ДИПЛОМАТ ЕЛШІНІҢ ЕҢБЕГІ
2026 ж. 30 мамыр
65
0
Ақан Ақасұлы Рахметуллин - Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі
Егемен елдің еңсесін көтеретін ерлердің елімізде көбейіп келе жатқанына көңіл қуанады. Қазақтың баһадүр батыр бабалары мен қыранды қиядан ілетін қайсар ұлдары бұрында да еліміздің тарихын жасаған. Осындай тәуелсіз еліміздің тарихына өзіндік үлес қосып келе жатқан мемлекетшіл дипломаттарымыздың бірі – Ақан Ақасұлы Рахметуллин.
Бұлай деуміздің өзіндік орны бар. Өйткені, Ақан Ақасұлы Рахметуллин - бүгінде Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі және ол осы мансап пен дәрежеге жету үшін талай баспалдақтардан өтіп, бірнеше оқу орындарын бітіріп, үлкен еңбек жолынан өткен мемлекеттік қызметкер, дарынды дипломат, халықаралық қатынастар стратегі. Оның халықаралық саясат пен дипломатия саласында 33 жылдан астам табысты мансабы мен жетістігі, мол тәжірибесі бар. Сондықтан да болар, «Елге пайдам тисін», «Кірпішің болып қаланайын» деп адал ниетпен жұмыс жасайтын елжанды азаматтың игі ісін көпшілік жақсы бағалап жүр.
Қолы тиген кез келген істі дөңгелетіп әкететін Ақан Рахметуллин ақырын жүріп, анық басуды көздеген. Ол ешбір желінің белсенді қолданушысы емес. Жұрт көзінен таса жүріп, қызметтегі қым-қуыт тірлігіне баса назар аударатындықтан, ел көзіне түсуді аса жаны қаламайтын сыңайлы. Оның кəсіби жолы Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы Қауіпсіздік жəне Ынтымақтастық Ұйымындағы жұмысты, сондай-ақ Пəкістандағы қазақстандық дипломатиялық миссияны басқаруды қоса алғанда, Қазақстанның дипломатиялық қызметіндегі негізгі ұстанымдарды қамтиды. Көп жылдық тəжірибесі мен жоғары біліктілік деңгейінің арқасында Рахметуллин өз елінің халықаралық позицияларын нығайтуда маңызды рөл атқарды.
Ақан Рахметуллин 1967 жылы 2 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген. Ол Алматыдағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын орта мектепті бітірді. 1991 жылы Алматы энергетика институтын тәмамдап, энергетика және плазма физикасы саласында жоғары білімі бар маман дәрежесін алды.
Оқуды аяқтағаннан кейін плазмалық технологиялар зертханасында ғылыми жұмысқа қалды. Алайда, Кеңес Одағының ыдырауы болған жылдары ғылыммен айналысу өте қиын болды, өйткені оны қаржыландыру да, дамыту перспективалары да болған жоқ. Сол сәтте А.Рахметуллин сол кездегі Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Сәлім Құрманғожиннің берген сұхбатында жас тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық қызметіне шет тілдерін білетін жас кадрларды қабылдау жүріп жатқанын естіді. Бұл А.Рахметуллиннің өміріндегі бетбұрыс болды. Іріктеудің барлық кезеңдерінен өтіп, ол 1993 жылдың 4 сәуірінен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық басқармасында жұмыс істей бастайды.
Ол сыртқы саясат ведомствосындағы ең кіші дипломатиялық лауазым референт болып бір жыл мерзімде жұмыс жасап, бір сатыға көтеріліп атташе болды. «Дипломатия – бұл күштерді тізгіндеу өнері» деп әлемге әйгілі дипломат Генри Киссенджер айтқандай, дипломатия саласын таңдаған әрбір жан өзінің кәсіпке емес, өнер өлкесіне келгендей сезінетіні шындық. Өрімдей жап-жас жігіт Ақан да дәл осы сезімді басынан өткергені анық. Ол дипломатияны жан жүрегімен беріле сүйіп, кәсібіне шынайы да адал қызмет етуге бел шеше кірісті. Расында, әлемде қарулы қақтығыстар болмай, халықтар достығы үстемдік құрып, бейбітшілік орнап тұрса, оның бәрі дипломаттардың арқасы екенін толықтай түсініп, осынау аса жауапты қызметінің көтерер жүгін тереңнен сезіне білді.
