БІЗГЕ АДАМ ӨМІРІ ҚЫМБАТ ПА, ИТ ҚЫМБАТ ПА?!. - Қазыбек Иса
2026 ж. 10 сәуір
128
0
ЖЫЛЫНА 50 МЫҢ АДАМДЫ ИТ ҚАБАДЫ… КІСІ ӨЛІМІ ДЕ БОЛАДЫ
10 ЖЫЛДА ИТ ҚАБУДАН ҚҰТЫРУ КЕСЕЛІН ЖҰҚТЫРҒАН 25 АДАМ ҚАЙТЫС БОЛҒАН
НҰРҒИСА АУЫЛЫ ӘН ЕМЕС… ИТТЕРДІҢ ҰЛУЫН ТЫҢДАП ЖҮР…
✅ Мектептегі баланың тамағына күніне 500 теңге бөлінсе, әр иттің бір күніне 5500 теңге, яғни 11 есе көп төленеді…
✅ “Итің аты - ит”, олар “Бізге үкімет күн сайын 5 жарым мың теңге бөліп жатыр ғой” деп үндемей жата бермейді ғой, Нұрғиса ауылындағы 500 ит күнімен үргені аздай, түнімен ұлып шығады екен…
Кеше 2026 жылдың 8 сәуірінде ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында “Жануарларға жауапкершілікпен қарау” туралы заң жобасы қабылданды.
Талқылауда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса тауып айтқандай, “Ит тақырыбы хит мәселе” болды.
Иә, шынында да жылына 60 мыңдай адамға шабуыл жасап, жыл сайын 2-3 адам өліміне дейін жеткізетін иесіз бұралқы иттерді медициналық жолмен жою мәселесі ең өткір талқыланған тақырыпқа айналды.
Біз бүгін осы талқылауда ең алдымен адам өмірінің қымбаттығын алға тартып сөйлеген Қазыбек Исаның сөзін жариялап отырмыз.
ЖЫЛЫНА 50 МЫҢ АДАМДЫ ИТ ҚАБАДЫ… КІСІ ӨЛІМІ ДЕ БОЛАДЫ…
-Бүгін бізде ит мәселесі хит мәселе болып тұр екен, біз де өз ойымызды білдіре кетейік.
2021 жылы қабылданған Жануарлар туралы заңның негізгі мақсаты не еді? Адамдарды қаңғыбас иттердің шабуылынан қорғау, зардап шеккен адамдар санын азайту еді. Бірақ заң нәтижесі көңіл көншітпейді. Себебі жаңа баяндамашы депутат Еділ Терекбайұлы егжей-тегжейлі баяндағандай, керісінше қабаған иттер мен жараланған жандар саны еселеп өсіп кеткен...
Екі жыл бұрын Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шарбиев қаңғыбас иттерді күтіп-ұстау мәселесіне байланысты «Егер бір итті күтіп-ұстауға күніне 5000 теңгедей кететінін ескерсек, бір жылда ұсталған иттердің өзіне бір жылда шамамен 450 млрд теңге қажет болады»-деп мәлімдеген еді. 2022 жылы 247 мың ит ұсталыпты. Иесіз иттерді өлгенше арнайы орындарда ұстайтын болса, шығын көлемі еселеп өсе береді.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2022 жылы бұралқы иттердің адамдарды қапқан жағдайы 22 мың рет тіркелген болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш бір жылдың ішінде екі еседен де көбейіп, жараланғандар саны 50 мыңға жеткен!
Мысалы, Түркістан облысының өзінде 2023 жылы 51 794 иесіз ит ұсталса, 2022 жылы Шымкент қаласында 40 мың иесіз ит ұсталған.
Жылына ит қапқан адамдар саны 4 мыңнан асып кеткен.
10 ЖЫЛДА ИТ ҚАБУДАН ҚҰТЫРУ КЕСЕЛІН ЖҰҚТЫРҒАН 25 АДАМ ҚАЙТЫС БОЛҒАН…
Ғылыми зерттеулер бойынша:
-Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 64 000-ға жуық адамды ит қабады.
Өйткені 2010–2015 жылдары 5 жылдың ішінде жалпы 388 807 адамды ит қауыпты!?.
Оның ішінде
95 185-і балалар, ≈24–25%
- 2015–2024 жылдары ит қабудан құтыру кеселіне байланысты 25 адам қайтыс болған.
-2023–2024 жылдары ит шабуылынан кемінде 2 адам қайтыс болған.
-2023 жылдың алғашқы 6 айында 3 бала қайтыс болған.
Әкімдіктердің мәліметтері бойынша, адамдарды жаралау оқиғаларының 65%-ы қаңғыбас иттердің шабуылы. Соған сәйкес ит қауып, жараланғандар саны да көбейіп кеткен. Ит қапқаннан құтырма ауруына шалынғандардың қайтыс болып жатқандарын да жоғарыда айттық. Мысалы, Кеңес Одағы кезінде 10 жылға созылған Ауған соғысында Қазақстандықтардан жараланғандар 1 мыңдай болса, қазір ит қауып, жараланғандар саны біздің елде 10 жыл емес, бір жылдың өзінде 64 есе көп.
