ШАХТАДА ШЫҢДАЛҒАН ЗИЯДА
2026 ж. 30 наурыз
44
0
Темірдің оқуын тауысып, Ақшатаудың жеті қат шахтасына түскен.
Сол шахта шынықтырды өзін. Басынан сөз асырмады. Бастықпын демеді.
Бастықпаған бозөкпелерді түйіп қалатыны болды. Иен далада жатқан Жамбыл кенішін басқарды.
Итқияндағы кенішке кім барушы еді. Қағылған-соғылғандар жиналған да. Онда да дес бермеді. Ормандай буған қазақ пен орыстың бәрін бейімдеп, кеніштің қыр-сырына баулыған.
***
Қазақтың ер-азаматы басқа жарыған күні жарыған. Оған дейінгінің барлығын ит тірлікке есептеген.
Адам болмысынан сапаршы, мүсәпір. Гәп сол сапарды қалай жүріп өтуде.
Артында дұға бағыштайтын адамы қалса өлінің жарығаны.
Артында алақан жайып отыратын ұрпақ ертсе мүсәпірдің жарығаны.
Содан да Алланың есі түзу әбдуі есті ұрпақ сүюге ұмтылған.
Ол заманда баланың тұңы өзінің әке-шешесінің қолына тие бермеген. Солардың інісі іспетті қатарда жүрген. Зияда сондай бала болды.
Айыр шөптейін екі баласының үлкені Мұқатай кішкентайлы болғанда Мұздыбек ақсақал шапанының етегіне сүрінген.
– Мұқатайымның артынан ерді... – деп.
– Абыройымызды арттырды... – деп.
– Иманымызды еселеді... – деп.
Сол тұң немересін тымағына салып алып, отпен аластап, күлмен күлестеп құлағына үш рет:
– Зияда... – деп айқайлап, ат тергеген.
Зияданың араб сөзі екені белгілі. Соған қарамастан оның мағынасын кейінде ғана білдім. Әжемнің пірәдарлығы бар адам еді, сол кісі батасын үнемі:
– Зұлқын болсын зияда, – деп аяқтайтын.
Зияда сөзінің мағынасын білмесек те, оның жаман сөз еместігін ішіміз сезетін. Қазақша айтқанда, ішіміз біліп тұратын. Сөйтсек иман байлығымызды арттыр деп тұр екен ғой.
Балпанақтай болып өсіп келе жатқан ұл кескен теректей сұлап түскенде елдің бәрі түсінген. Тілдің тигенін. Сұқтың өткенін. Әнияш анасы басына ақ салып, қара жамылып, шашын қара ормандай жайғанымен өткенді орнына келтіре алмады.
Шүкір, Зияда тұңы бәрін өзімен алып кеткен жоқ екен. Арты қордалы болып, бірінен соң бірі үш ұл ара үзбей дүниеге қатар келген.
Бұған Мұқатайдың жаны семірген.
Мұның өзі ескі жараның аузын тырнай түскен. Зияда бір бөлек те, бұлар бір бөлек болып тұр. Оларды айыратын көздері еді. Алдыңғысы көзін тіктегенде өзінің де тайып кететіні бар-ды. Зілі бар еді кішкенесінің.
Сол зіл інісі Қарашада болатын. Ол бауырын соғыс жалмады. Сүйегі майдан даласында қалды. Зияда есіне түскенде Қарашаны, Қараша есіне түскен күні есіне Зиядасын алатын. Біреуі түске енсе екеуіне арнап дұға бағыштайтын.
Бәріне уақыт төреші дейді. Сол сөз рас болар. Бәрі ұмытыла бастаған. Үш ұлдың артынан үш қыз ерген. Қырымды болып, ұрымды болып отырғанда қосағы құлақ жегім келеді деп бірнәрсені көңірсіткен. Іші қылп еткен. Бұл білетін Әнияшы болса жайдан-жай ондай әңгімені бықсытпайды.
– Ненің құлағы? – деген сасып қалып.
– Мұқыштың қызы қойдың құлағына жерік деп пе едің?
– Енді?..
– Ақбикештің зәрінен емеспіз бе?!.
– Ол кісі неменеге жерік болып еді?
– Неге, неге?.. Таза абдырап кеттің ғой. Негесі сол ол кісі қасқырдың өтіне жерік болған...
– Сен ше?
– Құлағына...
Сол кезде құлағының шеміршегі шым ете түскен. Бұл не болып қалды дегенде құлағының қозғалып тұрғанын байқаған.
«Бұл бір есті әңгіме болды-ау» деген іштей. Ел ішінде Ақбикеш мамасы Керней бабасын дүниеге келтіргенде қасқырдың өтіне жерік болған деген әңгіме бар. Кейін сол бабасы мүтіл қазақ баласына Есімханның орда қолын басқарған Көкбөрі Керней деген есіммен мәлім болды. Енді, міне...
Әр жағын ойламауға тырысқан... Бөріге жерік әйелдердің екі дүние арасында жататынын да біледі. Енді соны уайымдай қалсын. Әйеліме жаббар бола көр деп Жаратушысына жалбарынған.
