ҚАЗАҚТЫҢ БІРЕГЕЙЛІГІ ТЫМ ТЕРЕҢНЕН БАСТАЛАДЫ

ҚАЗАҚТЫҢ БІРЕГЕЙЛІГІ ТЫМ ТЕРЕҢНЕН БАСТАЛАДЫ

Аты әлемге жайылған даңқты батыр Бауыржан Момышұлы ескі жазбаларының бірінде: «Біздің кейбір тарихшылар Қазақ ұлты XVI ғасырдан етек алады, демек, біздің қалыптасуымызға төрт жүз жылдай болды деп түйеді. Бұл – мүлде қисынсыз. Мысалы, анау Атырау теңізінің жағасындағы, Еділ бойындағы қазақтар мен Тарбағатайдан арғы Қытай жеріндегі қазақтар кездесе кетсе: үні де бір, тілі де бір, түрі де бір... 

Бұдан 400 жыл бұрын Тарбағатай мен Каспийдің арасына ай емес, жыл жүрген. Машина да, пойыз да жоқ. О кездегі бірден-бір жүйрік көлік – тек ат еді. Яғни, ат қадымы өте алыс емес, оны біз әзір түсіндік. Ат қадымы – балалар велосипедінен де шабан қадам. Осыны тарихшы-ғалымдар неге түсінбейді... Неге? Тарбағатай мен Каспий жағасындағы қазақ жолыға кетсе, түрі мен үні, құлқы бірдей екенін олар неге зерттемейді? Ендеше заңғар Шоқан Уәлиханов рухына жүгініп пайымдайын, қазіргі заман ғалымдарының жоғарыдағы байламы түбірімен қате. Каспий, Тарбағатай қазақтары қысқа ғана 400 жыл арасында ешбір жымдасып кете алмас еді. Олай болса Қазақ халқының мидай араласып біте-қайнасу кезеңі біздің дәуірімізге дейінгі мыңдаған жылдардан бұрын басталады» – дейді. (Момышұлы Б. Көз алдымда бәріңсің. Естеліктер мен күнделіктер. – Тараз, 2007. – 164-166 б.б.). 

Оқырман назарына ұсынылып отырған Шығыс Түркістан қазақтары туралы төмендегі деректі әңгіме де қарға тамырлы, қаршыға сіңірлі халқымыздың сол ежелгі бірегейлігін дәйектей түседі. 



Бұл сонау 1947-1948 жыл қарсаңы еді. «Той дегенде қу бас домалайды» дегендей, жұртшылықтың шалқыған дархан көңілі саясатшылардың әрі тарт-бері тарт айла-шарғысына мән бергізе қойған жоқ. Гүл-гүл жайнап, гу-гу күліп, жел тербеген теңіздей алабұрта толқып жатты.     

Сонау Совет Одағы жақтан шыққан басшыларын ертіп, тау ішінде аттарын сипай қамшылап, аяңдап той алаңына беттеп келе жатқан офицер Ғалым Нөкішұлының ұшқыр қиялы да, неге екені белгісіз, анау Ақсуат түбіндегі кіндік қаны тамған алақандай Қарашеңгелге қарай самғай тартып, алып-ұша береді. Жиырма алты деген немене, Ұлттық армия қатарында әжептәуір жоғары шенді қызмет атқарып, ел қамын жеп жүргені болмаса бұл да, расында, сонша албырт еді. Және өзінің туған жерге деген ықыласы да алабөтен. Атажұрты есіне түссе ылғи осылай, баяғы балбөбек балалық шағы өткен кішкентай ғана ауылын қатты сағынып, бауыр еті езіліп кетеді.  

Бастығы Иван Полинов өз ойымен өзі. Келгелі қазы-қарта жеп, сары қымызға әуестеніп қалған ол бұл сапар да ет пен майға ырқия тоюға тура келетінін елестетіп, жымыңдап қояды. Қалибек батырмен кездесетінін ертерек біліп алған соң Ғалымнан қоярда-қоймай, қазақша амандасудың жолдарын үйренген-ді. Оны да ұмытып қалмау үшін іштей қайталап келеді. 

