КӨКЕЙДІ ҚАЖАҒАН КӨП ТҮЙТКІЛ

КӨКЕЙДІ ҚАЖАҒАН КӨП ТҮЙТКІЛ

Қоғамдағы қорғаусыз жүрген кімдер?

Қазақтың «Кедей бай болсам, бай құдай болсам дейді» деген нақылы қазіргі өмір сүріп жатқан ортамызға арналғандай. Шынында, ауқатты адамдардың ортамызда үйсіз-күйсіз жүрген мыңдаған қандасымыздың жағдайына бір сәт болса да көңіл қоярдай деңгейге жетсе, бәлкім, қоғамда біраз жақсылық орнығар ма еді? Ағайынның ертедегі тапшылық заманаларында дастарханындағы бір уыс бидайы мен бір аяқ шалабын жетім-жесір, жоқ-жітікке бөліскені туралы көп естиміз; ал қазір бір-бірімізге тоң-теріс қарайтын тасбауыр, безбүйрек болып кеткеніміз неліктен екен?! Егер дәл осылай енжарлыққа жол бере берсек, кейінгі ұрпақ бізден қандай тәлім-тәрбие алады, жас буын күні ертең елінің, жерінің намысын қорғайтын деңгейге қалай көтеріледі? Осы жағдай көкірегі ояу, көзі ашық, ары таза, жүрегінде сезімі өшпеген азаматтарды толғандырмауы мүмкін бе? 

Айталық, бүгіндері өте зәру баспана мәселесі кешегі кеңес дәуірінде де орын алғаны аян. Капитализм кезінде бұл мәселенің шешілуі аса ширығып, қиындай түсуі қоғамның даму заңдылығына байланысты екені де анық. Бұл қоғамда, адамдардың тағдыры – адами құндылықтардың шыңы адамгершілік пен қайырымдылықтан жұрдай, әр адам қолындағы дәулеті мен қалтасындағы ақшасын көбетуге, яғни өзімшілдік пен пайда табуға негізделген. Соның салдарынан баспана салу да, сатып алу да және оны жалдау да анағұрлым қымбатқа түсуі бұлтартпас шындық. Осы ақиқатты, әсіресе, бертінгі жылдардағы ушығып тұрған баспана мәселесіне байланысты оқиғалар дәлелдейді. Осы орайда, азаматтардың пәтерді жалға алуына қатысты жағдайға бір сәт көңіл бөлсек, нені көрер едік? 

Адамдардың жеке меншік иесінен пәтер жалдау ісі біздің елде нақтылы заңдастырылмаған және осы үйсіз, күйсіз азаматтарды қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктің ең ауыр үлесін арқалап жүргендер тобына жатқызсақ қателеспеспіз (бұл жерде пәтер жалдайтын ауқаттыларды қоспай, тек әлеуметтік жағдайы төмендердің жағдайы туралы айтып отырмыз). Олардың арасында, негізінен, әлеуметтік жағдайы төмен жұмыссыздар, жас жұбайлар, студенттер, жастар, ауылдың құлдырауынан қалаға келіп нан тауып жүргендер, қорғаны жоқ жетім-жесір, елім деп шеттен Отанға оралған қандастар, басқа да өз қоғамының жылы алақанын сезінбеген бауырларымыз.

Біздің елде тек пәтер иесінің меншігіндегі пәтерін (үйін) жалға беруге және пәтерақысының деңгейін белгілеуге құқылы екені ғана заңдастырылған. Халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесінің шешілуі қиындаған сайын пәтерді жалға беру бағасының өсуі артып отыратын жағдайға тірелетінін өмір шындығы көрсетіп келеді. Елімізде нарықтық экономикалық дамудың ерекшелігіне сәйкес пәтер жалдау, жалға беру сұраныс пен ұсыныстың нәтижесіне байланысты деген желеумен осы мәселе терең зерттеліп, оны заңмен реттеу қолға алынбай отыр. Өйткені, пәтерді жалға беру көлеңкелі бизнеске айналған. Осы қалталылар бизнесінде мемлекеттік қызметкерлердің де үлесі бары белгілі. 

