Біз мал баққан елміз...

Біз мал баққан елміз...

Қоғамды аграрлық және индустриялық деп кезең-кезеңге бөліп қарастыру тарих ғылымында да, экономикада да бұрыннан қолданылып келеді. Экономикалық әдебиеттерде «индустриялық қоғамның дамуы», «аграрлық қоғамның эволюциясы» деген ұғымдар жиі кездеседі. Осындай жіктеу кейін әлеуметтік ғылымдардың салаларына да тарала бастады. Тіпті кейбір зерттеушілер бұл тәсілді тіл біліміне де қолдануға талпынып жүр. Мәселен, философ әрі тарихшы Қанағат Жүкеш тілдің дамуын қоғамның типімен байланыстырып, «аграрлық қоғамның тілі», «индустриялық қоғамның тілі» деген ұғымдарды алға тартады [Жукешев К.М. Философия языка. Монография. Алматы: Издательский дом «Библиотека Олжаса», 2017].

Алайда бұлай бөліну, әсіресе тілге қатысты қолданылған кезде көңілге онша қона бермейді. Жалпы қоғамды белгілі бір формацияларға бөліп қарастырудың өзі көбіне еуроөзектік көзқарастың ықпалымен қалыптасқан. Бұл үлгі Еуропа тарихының логикасына сүйеніп жасалған. Ал оны басқа өркениеттердің тарихи жолына сол күйінде қолдану әрдайым шынайы нәтиже бере бермейді. Мұндай көзқарастың салдарын біз өз тарихымыздан да көрдік. «Қазан төңкерісінен кейін көптеген кеңестік тарихшылар қазақ қоғамының даму жолын дәл осы схема арқылы түсіндіруге тырысты. Сол кезде ғылыми айналымға мынадай тұжырым енгізілді: қазақ халқы көшпелі өмір сүрген, ал қазақ тарихының жаңа кезеңі Қазан төңкерісінен басталады. Қазақ қоғамы феодализмнен капитализм кезеңін бастан өткермей, бірден социализмге өтті деген пікір кең тарады», - дейді философ ағамыз [Есім Ғарифолла. Сана болмысы (Саясат пен мәдениет туралы ойлар). Он төртінші кітап. – Алматы: Қазақ университеті, 2015. – 380 б].

Бұл тұжырым уақыт өте келе ғылыми аксиомаға айналды. Ол оқулықтарға енгізілді, ғылыми еңбектерде қайталанды, қоғам санасына орнықты. Бірнеше буын осы көзқараспен тәрбиеленді. Бірақ біз феодализмнен социализмге «секіру» барысында не жоғалттық деген сұрақ аса маңызды. Ең алдымен, жоғалтқанымыз – ұлттың ең қымбат капиталы, яғни адам ресурсы. Қуғын-сүргін жылдары қазақ халқы ауыр демографиялық апатқа ұшырады. Ұлттың жартысына жуығы қырғынға ұшырады. Елдің бетке ұстар азаматтары, ойлы тұлғалары, ұлттың рухани көшбасшылары жазықсыз жазаға тартылды. Зиялы қауым өкілдері жаппай атылды, айдалды. Соның салдарынан қоғамда еркін ойлайтын, дербес пікір айта алатын адамдардың қатары күрт азайды. Ұлттың интеллектуалдық өзегі әлсіреді. Социализм қазаққа осындай қасіретті тарихи жағдайдың үстінде орнады.

Осындай тарихи тәжірибені ой елегінен өткізген сайын мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мұрасына қайта-қайта жүгінемін. Қазақ тіл білімінің саласында еңбек етіп жүрген мамандардың барлығы дерлік Ақаң еңбектеріне сүйенуге мәжбүр.

Неге?

Өйткені Ахмет Байтұрсынұлының айтқан ойлары мен ғылыми тұжырымдары бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оның бастауыш білім беру мәселесіне қатысты ұстанымдары, әліппе жасау тәжірибесі, сауат ашу әдістемесі, «Әдебиет танытқыш» еңбегіндегі теориялық негіздері, қазақ тілінің дыбыс жүйесі, сөз жүйесі, сөйлем жүйесі туралы пікірлері – барлығы қазақ филологиясының іргелі ғылыми негізін қалыптастырды. Оның жалпы қазақ филологиясына, қазақ тіл біліміне, әдебиеттануына қатысты айтқан тұжырымдары бүгін де ғылыми мәнін сақтап отыр.