Ақан Рахметуллиннің кəсіби жолы тез дамып, 1994 жылы ол атташе болып Қазақстанның Пəкістандағы Елшілігіне диломатиялық қызметке тағайындалды. Елшілікте өзіне жүктелген жұмысты аса жауапкершілікпен орындап, кейін бір сатыға – үшінші хатшы лауазымына көтерілді. Əлемнің осы маңызды өңіріндегі диломатиялық жұмыс оның халықаралық саясаттағы, əсіресе Қазақстанның оңтүстік Азиямен қарым-қатынасы контексіндегі болашақ табыстары үшін негіз болды.
1996 жылы А.Рахметуллин ротация тәртібімен елге қайтып келіп, өзінің мансабын Сыртқы істер министрлігінде жалғастырып, 1997 жылғы кыркүйекке дейін Бас консулдық басқармасында жұмыс істеді жəне дипломатиялық қатынастар мəселелерімен айналысты. Ол енді нағыз кәсіби дипломат деңгейінде жұмыс жасай бастады.
Иә, осы дәрежеге жету үшін Ақан Ақасұлы үнемі ізденіс үстінде болып, білімі мен біліктілігін жетілдіре түсті. «Ізденген – жетер мұратқа» деп дана халқымыз айтқандай, ол өзінің арман-мақсатына жету жолында үнемі алға ұмтылды, құлашын кеңге жайды. Сөйтіп, өз білімін жетілдіру мақсатында 1997 жылы сыртқы саясат саласындағы тәжірибесі мен дағдыларын нығайту үшін А.Рахметуллин Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық Академиясына оқуға түсті. Аталған оқу орнын барлық ынты-ықыласымен оқып, ойдағыдай аяқтап, оны 1999 жылы үздік бітірді. Бұл оған дипломатиялық қызмет үшін қажетті халықаралық қатынастар мамандығын игеріп, кәсіби білім алуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, Қазақстан Сыртқы істер министрлігіндегі жоғары дипломатиялық лауазымдарына көтерілуіне де даңғыл жол ашты. 1999-2001 жылдары ол ҚР СІМ-нің Алматыдағы өкілдігінде кеңесші болып тағайындалды, онда оның негізгі жұмыс бағыты көпжақты ынтымақтастық мəселелері болды.
2002 жылдан бастап Ақан Рахметуллиннің дипломатиялық мансабындағы маңызды кезең басталды. Ол Қазақстанның Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы Тұрақты Өкілдігіне дипломат лауазымында ұзақмерзімді іссапарға жіберілді. Бұл жерде ол адам құқықтары, гуманитарлық мəселелер жəне əлеуметтік даму сияқты маңызды мəселелерді қадағалайтын БҰҰ Бас Ассамблеясының үшінші комитетінің жұмысына қатысты мəселелермен айналысты. Сондай-ақ, ол БҰҰ-ның əртүрлі органдарына халықаралық сайлаумен жəне сайлау процестерімен жұмыс істеді, бұл оған жаһандық дипломатияның стратегиялық көзқарасын дамытуға көмектесті.
Оның мансабындағы маңызды бетбұрыс Еуропаға бұрылып, оның 2007 жылдан 2011 жылға дейін Қазақстанның Венадағы ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты Өкілдігінде жұмыс істеуі болды. 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Ақан Ақасұлы Рахметуллин экологиялық жəне экономикалық мəселелерге қатысты Ұйымның екінші критерийінің жұмысын үйлестірді, бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы ұстанымын едəуір нығайтты.
Венадағы ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты Өкілдігінде жұмысын абыроймен аяқтаған соң, 2015 жылы Қазақстанға оралған А.Рахметуллин Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіндегі басшылық лауазымдарда лайықты қызмет атқарып, еліміздің сыртық саясатының ілерілеуіне өзіндік үлесін қосты. СІМ Орталық аппаратында Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры болды. Осы кезеңде ол Қазақстанның халықаралық ұйымдармен байланысын дамытумен белсенді айналысып, өңірдің негізгі əлемдік державаларымен жəне жетекші елдерімен дипломатиялық қырым-қатынастарды нығайта түсті. Ақан Ақасұлы өзінің білікті маман екенін дəлелдей отырып, əрқашан бір саты көтеріліп, жаңа лауазымдарға ауысып отырды.