Жалдамалы пәтерақының өсуіне пәтер иелері мен жалға алушылардың арасындағы делдалдық кәсібінің дамуыныңда үлкен әсері бар. Қалалардағы жалдамалы пәтерді кәсіпке айналдырып онсыз да кедейшіліктен қиналғандарды кенедей сорып жүрген делдалдардың жұмысын да заңмен тежейтін уақыт жеткен сияқты. Өйткені, тапшылықтан қиналып жүрген адамдарға делдалға төлейтін қаржының қомақтылығы (бір пәтер үшін 20-50 мың теңге, келешекте одан да жоғары болады, пұлы жоқ адамға бір айға өлмес күнін көруге жетеді) қиынға соғатыны түсінікті. Бұл салада дәнекерлік жасаушылардың кей жағдайда қажеттілігі барын мойындай отырып, осы делдалдың көбінесе пәтер жалдаушылар мен пәтерді жалға берушілер арасындағы алыпсатарлықпен айналысушылар ретінде қоғам мен тұтынушыларды тонап жүргенін ашық айтқан жөн. Қазіргі жағдайда меншік иелері пәтерді жалға берушінің құқы қорғалғанымен, жалға алушылардың құқын қорғау мәселесі шешілмегеніне сылтау айтып уақыт созу қоғамдағы теңсіздікті ұлғайтады. Пәтер жалға беру мен осыған байланысты делдалдық кәсіпті заңдастыруды кешіктірмей шешу қажет. Қоғамдағы әділеттілікті жолға қою мәселесіне келгенде осы сұрақтың өз шешімін тауып, заңмен реттелуін іске асыру мемлекеттің даму деңгейінің өсу көрсеткіші екені талас тудырмауы тиіс. Әсіресе, әлеуметтік тұрмысы төмен адамдарға тікелей қатынасы бар осы жәйтті реттеу жайындағы кейбір сұрақтарға тоқталсақ.

Олар: 1. Делдалдық қызмет көрсету жұмысына қатаң бақылау орнатып, сол өзара келістірушілердің арзан пәтерлерді сатып алып, жоғары бағаменен қайта сатуын немесе сол үйді жалға беріп кәсіп жасауын қатаң қадағалау; 2. Азаматтардың өз отбасының қажетін қамтамасыз етуден бөлек көптеп пәтерлер сатып алып, оларды жалға беріп (көбіне салық төлемей) пайда табуын шектеу, не болмаса қоғамға тиімді жолмен оны заңмен реттеуді іске асыру; 3. Біздің елден көшіп кетіп, басқа елдің азаматты бола тұра, республикамыздың қалаларындағы бұрынғы пәтерлерін жалға беруіне жол бермеу; 4. Пәтерлерді жалға беруді тек келісім-шарт арқылы іске асырып және осы шарттардың жергілікті салық орындарында міндетті түрде тіркеуден өтуінің ғана жарамды деп табылатынын реттейтін арнайы заң қабылдап, осы заңның қатаң орындалуына пәтер иелері, делдалдар және жалға алушылардың міндеттері мен жауапкершіліктерін бекіту қажет; 5. Пәтерді жалға беруді кәсіп етіп отырғандар пайда табу жолында арзан қолды, санитарлық нормаларды өрескел бұзатын, тіпті, адамның өміріне қауіпті, денсаулығына зиян әкелетін материалдарды пайдаланып (кейде темір жүк контейнерлерін бейімдеп) «үйлер» тұрғызуына тыйым салу қажет. Сонымен қатар, құқық қорғау орындарының бақылауынан тыс қалған, осы бағытты ықпалында ұстайтын қылмысты топтардың да жолын кескен жөн; 6. Көтеріліп отырған мәселенің қоғамдағы маңызының зор екенін ескере отырып, жергілікті биліктің, салық орындарының және азаматтарды тіркеуге алатын, қоғамдық тәртіпке жауапты орындардың жауапкершілігін заң жүзінде бекіткен ләзім. Осы ділгірліктің реттелуіне әр деңгейдегі депутат мырзалар, заңгерлер, әлеуметтік саланы зерттеп жүрген ғалымдар, қоғамдық ұйымдар ат салысуы тиіс. Ал бұл мәселенің шешілмеуінен қиналып зардап шегіп жүргендердің тоқсан пайызы өз ағайындарымыз екені де түсінікті шығар.

Сыбайлас жемқорлықпен қалай күресеміз?

