«ҚАЗАҚША БІЛМЕСЕҢ, ДАЛАДА ҚАЛАСЫҢ»...
2026 ж. 08 сәуір
38
0
Ол күн де алыс емес-ау
Бұрын орысша білмесең адам болмайсың дейтін. Кімнің адам болғысы келмейді. Бәріміз орысша сөйледік. Сөйлей алмаса да, сөйлегісі келіп ынтығып тұратындар көп болатын.
Ал қазір керісінше тәрізді. Неге? Ертеректе Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен бір мемлекеттік тілге арналған жиында болдық. Бірнеше мекеме басшылары мемлекеттік тілдің ахуалы туралы есеп берді. Әрине, сөйлеуге, баяндаманы оқуға келгенде күмілжіп, тілі сынбағандары да болды. Сонысына ыңғайсызданғаны, қысылғаны, ұялғаны, кешірім сұрағысы келіп тұрғаны және сезілді. Ал бұрын қазақ тілін білмегені үшін ұялушы ма еді? Қайта сонысын мақтан көретін еді ғой. Демек, бұл – ілгерілеу. Ниет, пиғыл дұрыс. Шынымды айтсам, сол жиыннан кәдімгідей қанаттанып шықтым.
Осыған қарағанда, «қазақ тілін білмесең, адам болмайсың» дейтін күн де алыс емес-ау...
Наразылықтың белгісі
Ақылды адамдар өтірік те айта алмайды. Шындықты да айтып жарытпайды. Себебі, оның тиісті орындардан ақпарат алатын мүмкіндігі жоқ. Бірақ, қоғамға наразылығын басқа жолдармен білдіреді.
Бейнекамерадан қаланың ортасынан түсірілген бір көріністі тамашалап отырмыз. Бір кісі пәтерінен шығады да, қолындағы қоқысты көшеге шашып кетеді. Күнара осылай. Жұрт: «Әлгі адамды табу керек, сөйлесу керек, жөнге салу керек, мұндайлармен басқаша сөйлесу керек» деді. Бұл бәлкім, шаршаған, жүйкесі жұқарған адам болуы мүмкін, бәлкім, дені сау адам шығар. Ендеше, қоқысты неге шашады? Гәп осында. Төңірек тап-таза болып, қоқыс уақытында алынып тұрса ол неге мұндай әрекетке барады? Демек, тиісті орындардың жұмысына көрсеткен наразылығы ғой.
Ол өтірік айтқан жоқ, әбден өтірік ақпар беріп үйренген кейбір мекемелердің жұмысына деген наразылығын өтірік айтып шаршамай-ақ осылай білдірді. «Іспен» дәлелдеді.
Біреу байқады, біреу байқамады. Алматыда белгілі бір жерлерде мұнтаздай киінген, жылтыраған шашын әдемілеп айырып тараған, екі қолын артына ұстап жүретін бір кісі бар. Сырбаз, сымбатты адам. Естуімізше, бұрын белгілі ғалым, өте сауатты, білімді кісі болған. Әлгі кісі анда-санда ернін сәл түртитіп, айналасындағы адамдарға тіксініп, көзін алартып қарайды.
Бұл да қоғамға деген наразылығын білдірудің бір сыпайы жолы, амалы.
Енді қайтеді?..
Қалада ешкінің сүті бар ма?
Қайсыбір жолы қаланы шарлап бесік іздеп едік. Әйтеуір, бір тәуірін таптық. Енді қайсыбір күні ешкінің сүтін іздедік.
Бұрынырақта «дастарханда құстың сүтінен басқаның бәрі бар» деп сөйлейтін. Қазіргі заманда «жаныңнан басқаның бәрі бар» дейді.
Онысы рас. Дүкенге кірсеңіз, етке салатын наныңыз, бауырсағыңызға дейін бәрі-бәрі толып тұр. Қазіргі әйелдер, келіндер екі білегі талып нан илемейді. Осыны көрген бір құрдас «қазір өзі әйелдің керегі бар ма?» деп қалжыңдап еді.
Есіктің алдында айқайлап жүріп сататын сиыр сүті бір күн өтпей көк су болып шыға келеді. Қаймағы және жоқ. Соған карағанда, не сиыр «самопал», не сататын адам «өнертапқыштықпен» айналысатын болуы керек.
Қазақ қойдың сүті қорғасын десе, ешкі сүтінің емдік қасиетін де көп білген. Өзіміз осы ешкінің сүтімен өстік. Бір кесесін төңкеріп алсаң, ойын баласының күнұзаққа қарны құрқ етпейтін.
