ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ АҚЫНЫ ТУҒАН ЖЕР ТӨСІНЕ ОРАЛДЫ - Қазыбек Иса
2026 ж. 23 сәуір
123
0
✅ Мұхаңның басты аманаты - Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды біз орындаймыз деп семсер ақынның басында серт етеміз!
✅ Ұлт мүддесін қорғаудағы Ұлы көшті бастаған қаранар аяғының астында шәуілдеп жатқан кәндендерге бұрылып та қараған жоқ…
Дүниеден Қазақтың ұлы ақыны, біртуар тұлғасы Мұқтар Шаханұлы да өтті…
Мұзбалақ Мұқаңмен бірге дүбірлеген тұтас бір дәуір көшіп барады!..
Иә, өмір бойы ақиқат үшін айқасып, шындық үшін күресіп, жалғандықты әшкерелеп өткен ақиық ақын өмірден өтуімен бұл фәни дүниенің шын жалған екенін көрсетіп кетті…
Алыптардың соңғы тұяғы өмірден өтіп барады…
Біз ХХ ғасырдың аңызға да, абызға да айналған алып ақынымен бір дәуірде өмір сүру бақытына ие болып қалдық…
Бізде ақындардың барлығы қайтыс болғасын ғана құрметке бөленіп жатады. Абай да, Мағжан да, Қасым да, Мұқағали мен Төлеген де солай болды. Ал Қазақ даласында мұзбалақ Мұқтар ақындай көзі тірісінде халықтың ыстық ықыласына бөленіп, даңқ биігінде дүрілдеген ақын болған жоқ!
Ақын батыр болуы, Батыр Ақын болуы керектігін,
Ер Махамбеттен кейін айқын дәлелдеген ақын Мұқтар Шаханұлы.
Сондықтан да Мұқаң рухтас Махабетті ұстаз тұтты, пір санады.
Жетпіс жыл жел тимеген Кеңес империясының керегесін алғаш бұзған Желтоқсанның дауылы дауылпаз ақын дауысымен Кремльдің қабырғасын шайқап жіберді. Бұл дүбірі дүниежүзіне жеткен сөзсіз көзсіз ерлік еді…
Мен осыдан бес жыл бұрын парламентке бара салып, Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығында Мұқаңның Кеңес одағы кезіндегі талабы біздің Тәуелсіз елімізде қашан орындалатынын сұрап, мәселе көтердім.
Биыл Желтоқсанның 40 жылдығы! Желтоқсан жалауын көтерген дауылпаз ақынымыз өмірден өтіп барады?!.
Мемлекеттік тіл екеу болып дауыс беріліп қойғанда, мінбеге атып шығып, Екінші Желтоқсан болады деп, қайта дауыс бергізіп, Қазақ тілін мемлекеттік тіл еткен Мұқтар Шаханұлы.
Ал мен осыдан бес жыл бұрын парламентке бара салып, Мұқаң салған күрес жолымен Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесін көтеріп келе жатқаным елге белгілі.
Мұқаң туабітті ер, намыскер қаһарман!
Бір мысал келтірейін.
Мұқаң Кеңес одағы кезінде делегациямен Испанияға барғанда, Барселона стадионындағы бұқа сайысын көреді.
Мұндай сайыстар бұқамен айқасушының өлімімен аяқталып жатуы өте жиі болады. Біркезде жүргізуші: “Стадионда қонақтар ішінен бұқамен сайысатын батылдар бар ма? Қане, кім шығады?”-дейді.
Жүз мыңға жуық адам толып отырған стадионда тырс еткен үн жоқ, бір адам шықпайды. Сол кезде бір әйел “біздің арамызда еркек жоқ екен ғой” деп күледі! Мұндайға шыдап отыратын Мұқаң ба, атып тұрып, стадионға бір-ақ секіріп түскен ғой!.. Барып алғасын да, қайта қоймайды, қызылкөз дәу бұқаның алдында қызыл матаны көлбеңдетіп бұлғап тұра қалады…
Қызметкерлер қатты риза болып, бұқаны өздеріне бұрып алып кетіп, Мұқаңа рахмет айтып, қоршап, қошеметтеп стадионнан шығарып салады.
Менің бұл туралы өлеңім бар:
Ұлт мүддесі жолында сап әдемі із,
Ұлтшылдардың көсемінің ұлтыменен жаны егіз.
Барселона алаңында бұқадан да бұқпап ең,
Өз еліңде мүйіздеп жүр санасы жоқ сан өгіз…-
деген.
Стадионда бұқаның алдында тұрған сол фотосын Мұқаң кітабына жариялады, астына менің осы бір шумағым жазылған.