Атап айтқанда, 2019 жылдан 2021 жылға дейін Ақан Рахметуллин Қазақстан Республикасының Пəкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып, еліміздің Елшілігін басқарды. Оның Пəкістандағы дипломатиялық қызметі экономикалық ынтымақтастықты, мəдениетті жəне қауіпсіздікті қоса алғанда, екіжақты байланыстарды нығайтуға бағытталды. Бұл жұмысы жемісті болып, жоғары бағаланып, 2021 жылы Ақан Ақасұлы Рахметуллин Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды.
2022 жылдың қазан айынан бастап А.Рахметуллин Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты Өкілі болып тағайындалды. Мұнда ол қауіпсіздік, адам құқықтары мен орнықты дамуды қоса алғанда, аса маңызды жаһандық мəселелермен айналыса отырып, Қазақстанның мүдделерін халықаралық аренада белсенді түрде ілгерілетуді жалғастырды. Оның басшылығымен Қазақстан халықаралық саясаттағы сенімді əріптес ретіндегі беделін нығайта түсті.
Осындай аса жауапты лауазымды жоғары деңгейде атқарғаны бағаланып, оған бұдан да жоғары сенім артылып, 2024 жылдың мамырында Ақан Ақасұлы Рахметуллин Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды. Бұл оның жоғары дипломатиялық қабілеттері мен Үкіметтегі əріптестері қолдаған сенімнің расталғанын дәлелдеді. Ол бұл лауазымда белсенді түрде көпжақты дипломатиялық қатынастарға даңғыл жол ашып, түрлі салалардағы ынтымақтастықтың серпінді де жүйелі дамуына зор үлесін қосты.
2025 жылы 9 желтоқсанда А.А.Рахметуллин ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды. Бүгінде ол Елші ретінде екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға бағытталғалған саясатты белсенді жүргізуде. Ол өз жұмысында саяси диалогты, экономикалық ынтымақтастықты және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға баса назар аударуда. А.Рахметуллиннің дипломатиялық миссиясы басталғанына аз уақыт болғанына қарамастан, Қазақстан мен Нидерландия арасындағы жоғары деңгейдегі байланыстардың қарқыны артып отырғанын ерекше атап өтуіміз керек.
Елші болу өнері сірескен мәңгі тоңдай қатулықты қабылдамайды, қарым-қатынас жасауда жұмсақ жымия білуді талап етеді. Дипломат тілі ерекше тіл, оның сөздік қорында «жоқ» деген сөз болмауы тиіс немесе сирек айтады. Былайша, басқа сөздерді ұтымды қолдана алуға төселген мамандық. Елші немесе кез келген дипломат ойланбай әсте сөйлемейді, «Ендеше қарастырайық, әлі көреміз» деуі, әрі мұны қандай интонациямен, дауыс ырғағы мен өз алдына бет әлпетінің құбылысы, қандай кейіппен айтқанының маңызы орасан. Себебі, қабырға сағатында секундомер тілі соққаны сияқты ішкі ойды адамдар қас-қабақтан таниды, бет пен көз психологиялық сәттің сырын айқын білдіріп қояды. Дипломаттың қарсы алдында отырған жан оның мәселені не шешкісі келерін немесе ішін алдырмай, сыпайы қалыппен шығарып салуға ниетті екенін байқап қояды. Ежелгі Елшілер ишара арқылы, метафораны қолданып әрекет қылғаны туралы қаншама аңыздар бар. «Бейбіт елде – береке бар» дегендей, ендеше дегдар Елші де өз Отанына ырыс-береке дарыта алады.
Елші ретінде жұмыс істеу дипломаттан мəдениетаралық коммуникацияның дамыған дағдыларын талап етеді. Жаһандану дәуірінде өркендеп дамуға мүдделі елдер тұйықталып отыра алмайды, өйтсе көштен қалады, ұпайын жоғалтады. Қазақ «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді. Жаңару уақыттың жазылмаған заңы, әрбір 30-40 жыл сайын дәуірлер жылдам алмасады. Адам мен қоғам өмірінде болып жататын өзгерістерден қашып құтылу мүмкін емес. Уақыт үздіксіз ағып жатады, ештеңе өзгеріссіз қалмайды. Сондықтан да бүгінде әрбір дипломаттан, оның ішінде жауапты тұлға Елшіден заман ағымына сай уақытқа ілесіп отыру талап етілетіні сөзсіз. Ал, еліміздің Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі А.Рахметуллин осы талап үрдісінен шығып отырған лайықты да бірегей Елшіміз деп айтуға толық негіз бар.
