Шәріпхан Шаймұрат: Қандастардан қазақ тілін талап етпеу керек

Шәріпхан Шаймұрат: Қандастардан қазақ тілін талап етпеу керек

Соңғы жылдары тарихи Отанына оралған қандастарды қолдау мәселесі қоғамда жиі көтеріліп келеді. Осы бағытта құрылған “Тұран” қандастарды қолдау қоры да нақты істерімен көзге түсіп отыр. Біз қордың жұмысы, көші-қон саласындағы өзекті мәселелер туралы қор басшысы Шәріпхан Шаймұратпен сұхбаттасқан едік.

– “Тұран” қандастарды қолдау қорының құрылу мақсаты қандай? Қандай жұмыстар атқарылды?

– “Тұран” қоры – шетелден келген қандастарға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында құрылған қоғамдық бастама. Қордың басты міндеті – олардың елге бейімделуіне көмектесу, құқықтық және әлеуметтік мәселелерін шешуге жәрдемдесу.

"Тұран" қандастарды қолдау қоры Қазақстан Республикасының көші-қон заңында жаңадан бекітілген заңдарды толыққанды таныстыру, консультация беру, оны білмейтін қандастарды қолынан жетектеп, құқығын қорғау тұрғысында қызмет жасайды.

Мұндай жұмыстардың нәтижесінде көптеген отбасы жаңа ортаға сәтті бейімделіп, тұрақты өмірге қадам басты.

Сонымен қатар, көшіп келген қандастарды қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетімен бірлесе отырып, квота бөлінген өңірлерге оларды орналастырып, әлеуметтік тұрғыдан толыққанды қамту үшін қажетті шаралар атқарамыз.

Жалпы ерекше атап өтетін жайт, бұл қор 2023 жолы ашылған болатын. Осы қор жұмысына қатысты ақыл кеңесін беріп, қолдау жасаған Қазыбек Иса ағамыз еді. Өткен жылы Аршалы ауданына көшіп келген сегіз отбасына алғаш қарсы алғанда да Қазыбек ағамыз басы қасында жүрген еді.

Осы орайда Ақмола облысы Ақкөл ауданы Кеңес ауылдық округінің әкімі Мадияр Мұратұлының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Елге көшіп келген 30 отбасыны қабылдап, толығымен уақытша тегін баспанамен қамтып, жергілікті құс фабрикасына жұмысқа тұрғызды. Жуырда әкім Мадияр Мұратұлы екеуміз Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның қабылдауында болдық. Сонда депутат ағамыз "Егер әр әкім қандастарға осылай қамқорлық жасаса, осы уақытқа дейін барлық шеттегі қандастарды көшіріп алып келуге болар еді" деп ризашылығын білдіріп, кітабын сыйған тартқан еді.

– Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса қандастардан азаматтық алу кезінде мемлекеттік тілден тест талап етуді алып тастау мәселесін көтерді. Осыған көзқарасыңыз қандай?

– Бұл – өте орынды көтерілген мәселе. 2024 жылы 16 ақпанда президент Тоқаев этникалық қазақтарға қазақ тілінен тест тапсыру деген талап жоқ деп айтқаны қайда? Қандастардан қазақ тілін талап етпеу керек. Осы мәселе жөнінде 7 министрлікке өтініш жазғанмын. 

Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның "Қандастарымыз Қазақстан азаматтығын алуда алдарынан күтпеген тосқауылдарға тап болуда. Этникалық қазақтардан Тұрақты тұруға ықтиярхат алу үшін Қазақ тілінен, ел тарихы мен Конституциясынан тест тапсыруды талап етуде. Бұл мәселе бойынша қандастар мәселесімен айналысатын ұйымдар парламентке, менің атыма да жиі хат жазуда. Желілерде де сұрау салуда? Бірден айтарым, Үкіметтің 2026 жылға арналған Көші-қон жөніндегі жаңа тәртібіндегі қандастардан тест тапсыруды талап ету - Заңға қайшы!" дегенін толық қолдаймыз.

Қазір көшіп келіп жатқан қандастарды ең қатты қинап жатқан осы жағдай болып тұр. Мысалы, Моңғолия мемлекетінен көшіп келіп жатқан қандастарымызға ұлты қазақ, сотталмаған деген анықтамаларды заңды түрде әкеп көрсеткен соң, апостиль әкел деп талап етудің қажеті жоқ. Осы екі мәселе ең негізгісі болып тұр. 

Қазақ үні