Бұл – кеменің соңғы соққан SOS дабылы! Бұдан кейін кеш болады! - Қазыбек Иса
2026 ж. 08 сәуір
56
0
ҚР Бас Прокуроры Б. Асыловқа
ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті төрағасы Е.Сағымбаевқа
Осыдан 3 жыл бұрын да біз осы парламентте діни теріс ағымдарды заңмен тыйым салу туралы көтергенбіз. Содан бері не болды, нәтиже қайда? Қайта теріс ағымдар бұрынғыдан бетер күшейіп бара жатқанын көріп, біліп отырмыз бәріміз. Сонда біз бұл мәселені не үшін парламентте көтеріп жүрміз егер бұған билік, үкімет, тікелей жауапты Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратура, құқық қорғау органдары нәтиже шығармаса.
Тағы да қайталаймыз, осыдан 10 жыл бұрын, 2016 жылы бұл мәселені билік те қолға алып, діни радикализмге заңмен тыйым салмақ болғанда, барлық министрлік пен Бас прокуратура, Жоғары сот та қолдағанда, тек Ұлттық Қауіпсіздік комитеті қарсы шығып, осы тыйым салу заңға енбей қалды. Біз мұны сол кезде ”Қазақ үні” газетінде қатты сынап: “Ұлттық қауіпсіздік комитеті - ұлтқа қауіпті комитет пе?”-деп, мақала жаздық.
Ал бұл жолы кім кедергі жасап отыр?
Өткенде елді шулатқан екі келеңсіз жайтты жақсы білесіздер. Оның біреуі қазақтың қасиетті мейрамы Әз Наурызға қарсы қара ниетті біреудің қатты шабуылы! Екіншісі, өзіне ұнамаған әйелін ат ауыстырғандай көңілі қалаған адамға сыйлай салған атышулы имам.
Өткендегі елді шулатқан келеңсіз жайттарды жақсы білесіздер. Оның біреуі қазақтың қасиетті мейрамы Әз Наурызға қарсы қара ниетті біреудің қатты шабуылы! Екіншісі, өзіне ұнамаған әйелін ат ауыстырғандай көңілі қалаған адамға сыйлай салған атышулы имам. Бұл «сақалы бар, мұрты жоқ» екеудің ісі жайлы әріптесім Ермұрат Бәпи жеткілікті айтты.
Ал, кеше ғана Ақтөбеде сотталушылардың әйелдері сотқа ниқаб киіп келді. «Оларды сол беттерін бүркеген күйі сот ғимаратына кіргізді. Ниқабпен отырып, сотталушының заңды өкілі болуға рұқсат етілді. Ескерту жасалмады» деп жазады Ulysmedia.kz. Қоғамдық орында бетті бүркемелеген киім киюге тыйым салған 2025 жылғы 30 маусымдағы заң қайда? Заң сақталуы тиіс сот ғимаратында қара жамылғандар қаптап жүрсе, басқа жерде басқа шықпағанда қайтеді? Сот қандай заңға сүйеніп сотқа кіргізген оларды? «Қандай жақсы заң болса да, оны орындайтын шенеунік нашар болса, нәтижесі дұрыс болмайды» деген сөз бекер айтылмаған екен...
Осы уақытқа дейін дерадикализацияға арналып бөлінген миллиардтаған қаржы өз мақсатына жұмсалды ма, нәтижесі мен есебі қайда? Қағазда қатып тұған шығар, бірақ өмірде ешқандай жетістік көріп отырған жоқпыз!
«Айқайлай-айқайлай қасқырдан да ұят болса да», тағы да қайталаймыз.
Кешегі қылышынан қан тамған кеңес империясы кезінің өзінде Оразасын ұстап, намазын оқып, Наурызын тойлап өскен өңірде, Әзіреті бар елдің әділеті сақталарын көріп өскен ұл болғандықтан, дін мен тіл тұтастығы діл беріктігінің кепілі екеніне көзіміз айқын жеткен. Сондықтан бұл тұтастық берік болмағандықтан, ділі мен тілі әлсіздерді ұлтқа қарсы қауымға айналдыру қатты қарқынмен жүріп жатыр.
Иә, күшті ұлттық идеология болмағандықтан, ішкі тұтастықтың іруі ұлттық ұстынымыздың шіруіне жалғасады. Ал ол Ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін басымыздан өткен қасіреттер айқын көрсетті.
Ауыр қасіретті бастан кешіріп отырып, сабақ алудың орнына санақ алып отыра беру қашанғы жалғасады
Біз қоғамдағы өте күрделі мәселеге айналған бұл кесепаттың күнде, әр үйде, әр отбасыда кездесуін күтіп, қол қусырып қарап отыра береміз бе? Қазірдің өзінде кеш қалғанымыз айқын. Бірақ кеш қалсақ та, еш қалмау үшін енді заңды қарекетке батыл кірісу керек!
Ұлттық ұғымға қарсы желіде желпініп отырғандардың тамырымызды жегіқұрттай жеп жатқанына ешкім де көлденең көрермен болып отыра алмайды, бәріміз де ертең тақсыретін тартуымыз мүмкін.