Ананың денсаулығына байланысты емшек сүтіне жарымаған сәбилер де аз емес. Демек, ана сүтімен коректенбеген, уызға жарымаған баланың да әлжуаздау болып өсетіні әлімсақтан белгілі. Әрине, ананың емшек сүтіне ештеңе жетпейді, оны ешқандай бағаға сатып ала алмайсың. Алайда, ешкінің сүті сол ана сүтін ауыстыруға жетеқабыл. Ұстазымыз Шерхан Мұртаза «біз ешкінің сүтімен өскенбіз» деп жиі айтушы еді. «Ешкінің сүтін ішпегендердің елуге дейін есі кірмейді» деуші еді тағы бір зиялы ағамыз.
Қайсыбір күні немерелерім дәмін татып көрсін деген оймен ешкінің сүтін іздедім. Әлгі бір кинодағы Еңлікгүл іздеген шал құсап біраз жерді шарладым. Біреулер бұрынырақта кішкентай калбырда сатылатын дейді. Бірақ, мен таппадым.
Осының бәрі – айналып келгенде, ұдайы ауылды ойлап жүрудің, сағынып жүрудін белгісі.
Қазақтың қаласы ауылда өскен адамның қажетін қанағаттандыра ала ма?
Қазақтың ұлы ақыны Қадыр аға да өмірінің соңғы жылдарында ешкінің сүтін ішті. Елді сағынды ма екен, жарықтық!
Өтірік айту «пәлсапасы»
Қазіргі қоғамды ұстап тұрған – Өтірік тәрізді. Өтірік өсектен шықты ма, жоқ әлде өсек өтіріктен өсіп-өнді ме, оны кім білсін, әйтсе де, бүгінде өтіріктің тасы өрге домалап тұрғаны рас. Мұхаммед пайғамбарымыздың хадисінде үш жағдайда айтылған өтірік күнә болып есептелмейді екен.
Соғыс кезінде айтылған жалған сөз. Себебі, ұрыс айласыз болмайды.
Араздасқан екі адамды жарастыру үшін, яғни, бітімге келу ниетінде айтылған өтірік.
Ерінің әйеліне татуласу үшін айтқан өтірігі.
Қалғаны өтірік, кешіруге болмайды. Хадисте айтылғандай, осы уақытқа дейін араздасқан екі адамды жақындастыру үшін баспасөз бетінде өтірік айтылған болса, сол адамды өмірбақи жақсы көріп кетер едік. Демек, біз өтірікті айтатын жерінде айтпаймыз және-дағы жай ғана емес, өкіртіп айтамыз.
Бүгінгінің өтірігі тіпті өтірікке ұқсамайды. Елге пайдалы өтірік болса бір сәрі. Қазір үлкен шенеуніктен бастап, сарыауыз балапан шенеунікке дейін өтірік соғады. Бір қарағанда, біздің қоғам өтірікпен өмір сүріп отырғандай әсер қалдырады.
Біреу біреуге мен саған міндетті түрде жер алып беремін дейді. Жай айтпайды, міндетті түрде дейді. Өзіне-өзі сенімді, неткен сенім!
Өтіріктің үлкен-кішісі болмайды. «Өткізу үшін шындықты, өтірік костым аздаған» депті Қадыр Мырза Әли. Дұрыс, ол заманда шындықты жеткізу үшін біреуді мақтау арқылы да ұлтқа керек деректі айту қажет болды. Ең сорақысы – ұлт қауіпсіздігіне, мемлекет қауіпсіздігіне қауіп төндіретін өтірік, әрине.
Қазақ қоғамында биікке шыққан азаматтар аз емес. Биліктің талай баспалдағынан өткен, тойған қозыдай болып томпиып жүретін, бір қарағанда тірі жанға қиянаты жоқтай көрінетін бір шенеунік тападай талтүсте бәленбай мың доллар пара алды деген күдікпен ұсталды (бәлкім, ұстатты), кейбіреулер күдікпен демей пара алды деп те жіберді.
Осы ақпарат ресми орындардың аузымен айдай әлемге тарады. Айларға созылған жанкешті сот болды. Бірақ, ол басқа статьямен сотталды, пара алғаны дәлелденбеді, демек, өтірік айттық. Оның өтірік екенін сұңғыла жұрт әу бастан біліп қойды. Сонда неге өтірік айттық деймін ғой. Өтірік айту кім үшін керек болды?