Шынында да, біздің тарихымыз ірі тұлғаларға бай. Ыбырай Алтынсарин бар, Абай Құнанбаев бар, Шоқан Уәлиханов бар. Олардың ар жағында Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи сияқты ірі ойшылдар тұр. Дегенмен тарихтағы көптеген тұлғалардың еңбегі белгілі бір дәуірдің шеңберінде қалуы мүмкін. Мысалы, Ыбырай Алтынсариннің қазақ даласында мектеп ашуы – тарихи тұрғыдан аса маңызды оқиға. Ол ағартушылық қызмет атқарды, оқу-ағарту жүйесінің дамуына үлес қосты. Бірақ оның әліпбиі мен букварі бүгінгі ғылыми талаптарға толық сәйкес келеді деп айту қиын. Өйткені ол кезеңде қазақ тілінің дыбыстық жүйесі толық зерттелмеген еді. Қазақ тіліндегі «ә», «ө», «і» сияқты төл дыбыстардың таңбалық ерекшеліктері айқындалмаған болатын. Сондықтан орыс графикасына негізделген жазу жүйесі қазақ тілінің табиғатын толық бере алмады.

Ал Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің ішкі заңдылықтарын терең түсініп, ұлттық тіл табиғатына негізделген ғылыми жүйе ұсынды. Сондықтан Ақаңның ғылыми мұрасы бүгінгі күнге дейін өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Қазақ халқы жер бетінде ұлттық болмысын сақтап қалғысы келсе, Ақаң қалдырған ғылыми бағдарды берік ұстануы қажет деген пікір де осыдан туындайды. Өкінішке қарай, қазіргі білім беру бағдарламаларында Ахмет Байтұрсынұлының бастауыш білімге қатысты әдістемелік ұстанымдары толық қолданылып отыр деп айту қиын. Бірнеше жыл бұрын «Сауат ашу» пәні енгізіліп, дәстүрлі әліппе жүйесі уақытша қолданыстан шығарылды. Кейін «Әліппе» атауы қайта оралды. Алайда бұл, Ахмет Байтұрсынұлы жасаған әліппе емес еді. Егер біз Ақаңның әліппесін толық мәнінде қайта енгізсек, балалар төрт апта ішінде сауат ашып, еркін хат танып кетер еді. Оның «дыбыс пен жаттығу» әдістемесі, терминология жасау принциптері қайта қолданысқа енсе, қазақ әдеби тілінің де тазалығы арта түсер еді. Бүгінгі таңда 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» 11 мыңнан астам варваризмнің жүруі де осыдан туындап отыр [Байынқол Қалиұлы. Сөздік қорымызда қанша сөз бар? Ана тілі газеті. 30 Шілде, 2020. Электронды ресурс: https://anatili.kazgazeta.kz/news/58132].

Көбіміз Ахмет Байтұрсынұлының атын жиі атағанымызбен, оның ғылыми мұрасын іс жүзінде пайдаланбай отырмыз. Тіпті кейбір зерттеушілер «Неге Ақаңды қайта-қайта айта бересіңдер» деп таңғалып жатады.

Осындай пікірді Қанағат Жүкеш те бірнеше еңбегінде келтірген. Ол былай дейді: «Біз Ахмет Байтұрсыновтың кезінде қалыптасқан грамматикамен өмір сүріп келеміз. Ал қазіргі кезеңде қазақ тілін стандарттау қажеттілігі туып отыр. Тіліміз индустриялық қоғамның талаптарына сай болуы керек. Біз әлі күнге дейін аграрлық қоғам кезеңінде қалыптасқан грамматикамен жүрміз. Индустриялық қоғамға лайық нормаланған әдеби тіл жасалған жоқ. Қазіргі қиындықтардың көбі осыдан туындайды» [Қанағат Жүкешев: «Қазақтың рухы мен тілін индустриалды қоғамға өткізу керек». 27 маусым, 2017. Электронды ресурс: https://tilalemi.kz/kz/news/qanagat-jukeshev-qazaqtin-ruxi-men-tilin-yndustryaldi-qogamga-otkizu-kerek.html].

Иә, бізде іс-қағаз стилі мен ғылыми стиль кемшін қалып тұрғаны шындық. Бірақ ол үкіметтің орыс тілін тең, қатар қойып отырған босаң тіл саясатына байланысты. Бұған тілші ғалымдардың да, қазақ тілінің өзінің де түк қатысы жоқ. Біз, керісінше, 1929 жылы Ақаңның грамматикасынан адасып қалып, еуроөзекке түсіп алып, содан шыға алмай жүрміз. Ақаңның грамматикасына, тілді зерттеу, қолдану, оқыту бойынша ұстанымдарына қайта алмай жатырмыз. Сондықтан бүгінгі жайымыздың басты себебі – тіл саясатындағы жалпақшешейлік ұстаным. 

Ақаң сексен қырлы тұлға. Ол кісі аграрлық пен индустрияның жайын да айтып кеткен: «Мал баққан жұрттар жер тарылған кезде, жер жарасы егін кәсібіне түседі. Әуелі көшпелі күйіндегі егін егеді. Сонан соң жер бірте-бірте тарылып, көшуге тығыз болған соң отырықшы болады. Сөйтіп ел өсіп, адам көбейіп, жер тарылуы адам баласының шаруалық тұрмысын өзгертуіне себепкер болады» [Байтұрсынұлы Ахмет. Шығармалары – Сочинения. Он екі том. Шаруалық өзгеріс. Қазақ және орыс тілдерінде /Ахмет Байтұрсынұлы. – Астана: «Алашорда» ҚҚ, 2022]. Көшіп жүру – жердің кеңдігі мен тарлығына байланысты екен. Бұл – қарапайым ғана тұжырым болып көрінгенімен, тұтас бір тарихи-әлеуметтік құбылыстың мәнін ашып тұр. Шын мәнінде, кезінде Еуропа халықтары да көшіп жүрген. Жер кең, мал жайылымы жеткілікті шаруашылықтың негізгі түрі – мал бағу. Мұндай жағдайда адамға ауыр еңбек қажет бола бермейді. Мысалы, мың жылқыны бір топ жігіт қана баға алады: мал өз аяғымен жайылады, тек қарап жүру керек, төзім керек. Қой да солай, жылқы жүріп өткен жерде тебіндеп жайылады, оған арнайы шөп шауып, жем жинаудың қажеті жоқ. Қазақтың қойының тұқымы табиғатқа бейімделген, шыдамды болған. 

Ақаңның тұжырымы қоғамды «аграрлық» және «индустриялық» деп қатаң формацияларға бөліп қарастырудың шартты екенін көрсетеді. Өйткені шаруашылықтың бір түрінен екіншісіне өту міндетті түрде өркениеттің жаңа «сатысына» көтерілу дегенді білдірмейді. Мысалы, Израильді алайық. Бұл ел дамыған мемлекеттердің қатарына жатады, технологиясы мен әскери әлеуеті жоғары. Соған қарамастан ауыл шаруашылығы оның экономикасында маңызды орын алады: аграрлық сектор елдің азық-түлік қажеттілігінің шамамен 70 пайызын қамтамасыз етеді (Jewish Virtual Library деректері бойынша). Демек, аграрлық өндіріс дамыған экономикаға кедергі емес. Сондықтан қоғамды «аграрлық» және «индустриялық» деп баспалдақ түрінде түсіндіру – күмәнді тұжырым. Әсіресе, тілге қатысты айтылғаны абсурд. Кеңес дәуірінде социализмнен кейін коммунизм келеді, әр адам шамасына қарай еңбек етіп, қажетіне қарай алады деген утопиялық идеялар айтылған еді. Тіпті бір сағат жұмыс істеп, он екі сағат демалатын заман болады деген түсініктер де тарады. Бірақ мұның барлығы орындалмаған уәде болып қалды. Коммунизм туралы әңгіме жұмақ туралы уағызға ұқсап кетті: жұмақты ешкім көріп келген жоқ, коммунизмді де көрмедік. Сондықтан қоғам дамуын осындай формациялық саты арқылы түсіндіру күмән туғызады. Ахмет Байтұрсынұлы көшпенділікті, қазақтың аграрлы өмір-салтын өркениеттің «сатысы» ретінде емес, шаруашылықтың белгілі бір түрі ретінде қараған.

Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан аграрлы ел болудан қашпағаны дұрыс. Керісінше, біз аграрлық өндірісті дамытуымыз керек. Бірақ оны жаңа технологиялармен ұштастыру қажет. Мысалы, мал шаруашылығында дрон арқылы мал қайыруға, GPS жүйесі арқылы түліктің қай жерде жүргенін бақылауға болады. Яғни дәстүрлі шаруашылықты қазіргі инновациялық мүмкіндіктермен жеңілдету керек. Жерің кең болса, көшіп жүріп мал баққаннан артық рентабельді (аса пайдалы) шаруашылық жоқ. Соны жүзеге асыра алмай отырмыз ғой. Бірақ малдың артынан көшіп жүретін өмір салтын бұрынғы күйінде қайталау міндет емес: мал аяғымен жайыла берсін, малшыны вахталық жүйеге көшіруге болады. Қазіргі өндірістегі сияқты кезекпен жұмыс істеу тәсілін енгізуге болады. «Үш жыл қой баққаннан ақыл сұрама» деген мәтел бар, сондықтан бір адамды өмір бойы малдың соңына байлап қоюға болмайды.