А.Рахметуллиннің дипломатиялық шеберлігі мен маңызды қасиеттерінің бірі – оның келіссөздер жүргізу дағдылары мен қабілеті ерекше. Халқымыз «Сабыр түбі – сары алтын» деп дәл осы Ақан Ақасұлына қатысты айтқандай. Ол қиын келіссөздер мен дағдарыс жағдайында тыныштық пен салмақты шешім қабылдау арқылы ұтымды нәтижеге қол жеткізеді. Оның бойындағы сабыр мен салқынқанды алтынға бергісіз бағалы мінезі қарбаласты сәттердің өзінде де оң шешім шығаруға, тура жолдан таймауға және тығырықтан шығар жолды болжай білуге көмектеседі. Жора-жолдастары мен таныстары да оның бұл мінезін бұрыннан біліп, тамсанатыны тағы бар. Оның дипломатиялық келіссөздер жүргізу шеберлігі ең қиын жəне сезімтал жағдайларда ымыраға келу жəне қарым-қатынасты сақтау қабілетіне негізделген. БҰҰ жəне ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдардағы жұмысы барысында ол сындарлы диалогқа, тыңдауға жəне барлық тараптарға сəйкес келетін шешім табуға қабілеттілігін дəлелдеді.
Бұл – əр түрлі мəдениеттер мен саяси жүйелермен қарым-қатынасты дамытуға ұмтылатын Қазақстандай ел үшін аса маңызды. Дипломат бойындағы жауапкершілік жəне адалдық – ең құнды да қажетті қасиеттер. Мұндай жоғары профильді лауазымдарда жұмыс істеу жауапкершіліктің жоғары деңгейін талап етеді. Осындай өте жоғары дипломатиялық лауазымдарда Ақан Рахметуллин өз кəсібіне жəне туған еліне деген ерекше адалдығын көрсете білді.
Сыртқы саясат – бұл ұзақмерзімді жəне күрделі процесстер. Ал, А.Рахметуллин қандай да келіссөздерге əрдайым барынша тиімді жəне егжей-тегжейлі назар аудара отырып жақындады, бұл қысқамерзімді мақсаттарға қол жеткізуге ғана емес, сонымен қатар ұзақмерзімді, берік халықаралық байланыстар құруға көмектеседі.
Ақан Рахметуллин бірнеше тілді, соның ішінде ағылшын жəне урду тілдерін жетік біледі. Бұл оған дипломаттармен жəне əртүрлі мəдениеттер мен ұлт өкілдерімен тиімді қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді. Мəдени айырмашылықтарды түсіну жəне ескеру, сондай-ақ əртүрлі серіктестерге көзқарастарды бейімдеу қабілеті оның дипломатиялық стилінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Көшбасшы ретінде А.Рахметуллин тапсырмаларды өзі орындап қана қоймай, командамен берік жұмыс жасап, оны ынталандыра алады. Əр түрлі халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссияларда ол маңызды мəселелерді шешуде өз ұжымын ғана емес, уақытша жұмыс істейтін топтарды басқарды. Оның көшбасшылық және ұйымдастырушылық қасиеттері əріптестерін өнімді жұмыс істеуге шабыттандыру, күрделі жəне кейде тұрақсыз келіссөздер процесінде жоғары этиканы сақтау қабілетінде көрінді. Мұндай дипломат бойындағы игі қасиеттер алға қойған нақты міндеттерді шешуге ғана емес, Қазақстанның əлемдік аренадағы беделін нығайтуға да көмектеседі.
