РӨЛДЕ ТЕЛЕФОН ҰСТАУДЫ КАМЕРА АЙҚЫН АНЫҚТАЙ АЛМАЙДЫ

РӨЛДЕ ТЕЛЕФОН ҰСТАУДЫ КАМЕРА АЙҚЫН АНЫҚТАЙ АЛМАЙДЫ

АЙЫПТАН ЕМЕС, ҒАЙЫПТАН АЙЫППҰЛ ТӨЛЕУ АЗ БОЛМАЙТЫН ТҮРІ БАР?!.

"Ақ жол" партиясы барлық жүргізушілерге Ақ жол тілейді.

✅ «Ақ жол» партиясы көлікте телефон ұстауды автоматты фото-видео тіркеуден алып тастауды ұсынады. Бұндай құқық бұзушылықты жансыз камера емес, тек тікелей полиция қызметкері анықтауы тиіс.

✅ Өйткені, бұл ең басты 6 заңдық қағиданы бұзады:

1.Құқық бұзушылықты дәл анықтауы мүмкін емес;

2.Басты заңдық қағида - Кінәсіздік презумпциясы бұзылады;

3.Қорғану құқығының шектелуі;

4.Техникалық қателіктер тәуекелі;

5.Дәлел жеткіліксіз жағдайда айыппұл салуға болмайды.

6.Заңнамадағы пропорционалдық принципі бұзылады.

Қазір әрбір заң бұзушылыққа айыппұл төлейтін заман екені белгілі. Заң бұзсаң, айыппұл төлеген заңды, ал айыптан емес, ғайыптан айыппұл төлеу де аз болмайтын түрі бар...

Осыған байланысты ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Е.Сәденовке депутаттық сауал жолдады. Ол 2026 жылғы 12 наурыздан бастап күшіне енген Қазақстан Республикасында полиция қызметкерлерінің қатысуынсыз автоматты түрде тіркелуге жататын жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарға жатқызылған жүргізушілердің рөлде телефон пайдалануын анықтау мүмкін еместігі, бұл заң қағидаларына қайшылық тудыратыны туралы күрделі мәселені көтерді.

Қазақстан Республикасы

Ішкі істер министрі

Е. С. Сәденовке

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Ержан Сапарбекұлы!

2026 жылғы 12 наурыздан бастап, Қазақстан Республикасында полиция қызметкерлерінің қатысуынсыз автоматты түрде тіркелуге жататын жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтардың тізбесін кеңейтетін Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске түзетулер күшіне енді.

Бұған дейін, автоматты жүйелерде құқық бұзушылықтың 6 түрі тіркелген болатын, атап айтқанда: жылдамдықты арттыру, бағдаршамнан қызылға өтіп кету, жол белгілері мен сызбаларының талаптарын бұзу, дұрыс тоқтамау, тоқтап тұру және басып озу ережелерін бұзу, сондай-ақ жаяу жүргіншілерге жол бермеу.

Қазіргі уақытта аталған тізім, рөлде ұялы телефонды пайдалану және қауіпсіздік белдігін бекітпеу секілді ереже бұзушылықтармен толықтырылды.

Бұндай жайсыз жаңалық әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырып отыр. Ресми мәлімет бойынша елімізде шамамен 6 млн көлік тіркелген екен, демек, осы шамалас жүргізуші бар деген сөз.

Айта кету керек, егер бекітілмеген қауіпсіздік белбеуінің фактісін фото және бейне түсіру құралдарымен анықтау айқын болса, ал ұялы телефонды пайдалануды анық айқындау мүмкін емес, екіұштылық пен күмән тудырады.

Конституциясының 77-бабы бойынша заңнаманың негізгі қағидасы: Кінәсіздік презумпциясы – кінә дәлелденбейінше, адам кінәлі емес деген басты қағида бұзылып отыр. Өйткені, ешкім өзінің кінәлі еместігін дәлелдеуге міндетті емес.

1.Біріншіден, Фото-бейне камера арқылы телефонды пайдалануды анық айқындау мүмкін емес, күмән тудырады. Автоматты камералар телефонды нақты қолданды ма, әлде жай қолында ұстады ма, немесе ол телефонға ұқсас басқа зат па, осыны дәл анықтай алмайды.

Мысалы, жүргізуші телефонмен сөйлеспей, тек орнын ауыстыру үшін қолына алуы немесе кронштейнге орнатып, навигатор ретінде пайдалануы мүмкін.

Автоматты тіркеу кезінде кейде дәлел толық болмайды, жағдай контексті анықталмайды және жүргізушінің түсініктеме беру құқығы шектеледі.

2.Екіншіден, Азаматтар, әсіресе таксишілер көп қолданатын смартфон ұстағыш кронштейндерді пайдалану ерекше алаңдаушылық туғызуда.

Өйткені, мұндай құрылғыларға орнатылатын смартфондар жүргізуші үшін навигатор рөлін атқарады. Яғни, навигациялық қызметтерді қауіпсіз пайдалануға, жол бағытынан адаспауға жағдай жасайды, жылдамдық шектеулері мен жолдың қауіпті учаскелері туралы ескертеді.

