Досымбек Мұрат: Қандастар мәселесі - ұлттық маңызы бар сұрақ
2026 ж. 25 наурыз
89
0
Кейінгі кезде қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын алуына кедергілер көбеюде. Этникалық қазақтардан Тұрақты тұруға ықтиярхат алу үшін Қазақ тілінен тест тапсыруды талап етуде.
Ең алдымен Қандастарға қамқор болып, қайрат көрсетіп жүретін ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса ағамыз бірден “Үкіметтің 2026 жылға арналған
Көші-қон жөніндегі жаңа тәртібіндегі қандастардан тест тапсыруды талап етуі- Заңға қайшы!
Мемлекеттік және ұлттық мүддені қорғаудағы маңызы өте зор бұл ҚР Азаматтығын алу үшін Мемлекеттік тілден, Ел Конституциясы мен тарихынан емтихан тапсыратын талапты 2024 жылы заңға біз енгізген едік, ол ұсынысты Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, яғни, мен өз қолыммен ұсынғанмын. Бұл заң бойынша этникалық қазақтар тілден емтихан тапсырмайды” деп мәлімдеді.
Қазіргі уақытта Қазақстан Үкіметі басшысы О.Бектеновке “АЗАМАТТЫҚ АЛУ ҮШІН ҚАНДАСТАРДАН ҚАЗАҚ ТІЛІНЕН ТЕСТ АЛУ ЗАҢСЫЗ”-атты жазбаша депутаттық сауал жолдаған Қазыбек Иса ағамызды қолдай отырып, қандастар атынан алғыс айтамыз сізге.
Сонымен қатар, қандастар мәселесі бағытында маманданған заңгер ретінде, соңғы өзгерістерге қатысты ойымды заңға және Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутатының ҚР Премьер-министрі О.Бектеновке жолдаған депутаттық сауалына сүйене отырып пікірімді жеткіземін.
Тақырыбы:
Көші қон Заңына пилоттық жобаның қайшылығы!
(Өте көп, бірақ бүгін 1-ші қайшылықты айтамын)
Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының (4-бап, 1-тармақ) негізгі міндеттерінің бірі – этностық қазақтардың тарихи отанына қоныс аударуына ЖӘРДЕМДЕСУ екені тікелей көрсетілген.
Алайда, қазіргі қолданысқа енгізілген <ПИЛОТТЫҚ ЖОБА іске қосу туралы> бірлескен бұйрықпен — жоғарыдағы заңдағы негізгі мақсаттарға қайшы келетін нормаларды енгізіп отыр. Негізгі мәселе:
Заң бойынша мемлекеттік органдар қандастардың тарихи отанына көшіп келуіне жәрдемдесуі тиіс. Ол заңмен нақ жазылған міндеттері.
Ал іс жүзінде пилоттық жоба арқылы олар:
а) қандас мәртебесін алуды күрделендірді;
ә) тұрақты тұруға рұқсат алуды қиындатты;
б) азаматтыққа өтудің жолын қосымша тосқауылдармен толтырып шектеулер жасады.
Қазіргі талаптар бойынша қандас болу үшін:
– әңгімелесуден өту керек;
– балл жинайтын сауалнамадан өту керек;
– қазақ тілінен емтихан (KazTest) тапсыру керек.
олар міндетті шартқа айналған.
Бұрын қандастарды қолдау механизмі жеңілдетілген болса, қазір уәкілетті органдар өздері әдейі қосымша кедергілер жасап отырғандай әсер қалдырып отыр…
Менде Заңгер ретінде сұрақ туындайды:
1. Заңда көрсетілген «жәрдемдесу» қағидасы қайда қалды?
2. Неліктен заңның мақсатына қайшы келетін пилоттық жоба жасап тосқауылдар енгізілуде?
3. Пилоттық жоба заңнан жоғары тұрады ма?
Бұл мәселе тек құқықтық емес, ұлттық маңызы бар сұрақ деп ойлаймын.
Ал Сіздер қалай ойлайсыздар:
бұл өзгерістер – жүйені реттеу ме, әлде қандастарды тарихи отанына КЕЛДІРМЕУГЕ жәрдемдесу ме?
Досымбек Мұрат,
Фейсбук парақшасынан