Ауыл шаруашылығында ең маңызды екі мәселе бар. Біріншісі – өндірілген өнімді өткізу. Мұнда мемлекет жауапкершілік алуы тиіс. Ең болмағанда бір жылдық баға тұрақтылығына үкімет кепілдік беруі қажет. Шаруаның міндеті – өнім өндіру, ал сол өнімді тұрақты бағамен сатып алу мәселесін мемлекет шешуі керек. Сонымен бірге шаруаның жыл бойы сатып алатын құрал-жабдықтарының бағасы тұрақты болуы тиіс. Нарықтағы өзгерістерден туған айырмашылықты мемлекет өтеп отырғаны жөн. Шаруаға ең керегі – тұрақтылық. Науқан кезінде жанармайдың күрт қымбаттап кетуі, оған үкімет тарапынан нақты қолдаудың болмауы ауыл шаруашылығына ауыр тиеді. Екінші маңызды мәселе – ауыл шаруашылығын инновациялық технологиялармен қамтамасыз ету. Дронмен мал қайыру, GPS арқылы түлікті бақылау, цифрлық технологияларды енгізу – бұлардың барлығы ауыл өмірін жеңілдетеді, ауылға инновация келеді, ауыл мен қала тынысы теңеседі. 

Қазақстанның жері кең, жайылымы мол. Егінге жарамды жер салыстырмалы түрде аз, ал мал шаруашылығына қолайлы шөл және шөлейт аймақтар өте көп. Сондықтан дәстүрлі мал шаруашылығының әлеуетін, таза табиғи өнім өндіру жағын барынша пайдалану қажет. Бірақ оны жаңа технологиямен жабдықтауды үкімет өз қолына алуы керек. Малшылар үшін заманауи коммуникация құралдары толық қолжетімді болуы тиіс: интернет, мобильді қосымшалар, банк қызметтері, сауда жүйелері, тұрмыстық жағдайлар – жуынатын орын, ыстық су, көшпелі монша сияқты қажетті инфрақұрылым. Қазір тіпті қажетті заттарды дрон арқылы жеткізуге болатын технологиялар бар.

Сондықтан Қанағат Жүкеш ағамыз айтты екен деп аграрлық қоғамнан бас тартып, бәрін индустриялық үлгіге көшіру қажет деген пікірмен келісу қиын, әсіресе тіл мәселесінде. Өйткені ұлттық дүниетаным тек күнделікті сөздерде ғана емес, тілдің терең қабаттарында сақталады. Лингвистикада мұны «әлемнің тілдегі бейнесі» деп атайды. Қазақ тіліндегі бұл бейне синонимдерде, антонимдерде, фразеологиялық тіркестерде, мақал-мәтелдерде, этнолингвистикалық және этномәдени бірліктерде көрінеді. Осыларды білмеген балада қазақы болмыс толық қалыптаспайды. Қазақ болмысы технология жасаумен немесе кәсіби жетістікпен ғана өлшенбейді. Оның негізінде адамгершілік, рухани мәдениет, ұлттық дүниетаным жатыр. Ал бұл құндылықтардың барлығы тіл арқылы беріледі. Тіл – ұлттың мазмұны. Ал мазмұн экономикалық терминдерден немесе ресми іс-қағаздардағы қалыптардан тұрмайды. Ол халықтың этномәдени тәжірибесінде, тілдің терең қабаттарында сақталған рухани дүниеден құралады. Соны білген, әр сөзіне аса маңыз берген жапондар, әлгі инновациялық технологияның жеті атасын меңгерген жапондар, ол өнімді Қытайдан сатып алу әлдеқайда арзан болғанына қарамастан күріш егеді. Өйткені көптеген этномәдени бірліктер (сөздер) осы күріш өсірумен тығыз байланысты екен. Олардың ғалымдары қазақ тіліндегі тұрақты тіркестер, метафралар мен метонимиялар, синонимдер неге керек деп қағынан жерімейді екен. Олардың ғалымдары өз ұлтының дүниені тануы, бағалауы тіл байлығы арқылы ғана көрінетіндігін біледі. Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерді, фразеологизмдерді, сөз астарындағы мәдени мағыналарды түсінбейтін адам қанша жерден білімді технарь болса да, оның бойында толыққанды қазақы болмыс қалыптаса қоймайтынын біздің де оқымыстылар білуі керек. Өйткені тіл – ұлттың мазмұны, ал сол мазмұн халықтың дүниетанымында, рухани тәжірибесінде және этномәдени бірліктерінде сақталады. Демек, ұлт болмысын сақтау да, оны келесі ұрпаққа жеткізу де, ең алдымен сол тілді терең меңгеру арқылы жүзеге асады.

Бижомарт ҚАПАЛБЕК,

Қазақ үні