Нақты айтқанда, телефондағы навигациялық жүйелер жол қауіпсіздігін жақсарту құралы. Оларды шектеп, негізсіз жауапкершілікке тарту, жүргізушілерді алаңдатып, телефон емес, мина ұстайтындай қауіптеніп отыру салдарынан жол апатының артуын тудыруы мүмкін...

Яғни, бұл жерде Жол қауіпсіздігін қадағалайтын жол полициясы Жол қауіпсіздіздігін жақсарту құралы навигаторға қарсы болып отыр... Бұл Президент Тоқаевтың бастамасымен «Цифрлық ел боламыз» деп отырғанда, цифрландырудың игілігін көруге қарсы тосқауыл деп білеміз.

ЗАҢДЫ ДӘЛЕЛДЕР:

1.Егер құқық бұзушылықтың объективтік жағы толық дәлелденбесе, әкімшілік жауапкершілік қолданылмауы тиіс.

Әкімшілік құқықта құқық бұзушылықтың барлық элементтері дәлелденуі керек. Егер "пайдалану" емес, тек "ұстау" тіркелсе — бұл толық дәлел емес. Сондықтан, бұл әкімшілік құқықтың негізгі қағидаларына қайшы болады.

2.Автоматты жүйелердің техникалық қателік тәуекелі де бар.

Заңдық ұстаным бойынша кез келген күмән айыпталушының пайдасына шешілуі тиіс. Егер: фото-видео анық болмай, әрекет нақты көрінбеген кезде онда айыппұл салу заң принциптеріне қайшы болады.

Барлық жағдайды автоматты түрде бірдей айыппұлға жатқызу – пропорционалдық принципіне де қайшы.

3.Қорғану құқығының шектелуі

Автоматты тіркеуде полициямен тікелей байланыс жоқ, жағдайды түсіндіру мүмкіндігі жоқ және дәлелдерді бірден ұсыну қиын.

Бұл Әкімшілік іс жүргізудегі қорғану құқығын толық жүзеге асыруға кедергі. Рөлде телефон ұстауды автоматты түрде әкімшілік құқық бұзушылыққа тіркеу заңға қайшы.

Бұл ең басты 6 заңдық қағиданы бұзады:

1.Құқық бұзушылықты дәл анықтауы мүмкін емес;

2.Басты заңдық қағида - Кінәсіздік презумпциясы бұзылады;

3.Қорғану құқығының шектелуі;

4.Техникалық қателіктер тәуекелі;

5.Дәлел жеткіліксіз жағдайда айыппұл салуға болмайды.

6.Заңнамадағы пропорционалдық принципі бұзылады.

Яғни, құқық бұзушылық фактісі нақты анықталмайды, сондындықтан, әкімшілік жазаны автоматты түрде қолдану заңның басты қағидаттарына қайшы келеді. Бұл мәселе шешілмесе, азаматтар айыптан емес, ғайыптан кінәлі болып шығады. Қазірдің өзінде үкіметтің тұяқ қыймылдатпай-ақ, саусақ қимылдатып, салық пен айыппұл санап алып, отыра беретін жағдайы бар. Енді жалпы жүргізушілерді айтпағанда, адам тасып, жанын бағып жүрген таксишілердің тапқан нанына таласпай-ақ қойса да болады ғой?!.

Бұдан бөлек, телефонды пайдалану фактісі, заң бұзушылықтың тіркелу уақытын, телефон байланыстарының детализациясымен салыстыру арқылы объективті түрде анықтап, тексеруге болады.

Сондықтан, автоматты тіркеудің екіұшты әрі даулы деректері негізінде, азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тартуға жол берілмеуі тиіс деп санаймыз.

Қысқасы, «Ақ жол» партиясы көлікте телефон ұстауды автоматты фото-видео тіркеуден алып тастауды ұсынады. Бұндай құқық бұзушылықты жансыз камера емес, тек тікелей полиция қызметкері анықтауы тиіс.

«Ақ жол» демократиялық партиясы ұсынады:

1.Уәкілетті тұлғалардың қатысуынсыз фото және бейнетіркеу деректері негізінде рульде ұялы телефонды пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке автоматты түрде тарту алынып тасталсын.

2. Полиция қызметкерлерінің қатысуымен және азаматтардың қорғау құқығын қамтамасыз етумен, осындай фактілерді қосымша тексеру міндеттілігі бекітілсін.

3. Еркін түсіндіруді болдырмайтын құқық бұзушылықты тіркеудің нақты және біржақты критерийлері әзірленсін.

4. Арнайы ұстағыштарға орнатылған және жүргізушінің көлік құралын басқаруына кедергі келтірмейтін жағдайда, мобильді құрылғыларды навигатор ретінде пайдалануды нормативтік тұрғыдан бекіту мүмкіндігі қарастырылсын.

"Ақ жол" партиясы жүргізушілердің бәріне Ақ жол тілейді.

Құрметпен,

«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары:

Қазыбек Иса,

Азат Перуашев,

Дания Еспаева,

Ерлан Барлыбаев,

Серік Ерубаев,

Олжас Нұралдынов.