Иесіз иттері көп мекендерде балалардың жағдайы өте қиын. Оқушылардың үйден мектепке, мектептен үйге қауіпсіз жетуі қиын. Мысалы, Алматы қаласы Наурызбай ауданы Таубел қалашығында қаңғыбас иттер кезіп жүреді. Балалардың өз бетімен көшеге шығуы қауіпті!
Ит талап жатқан талай баланы интернеттен көргенде шыдай алмай кетесің. Соның өзінде иесіз иттерді медициналық жолмен жоюға өршелене қарсы шығатындарды түсіну қиын. Сол ит талап жатқан баланың орнында солардың өз балалары болса, көрер едік, қалай сөйлеп шығарын...
Мен өз басым мысықтан гөрі күшікті жақсы көремін. Қазақы төбеттерді ұстадық бала кезде. Әлі есімде, ауылымыздағы соғысқа қатысқан бір ардагер шал «тауығымды жеп қойды» деп күшігінен өзім асыраған Құтжол деген итімізді ауламызға дейін қуып келіп, атып тастағаны жаныма қатты батқан...
Бірақ адамға шабатын бұралқы иттер туралы сөз басқа...
Конституциямыз бойынша ең қымбаты адам өмірі емес пе?
Ендеше, ит қымбат па, адам өмірі, бала қымбат па?
Қазіргі қолданыстағы заң бойынша итті ұстап алып, стерилизациялап, вакцинациялап, күтіп-баптап күшейтіп, қайтадан босатып жіберу ол қылмыскерді түрмеден шығарып жіберумен бірдей емес пе? Ол итті піштіріп, жатырын алып тастағанмен, адам қабатын азу тісін қағып алған жоқ қой?.. Сондықтан жаңа заң бойынша бұралқы итті ұстап алғасын, 5 күннің ішінде иесі табылмаса, эвтаназиялық жолмен жояды. Сонда ғана қазіргі бір сағатта 5 адамды ит қабатын қауіп-қатер сейіледі.
Әлемде иесіз иттерді аулап, эвтаназиялық тәсілмен жойып отыратын елдер көп. Мысалы, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Норвегия, Швейцария, Швеция, Финляндия, Мексика, Исландия, Латвия, Эстония, Австралия, Ирландия, Малайзия және тб көп елдер бар.
НҰРҒИСА АУЫЛЫ ӘН ЕМЕС… ИТТЕРДІҢ ҰЛУЫН ТЫҢДАП ЖҮР…
Бізде неге иесіз иттерді жоюға қарсылар көп дегенде, мәселенің бір жағы оған бөлінетін қыруар ақшаға келіп тірелетін секілді.
Мысалы, “Сорқұдықтың бойына, сорға бола қонды атам” дегендей, Алматы қаласынан лас су ағатын Сорбұлаққа жақын маңдағы Алматы облысы Іле ауданы Нұрғиса Тілендиев ауылында екі шошқабаз аздық еткендей, 2 гектардай жерді алып жатқан 2 ит ұстайтын питомник те бар екен. Барлығы 7 мың тұрғыны бар ауыл адамдарының бізге жазуынша, ол жерде 500 иесіз ит бағылып жатыр. Мектептегі баланың тамағына күніне 500 теңге бөлінсе, әр иттің бір күніне 5500 теңге, яғни 11 есе көп төленетіні белгілі.
Сонда ойлай беріңіз, бізге жеткен ресми мәлімет бойынша бір итке күн сайын 5500 теңгедей төленеді. Одан бөлек әр итке айына кемінде 18 мың теңгедей тағы бөлінеді. Сонда 1 итке айына шамамен 183 мың теңге төлейді. Оны 500 итке көбейтсеңіз ай сайын 91 миллион 500 мың теңге болады. Ал бұл миллиондарды жылына 12 айға көбейтсеңіз алапат қаржы - 1 млрд 98 млн теңге шығады. Бұндай миллиардтар келіп жатса, кім ит атуды қолдай қойсын?..
“Итің аты - ит”, олар “Бізге үкімет күн сайын 5 жарым мың теңге бөліп жатыр ғой” деп үндемей жата бермейді ғой, күнімен үргені аздай, түнімен ұлып шығады екен! Атам қазақ баласын талаған, адамға шапқан ит түгілі, ұлығанын қоймаған итті де, “жамандық шақырады” деп атып тастаған. Ал ауылыңның іргесіндегі екі итханада 500 ит күнімен үріп, түнімен жарысып ұлып шықса, не болатынын ойлай беріңіз?!. Әйгілі ән дүлділі Нұрғисаның ауылы түнімен әсем ән емес, иттердің хормен ұлуын тыңдап шықса, қайдағы тыныш ұйқы?!. Оған тағы ол иттердің адам тұншығатын сасық иістерін, экологиялық зардабын қосыңыз.
Сондықтан, осындай адам өмірі үшін маңызды да, күрделі мәселелерді тиімді жолмен шешетін жолдарын тапқан жаңа заң жобасын қолдаймыз.
Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты