ҰЛЫЛАРДЫҢ ҚАСИЕТІ ДАРЫҒАН ҚАЙРАТКЕР
2026 ж. 08 сәуір
41
0
Көпті көрген адамның болмысы да бөлек болады. Әңгімелескен ортада адамдық, кісілік келбеті мен тау тұлғасы бірден көрінеді. Әр сөзінен зиялылықтың лебі есіп тұрады. Мен Сұлтанбек Қожанов атындағы қайырымдылық қорының президенті Мұқан Әбдіраманұлын осындай азамат дер едім.
Ол кісімен таныстығым
15-20 жылға таяп қалды. Қашан көрсең, бір қалыпта, асықпай баяу, баппен сөйлеп, көпті көргені бірден көзге көрініп тұрады. Қарттыққа аяқ басса да белсенді. Қожановтың есімін ұлықтау жолында қаншама ұлы іс тындырды. Бірақ марқайып, масаттанған жоқ. Істеп жүрген жұмыстардың бәрі ұлт үшін. «Кейінгі ұрпақ Қожановтың қайраткерлік қырын ұмытпаса» дейді.
Үш принципті ұстанған тұлға
Сұлтанбек ұлт мүддесін қорғап өткен, қазақтың бағына туған асылымыздың бірегейі. Оның қазақ үшін жасаған жанкешті еңбегі ешқашан дау тудыра алмас. Ұлтын сүйіп, артына өшпес із қалдырған Сұлтекең ұлықтауға лайық. Ал тұлғаны тану, бағалау, жарыққа шығару ұрпақтың еншісінде. Өлгенді тірілтуге бола ма? Әрине болмайды. Бірақ өлгеннің рухын сақтауға болады. Өлгендердің рухы ақ қағаздың бетінде, тірілердің жүрегінде сақталады. Өлгенді тірілту деген осы.
– Мен Алматының төріне Сұлтекеңе арнап, ескерткіш қойдым. Қолымнан келгені осы болды. Ендігі мақсат – Сұлтанбек Қожанұлының атына берілген мектепті заңдастыру. Сұлтанбек халқымызға қазақ деген төл атауын қайтарды. Сұлтекеңнің ықпалымен «Ақмешіт» қаласының аты «Қызылорда» болып өзгертілді. Сондықтан Сұлтанбек Қожанұлының күрескерлік қасиетінен үлгі алуымыз керек. Алланың маған артқан аманаты болар, Сұлтекеңнің қайраткерлік қырын кейінгі ұрпаққа жете таныту үшін тынбай жұмыс істеп келемін, – дейді Мұқан Әбдіраманұлы.
Сексенге аяқ басқан ағамыз әлі тың. Қуат берсін, әлі де қайраткерлік жолын жалғастыра береді. Қожановтың ескерткішін орнату барысында қаншама кедергілерге кездесті. Бірақ аманат арқалаған аға жеңіп шықты. Кейде атқамінерлерге, ағайын арасын ала тайдай бүлдіріп жүргендерге де хат жазып, қатты айтатыны бар. Мұндай сәтте кейбіреулер оны түсіне бермеуі мүмкін. Бірақ қайраткер ағамның сөзінде қашан да туралық, әділдік бар. Ол үш принципті ұстанған қайраткер.
– Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық. Біріншісі –денсаулық, ол түсінікті. Екіншісі –ақылды әйелің, үшіншісі – ішер ас, киер киімің болсын дегені. Мен осы үш принципті ұстанған адаммын. Ең үлкен байлығым –елімнің амандығы, халқымның тыныштығы, ағайынның ынтымағы. Ал өз байлығым – ойлайтын ойым, көретін көзім, сөйлейтін тілім, жұмыс істейтін қолым, жүретін аяғым. Үйде ақылды, арлы, жансерігім жақсы әйелім отыр. Киетін киім, ішетін асым, өмірімді жалғастыратын ұл-қыздарым, балаларым бар, – дейді Мұқан Әбдіраманұлы.
Ол Қожановтың ескерткішін тұрғызуға жинаған қаржысын салды.Кей азаматтар там-тұмдап ақшасын қосты. Ескерткіш салтанатты жағдайда ашылды. Ашылу рәсіміне қазақтың игі жақсылары мен жайсаңдары келді.
Мұқан ағаның ойынша, «Қожановты таныту тұрғысындағы мұндай игі жұмысқа көп қаражат, насихат керек. Түсінігі бар қалталы азаматтар жоқ емес. Ұйымдастыратын, ұйтқы болатын ер керек». Ендігі ойы – мектепке қайраткердің атын беру. Қостаушы көп, бірақ бюрократиялық кедергілер істің тезірек жүзеге асуына мүмкіндік бермей тұр. Бірақ түбінде ақиқат, әділеттілік жеңетініне сенеді.