Кезінде латын әліпбиіне көшеміз деп дүрліккеніміз есте шығар? Кейінгі кезеңде баршамызды алаңдатып отырған мәселе – қоғамдағы сыбайлас жемқорлық. Аталған індеттің салдарынан еліміздің әр азаматы зардап шегіп отыр десек қателеспеспіз. Өйткені, осы кесел қоғам өмірінің барлық саласына дендеп енді. Осы келеңсіздіктің үдей түсуі ұрпақ тәрбиесіне зиян әкелетіні алаңдатады. Мәселеге тереңірек үңілетін болсақ, сыбайлас жемқорлық ел келешегіне, ұлттық қауіпсіздігіне зор қауіп төндіреді. Ендеше осы дертпен күресу барша халықтың алдындағы өте маңызды шаруа екені айқын. Бұл қатерлі құбылыспен күресте билік, оппозиция және тағы басқалар деп бөлінбеуіміз қажет. Өйткені, қоғамның әр мүшесі өзінің тұрмыстық, әлеуметтік және құқықтық мәселелерін шешу кезінде сыбайлас жемқорлықтың ауыр зардабын сезінері айқын.

Қарапайым халық арасында еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың кең етек жаюын тек биліктегі адамдардың ашкөздігімен ғана байланыстырып, олардың бәрін бір қалыпқа салып бағалайтын пікірдің орын алғаны да мәлім. Бір қарағанда, пікір дұрыс сияқты болғанымен, қоғам өмірін бір ғана қырынан бағалау шындыққа қиянат жасауы мүмкін. Себебі, билікте қызмет істейтін адамдардың әрекеттері олардың білімдері мен рухани тәрбие алу деңгейі және өмірге деген көзқарастары мен ұстанымдарының әралуан болуына байланысты. Сондықтан олардың барлығы дүниеқоңыздықтың құлы деп ұғу – адасушылық. Сонымен қатар, билік жүйесіне қатысы бар адамдардың сол жүйеде орын алатын келеңсіз құбылыстардың құрбаны болу мүмкіншілігі барын да естен шығармау қажет. Қазіргі қалыптасып отырған билік жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың тамыры мемлекеттің даму бағытын таңдау кезіндегі жасаған биліктің қадамдарына байланысты екенін жоққа шығаруға болмас. Сол себепті, сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін осы құбылыстың пайда болуы мен оның табиғи дамуының негізін түсіне білу қажет. Яғни, сыбайлас жемқорлықтың тамырын анықтау үшін адамзат өмірінің даму заңдылығымен байланыстыратын терең ғылыми сараптама негізіндегі тұжырымдама керек. Ал бұл – ғалымдардың міндеті.

Сыбайлас жемқорлық өз негізін адамзаттың алғашқы қарапайым қауымдастықтан өтіп, күрделі тайпалық қоғамдық бірлесулердің пайда болуы мен адамдардың әлеуметтік жікке бөліну үдерісінен бастау алады. Алғашқы қоғамдық бірлесулердің өмірге келуі адамдардың әлеуметтік жікке бөлінуі мен адамзат өміріндегі материалдық және құқықтық теңсіздіктің пайда болуына алып келгені белгілі. Соның салдарынан байлық иелері мен байлығы жоқтар арасында жаңа қарым-қатынас пайда болған. Яғни, тайпалық қоғам ішінде өктемдік жүргізуші топтардың көмегі мен рахымына ие болу үшін соларға тәуелді, кіріптарлардың оларға сый-сыяпат көрсету мен тартулар жасау салт-дәстүрі туындады. Қоғамның даму сатысы биікке көтеріліп мемлекеттің жетілу деңгейі өскен сайын бір кездегі қарапайым салт-дәстүрдің мазмұны мен мәні өзгеріске ұшырап, қазіргі кезеңдегі келеңсіз құбылыс сыбайлас жемқорлық деңгейіне жеткені аян. Бұл құбылыстың даму шегіне жетуіне тікелей үлкен ықпал жасайтын капитализмнің негізгі заңы пайда табу (прибыль) екені де белгілі. Яғни, сыбайлас жемқорлық тамырының терең жайылуы пайда табу мен баю үрдісіндегі еңбекті қанау және адамдардың құқықтарын шектеу деңгейінің өсуіне тікелей байланысты.

