ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫҚ ҰЛЫСЫ ҰЛЫҚТАЛЫП, АЛТЫН ОРДА АТЫ АСҚАҚТАЙ БЕРЕДІ
2026 ж. 19 мамыр
78
0
Әлем тарихында орны орасан, Еуразияның қуатты да, алып империясы атақты Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтуді осыдан 7 жыл бұрын, 2019 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тізгінін қолына ала салып көтерді.
Біз де бұл бағалы бастаманы жалғастырып, 2019 жылы 6 қыркүйекте Президент жанындағы Ұлттық Кеңестің бірінші отырысында, Алтын Орданың 750 жылдығы 2024 жылы Алтын Орданың атасы Жошы ханның Ұлық ұлыс тағына отыруының 800 жылдығын атап өтуге жалғасуы керектігі жайлы көтерген едік. Осы баяндамамызда қазақ тарихын қайта жазу керектігін де қозғадық. Құдайға шүкір, Қазақ тарихының 7 томдығы жазылуда. Оның бір томы Жошы ханға, Ұлық ұлыс пен Алтын Ордаға арналған.

Бұл мәселені парламентте де жалғастырдық. 2024 жылы Мәжілістің жалпы отырысында Жошы ұлысының 800 жылдығын атап өту - Алтын Орда атын асқақтатудың рухани маңызы туралы тағы да депутаттық сауал жасадық.
2024 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда Жошы ұлысының 800 жылдығы аталып өтетінін мәлімдеді. Мемлекет басшысының бастамасымен Жошы ұлысы тарихын зерттеу институты құрылды.

Парламентте көтерген бұл маңызы зор Жошы Ұлысы -Алтын Орда мәселесі туралы депутаттық сауалымызға Үкімет басшысы О.Бектенов жауап беріп, үкіметтің атқарып жатқан және атқаратын маңызды шараларын атап көрсетті.
Олардың барлығы орындалып келеді. Деректі фильмдер түсіріліп, шығармалар жазылды.
Енді бүгін міне, үлкен халықаралық симпозиумға ұласты.
Бүгін, 2026 жылы 19 мамырда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында “Алтын Орда - дала өркениетінің үлгісі ретінде: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік” атты халықаралық симпозиум басталды.

Симпозиумда Алтын Орданың мұрагері -Ақ Ордалы Қазақ мемлекеті басшысы Қ.Тоқаев Алтын Орданың әлем тарихындағы ерекше маңызы туралы тереңнен тартып, толғамды сөз сөйледі.
Симпозиумда ЮНЕСКО Бас директорының мәдениет жөніндегі орынбасары міндетін атқарушы, ЮНЕСКО дүниежүзілік мұра орталығының директоры Элунду Ассомо Лазар, ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры, қазір “La Franse sengage” қорының президенті және тб сөйледі.
Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Арслан Қойшиев, Татарстан Респубикасы мәдениет министрі Ирада Аюпова, Моңғолия Ғылым академиясы президенті Содносамбуу Дэмбэрэл, Өзбекстан Ғылым академиясы президенті Шавкат Аюпов баяндама жасады.
Келелі жиынды ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жүргізді.
Симпозиумға ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, ҚР Президентінің идеология жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев, депутаттар мен қоғам қайраткерлері, ғалымдар, мәдениет және өнер өкілдері қатысты.

Кесенесі Ұлы Даланың Ұлытауында жатқан, Қазақ хандарының атасы, Алтын Орданың атасы - Жошы хан тұлғасы асқақтай береді!
Ұлы Даланың Ұлық ұлысы, Алтын Орда мұрагері Ақ Ордалы Қазақ мемлекетінің көк туы көкте мәңгі желбірей берсін!
Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
Қазақ үні