Жаратушысы берді тілегін. Дүниеге балпанақтай ұл келген. Бастысы қосағы аман. Сонан шаранасын қолға алып бұтынан бір, кіндігінен бір, маңдайынан бір иіскеген.
– Көрген түсімнің баянын бергей, – деп.
Сонда жүрегі дір еткен. Өті жарылардай қуанған. Шарана еске Қараша бауырын салып тұр еді.
Ал Қарашаға Зияда тартқан болатын...
Сөйтіп бәрі өзінен өзі шешіле қалған. Басындағы тымағын тізелігіне атып ұрып, баланың құндауын жазып:
– Сенің есімің Зияда! – деп үш рет айқайлаған.
– Көтек, мұнысы несі тағы?! – дегеннен әріге бармаған қосағы.
– Аян берді, – деген сөзін шығын қылғысы келмей.
Қайтып бірнәрсе сұрауға елдің батылы жете қоймаған. Шадыр шалдың тотяйын тілінен қаймыққан. Сөз естіп қаламыз ба деп. Дегенмен, кімнің аузына қақпақ боларсың? Ел ішінде әңгіме желдей ескен.
– Басқа есім құрып қалғандай, – деп.
– Зияда деп қоятындай Зиядасы жүз жасаса игі еді, – деп.
– Өлген баланың атын қоятын болдық қой тірі балаға, – деп.
Бәрін үйде отырып-ақ естіп отырды. Бірақ шам шақырған жоқ.
Сол баласы есті болып өсті.
Сол баласы сесті болып өсті.
Есті болатыны екі айтқызбай құлағына құйып алады.
Сесті болатыны құлағына құйып алғанын ұмытпайды.
Өздігінен ешкімге ұрынбады. Ал өзі кеп ұрынғандардың сазайын тартқызбай жібермейтін. Құрығанда құлағын қыршып алар еді.
Оқуда қамшы салдырмады. Еміс-еміс тәртібі ақсап жатыр деген әңгімені естіп қалып жүрді. Сол әңгімені құлағынан асыруға тырысатын. Ауылдың оқуын тауысып, қаланың оқуына ауысқан.
Онда да осы әңгіме оқтын-оқтын естіліп қалатын.
Иә, темірдің оқуын тауысып, Ақшатаудың жетіқат шахтасына түскен.
Сол шахта шынықтырды өзін. Басынан сөз асырмады. Бастықпын демеді. Бастықпаған бозөкпелерді түйіп қалатыны болды.
Иен далада жатқан Жамбыл кенішін басқарды. Итқияндағы кенішке кім барушы еді? Қағылған-соғылғандар жиналған да. Онда да дес бермеді. Ормандай буған қазақ пен орыстың бәрін бейімдеп, кеніштің қыр-сырына баулыған.
Іскерілімен. Тиянақтылығымен. Ұйымдастырушылық қабілетінің күштілігімен.
Қыбырлаған өзектінің бәрін шахта жұмысына салған.
Нарық келіп, кейін бәрі қозының басындай ылжырасын. Қазақ баласы өнеркәсіпке жолай алмай, жерасты байлығы шетелдіктердің қолына өтіп жатты. Қасқырдың өтінен жаралғандығы осы жолы көрінген. Елдің бәрі шведке малай болып жүргенде, бес-алты қазақ баласы бастарын түйістіріп өздері кәсіп ашқан. Сол кәсіптері ақыры өздеріне нәсіп болды. Өздері ғана жырғалып қалмай, қазақ баласына ауылдан ұзап нан тауып жеуіне себеп болған.
Осыдан жүз жыл бұрын қазақ даласын орыс алпауыттары шарлаған. Кен іздеп...
Бүгінде өздері шарқ ұрып жүр. Кен іздеп...
Таусылмайтын нәрсе жоқ. Қаныш ғұлама Жезқазғанның байлығы жүз жылға жетеді деген. Кәрістер келіп, соны айналдырған жиырма жылда тауысты.
Өздері болса келер ұрпаққа да бірнәрсе қалсын деп жарғақ құлақтары жастыққа тимеуде.
Бүгін Керекуде жүрсе, ертеңінде Таразда шапқылап жүреді. Ауызашарын Алматыда ішсе, түскілігін Астанада ішіп отырады. Ал кешкілік Қарағандысына оралады...
Ол ешуақытта есімінің қандай себеппен қойылғанын жадынан шығарған емес. Және соған қарай әрекет етуге тырысады.
Өйткені ол аруақтың есімін алып жүр.
Өйткені ол Зияда көкесінің есімін алып жүр.
Аруақтың алқайтыны рас.
Ол қазір ел таныған азамат. Мыңның сөзін сөйлейтін тілмар. Жүзге жұмыс тауып беретін маңғаз.
Қазір де бір тірліктің соңында жүр. Атақты Бодық бабасының басын жаңаламақ. Осыдан біраз уақыт батыр бабасының ерлігін баян қылған кітап та шығарды. Енді соның жалғасындай мазар көтермек.
Бірмойынның өзі бұрылып қарайтындай...
Төрехан МАЙБАС,
Қазақ үні