Сондықтан Атазаңымызға айқын жазылған мемлекеттің зайырлы болуы қайырлы боларын нақты іспен көрсетуіміз керек.
Қоғамдағы діни келеңсіздіктің көбісі мұртсыз сақалды топтардан шығып жатыр. Мен өткен жылдары да айтқан едім, сақалы бар, мұрты жоқ Абылай, Абай, Жамбыл, Махамбетті көрген бе едік деп. «Сақал ердің көркі» деген қазақ бірақ мұртсыз сақал қоймаған. Өзге елдерге еліктеп, мұртсыз сақал қоюға, қара жамылып, қара киіммен басы-көзін қымтанып жүруге неге құмармыз?!. Ұлдарымыз түгілі, қыздарымыз да қазақы әдемі киіммен, ашық дидарымен атқа шапқан ел емес пе едік?!.
Сан ғасыр ата-бабасы ұстаған асыл салт-дәстүрден безіп, ұлтқа қарсы шығатын, терісіне сыймай тепсініп тұратын “мұртсыз сақалдарды” көргенде, ұлтсыз шақарларды көргендей боласың?!.
Кейде осы, мұртты құрту ұлтты құртудың басы емес пе деген де ойға кетесің...
Наурызға, Ұлттық дәстүрімізге, ұлттық ұғымымызға қарсылық - ұлтқа, мемлекетке ашық қарсы шабуыл!
Ендеше біз неге қазаққа қарсы ашық шабуылға қол қусырып, қарап отыруымыз керек?!.
Әлеуметтік желілерде қазаққа қарсы теріс пиғылдылар әрбір:
-Ұлттық мүддеге қарсылық,
-Ұлттық тұтастыққа іріткі салу,
-Ұлттық ұстанымдарды жоққа шығару,
-Исламның дәстүрлі Ханафи мазхабына тас ату және
-Ұлттық мүддені қорғап жүрген қоғамдық, рухани ұлт қайраткерлеріне күйе жағу арқылы қоғамға ықпалы зор тәлімді тұлғалық институтты ыдырату әрекеттерін жасауда. Осындай елге тигізер есепсіз пандемиялық ылаңы шектеусіз екі аяқты вирустар алдында біздің ұлттық ақпараттық қауіпсіздігіміз дәрменсіздік танытуда. Сондықтан, Ел түбіне жетер қауіпті індетке шұғыл заңмен қатаң тосқауыл қоятын кез жетті! Жетті емес, өтіп барады...
Осындай кесірінен Ұлтынан, дәстүрлі дінінен безгендер, иман келтіріп, әруақ тербеген ата-бабасын ақымақ, әке-шешесін айкәпір көргендер өз тамырын өздері отап жатқандарын сезбейтіндер!
Тағы да қайталаймыз, өткен 30 жылдық теріс саясат қазақтың «нұр» деген жалынды сөзін жағымсыз сөзге айналдырып жіберсе, теріс ағымдағылар тіпті, ең қымбат, «ана» деген аяулы атпен қатар аталатын «шеше» деген қастерлі атауға қара күйе жағып, «ұстаз» деген ұлағатты ұғымның мәнін құртты.
Ұлтты ұйыстыратын, жұртты көркем мінезді имандылыққа шақыратын уағыздың орнына у ағызып, ұлтқа қарсы шығып отырғандарды қалай ұстаз деуге болады? Уағызды кім көрінген айту қашан тоқтайды? Оларға Қазақстан діни басқармасы қандай шешім, қандай бәтуа шығарып отыр?
Тіпті ең қасиетті болып саналатын асыл дініміз исламды ең қауіпті ағымға айналдыру үшін барын салып жатқандар қазір қайтадан күшейіп келеді. Терісін ауыстырып алған теріс ағымдағылар елді екіге бөліп, мылтықсыз майданда мыңдаған жастарымызды қазақтың қатарынан шығарып қана қоймай, ұлтты жою үшін қазаққа қарсы қауіпті күштерге айналдырып жатыр.
Батыстың өзінде, мысалы Испанияда халықтың дәстүрлі діни сенімін құрметтеп, Құранға, Мұхаммед пайғамбарға тиіскендерді заңды түрде соттап, түрмеге жауып жатыр. Ал біздің құдайдан қорықпайтындар желілерде желігіп, Аса Құдыретті Алланы, қасиетті Құранымыз бен пайғамбарларға қарсы шығып, ауыздарына келгенін айтуда? Адастыру арқылы дәстүрлі ислам дініне қарсы күрес жүргізуде. Діни сенім мен құндылықтарға күмән туғызып, ұлттық сананы тұмшалап, манипулияция жасауға тырысуда. Олар ұлттық идеология мен дәстүрлі дін арасында шиеленіс тудырып, діни алауыздық арқылы қазақты іштен ірітіп барады.
Қасиетті ислам қағидаттары мен шариғаттарын таптап, қолдан жалған пайғамбарлар жасап алған сұмдықтарына тиісті орындар неге көз жұмып қарап отыр?
