Мемлекетттік тілді нығайту – мектеп қабырғасынан басталады
2026 ж. 30 наурыз
49
0
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ерекшелігі ол – ұлт руханиятының өзегі, халықтың тарихи жадын, мәдени болмысын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді. Мектеп қабырғасында бұл пәнді оқыту тек білім берумен шектелмей, оқушының тұлғалық қалыптасуына, дүниетанымының кеңеюіне зор ықпал етеді.
Ең алдымен, қазақ тілін оқыту – ана тілімізді құрметтеуге тәрбиелеудің негізі. Тіл – ұлттың жаны. Өз тілін терең меңгерген оқушы өз ойын анық жеткізе алады, сауатты жазып, дұрыс сөйлейді. Бұл оның тек оқуында ғана емес, болашақ өмірінде де маңызды рөл атқарады. Тіл арқылы адам қоршаған ортаны таниды, қоғаммен байланыс орнатады.
Ал әдебиет – адамның рухани әлемін байытатын ерекше сала. Көркем шығармаларды оқу барысында оқушылар жақсылық пен жамандықты ажыратуды, адамгершілік құндылықтарды бағалауды үйренеді. Әдеби кейіпкерлердің тағдыры арқылы өмірдің түрлі қырларын түсініп, өз көзқарасын қалыптастырады. Бұл олардың сыни ойлау қабілетін дамытып, ішкі жан дүниесін байытады.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің тағы бір маңызды ерекшелігі – оның ұлттық құндылықтарға негізделуі. Сабақ барысында оқушылар халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тарихы мен мәдениеті туралы терең мағлұмат алады. Бұл олардың ұлттық сана-сезімін қалыптастырып, елін, жерін құрметтеуге баулиды.
Сонымен қатар, қазіргі білім беру жүйесінде бұл пәнді оқытуда түрлі заманауи әдістер кеңінен қолданылуда. Интерактивті сабақтар, шығармашылық тапсырмалар, пікірталастар мен жобалық жұмыстар оқушылардың қызығушылығын арттырып, белсенділігін күшейтеді. Нәтижесінде оқушы тек тыңдаушы емес, білім алудың белсенді қатысушысына айналады.
Яғни, қазақ тілі мен әдебиеті пәні – жас ұрпақты жан-жақты дамыған, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін, сауатты әрі ойлы азамат етіп тәрбиелеудің маңызды құралы. Бұл пән арқылы оқушы тек білім алып қана қоймай, өмірге қажетті рухани азық жинайды.
Бүгінде оқушылар 5-ші сынгыптан бастап, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен аралық бақылау тапсырады. Аталмыш емтиханды өткізу – оқушылардың білім деңгейін анықтаудың ғана емес, олардың тілдік құзыреттілігін қалыптастырудың маңызды кезеңі. Бұл үдеріс білім беру жүйесінде ерекше орын алады. Себебі емтихан арқылы оқушының алған білімі мен дағдылары нақты бағаланады.
Ең алдымен, емтихан оқушылардың қазақ тілін қаншалықты меңгергенін тексеруге мүмкіндік береді. Жазу, оқу, тыңдау және сөйлеу дағдылары кешенді түрде бағаланып, оқушының тілдік деңгейі айқындалады. Бұл мұғалімдерге оқыту сапасын саралап, алдағы жұмыс бағытын дұрыс жоспарлауға көмектеседі.
Сонымен қатар, емтихан оқушыларды жауапкершілікке тәрбиелейді. Белгілі бір нәтижеге жету үшін олар жүйелі түрде дайындалып, өз білімін жетілдіруге ұмтылады. Бұл өз кезегінде еңбекқорлық, табандылық сияқты қасиеттердің қалыптасуына ықпал етеді.
Бұдан бөлек, емтихан нәтижелері білім беру сапасын арттыруға ықпал етеді. Нәтижелерді талдау арқылы білім беру бағдарламалары жетілдіріліп, оқыту әдістері жаңартылады. Бұл жалпы білім жүйесінің дамуына оң әсерін тигізеді.
Қазақ тілі бойынша емтихан өткізу – оқушы білімін бағалаудың тиімді құралы ғана емес, сонымен бірге олардың тілдік, тұлғалық және әлеуметтік дамуына ықпал ететін маңызды үдеріс. Сондықтан бұл емтиханның маңызы зор және оны сапалы ұйымдастыру – білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі.
Сонымен қатар, қазақ тілі – ҰБТ-дағы міндетті пәннің бірі. 2026 жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеуге «Қазақ тілі» пәнінің міндетті түрде қосылуы білім беру жүйесіндегі маңызды қадам болып табылады. Бұл шара мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және талапкерлердің тілдік сауаттылығын арттыру мақсатында жүзеге асырылып отыр.
Қазақ тілін ҰБТ-ға қосудағы ең негізгі мақсат – мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту. Қазақ тілі – ел бірлігі мен мәдениетінің айнасы, сондықтан оны ҰБТ-да негізгі пән ретінде бекіту мемлекеттік саясаттың бір бөлігі болып саналады.
Тілдік сауаттылықты арттыру тұрғысынан келетін болсақ, түлектердің мемлекеттік тілді еркін меңгеруін, орфографиялық және орфоэпиялық нормаларды білуін тексеру арқылы олардың білім сапасын арттыруға ықпал ету.
Білім сапасын бағалау барысында бұрын қазақ тілі нәтижелері жоғары оқу орнына түсуге әсер етпеген болса, ендігі өзгеріс талапкерлердің тілдік дайындығына жоғары жауапкершілік жүктейді. Сондай-ақ, қазақ тіліне қойылған жоғары талап ұлттық бірегейлікті қалыптастыруға септігін тигізеді. Жастардың қазақ тілінде сауатты сөйлеуі мен жазуы олардың ұлттық болмысын нығайтуға жол ашады.
Қорытындылай келе, қазақ тілінің ұлттық бірыңғай тестілеудегі рөлінің артуы – білім берудегі ұлттық құндылықтарды алдыңғы орынға шығару және жастарды сауатты мемлекеттік тілді қолданушылар ретінде қалыптастыруға бағытталған маңызды шара болып табылады. Сондықтан да мектепте оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті пәнін ынта ықыласпен оқуы – мемлекеттік тілді нығайтуға бастаған қадам деп білеміз. Әрбір білім алушы мектептегі пәндердің ең басында анамыздың тілі – қазақ тілі тұратындығын жан жүрегімен ұғынып, оны оқып білуге, терең меңгеруге ерекше ықылас танытуы керек деп білемін.
Шолпан ҚОРҒАНБАЕВА,
Б.Тамабаев атындағы орта мектеп КММ-нің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы