ЭЙДЖИЗМ

ЭЙДЖИЗМ

БАҚТЫҚОЖА АҒАМЫЗ БАЙДЕННЕН 6 жас, ТРАМПТАН 2 жас КІШІ

Иә, белгілі журналист Асылхан Мамашұлы бауырым дұрыс айтады, журналистің адамның жасын алға тартқан сұрағы орынсыз, кәсіби әдепке жатпайды. Кез келген қызметте адамның жасына тиісу дискриминация екенін басқадан бұрын журналистер білуі керек қой.

“Әйел десем, әжеме тиеді” дегендей, журналист десе өзімізге де тиеді, не болса, соны сұрап, төске тимейтін сұрақтар қоятын болды қазір кейбір тілшілер…

1.Адамның жасын алға тарту - жеке басқа тиісу, әдептен аттау, кәсіби этиканы бұзу;

2. Біріншіден, депутаттық жасқа қарайтын тағайындалатын қызмет емес, жасқа шектеу қойылмайтын сайланбалы қызмет.

Екіншіден, депутаттық жасқа қарайтындай жүк көтеріп, құдық қазатындай физикалық күшті талап ететін қара жұмыс емес, ақыл-ой мен біліктілік талап ететін қызмет. Ол жағынан тәжірибесі зор, Еңбек Ері Бақтықожа Ізмұхамбет ағаға ешкім кінә арта алмайды. Ол кісінің елге сіңірген еңбегін ел айтуда. Ал парламенттегі Жер қойнауы туралы кодекс үшін тартыста жер қойнауын қорғауға байланысты олигополистерге қарсы білгірлігі мен мықтылығын, зор тәжірибесін осы желіде әріптестері жазып жатыр.

3.АҚШ, Ұлыбритания, Жапония секілді дамыған елдердің парламентінде 80-нен асқандар, тіпті 90-нан асқандар да аз емес.

4.Жапония секілді қандай қызметте болса да, жасы үлкендерді құрметтейтін елдерде болса, жұрт депутаттың жауабын емес, журналистің орынсыз сұрағын кінәлап, талқылайтын еді…

Бұны, адамды жасына қарай кемсіту дикриминациясын әлемде ЭЙДЖИЗМ дейді.

Бұл - дамыған елдерде орынсыз сұрақ қойған ол журналистің өзіне “сен әйелсің!”-дегенмен бірдей сорақы сұрақ!

Негізі, кісінің жасын сұрағыштарға айтарым, Бақтықожа ағамыз байсалды Байденнен бақандай 6 жас, әлемді қалтыратып тұрған тарпаң Трамптан 2 жас кіші інілері…

Жүре берсең, көре бересің деген осы…

Қазыбек ИСА,

Қазақ үні