Жас офицер Ғалым әсем Ұлужан жайлауын бұрын да бір көрген еді. Тау алқабындағы өңір бұл жолы тіптен құлпырып алғандай екен. Жібек самалы желкілдей лекіген жасыл өлкенің сыңсыған тал-терегі мен күреңсе белдердің сай-саласымен сылдырай аққан өзен-бұлақ онсыз да мың құбыла жасанған жайлау көркін асырып-ақ тұр. Қыр етегін жағалата аппақ жұмыртқадай қылып екі жүзге тарта үй тігіп тастапты. Тығыз орналасқан үй-үйдің ара-арасында ерсілі-қарсылы жөңкілген жұрт; кейбіреулер жабылып жығып салып, шыңғырта шұрқыратып жылқыларын сойып жатыр, әлдекім буын бұрқыратып қазан асып үлгерген, әлдекім ашық алаңға рет-ретімен алтыбақан құруға кірісіпті. Әйтеуір қойшы, жиналған жұрттың әйелі көп пе, еркегі көп пе, баласы көп пе шағасы көп пе – ығы-жығы, жыпырлай араласқан қонақта қисап жоқ, тойға келген халайық бірін-бірі көрген бойда жүз жылдан бері жаңа кездескендей өзара қаусыра құшақтасып амандасып, у-гу, мәре-сәре. 

– Асса-лау-мағалейкум-м!

– Уағалейкум-массалам-м! 

– Аман-сау бармысың, бауырым?! 

– Иә, мал-жан аман ба?

– Уай, Қалибек, қанжығалы тойың құтты болсын! 

– Айтқаның келсін! Ат-көлік аман жеттіңдер ме? Ондағы ағайын ел-жұрт аман ба?

– Бек қуатты. Дұғай-дұғай сәлемін жолдап қалды.

– Еншалла! Аман болсын!..

Сонадайдағы жалпақ дөңге тігілген сегіз қанат ақ орданың алдында бір топ мырзаларымен Қалибек Райымбекұлы тұр екен. Мұнда да бір-біріне жағалай құшақ ашып, төс қағысып, емен-жарқын жүздескен қаймана жұрт. Қазақ қалжыңсыз жүре ме, бұлар да арасында әлденені әңгімелеп, жеңіл әзілдесіп, төңіректегі жағдайды жіті шолып тұрған сияқты. 

Қалибек үйінің қасына келіп, сау етіп түскен бір топ әскери адамды ықыластан қарсы алған. Генерал Полинов та өте кішіпейіл, ақжарқын адам еді. Ол Қалибекті бірден танып, қос қолын соза ұмтылды. Алғашында өзіне қарай ентелей басқан денелі сары жағалы орысты көріп, абдырып қалған батыр да Полиновты шырамытқан соң күлімсірей түсіп, бері беттеді. 

Қазақ ішінде бірталай жүріп, жөн-жоралғыны ұғып қалған самдағай генерал алдымен: 

– Здравствуйте, Қалибек батыр! Амансыз ба? – деді.

– Аман, аман, генерал батыр! – деп Қалибек те Полиновтың қос қолын сілкілей амандасып жатыр. 

Қазақтың және осындайда бұралқы сөзге құмартып, әрбір жаңылыс басқан қадамыңды мысықша аңдып, күлкісі келіп тұратыны қандай, Қалибектің жөппелдемеде «генерал батыр» деп қалғанын ерсі көріп, мысқылдап, мырс-мырс күліп қалғандар да табылды. 

– Төрлет, генерал! – деді келесі сөзде Қалибек.

– Рахмет, Қалибек батыр! Рахмет! Той құтты болсын! Той құтты болсын! – деп генерал тағы бір-екі ауыз қазақша сөзді жаңылып қалмайын дегендей асығыс түрде айтты.  

