Қыдырәлі Оразұлы: Шахановқа жала жауып, итше қыңсылаған тексіз Бияштікі - өтірік!

Қыдырәлі Оразұлы: Шахановқа жала жауып, итше қыңсылаған тексіз Бияштікі - өтірік!

«Атажұрт» ұйымының құрушысы, алғашқы төрағасы Қыдырәлі Оразұлы Мұхтар Шахановқа қатысты айтқан Серікжан Біләштің «арыз жазды, сотта куә болды» деген мәлімдемелерін жоққа шығарып, оны жалған ақпарат деп атады. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында өз деректеріне сүйене отырып, Қытайдағы қазақтардың жағдайы, «Атажұрт» ұйымының құрылуы және сол кезеңдегі күрес туралы баяндады. Сонымен қатар, Мұхтар Шахановтың қандастар мәселесін көтерудегі рөлін атап өтіп, оның атына тағылған айыптардың негізсіз екенін дәлелдеді.

"Қазақ үні" ақпарат агенттігі мақаланың толық нұсқасын ұсынады.

***

Серікжан Біләштің «Шаханов маған арыз жазды, сотта куәгер болды» дегені — құйындай өтірік.

«Жаман адам мақтанса, жақсы адамның жағасынан алдым дер» деген халық мақалы дәл осы Серікжан Біләш сияқты тексіз, арсыздарға арналғандай.

Кеше қазақтың біртуар ұлы ақыны Мұхтар Шаханұлы өмірден өтті. Бүкіл қазақ халқы ұлы қайраткерімен қимай қоштасты. Әлеуметтік желілерде халық естелік жазып, өлеңдерін оқып, Шахановтың шығармашылығымен қайта қауышып жатқандай. Бірақ тегі белгісіз, тексіз, имансыз Серікжан Бияш қана Шахановтың артынан өсек айтып, итше қыңсылап отыр екен. Оны «Бір ит біліп үрсе, көп ит еріп үреді» дегендей, Серікжанның қырық өтірігіне сеніп қалған аңғал, ақкөңіл кейбір қазағымыз, тіпті кейбір есті ағаларымыз да оған араша түсіп жатыр.

Серікжан өзіме қанша жала жапса да, осы уақытқа дейін «Шындық қашанда салтанат құрады» деп үнсіз қалуды жөн көргенмін. Бірақ қазақтың дара перзенті, ұлт мақтанышы, біртуар ақыны Мұхтар Шаханұлына жалған жала жапқанын біле тұра, үнсіз қала алмадым.

Серікжан Біләшті кезінде «Атажұрт» ұйымына әкеліп, бір жылға жуық бірге жүріп, талай сапарларда бірге болып, талай рет үйіме қондырып, асымды беріп, оның ішкі-сыртқы мінез-құлқын жақыннан білетін, ең жақын араласқан адамдардың бірі ретінде, оның Шахановқа жапқан жаласының өтірік екенін нақты дәлелдермен айтып берейін. Сөзім толық дәлелді болуы үшін оқиғаны басынан бастап баяндаймын.

2017 жылы Қытай үкіметі ондағы қазақтарды лагерьлерге қамап жатқанда, араша түсіп, фейсбукте жазған санаулы азаматтарды айтпағанда, ашық күрескендер болмады. Сол сияқты бүгінде «қандастарды мен құтқардым» деп өтірік айтатын Серікжан Біләш та болған емес.

2016 жылы мен Қытайдағы туған жерім Іле Қазақ автономиялық облысы, Текес ауданына мектеп бітіргеніміздің 15 жылдығына бардым. Барлығы өзгерген: шекарадан өткеннен бастап Текеске жеткенше сансыз тексеріс, полиция бекеттері. Қайда баратыныңды, кімге баратыныңды, қайда тұратыныңды, қашан қайтатыныңа дейін түгел тіркейді.

Текестегі №1 қазақ орта мектебі, №1 қазақ бастауыш мектептері жабылып, орнына қытай тілін негіз еткен аралас мектептер ашылған. Қазақ мұғалімдерінің бәрін «жарамсыз» деп, күзетші қызметіне жіберген. Қызметтегі адамдарды ауылдарға айдап, үйлеріне қайтармай, қазақтарды қытайлардың үйіне, қытайларды қазақтардың үйіне орналастырған. Кейбірін мекемелерде тәулік бойы күзетші етіп ұстаған.

Осы өзгерістерді көріп, «қазақтарды тезірек атамекенге көшірмесек, олардан тірідей айырылып қаламыз» деген оймен елге оралдым.

2016 жылдың күзінде бірнеше кәсіпкер жігіттермен бірге Қытайдағы қазақтарды көшіру мақсатында шағын «Атажұрт» тобын құрдық. WeChat арқылы 48 аудан бойынша «Көш» топтарын ашып, солтүстік өңірлерге көшуге шақырып, көшуге қажетті жағдайларды түсіндіріп, нақты мысалдар көрсетіп отырдық. Соның нәтижесінде 2300-ден астам адам көшуге ниет білдірді.

Алайда 2017 жылдың қаңтарынан бастап Қытай билігі қазақтардың паспорттарын жинап алды. Ақпан айында Қазақстанда жүрген, әлі азаматтық алмаған қазақтарды да алдап шақырып, олардың да құжаттарын тәркіледі. Наурыздан бастап «оқыту орталығы» деген желеумен лагерьлерге қамау басталды.

Қысқасы, Мұхтар Шаханов ешқашан Серікжан Біләштің үстінен арыз жазған да, сотта оған қарсы куәлік берген де емес.

Мен 2018 жылдың наурызынан қараша айына дейін Серікжанмен өте жақын араластым. Ұзақ сапарларда бірге жүріп, өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естіген адам ретінде айтарым — ол сенімге лайық емес. Өз мүддесі үшін бәріне бара алатын, сөзінен оңай тайқитын адам екенін түсіндім. Сол себепті 2018 жылдың желтоқсанында «Атажұрт» ұйымын оған қалдырып, өзім кетуге мәжбүр болдым.

Қыдырәлі Оразұлы, «Атажұрт» ұйымының құрушысы, алғашқы төрағасы.