«Қазақ үні» газетіне жаңа бас редактор тағайындалды

«Қазақ үні» газетіне жаңа бас редактор тағайындалды

Белгілі журналист Оразәлі Баймұрат «Қазақ үні» республикалық қоғамдық-саяси апталығының бас редакторы болып тағайындалды.

Ол 1974 жылы Түркістан облысы Созақ ауданының Созақ ауылында дүниеге келген. 1996 жылы әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген.

Оразәлі Баймұрат еңбек жолын студент кезінде, 1994 жылы «Алматы ақшамы» газетінде тілші болып бастайды. Кейін сонда жауапты хатшының орынбасары болған. Ол 1998 жылы телевизия саласына ауысады. Алдымен «Таң», кейін НТК телеарналарында жұмыс істеді. Одан соң КТК телеарнасында ұзақ жыл еңбек етті. Сонда жүргізуші, редактор, шығарушы редактор, шеф-редактор қызметтерін атқарды. Осы КТК-да шыққан «Шарайна» сараптамалық бағдарламасының «Апта мақаласы» айдарын, «Ел-жұрт», «Өз сөзім» бағдарламаларын жүргізді. «Ел-жұрт» 2005 жылы Журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығын иеленген.

2012-2014 жылдары «Жас қазақ» газеті бас редакторының орынбасары болды. 2016-2018 жылдары – Caravan.kz интернет-порталы қазақ бөлімінің бас редакторы. 2021-2023 жылдары – «Экспресс К» ақпараттық интернет-порталының шығарушы редакторы. 2023-2024 жылдары – Yvision блог-платформасында редактор.

Газеттер мен сайттарда көптеген мақалалары мен сұхбаттары жарық көрген. 

Жаңа бас редактор шыққанына 25 жыл толып, ұлт басылымына айналған «Қазақ үні» газетіне жаңа тыныс әкеледі деп сенеміз.