Жұрттың бұл сөздерді генералдың Ғалымнан қайта-қайта сұрап, жеткенше іштей жүз қайталап жаттағанын қайдан білсін, айнала қоршаған қауымның арасында «апыр-ай, қазақшаға судай ғой мына дәу орыс!» деп аңтарылып қалғандармен бірге ду-ду күлгендер де болды. Полинов ыңғайсыз бірдеңе айтып қойдым-ау дегендей қызарақтап, сұраулы жүзбен Ғалымға бір, орысша-қазақшаға теңдей жүйрік Әбдірахман Өрекеновке бір қарап: 

– Товарищ Абдрахман?! – деді. Анау:

– Генерал-майор мырза! Мына қалың ел – орысша сөз естімек түгілі, өмірінде тірідей орыс көрмеген ел. Сіздің аяқ астынан қазақша сөйлегеніңіз қызық болып көрінген соң күліп жатқаны ғой. Және бұлар сізге ризалықпен күледі. Қазақ осындай өзінің тілін, салт-дәстүрін сыйлаған адамның құлы боп кетуге даяр тұратын өте дархан халық. Оғаш ештеңе болған жоқ, бәрі орынды. Қайта қазақша керемет сөйледіңіз! – деді.  

Сонда ғана барып сабасына түскен Полинов қолын бір сілтеп, үндеместен, енді не дер екен дегендей өзінің аузына қарай аңыра қалған қазақтарға қарап өзі де қарқылдап күліп жіберді.

Жиналғандардың дені палуан күресі, қыз қуу, теңге алу сияқты ойындардан гөрі ат жарысқа қаттырақ қызыққандай. Әсіресе, әр түкпірден жиналған елге танымал үлкендер жағы бір-бірінен кім келіпті, қандай ат әкеліпті дегенді жиі сұрайды. Көпшілігінің білгісі келгені Майлы мен Жайырдың аттары еді. Мұның өзіндік сыры да бар – ол өңірдің аттары аузымен құс тістеген жүйрік, әрі кілең су төгілмес жорға келеді. 

Мұндай әңгіме ат сырын тәуір білетін генерал Полиновты да елеңдетті. Дастархан басында бұл да қасындағы қазақ офицерлерінен осыны сұрағыштап отырды. Олар болса аңтарылып, Қалибек батырдың аузына қарайды. 

– Иә, иә, онысы рас. Қазақта Майлы мен Жайырдың аттарына жететін бәйге аттары сирек. Оны қолы жеткендер ұстайды, – деді Қалибек алдындағы табақ толы еттен саусақтарының ұшымен шымшып алып отырып. 

Тойға келген әскери топ түстеніп болған соң қолына жез шәугім мен леген ұстап, иығына орамал ілген әлдебір жеткіншек үйге жүгіре кіріп, жағалай отырған меймандардың қолдарын шайғызып шықты. 

Жұрт ошарылып тысқа беттеген бойда елеңдеп, Бәйгетөбе жаққа қарай берді. Ғалым бұл тұстан көрінбейтін Тарбағатай жаққа көз тіккен. Таудың ең биік Сарышоқы жотасы да алыстан мұнартып, ұлы дүбір тойлы ауылға назар аудара қалған секілденді. Сол жақтан түйдек-түйдегімен жөңкіле көшкен ақшуда бұлттар атамекенін, жалаңаяқ көбелек қуған Қарашеңгелін аңсаған жас офицерге сонау іргелі елінің жолдаған ақ ниетіндей көрініп көңіл босатты. «Қайран атажұрт! Не күйде екенсің? Мұндағы сұрапыл қақтығыстадан алыс жатсаң да, соғыс өрті сенің де қаншама ұландарыңды жалмап, бауырыңды шұрқ тесті-ау. Сен де қансырап жатқан шығарсың. Әр түп шиің, әр бір тасың жоқтау айтып зар-шерге толып тұр-ау. Жаналқымда болғаныңда қасыңнан табыла алмадым. Қолтығыңнан демеп, еңсеңді көтеруге жарамадым. Тағдырдың жазғанына не шара. Жетермін бір күндері кең құшағыңа. Жұбатармын!» – деп ет-жүрегі елжіреп, көкірегі қарс айырылды.

Бір мезетте ойын «Бәйге! Бәйге!» деп шырқырап қатты шыққан дауыс бөліп жіберді. Әудем жерде құла тайға мінген жаршы бала айғайлай шауып, ызғытып барады. «Бәйге! Бәйге!». Шіркіннің дауысы не деген ащы еді. Жез қоңыраудай шіңгірлеп, жүйке ширықтырады екен. Ауыр ойдан тез серпіліп, бұл да Бәйгетөбеге қарай беттеген.

