Қазыбек Иса: Қазақ тілінен емтиханды қандастар түгілі, министрлердің өздері тапсыра алмайды!

Қазыбек Иса: Қазақ тілінен емтиханды қандастар түгілі, министрлердің өздері тапсыра алмайды!

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса Мәжілістің отырысында қандастардан қазақ тілінен емтихан тапсыруды талап ету - заңсыздық екенін айтып, Үкіметтің үш министрлігінің пилоттық жобасының қателігін әшкерелеп берді.

Бүгін 2026 жылы 28 мамырда ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса көші-қон туралы мәселеге орай Еңбек министрлігін қатаң сынады. Біз депутат сөзінің видеосы мен жазбаша толық нұсқасын жариялап отырмыз.

Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Менің сұрағым Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаевтың Көші-қон мәселесіне байланысты Азаматтық алу туралы сөзінен туындап отыр.

Азаматтық алу үшін Мемлекеттік тілден емтихан тапсыруды “Ақ жол” партиясы талай рет көтеріп, Азат Перуашев екі рет, мен үш рет депутаттық сауал жасап жүріп, ақыры 2024 жылы мен өз қолыммен ұсынып, заңға енгіздік. Бұл заңды Парламент қабылдап, Президент қол қойды!

Ал осы Азаматтық алу туралы заңның 17 бабы, 14 тармақшасында ақ қағазға қара сиямен, тасқа таңба басқандай, соқырға таяқ ұстатқандай етіп, мемлекеттік тілден емтихан тапсыру этникалық қазақтарға қолданылмайды деп жазылған!

Ал сіздер не істедіңіздер!?.

Үш министрлік - Еңбек министрлігі, Жасанды интеллект министрлігі және Ішкі істер министрлігі бірлесіп шығарған пилоттық жобада қандастарға мемлекеттік тілден емтихан тапсыртып қойғансыздар! Сонда Парламент қабылдаған, Президент қол қойған заңды үш министрлік үстінен аттап өте бере ме?!. Бұл үш министрлік Парламенттен де, тіпті Президенттен де күшті болып тұр ма?!.

Бұл не масқара?!. 

Егер өмір бойы шетелде, мысалы Қытайда, тағы басқа жерде басқа тіл, басқа алфавитте, араб пен латын графикасы әліпбиінде өмір сүрген қандастарымыздан Қазақ тілінен емтихан алу керек болса, ең алдымен осы емтиханды заңсыз талап етіп, елді шулатқан пилоттық жобаны шығарған 3 министр: Еңбек министрі, Ішкі істер министрі, Жасанды интеллект министрінен емтихан алса, олар да тапсыра алмайды шындығын айтсақ?!.

Кеше ғана өткен сенбіде 23 мамыр күні Алматыда қандастар көшіне тосқауыл қойып отырған осы пилоттық жобаның қисынсыздығы туралы үлкен жиын болды. Мені шақырған соң, арнайы барып қатыстым, 150-дей адам келді. Сонау Абай облысындағы Мақаншыдан келді адамдар мүгедек баласына Азаматтық ала алмай жүрген. Бәрі пилоттық жобаның заңсыз кедергісін айтып зарлады. Көз жасын көл етіп жылады сөйлей алмай көрген қорлығын айтып. 

Жиынға қатысқан азаматтар бірауыздан қарсы шығуда негізсіз тест тапсыруға.

Онда Үкімет басшылары мен министрлерден, әкімдерден, Қазақстандағы барлық Мемлекеттік қызметкерлерден бастау керек мемлекеттік тілден емтихан алуды қандастардан бұрын?! Сонда әділ болады!

Сондықтан біз Үкіметке, Премьерге пилоттық жобаға өзгеріс енгізу туралы жазбаша депутаттық сауал жібердік. Ал бұл сауалға Еңбек министрінен келген жауап күлкілі! Мен пилоттық жобаның қателігін көзге шұқып көрсетіп берсем, министр маған пилоттық жобаның ережесін салып жіберіпті?.. 

Қандастардан қазақ тілінен тест алу барып тұрған заңсыздық!?.

Пилоттық жобаға өзгеріс енгізу керек!

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев:

-Сұрағыңызға рахмет Қазыбек Жарылқасынұлы.

Мынау пилоттық жобаның мақсатын айтып өттім, бұл елге білікті кадрларды тарту. Ал заңнама жағына келетін болсақ, жаңа спикер мырза атап өткендей басқа да заң жобасы бұл заңда қарастырылмаған. Ол жеке пакетпен әзірленіп жатыр. Сұрақтарды қосымша сол жақта талқылайық жұмыс тобы шеңберінде. Біз оған дайынбыз. Рахмет!

Қазақ үні