-бап: Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес, адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі.
Қандастардың Отанына оралу кұқығы - адамның табиғи құқығы, оны шектеу, заңсыз кедергілер жасау Конституцияға қайшы.
Біз сол Азаматтық алуды жеңілдету үшін қандастарды қазақ тілінен тест тапсырудан босататын бап енгіздік.
Ал үкімет бұл заңды бұзып отыр?
Сонымен қатар, «Құқықтық актілер туралы» Заңы 35-1-бабының 4-тармағына сәйкес заң сараптамасы жүргізілгеннен кейінгі кезеңде қабылданған немесе күшіне енген жоғары тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерге қайшылықтың анықталуы МЕМЛЕКЕТТІК ТІРКЕУДЕН БАС ТАРТУ ҮШІН НЕГІЗ БОЛАДЫ.
Бұл Конституция мен заңдардың бірнеше бабын бұзған күмәнді бұйрық қалай Әділет министрлігі арқылы мемлекеттік тіркеуден өтіп отыр?
Осы пилоттық жоба шыққалы бері маған қаншама қандас осы мәселені айтып келіп жатыр.
Біз ол заңды не үшін қабылдадық? Не үшін біз этникалық қазақтарды емтиханнан босаттық? Ұлттық қауіпсіздік туралы заңнама бойынша, ұлттық қауіпсіздік мәселесінде демография, мемлекет халқының саны басты орында тұрады. Біздің ең байтақ жеріміз көлемі жағынан әлем бойынша 9-шы орында болғанымен, өзіміз халқымыздың саны жағынан 68-ші орындамыз. Сондықтан бізге ең бірінші халықты көбейту аса маңызды. Қазақты көбейту керек. Ал қазақты көбейту үшін не істеу керек? Көп балалы аналарға жағдай жасауымыз керек ең алдымен. Ең бастысы сыртта жүрген, шетелдерде өмір сүріп жатқан кемінде 5 миллиондай қазақты өз елімізге шақырып алумыз керек. Ол үшін не істеуіміз керек? Президентіміз Қ.Тоқаев айтқандай, қандастардың Атамекенге келуіне барынша жағдай жасауымыз керек. Ал біз керісінше қолдан кедергі, тосқауыл жасап отырмыз!?
Мен Парламентке бара салып, 2021 жылы 3-ші ақпанда ең бірінші Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды, ол үшін атазаңымызда мемлекеттік тілдің мәртебесін айқындауымызды талап етіп, депутаттық сауал жасадым. Екінші осы қандастар көшін күшейту туралы депутаттық сауал жасадым. Үшінші Алаштың ұлттық идеясын ұлықтау туралы.
Қандастар туралы бір емес, бірнеше рет депутаттық сауал жасадық. «Пандемия кезінде қандас студенттер онлайн емес, офлайн емтихан тапсыруы керек» деп, «әйтпесе, оқуын тоқтатамыз» деген кезде соған қарсы шықтым,«қалай олар пандемия кезінде офлайн келіп емтихан тапсырады?» дедім. Мыңға жуық қандастар балалары осы мәселемен бетпе-бет келді. Мен осыған байланысты депутаттық сауал жолдап, сол кезде премьер де, білім министрлігі де ұсынысымызды қабыл алды. Сонымен олардың бәрі оқуын бітірді. Қанат Қаһарұлы атты студент қандас жастардың атынан рахмет айтып жазды.
ҮКІМЕТТЕ ЗАҢ БІЛЕТІН ЗАҢГЕР ЖОҚ ПА?!.
Бұндай күрделі мәселелер күнде кездесіп жатады. Соның ішінде Азаматтық алу ең бір қиын мәселе болып тұр. Оны тиісті органдар жылдан жылға оңайлатудың орнына күрделендіріп бара жатыр. Біз қанша күресеміз, қанша жасаймыз, кедергілер азаяр емес.
Заң қабылданды. Енді сол заңды бұзып, емтихан алып отыр. Осындай масқарадан кейін не дейсің? Енді бұл мәселені біз тоқтатпаймыз. Бұл мәселе оң шешімін таппаса, Конституциялық сотқа, Бас прокуратураға хат жазамыз. Біз ең бірінші алдынан өтейік деп Үкімет басшысына хат жаздық. “Көрдіңіздер ме, сіздердің үш министрліктің не істеп отырғанын, заңды бұзып отыр ғой” деп?!. Сонда Үкіметте заңгер жоқ па? Бұл үш министрлікте: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде, Ішкі істер министрлігінде, Жасанды интеллект министрлігінде заң білетін заңгер жоқ па сонда? Үкімет түгілі үш адамы бар мекеменің бәрінде заңгер болады ғой?!. Мұны қарапайым заңгер де біледі. Мынау «Азаматтық туралы» заңның 17-бабаының 14-тармақшасына қайшы ғой» деп бір адам айтпаған ба? Мен осыған таңқаламын?