Ақан Рахметуллин – тəжірибелі жəне білікті дипломат қана емес, сонымен қатар оның мансаптық өсуіне ықпал еткен жəне оған Қазақстан ішінде де, шетелде де құрметке ие болуға мүмкіндік берген жеке адамгершілік қасиеттерін атап өтуіміз қажет. А.Рахметуллин сыртқы саясаттың стратегиялық көзқарасы тұрғысынан ойлау жəне көрегендік ерекше қабілеттерін көрсете білді. Ол ағымдағы үрдістерді көріп қана қоймай, сонымен қатар халықаралық оқиғалардың салдарын болжай алады, бұл Қазақстанның тез өзгеріп жатқан əлемдегі ұстанымдарын тиімді бейімдеуге мүмкіндік береді. Бұл қасиеттер оның БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты Өкілі жəне Сыртқы істер министрінің орынбасары сияқты лауазымдардағы жұмысында ерекше көрінеді. Мұнда əртүрлі елдердің көптеген мүдделерін ескеру жəне қауіпсіздік, адам құқықтары жəне тұрақты даму сияқты күрделі мəселелер бойынша жұмысты жандандыру қажет болды.
Жоғары лауазымдары мен үлкен тəжірибесіне қарамастан, А.Рахметуллин өзінің қарапайымдылығымен жəне патриоттық сезім мен рухани дəстүрлерді құрметтеуімен танымал. Ол дипломатиялық қатынастарда адалдыққа, құрметке жəне этикаға негізделген принциптерді ұстанады. Бұл дипломат үшін маңызды қасиеттер, өйткені олар серіктестер арасындағы сенімді нығайтуға жəне ұзақмерзімді жəне тұрақты қарым-қатынастар орнатуға көмектеседі. Жалпы, «Ұлық болсаң, кішік бол» деп дана халқымыз айтқандай, Ақан Рахметуллин кішіпейілділігі мен қарапайымдылығы, кісілік келбеті мен адамгершілігі көптеген атқамінерлер мен шенеуніктерге үлгі боларлықтай. Ал, өсіп келе жатқан жас ұрпақ үшін оның өмір жолы мен өнегелі істері, ғибратқа толы ғұмыры жол көрсететін бағдаршам іспетті десек те болады. Оның бойындағы терең білімі мен бай кәсіби тәжірибесі оның кең эрудициясы мен күрделі халықаралық мәселелерді түсіну қабілетін көрсетеді.
Ақан Ақасұлы Рахметуллин – өз өмірін жас кезінен бастап дипломатиялық қызметке жəне халықаралық қатынастарға арнаған адам. Оның халықаралық ұйымдармен жұмыс істеудегі бай тəжірибесі, мемлекеттер арасында қарым-қатынас орнату қабілеті, сондай-ақ Қазақстанның əлемдік аренада дамуына деген адалдығы оны қазіргі дипломатия саласындағы тәжірибесі мол айтулы тұлғаға айналдырады.
Ақан Ақасұлының дипломатия жолындағы осындай 33 жылғы ерен еңбегі лайықты бағаланып, ол Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұған қоса, бірнеше мерейтойлық медальдармен наградталған. Бұл орден мен марапаттар оның мемлекет алдындағы сіңірген еңбегі мен Қазақстанның əлемдік аренадағы ұстанымын нығайтуға бағытталған күш-жігерін мойындау болып табылады. Сонымен қатар, I сыныпты Төтенше жəне Өкілетті Елші дипломатиялық дəрежесі бар.
Осындай көптің ішінен суырылып, алға озып шыққан қазақ дипломатиясының дарабозы, Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі А.Рахметуллин өзінің ұзақ жылғы дипломатиялық еңбегінде екі ел – Қазақстан мен Нидерландия арасын жақындастыруға, екі мемлекеттің достығын нығайтуға барынша күш салып, алдағы кезде де екіжақты қатынастағы ынтымақтастыққа зор үлес қоса беретініне сеніміміз мол. Қорыта айтқанда, Ақан Ақасұлы – сындарлы сыртқы саясаттың сырын ұғып, саясатты семсер еткен сардар, дипломатияның дүлдүл дарабозы. Ел болашағы мен мемлекет мүддесін әрқашан да алға қойған Ақан Ақасұлы Рахметуллиннің Қазақстан үшін сіңірген еңселі еңбегі мен қайраткерлік қызметі қашан да зор құрмет пен жоғары бағаға ие және кейінгі жас ұрпаққа үлгі.
Гүлсім Еңсепова,
ҚР Сыртқы істер министрлігінің І сыныпты кеңесші-дипломаты,
ҚР Дипломатиялық қызметіне еңбегі сіңген қайраткер,
«Құрмет» орденінің иегері, Филология ғылымдарының кандидаты.