Думан қызығы қас қарайғанша созылды. Қалибек орталықтан келген сыйлы меймандарын қоналқада жақсылап және күтті. Батырдың сегіз қанат ақ ордасының құтты шаңырағы астында бас қосқан әскери мамандар мен ел азаттығы жолында қан төккен Қамза, Тәкіман сияқты партизандардың, өзге де игі жақсыларының абың-гүбің әңгімесі түннің бір мезгіліне дейін толастаған жоқ.   

Иван Полинов ертеңіне орталыққа аттанарында ержүрек қазақ еліне ежелден тәнті екенін, өзінің асқар тауларындай осынау асқақ мінезді халықтың салт-дәстүрін бек құрметтейтінін тебірене отырып жеткізді. Сондықтан, шамасы келгенше қиындықта да, қуанышты шақтарда да мұндай дархан елдің ұлдарының қасынан табылуға дайын екенін айтты. Генерал, әсіресе, Қалибектің ерлік істеріне, оның ірі азаматтық әрекеттеріне ризалығын білдіріп, батырға маузер тарту етті. Ол заманда маузер ұстау ерекше мәртебені білдіретін еді.

Ел арасында Полиновтың бұл айрықша сыйлығы туралы да сөз қозғалмай қалған жоқ. Біреулер Совет Одағы мұндай ықпалды адамды өз ырықтарында ұстағысы келеді, титтей маузер сондай үлкен саясаттың көрінісі деп сәуегейлік айтқандар да, қойшы, қайдағыны айтып, қит нәрседен пәле іздейтін әдеттеріңді тастамайсыңдар, ол орыс тапаншасын әшейін ризалықпен бере салды деп қыжыртқандар да кездесті. Қалай дегенмен, сыйлық астарында белгілі бір ниеттің жатқаны анық-тын. 

Арада екі-үш күн өткеннен кейін Шығыс Түркістан Республикасының тұңғыш басшысы Әлихан төрені Ахметжан Қасымидың алмастырғаны мәлім болған-ды. Қалибекті бұл жағдай қатты тіксінтті. Одан ұзақ ойланған жоқ. Соңынан екі жүздей шаңырақты ілестіріп, Шайтанкөпір арқылы Гомеңдаң жағына өтіп алды. Солармен тіл табысып, Үрімжі жақта жүрген Оспанмен хабарласқан. Баяғы ата-бабалары тілімен айтқанда «жаушы» жөнелтті. Жаушысы – өзінің туған ұлы Хасен еді. Басқа адамға сене де қойған жоқ һәм осы әрекеті арқылы батырға деген өзінің жоғары құрметін аңғартқан. Әрі жолданған сәлемнің маңыздылығын байқатқысы келді. «Көзіңіз жеткен шығар, батыр, бұдан былай бізге күн жоқ. Мен ірге көтеруге бел будым. Кетейік. Бізбен бірге болыңыз. Алдымен Үндістанға, одан Түркияға бағыт түзейміз» деп сәлем айтты. 

Оспан батыр үндемеді. Сазарып отырып қалған. Жауабын ертеңіне бір-ақ берді. Хасенге: «Әкеңе айт – мен осында қалуды ұйғардым. Тағдырдың басқа салғанын осы жерден күтіп алам. Жауыммен қасық қаным қалғанша айқасам. Жастығымды ала өлем. Қалибекке қояр кінәм жоқ. Жортқанда жолы болсын. Ақиретте жолығайық!» – деді. 

Қалибек Қытайдың қызыл партиясы жеңген кезде Оспанның басындағы қара бұлттың қоюлана түскенін біліп еді. Бірақ оған жәрдемдесетіндей қолынан келер қайраны жоқ-тын. Біртіндеп өзіне де тықыр таяды. Ол Түркияға тезірек аттануға қам жасаған. Ақыры Тибет өлкесіндегі Гималай таулары арқылы Үндістанға, одан Пәкістанға жол тартты. 

Әйткенмен, беріде баласы Хасен Оралтай жазғанындай, діттеген межеге Қалибек көшіне ерген сонау екі жүз отбасының сексендейі ғана, яғни, жиырма мың адамның бес мыңдайы ғана тірі жетіпті. 

Құлтөлеу МҰҚАШ