Әкесі тәңірші, ұлы уахабист, келіні кришнайт, қызы иегованы иектеп жүрген отбасылардың ауыр жағдайы сол отбасылардың трагедиясы ғана емес, ертең мемлекеттің күрделі мәселесіне айналатыны анық! Ендеше, енді тағы кімге қарап, кімнің бәтуасын күтіп отырмыз?!.
Тарихта еліне барлық күмәнді діни ағымдарды кіргізген көп дінді, билеушілері мен күзетшілеріне дейін өзге тілде сөйлейтін көп тілді елдер картадан жойылып кетті! Біздің ел бұдан сабақ ала ма, жоқ па?
«Мемлекет діннен бөлек» деп, көз алдыңда іргеміздің шайқалып жатқанына қол қусырып қарап отыру - ел тағдырын қарсы күштерге беріп қойып, жеңілетінін алдын ала мойындау. Қауіптің қайдан келетінін жақсы білетін, Дін саласында бізден көшілгері көрші туыс ел өзбектер бұрын да теріс ағымдардың тайраңдауына қатаң тыйым салған еді. Кейін тағы да дін туралы заңын қатаңдатты. Осы діни діңгегі мықты Өзбекстан өнегесін неге пайдаланбаймыз? Олар діні мен тілі берік елдің ділі де берік екенін айқын көрсетіп отыр. Теріс діни ағымдардың бәріне заңмен қатаң тыйым салып, ынтымақты ырыс-құтқа, тыныштыққа жетіп, берекелі бейбіт күн кешіп отыр.
Әлемде Германия, Франция, Ұлыбритания және тб көптеген дамыған елдерде радикалды ұйымдарға заңмен тыйым салынған. Бұл құқықтық шектеулер – қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қалыпты халықаралық оң тәжірибесі.
Ұлттық мүддеміз бен дәстүрімізге, Ел ынтымағына, бірлігіне балта шауып, Мемлекетке тағы да қатер төндіріп жатқан Дінге, тілге, елге, жерге қарсы еркін тарап жатқан елбұзар теріс ағымдардың Ел түбіне жетер қауіпті вирусына заңмен қатаң тосқауыл қою қажет!
Қазақ халқы жер бетінде 2,1 млрд-тан астам мұсылман, 220 миллионнан астам түрік халықтары тұтынатын қасиетті Ислам дінін, яғни, бір ғана дінді, бір ғана тілді берік ұстанса ғана іргесі берік, шаңырағы биік, Ұлы даладан тамыр тартқан ұлы мемлекет, Мәңгілік ел бола алады.
Қысқасы, Радикалды діни ағымдарға заңмен тыйым салу – Ұлттық қауіпсіздік мәселесі.
Ал Мемлекет ең алдымен Ұлттық қауіпсіздікті қорғауға міндетті.
Біріншіден, радикалды ұйымдар қоғам тұрақтылығына қауіп төндіреді. Олар елге іріткі салады.
Ал мемлекет өз азаматтарының қауіпсіздігін қорғауға міндетті.
Ол үшін қоғамдық тұрақтылықты сақтау керек.
Бұл – мемлекеттің негізгі функцияларының бірі.
Екіншіден, егер мемлекет мұндай қауіптерге қарсы әрекет етпесе, бұл әлеуметтік қақтығыстарға; экстремистік әрекеттерге; қоғамдық тұрақсыздыққа алып келеді.
Қауіп төніп тұрғанда заң арқылы шара қолдану – ең қажетті дұрыс шешім.
Үшіншіден, заңмен тыйым салу – бұл бостандықты шектеу емес, қауіптің алдын алу.
Бұл - дінге қарсы емес, керісінше, дәстүрлі дінді қорғау үшін теріс мақсатты ағымдар мен ұйымдарға қарсы бағытталатын заң болуы тиіс!
Сондықтан радикализмге қарсы саясат – кез келген құқықтық мемлекеттің Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы!
“Мен қауіп еткеннен айтамын” деп зар заман ақындары зарлап өткендей, біз бұның бәрін босқа айтып отырған жоқпыз.
«Бұл – мұхитта адасқан кеменің соңғы соққан SOS дабылы болып жүрмесін! Өйткені, бұл өте өзекті мәселе бұған дейін де талай рет өткір көтерілген!»-деп дабыл қаққан еді Ұлт зиялылары 2023 жылы.
Содан бері де 3 жыл өтті!?. Ал аса қауіпті вирустар жыл сайын, күн сайын емес, сағат сайын, сәт сайын алапат ылаң таратуда.
Бұл біздің соңғы мүмкіндігіміз...
Бұдан кейін кеш болады!
Құрметпен, «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясы депутаттары:
Қазыбек Иса,
Азат Перуашев,
Дания Еспаева,
Ерлан Барлыбаев,
Серік Ерубаев,
Олжас Нұралдынов.
«Amanat» фракциясы мүшелері:
Болат Керімбек,
Ринат Зайыт.
Бір мандатты депутат - Ермұрат Бәпи.