Сонымен қатар, осы құбылыстың етек жаюына қоғамдық сананың рухани кедейленуі мен адами құндылықтардың жойылып, қоғамның азғындыққа душар болуы да ықпал етеді. Еуропадағы капитализмнің дамуы кезеңінде XVIII ғасырдан бастап сол замандағы рухани, адами ұстанымдарды қорғауға байланысты, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілген күрестің салдарынан оның даму деңгейі XX ғасырға дейін тежеліп келді. Ал, XX ғасырдың екінші жартысынан бастап сыбайлас жемқорлықтың жанданғаны мәлім, яғни жаһандану үдерісінің басталуымен байланысты сыбайлас жемқорлық дамуы шегіне жетіп отыр. Либералды капитализмнің (бақылаусыз нарықтық экономика) қаржылық институттардың (банкілердің) әлемдік экономикаға диктат жүргізуі транснационалдық компаниялардың дамуына алып келді. Олардың дамуы сыбайлас жемқорлықтың бүкіл дүниежүзінің елдерінде терең тамыр жаюына және дамып келе жатқан елдердің табиғи байлығын азғана шоғырланған алпауыт мемлекеттердің емін-еркін пайдалануына жол ашты. Соның салдарынан дүниежүзі елдері көлеңкелі қаржылық экономиканың (теневой банкинг) ықпалымен өмір сүруге мәжбур болып отыр. Халықаралық қаржылық тұрақтандыру Бюросының мәліметіне сүйенсек, соңғы он жыл ішінде көлеңкелі банкинг индустриясы үш есеге өсіп, 41 триллион долларды құраған. Дүниежүзілік көлеңкелі банкинг индустриясы көлемі қазіргі кезеңде 67 трлн. доллар көрінеді.

Әділетті демократиялық деп үлгі тұтып отырған АҚШ-тың өзі әлемдегі көлеңкелі банкинг көлемінің 35 пайызын құрайтыны белгілі. Осы әлемдегі көлеңкелі банкингтің мөлшерін Қазақ елінің бір жылғы бюджетімен салыстырып көрсеңіз, көп нәрсені ұғуға болады. Әлемде аз ғана алпауыт мемлекеттер осы көлеңкелі экономика арқылы әлемдегі барша елдерге саяси және экономикалық экспансия жүргізіп отыр. Олар осы жолды пайдалану арқасында дүниежүзіндегі мемлекеттердегі биліктердің қалыптасуы мен әрекеттерін үнемі бақылауда ұстау мүмкіншілігіне ие болған. Басқаны айтпағанда, тіпті, ірі еуропалық мемлекеттердің өзінде билік басына кімнің қалай келуіне, қанша отыруына тікелей ықпал жасайтыны мәлім. Осы құбылыстың дүниежүзіндегі елдердің өміріне етене кіргені сондай, әрбір дамып келе жатқан мемлекет өзінің халықаралық аренадағы орыны мен билік басындағылардың беделін көтеруге осы жолды пайдаланып, ұлттық байлықты ысырапқа түсіретіні түсінікті. Әлемдегі сыбайлас жемқорлықтың деңгейі үнемі арту үрдісінде дамып келеді. Сыбайлас жемқорлықты тек қатаң заң қабылдап, ауық-ауық шаралар өткізумен жеңу мүмкін емес. Оны әлемдегі елдердің оң бағасын алып отырған Сингапур, Оңтүстік Корея тағы басқа елдердің осы құбылыспен күресу тәжірибесі көрсетіп отыр. Ұлт мүддесін шын қорғап, әділетті мемлекет болып, осы келеңсіз құбылыстың құрбанына айналмау үшін, тек ғылыми тұрғыдан өз мемлекетінің жүретін жолын анықтай отырып, әлемдік жетістіктерді талғаммен, өз халқының ерекшелігі арқылы рухани байлығына ыңғайлай отырып, сараптау қабылдаған дұрыс. Негізгі бағыт – қоғамдық сананы, жасанды саяси бағыттардың ықпалынан қорғай отырып, тарихи қалыптасқан ұлттың рухани құндылықтары мен әлемдік өркениеттің адами тиімді тәжірибесімен ұштастырған ұстанымның негізінде қалыптастыру қажет. Қазіргі заманда орын алып отырған адамзаттың рухани құлдырау үдерісінен келешек ұрпақты сақтап қалудың жолын әлемнің екінші ұстазы атанған, әлемге әйгілі данышпан бабамыз Әбунасыр әл-Фарабидің өсиетінен іздегеніміз жөн шығар. Ұлы бабамыз осыдан мың жылдай бұрын: «Адамға ең әуелі тәрбие бермей, білім және ғылым берсең, ол жүрген ортасына опат әкеледі» депті.

Болат ДҮЙСЕМБІ,

экономист-саясаткер, публицист, 

ҚР Журналистер одағының мүшесі