ПРЕЗИДЕНТ МІНДЕТТЕЙДІ - ҮКІМЕТ ІСТЕМЕЙДІ!?.
Өз қазақтарына үнемі тосқауыл жасап келе жатқан бұл қандай Үкімет?
ҚР Президенті Қ.Тоқаев қандастар алдындағы тарихи парызымыз туралы: «Шетелдегі қандастарымызды Атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» деп атап айтты.
Ал қандастарға қамқорлық жасауымыз жайлы: «Қай мемлекетті мекен етсе де, қазақтың бір ғана тарихи Отаны бар. Шетелдегі қандастармен қарым-қатынасты дамыта түсуге бағытталған шаралар жалғаса береді» деп нұсқау берді.
Атамекенін аңсаған қандастарымыздың алдынан Ақ жол ашу туралы: «Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – мемлекеттің басты назарында. Осы орайда шетелдегі қазақтармен жан-жақты байланысты нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу – маңызды міндет»-деп, тапсырма беріп, міндеттейді. Ал бұл мемлекет басшысының міндеттеген тапсырмасын Үкімет неге істемейді?!.
Осы тапсырманы орындауға келгенде тосқауылдың көптігі сонша, бізде өзгеге құшағын, өзіне пышағын дайындап отыратын, теріс пиғылды шенеуніктер әлі де аз емес екен...
Осындай күрделі де маңызды мәселелердің шешілуіне ықпал ету үшін қызмет етіп жатырмыз. Бұл жолда сіздерге де көп рахмет айтамын. Қолдап жатырсыздар. Әлеуметтік желіде де қолдап отырасыздар. Қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз.
Біздің ең басты міндетіміз шеттегі қазақты – басқа ұлтқа айналып кетпей тұрғанда, өз халқымызды өз елімізге аман-есенінде қосып алуымыз керек. Қатарымызды көбейтуіміз керек. Осы бағытта біз жұмыс істей береміз.
ҚАЗАҚ ТІЛІНЕН СЫНАҚТЫ МИНИСТРЛЕРДІҢ ӨЗДЕРІ ДЕ ТАПСЫРА АЛМАЙДЫ!
Енді сөзімді қоырытындылап айта кетейін. Бұл пилоттық жоба бір жылға құрылған. Бір жылдың ішінде тиімді-тиімсіздігін байқап көреміз дейді. Бұның тиімсіз, қандастарымызға қатты тосқауыл болып жатқаны бірден байқалды. Ел шулап кетті! Осы бір жылдың ішінде бізге әрбір күн қымбат боп тұр ғой. «Елім», «Атамекенім» деп зарығып жеткен, тарығып жеткен әрбір қазақ келеді де бұл жерге, алдынан кедергі шығады. Бізге бір жыл емес, бір күннің өзі қымбат. Келіп, қайтып кетіп жатыр екен кейбір қандастарымыз. Бұл бетімізге шіркеу. Елім деп келген қазақтың кері қайтып кетуі премьердің ғана емес, әр министрдің, әр әкімнің, әр депутаттың ғана емес, әр қазақтың бетіне шіркеу! Сондықтан бұл мәселенің оң шешімін табуына қолымыздан келгенше бәріміз өз үлесімізді қосуымыз керек.
Бұл үш министрліктің барып тұрған заңсыздығын әшкерелеп, мен 20-шы наурыз күні Үкімет басшысына жазбаша депутаттық сауалымды жасадым. Сонда айттым, ең алдымен шетелдерден елін аңсап келген қазақтардан емтихан алатын болса, өмір бойы шетте жүрген, Қытайда араб, басқа елдерде латын графикасымен оқыған, сонда да өз тілін
жоғалтпаған халық келіп, кирилл әрпінде болғандықтан қиындық туады. Шындығына келсек, қазақ тілі туралы тесті сол сынақты енгізген үш министр: Еңбек министрі Асқарбек Ертаев та, Ішкі істер министрі
Ержан Сәденов те, Жасанды интеллекті министрі Жасұлан Мәдиев те тапсыра алмайды. Олар ғана емес, Үкімет мүшелерінің, министрлердің көбісі де тапсыра алмайды, егер мен емтихан алатын болсам?!.