Ұлылардан бата алған
Мұқан аға Түркістаннан 40 шақырым жердегі «Үкаша ата» қырық құлашты құдығының етегіндегі «Ақсары» елдімекенінде дүниеге келген. Әкесінің інісі Әбдірейім атақты «Қарнақ» медресесінен білім алған ғұлама молда болған. Сол кісінің Мұқан ағаның құлағына азан шақырып қойған есімі Мүбәрак екен. «Мүбәрак» араб тілінде «Алладан бата алған» деген ұғымды білдіреді. Жүре келе аға-апалары оны Мұқан деп атап кетіпті.
Ол Кентау қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектепте оқыды. Біз бекер айтып отырған жоқпыз. Мұқан аға қазақтың ұлы тұлғаларынан бата алған азамат. Балалық шақтың бал дәмін сағынышпен еске алады қазір.
– Есімде, сабақ біткен соң, сыныпты жуып-тазалап кету – оқушылардың міндеті. Кезек бізге келді. Ұзын дәліздің ана басында үш кісі келе жатты. Біреуі – мектеп директоры Аппақша ағайымыз. Екіншісі-орыс, үшіншісінің жүзі таныс. Әлгі кісі «нешінші сыныпта оқисың? Жақсы оқы, талабыңа жет» деп батасын беріп, басымнан сипады. Сөйтсем, бұл ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов екен. Ұмытпасам, бұл 1961 жылдың сәуір айы болатын. Әуезовтің оңтүстікке соңғы рет келуі екен, – деп еске алады Мұқан аға.
Бұл ғана емес, бір концертте ұйып ән тыңдап отырған бала Мұқанға бірнеше сұрақ қойып, ұлы композитор Шәмші Қалдаяқов та бата берген екен.
«Кентаудан Мұрат жездем келді. Мені «Жетісу» мейрамханасына ертіп апарды. Кешкілік ондағы музыканттар «Бақыт құшағында» әнімен мейрамхана отырысын ашады екен. Бір кезде артымнан бір кісі «Әй бала, бұл кімнің әні?» деп сұрады. – Әннің аты – «Бақыт құшағында». Оны Шәмші Қалдаяқов ағамыз шығарған» деп жауап бердім.
– Қарағым-ау, сол Шәмші ағаң менмін. Балам, оқуыңа түсіп кет, – деп ақ батасын берді. Басымнан сипағаны есіме түссе, әлі күнге дейін елжіреп, жылағым келеді. Жарым көңіл қойшының баласына жылы сөз айтудың өзі де үлкен бақыт, – деп еске алады Мұқан аға.
Сол жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының механика факультетіне оқуға түсіп, оны 1973 жылы бітіріп шықты. Жұмыс барысымен кездескенде екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев атамыз да арнайы батасын беріп еді. Не бары 34 жасында Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болған Нұртас Оңдасынов 1974 жылы Мәскеуден Алматыға «Парсыша-қазақша» сөздігін шығаруға келді. Мұқан аға күтіп алып, кеткенше көлікпен алып жүреді. Мемлекет қайраткері адалдық пен тазалық, әділеттілік туралы көп әңгіме айтады. Батасын береді.
Ұлылардан бата алған бала сөйтіп ерте есейді. Табанына тиген туған жердің ыстығын әлі ұмытқан жоқ. Қызметтік өмір жолы ашық болды. 1973 жылы Министрлер кабинеті жанындағы Кәсіптік білім беру жөніндегі Мемлекеттік комитетке қызметке орналасты. 1974 жылы Орталық комсомол комитетінің шақыруымен ауыл жастары бөліміне ауысты. Бірақ істей алмады, ата-анаға қарауға адам керек. Ата -ананың ауыр науқасқа шалдығуына байланысты, 1976-1978 жылдары елге барып, совхозда инженер болып еңбек етті. Анасы өмірден өткен соң, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қызметке қайта келді.
Мұқан аға қазақтың көп біртуар перзенттерімен дәмдес-тұздас болды. Солардың ішінде, әсіресе Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың орны бөлек. 1991 жылы Дінмұхамед Қонаевқа диктор, тележурналист Т.Өтебаев, дәрігер К.Бекмұхамбетов үшеуі арнайы үйіне барып сәлем береді.
– Мен Димекеңді адами, қария қалпында көрдім. Жылы ғана жымиып отырып, адамды баурап алатын Димекең кез келген жанды өзімен тепе-тең көріп тілдесетін. Димекең сол кезде өзінің ата-тегі туралы көп әңгіме айтып беріп еді, жарықтық, – дейді Мұқан аға.
Ауыл шаруашылығы министрлігінде істеген соң, Мұқан аға егін-терімнің жайын толық білді. 1992 жылы республикада егін бітік шықты. Сол кездің өзінде елде 2 140 совхоз бен 400 қолхоз бар еді. 1990 -жылдар басында жекешелендіру желеуімен совхоздар мен қолхоздар асығыс таратылып жатты. Бұған сол кезде Премьер-министрдің орынбасары болған Б. Тұрсынбаев пен М.Әбдіраманұлы қарсы шықты. Ал таратудың ақыры не болғанын кейін өмірдің өзі көрсетіп берді.