Кейінгі кезде бағымызға біткен ақынның балағына жармасып, шәуілдеген кәндендер де шықты... Бірақ ұлттық мүддені қорғау жолындағы Ұлы көшті бастаған қаранар аяғының астында қыңсылап жатқандарға бұрылып та қараған жоқ…
Аққа күйе жұқпайды! Күйе жаққысы келгендердің өздерінің қолдары мен беттерінде баттасқан қара күйе қалды…
АҚЫННЫҢ АҚЫРҒЫ АМАНАТЫ ОРЫНДАЛДЫ
Кеше Асқар Алатау баурайындағы Алматыдан киелі Отырарды бетке алып шыққан қаралы көш маңдайын қасиетті Арыстан бапқа тіреп тоқтады.
Алматы қимай қоштасты.
Мен қазақтың ұлыдары Ғабит Мүсірепов, Қонаев, Өзбекәлі, Шәмшілерді шығарып салуға қатыстым. Кешегі Мұқаңмен қоштасқан Алматыдағы қалың елді көріп, ел құрметіне тағы да куә болдық.
Біз Мұқаңа деген мұқым елдің шексіз құрметін көріп, Қазақ үшін күрескен айбынды Ақын мен Қазақты 30 жыл билеп-төстегендердің абыройлары аспан мен жердей екеніне көз жеткіздік! Халық құрметін ешкім дүниемен, миллиардтармен сатып ала алмайтынына, Халық құрметі халық үшін қайрат көрсеткен перзентіне ғана жоғары екенін көрдік. Уақыт бәрін өз орнына қояды деген осы болса керек.
Кіндік қанын кескен Отырардан төрт жасында кеткен бала Мұқтар 80 жылдан кейін дана Мұқтар болып еліне оралды! Әлемді мойындатып келген даңқты ұл енді туған жерден ешқайда кетпейді… осында мәңгілікке жаны жай таппақ.
Ой ордасы Отырар Адамзаттың ұлы ұстазы Әл Фарабиді де елден аттандырып, күткен еді, келе алмай Қазақ даласын аңсап өткен Ұлы бабамыз шет елде көз жұмды, мың жылдан кейін топырағы келді… Ұлылардың мекенінен аттанған талай ұлы перзенттері туған өлкесіне қайтып оралуды жазбапты.
Ал өмір бойы Отырарын жырлап өткен Ұлы ақын Ұлы Даласына қайтып оралды! Туған жерінің құшағына Мәңгілікке келді!
Біз бәріміз қазір осы тарихи оқиғаға куә болып тұрмыз. Бұл біздің бақытымыз!
Мұқаң не жазса да, орындайтынын, өлеңі қандай болса, өмірі де сондай екенін осы ақырғы аманатымен де дәлелдеді!
Біз кеше Ақынның ақырғы аманатын орындап, өзінің кіндік қаны тамған киелі Отырар еліне, қасиетті Арыстан бап жеріне алып келдік. Аллаға сансыз шүкірлік айтамыз. Артында Серікжан Сейітжан ағамыз секілді сенімді серке інілері бар екен, құдайға шүкір. Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтахан екеуі бастап, Мұқаңның інілері біз, Әлімжан Құртай, Қазыбек Иса, Қалдыбек Құрманәлі, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев бауырымыз қостап, ақын денесін туған жерге алып келдік.
Дананың көңілі баладай таза боларын мен Мұқтар ағамның жанында жүріп білдім.
Қос ұлы Қуаныш пен Рауанның қазасы ақынды қатты қажытып кетті…
Өмір болғасын бәрі болады.
Өмір күресіңде қадіріңді білмегендер үшін қабіріңнің басында біз кешірім сұраймыз…
Ақынның еліне деген ең басты Аманаты қалды енді!
Ол қандай Аманат?!.
Ақиқаттың алдаспан ақыны осыдан 14 жыл бұрын 70 жасқа толғанда да, осы Отырарда 80 жасын тойлағанда да мен “Ақ жолдың” Алаш арыстарына арналған Алтын медалін кеудесіне тағып тұрып, айтып едім: “Қасиетті Қазақ тілін өзінің заңды тұғырына нақты қондырмай, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдамай, Сіздің анау дүниеге аттануға қақыңыз жоқ!» деп едім… Алла ісіне амал жоқ!
Ақын ағамыз Тіл үшін, Ел үшін өмір бойы күресті.
Ақиық ақынның Алаш мүддесін ойлаған ең басты аманатын енді артыңда қалған ізбасар інілері біз орындаймыз деп семсер ақынның басында серт етеміз!!!
Біз сіздің Аманатыңызды орындаймыз, Мұқтар Аға!
Алла алдыңыздан жарылқап, артыңыз қайырлы болсын аға!
Туған жердің төсінде, жаныңыз жәннаттан жай тауып, Пейіште рухыңыз шалқи бергей!
Бақұл болыңыз, мұзбалақ Мұқтар Аға!
Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты
Алматы - Түркістан-Отырар - Арыстан бап