МИНИСТРЛЕР ЖАУАБЫН ОҚУ ҮШІН ДӘРІ ІШІП АЛУ КЕРЕК!?.
Ал сол Үкіметке жолдаған депутаттық сауалыма жіберген жауаптарды қарасаң, есіңнен танып қаласың…
Негізі біз, “Ақ жол” партиясы депутаттық сауалдарға келетін Үкімет жауабының шалағайлығына бола, арнайы екі рет депутаттық сауал жасадық, оны мен жарияладым. Сонда айтқан сөзім бар еді, сол тарап кетіпті: «Үкіметтің депутаттық сауалдарға жауабын оқу үшін алдымен қан қысымын түсіретін дәріні дайындап алу керек» деп едім. Ал мен кеше осы пилоттық жобаға байланысты Премьер О.Бектеновтың атына жолдаған депутаттық сауалыма Еңбек министрі Асқарбек Ертаевтан келген жауапты көріп отырып, бұл бұрынғы айтқан сөзімді өзгертуге тура келді: “Үкіметтің депутаттық сауалдарға жауабын оқу үшін алдымен қан қысымын түсіретін дәріні дайындап алу аздық етеді, алдын ала ішіп алу керек екен. Әйтпесе, дәрі ішуге үлгере алмай қалып, жүріп кетуің мүмкін...”
Өйткені, депутаттық сауалда мен пилоттық жобаны “дұрыс емес, заңға қайшы” деп көрсетіп, мынандай заңның мынадай бабына сай емес деп
жазып жіберсем, ол маған пилоттық жобаның ережесін қайта салып жіберіпті?!. Мен сол пилоттық жоба ережесін көрмей, білмей, солардан сұрап отырғандай. Соған қарап мен бұл үкімет, аттары аталған 3 министр, оның орынбасарлары, комитет, департамент басшылары, бөлім меңгерушілері, ең ақыры сол жауап хатты дайындаған бас мамандары сол депутаттық сауалды мүлде оқымаған екен деген ойға қалдым?!.
Міне, сондай масқара болып жатыр үкіметте!
Бұл қандастардың қамын ойлаған жиын маған өте қатты ұнады. Барлығыңыз мәселелеріңізді ашық айтып жатырсыздар, ешкім бос сөз айтып жатқан жоқ. Барлығы осы халықтың проблемасы. Астанада да адамдар кабинетіме күнде келіп жатады. Кейде мен оларға да барып тұрамын. Бірақ дәл осылай арыз айтуға жиналған көп халықты көрген жоқпын.
Бұл, бүгінгі жиындағы жүздеген қандастардың жанайқайы - Үкіметтің пилоттық жобасының жарамсыздығының айғағы, айқын дәлелі!
Жалпы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жаңаша серпіліп, баяғы Қазақтың Қалдарбегі бастап кеткен өнегелі жұмысты жаңа тыныста жалғастыратын кезең келді! Қауымдастықтың кезекті құрылтайы өтетін кез баяғыда өтіп кетті, енді қашан болмақ?!.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Алматы қалалық филиалының басшысы Мұратхан Шоқан, оның орынбасарлары – әлемге әйгілі боксшы, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Қанат Ислам, мемлекеттік қызметте тәжірибесі көп Владислав Вавилин, кәсіпкер Ербол Байорынұлы бауырларым – осы төртеуі өздері бас қосып, жұмыс істеп жатыр екен. Сәттілік тілеймін! «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген бар. Осы төртеуіңнің, осында жиналған халайыық, сіздердің игі бастамаларыңызды қолдау үшін мен осы жерге, Алматыға Парламент депутаты ретінде айына бір рет келіп тұрайын деп шештім. Сіздер үшін ай сайын бір рет келейін. Бүгін не айтылды, келесі келгенде сол мәселелердің қорытындысын қарауымыз қажет.
Ал енді алыс-жақыннан келген ағайын, бәріңіздің жолдарыңыз болсын, Ақ жол тілеймін! Азаматтық алыңыздар. Қазақтың санын көбейтіңіздер! Тәуелсіз Қазақстанның көк туы көкте мәңгі желбірей берсін!
Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты