БІЛІМ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЕҢ БАСТЫ ҚАҒИДА - ӘДІЛДІК БОЛУЫ ТИІС

БІЛІМ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЕҢ БАСТЫ ҚАҒИДА - ӘДІЛДІК БОЛУЫ ТИІС

ҚҰРМЕТТІ ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА ХАНЫМ!

Белгілі ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса мырза көтеріп отырған мәселенің түпкі өзегі - тіл тартысы емес, білім жүйесіндегі әділдік мәселесі. Сондықтан бұл тақырыпты «қазақ бөлімі - орыс бөлімі» деген қарсы қою деңгейінде емес, балаларға тең мүмкіндік беру және академиялық әділет қағидаты тұрғысынан қарау әлдеқайда маңызды сияқты.

Егер бұл мәселе жыл сайын қайталана берсе, онда ол жеке бір науқандық дау емес, жүйелік мәселе деген сөз. Биыл қоғам қазақ бөліміне қатысты алаңдауы мүмкін, келесі жылы дәл осындай сұрақ орыс бөліміне байланысты көтерілуі ықтимал. Бірақ мұндай уақытша әкімшілік теңестірулер түпкі мәселені шешпейді.

Себебі қоғамды алаңдататын нәрсе - нақты қай бөлімге қанша грант бөлінгені емес, академиялық әділеттің сақталуы.

Егер гранттар алдын ала тілдік квота логикасымен бөлінсе, онда білім бәсекесінің табиғи механизмі әлсірейді. Ал ашық әрі ортақ бәсеке жағдайында қай бөлімнің оқушылары мықты дайындалса, нәтиже де соған сай қалыптасуы тиіс. Бұл - кез келген әділ білім жүйесінің негізгі қағидасы.

Мемлекет үшін ең маңыздысы - қандай тілде оқығанына қарамастан, ең қабілетті және ең жоғары нәтиже көрсеткен балаларды қолдау. Өйткені ертең елдің ғылыми, технологиялық, интеллектуалдық әлеуетін дәл солар қалыптастырады.

Қазір қоғамда күмән туғызатын жағдайлар бар: бір бөлімде өте жоғары балл жинаған бала грантқа өте алмай қалып, екінші бөлімде әлдеқайда төмен нәтижемен грант иелену фактілері кездеседі. Мұндай айырмашылық ата-ананың да, оқушының да білім жүйесіне деген сеніміне әсер етпей қоймайды. Өйткені білім жарысындағы басты өлшем - нәтиже болуы керек.

Сондықтан мәселені эмоциялық пікірталас деңгейінде емес, ұзақ мерзімді институционалдық реформа ретінде қарастырған дұрыс. Егер ортақ академиялық бәсеке қағидаты толық орнықса:

- барлық оқушы тең жағдайда сынға түседі;

- кімнің білімі мықты болса, сол өтеді;

- жасанды бөліну азаяды;

- мектептердің өзі білім сапасын көтеруге ұмтылады;

- қоғамдағы әділдікке деген сенім күшейеді.

Бұл тәжірибе көптеген дамыған елдерде бар. Мысалы, Балтық жағалауы елдерінде, Финляндияда, Сингапурда білім жүйесінің негізгі тірегі - ортақ академиялық талап пен меритократиялық іріктеу. Яғни басты өлшем - оқушының тілі емес, нақты дайындығы мен нәтижесі.

Сондықтан бұл жерде мәселе тілде емес.

Мәселе - мемлекет білім нәтижесін қандай принциппен бағалайды деген сұрақта.

Егер жүйе бәріне бірдей әрі түсінікті болса, онда қоғамдағы дау да азаяды, ата-ананың сенімі де күшейеді, ал балалар нақты білім арқылы ғана жеңіске жететінін түсінеді. 

Нағыз әділдік дегеніміз де - осы.

Тоққожа ҚОЖАҒҰЛ, суретші – ғалым, педагогика ғылымы кандидаты, ҚР Көркемсурет академиясы академигі, профессор.