Ахмет Байтұрсынұлы қалаған септіктер жүйесі Менделеев кестесінен де қымбат…
2026 ж. 14 сәуір
57
0
Қостанай Шым қала емес... Атырау емес... Бұл жердегі қазақилық мазақилықтан әзер әзер тірі қалған..
Менің апам қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып елу жылдай еңбек етті.. Сондықтан болар біздің үйде қазақ әдебиеті мен қазақ тілі жайлы әңгіме үйреншікті болатын.. Апамнан естіген "Атау, Ілік, Барыс, Табыс, Жатыс, Шығыс, Көмектес "әлі менің жадымда.. Бұл Менделеев жасаған химиялық таблица тәрізді ..мүмкін біз үшін одан қымбат болар..Септіктер жүйесінің іргесін қалаған қазақ ғалымы Ахмет Байтұрсынов. Сондықтан да Байтұрсынов бабаға бас иемін қашанда. Қостанайдағы әуежайға Ахаңның атын беруі қазақ тіліне деген құрмет деп ұғынамын.
Ал, өмірі мен өнерін ұйықтап жатқан еліне арнаған "Оян, қазақ" деп күңіреніп өткен Міржақып Дулатов осы Ахаңның шәкірті.. Бойындағы білімі мен біліктілігін, дарыны мен дауылпаздығын Алаш үшін құрбан еткен айбоз ақын.
Оян, қазақ! Ойлан қазақ! Бол қазақ!
Шын бақытқа жеткізетін жол да ұзақ..
Алашағың аз ба мына дүниеден
Болашағың емес пе еді зор ғажап!
Оян қазақ! Ойлан қазақ! Бол қазақ!
Сілкінші бір қанатыңды қомдап ап!
Ауырыңды арқала да алға бас
Бауырыңмен не көрінді жорғалап?
Осындай өлең жазған дүлділге Қостанайдың қақ ортасынан ескерткіш қойыпты.. Қазақша айтқанда төрден орын ұсынған.. Ескерткіш өте әдемі.. Скульпторы Жеңіс Жұбанқосов пен Тимур Ермухамбетов . Тұрған жері әкімшіліктің жаны.. Қасындағы ғимараттың жігіттеріне күш қосқандай қасқайып тұр.. Қәзір бізде жақсы ескерткіштер аз емес.., нашарлары жетіп жатыр.. Ал мына Міржақыптың тұрысы ерекше...сол қолында кітәп оң қолымен орындықты ұстап тұр.. Бұл орынға оянған қазақтың оғланы отырсын дегендей.. Тастай салған шапанның етегіндегі өрнегі қандай жарасқан..Міржақыптың киген киімінде мін жоқ.. Бұл Мұстафа Шоқай киген, Ахмет Байтұрсынов киген еуропалық үлгі.. Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шыққан өрендер осылай киінсе тін..
Мың өліп мың тірілген қазаққа Сая бақта бой көтерген сұлу сәулетке риза болдым.. Орталық бақтағы Ахаңның ескерткішіне мына тұғыр ансамбль боп жараса қалған..
Осыған мұрындық болған барша азаматқа мың алғыс.. Құмар Ақсақалов Міржақыптың алдында ,мың қазақтың алдында ақсақалдық борышын - азаматтық борышын өтеген екен.. Рахметтен басқа сөз жоқ!
Амалсыз аузыма Мұқағали түсті..Пушкиннің ескерткішімен ол да осылай тілдескен...
Ал енді қоштасайық, сардар аға.
Мен ертең кетем ұшып сардалама,
Қыранның қырандығы - кең далада,
Қыранның қырандығы - тауда ғана.
Мен ертең кетем ұшып сардалама.
Қош боп тұр, қош есен бол, сардар аға!
Тобыл өзені бойынан бой көтерген бұл сәулет өткенге тағзым ғана емес, болашаққа деген сенімнің белгісі. Осындай ескерткіштер тұрғанда, қазақ рухы ешқашан өшпейді деп марқайып қайттым. Хош деп айтуға аузым бармады..
Талғат Теменов, Қазақстанның Халық артисі, кинорежиссер