Зенков – нағыз зиялы жан екен
Андрей Зенков – ертеректе Алматының сәулетшісі болған кісі. Осы адам Алматыға (Верныйға) келісімен өзі үшін «қазақша-орысша» сөздік жасапты. Оны жергілікті адамдармен тіл табысу, тіл үйрену үшін жасаған. Мәдениетті, өзге елдің салтын, дәстүрін сыйлайтын, құрметтейтін, шовинистік пиғылдан таза, ниеті түзу аса зиялы адам ғой. Қайсыбір жолы архивтен алдырып, баспасөз бетіне жариялаттым.
***
Ұлтшыл болмасаң іс бітпейді. Қалай ұлтшыл болмайсың – қазақты қорлау әлі де бар.
***
Өзінің орыс тіліне шорқақтау екенін мін санаған жас басшыға Иманғали: «Айналайын, бұл сенің мінің емес, артықшылығың» – деді.
***
Рушыл емес, рухшыл жігіттер қатары көбеймей тұр.
Заман кімдікі?
Кезінде Баубек Бұлқышев «Заман – біздікі» деп еді.
Бұл кімнің заманы? Қаймақтардың ба? Маймақтардың ба? Ғалымдардың ба? Залымдардың ба?..
***
Хакімжан Наурызбаев Сәтбаевтың биіктігі төрт метр ескерткішін жасады. Ал енді осыны ешкім керек қылмайды.
Қазаққа қыруар байлық тауып берген адам керексіз...
***
Қазір кейбір басшылар орташа деңгейдегі, орташа таланттарды қабылдауға құмар. Үлкен мінберлерден орташа таланттардың сөйлеуіне жол береді. Сірә, өзімнен зор шықпасын деу.
***
Біреулер дембіл-дембіл, аракідік кеш өткізуге құмар. Өйткені, ел есінен шығып қаламын деп қорқады. Ал кейбір азаматтар мұндай дырдуға құмар емес. Себебі, олар қазақ аман болса ұмытылмайтынын, зердеде сақталатынын біледі. Содан кейін де бұл мәселеге бас қатырып, арамтер болмайды.
***
«Әй, өзім де қумын ғой, октябрьден арыға бармаймын» деген екен біреу ілгеріде. Қазіргі жазармандардың кейбірінің тірлігі де осыған ұқсас.
Тәрбие деген осы-ау, шамасы
«Біздің тұқымнан да бір айтулы алқаш шықпады-ау деп алаңдаулы едім, әйтеуір, сен шықтың ғой» деді бірде бір ағамыз інісіне.
«Қазақ сөзге тоқтайтын халық» деген пікірге осы жолы иландым. Сол інішек көп ұзамай арақты тастады.
***
Қызым Қаламқас «әке, мына газеттерді тастай берейін бе?» – деп телефон шалды. Тәрбие деген осы-ау, шамасы.
***
Кісі баласы – пенде. Тіпті, Архимедтің өзі (тартылыс заңын ашқан адам) жерді аударып жіберейін бе, тіреушісі болса да деген ғой.
***
Өз елінің атағынан, марапатынан бас тартуды ерлік санайтындар бар. Егер еңбегім сіңіп жатса маған өз елім, мемлекетім ағаш медаль берсе де алар едім. Өйткені, ол менің елімнің, Тәуелсіз елімнің наградасы ғой. Егер әлгі бас тартатындарға, бәлкім, қазіргі атағына қанағаттанбайтындарға «Халық қаһарманы» атағын беремін десе, әжептәуір ойланар еді.
***
Әдетте, құсатын адам, әсіресе, запыран құсатын адам жаны шығып кете жаздамай ма, ал мен күлімсіреп отырып құсқан адамды көрдім.
***
Бір нейрохирург демалыстан орала салысымен екі қолы алдына сыймай, «маған бас әкеліңдер» депті. Әрине, адамның басын сұрайды ғой.
***
Қызып алған бір әнші «тірі даусымды сағындым» деп жылапты.
***
«Осы бір кісі алпысқа келді. Бірақ, шашы әлі қап-қара» – деді бір әріптес.
Айтпаса сөздің атасы өледі. Тағы бір әріптес тіл ұшына келген сөзді іркіп қала алмады. «Бұл кісі өзінің шашы қара болғанымен, талайдың шашын ағартты ғой...».
Қали СӘРСЕНБАЙ,
жазушы