Сол жылы көктемде Президент аппаратына ауыл шаруашылық жөніндегі кеңесші болып, Еркін Әуелбеков келді. Мұқаңа «келесі жылы Президент аппараты жанында Республикалық штаб, астық жинау орталығын ашамыз, соны сен басқарасын, дайын бол» дегенді айтады. Мұқан аға үш облысты басқарған, Социалистік Еңбек Ері Еркін Әуелбековпен де үш айдай істес болып, оның да батасын алады. Егін орағы аяқталмай жатып, Е.Н. Әуелбековті зейнеткерлікке шығарып жібереді. Егін орағы бітік шығып, 1992 жылғы 13 қарашада тұңғыш Президент Мұқан ағаны Құрмет грамотасымен марапаттады. Сол жылы республика диқандары 34,5 миллион тонна астық алды. Мұқан Әбдіраманұлы осы орайда «өмірлік тәжірибесі мол, ел құрметіне бөленген абыройлы азаматтармен бірге болып, ақыл кеңесін естіп, батасын алу өзі үшін үлкен мектеп болғанын» айтады.
– Ойда жоқта мені жақсы көңіл күйге түсірген Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Нұр мен көленке» кітабы болды. Егемен ел, тұңғыш қазақ дипломатиясы туралы, тәуелсіздіктің нық басқан беталысы мен бел асуы байыппен жазылған бұл кітап халықтың көңіліне үміт отын жағады. «Досым Қасым-Жомартқа асқан ілтипатпен және ізгі тілекпен», – деп кітабына қолтаңба берген АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Колин Пауэлдің осы бір шуақты пікірі жанымды марқайтты. Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолынан келер кемел іс, кемел еңбегіңізбен ұлтымызға қамқорлығыңызды көрсете беріңіз», – деп тілегін білдірді Мұқан аға.
Тату үйге тақсірет жоламайды
Жар таңдауда қателеспеген ләзім. Мұқан аға Нұрбике апамызбен бірге 55 жыл қатар өмір сүріп келеді. Мұндай бақытқа жеткен де, жетпеген де бар. Шүкіршілік етеді қазір. Апамыз Алматыдағы сол кездегі Қыздар педагогикалық институтын бітірген.
– Үйлену оңай, ал үй болу есті жігітке бір-ақ рет берілетін бақыт. Білген кісіге әйелің басқа киген тәж. Жарына құрметпен қараған кісі екі дүниеде тәтті ғұмыр кешеді. Біз елу бес жыл бірге өмір сүріп келеміз. Қазақ «бағы бар жігіттің жары өзіне тең келер» деп тегін айтпаған.
Ол – алтын асықтай төрт баламның анасы, үш немеремнің әжесі әрі жанашыр досым. Мына дүниеде мені бағалайтын жалғыз адам болса, ол – Нұрбике.Қиындықты, қызықты, жоқшылықты, тоқшылықты да көрдік.
Бала кезден ұлттық құндылықтың уызына жарып өстік. Жалпы адамға бала жастан ең керегі ұят деген ұлы қасиет. Қазір «ішіме сыйған қыз сыртыма да сыяды» дейтін аналар, «өзім үшін бір бала туып алайын» дейтін кәрі қыздар көбейді. Ең үлкен қасірет осы емес пе? Бүгін ата анасы ажырасса, ертең ұл-қызы да ажырасады. Отбасыда әке-шешенің тәрбиесін қатар алмаған ұрпақтың ертенгі болашағы не болады? Осы мәселе мені қатты алаңдатады. Сондықтан жастарға айтарым, қиындыққа сынып кетпеңдер. Отбасының бақыты – ерлі-зайыптының өз қолында, – дейді М.Әбдіраманұлы.
Мұқан ағаның ойынша, «халық жаңаша өмір сүруге дайын. Көреген Ахаңдар осылай болатынын біліп, 90 жыл бұрын «біз тірі болуымыз керек, тірі болуымыз үшін ірі болуымыз керек» деп дабыл қақпап па еді. Олай болса мәселе халықта емес, мәселе басқару жүйесінде. Қазақта «тек» деген түсінік бар. Тегі жаман немесе өзі жаман жан отанына адал қызмет ете алмайды. Оған ашкөздік пен тойымсыздық қана тән. Қазақ ондайды «топырағы жаман жерден жаратылған» деп атайды. Адалдықтың үлгісі ретінде Ж. Шаяхметов, Ж.Тәшенов, Н.Оңдасынов, Д.Қонаевты атауға болады. Сондықтан ар-ұят, тектілік жайында жас ұрпақты дайындайтын патриоттық бағыттағы мектеп ашқан дұрыс». Мұқан ағаның бұл пікірін біз де қуана құптадық.
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,
«Ана тілі»