Жақсылардың кеудесі – алтын сандық
2026 ж. 25 наурыз
51
0
Қай қоғамда да ұлттың тағдыры ең алдымен ұстаздың қолында. Сондықтан, ұстаздар қауымы қашанда құрметке лайық.
Төрден ойып орын алатын тұлғалардың бірі – Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы №208 мектеп-гимназияның директоры, білікті басшы, парасатты педагог Гүлбағда Әденова. Өмір көрген адам ретінде мен үшін басшылық – бұл лауазым ғана емес, ол – үлкен жауапкершілік, адами салмақ, рухани биіктік. Әсіресе, білім беру саласында басшы болу – әр мұғалімнің ғана емес, әр оқушының тағдырына ортақ болу оңай шаруа емес. Ал сол жолда сәулесін жағып, жолын айқындайтын – мұғалім.
Қазір әрине, уақыт өзгерді, заман жаңарды, технология дамыды. Бірақ адам тәрбиесінің өзегі, рухани негізі, ұлттық болмысы ешқашан өз мәнін жойған емес. Осы күрделі де жауапты саланың құлағын ұстап отырған, Гүлбағда Есейханқызының басқару мектебі – адамға жақын, жүрекке жылы, әділдікке негізделген басқару үлгісі. Ол еңбек жолын қарапайым іс-қағаздармен бастағанымен, уақыт өте келе ұжыммен жұмыс істеудің, кадр тәрбиелеудің, ең бастысы – адам танудың нағыз шеберіне айналды.
Әр ұстаздың ішкі жан дүниесіне үңіле білу, әрқайсының бойындағы мүмкіндікті дер кезінде байқап, аша білу – кез келген басшының қолынан келе бермейтін қасиет. Бұл – табиғи дарын мен өмірлік тәжірибенің тоғысуынан туындайтын сирек қабілет. Ұстаздық жолда, әсіресе жас мамандар үшін ең қиын кезең – оқушы психологиясын түсіну. Баланың мінез-құлқын, ішкі күйзелісін, жасырын қарсылығын немесе үнсіз мұңын бірден аңғару оңай емес. Осындай сәттерде Гүлбағда Есейханқызының кәсіби интуициясы, терең педагогикалық пайымы көпке сүйеніш болды.
Кейбір күрделі жағдайларды ол рентгендей дәл көріп, мәселенің түп-тамырын дөп басып, оңтайлы шешім ұсынып отырады. Нағыз басшының көрегендігі – ұжымдағы әр адамды бірдей деңгейде көре білуінде емес, әрқайсының бойындағы даралықты бағалай білгендігінде. Бұл тұрғыдан алғанда, Гүлбағда Есейханқызы әр мұғалімнің шеберлігін шыңдап, кәсіби өсуіне жағдай жасай біледі. Бірі – әдістемелік ізденіске бет бұрса, бірі – шығармашылыққа, бірі – тәрбие жұмысына бейімделді.
Осындай үйлесімділік мектептің жалпы нәтижесінен, білім сапасынан, ұжымның ішкі мәдениетінен айқын көрініс тапты. Қай салада болсын жүйе бар жерде – нәтиже бар. №208 мектеп-гимназиясында да бұл қағида нақты іске асқан. Жұмыс тәртібіндегі нақтылық, талап пен сенімнің тең ұсталуы, эстетикалық талғамның жоғары деңгейі – мұның барлығы басшының ішкі мәдениеті мен кәсіби көзқарасының айғағы. Әр ұстаздан талап ете отырып, сол талапқа өзі де сай болу – көп басшыға үлгі боларлық қасиет. Ұжым үшін басшының қолдауы – үлкен тірек. Кәсіби қиындықтардан өту, өз-өзіне сенімді болу, шығармашылық тұрғыда өсу – осының барлығы әділ әрі жанашыр басшының арқасында жүзеге асады. Бұл қолдау кейде бір ауыз жылы сөзбен, кейде дер кезінде көрсетілген сеніммен, кейде үнсіз түсіністікпен көрінеді. Осындай адами қатынастың қадірін әсіресе ұстаздық жолдан өткен жандар жақсы біледі. Зейнеткер ұстаз ретінде бұл жолдардың авторы өмірінде әділдігімен, адамгершілік биіктігімен есте қалған санаулы басшыларды ғана атай аламын. Солардың бірі – осы Гүлбағда Есейханқызы. Бұл – жай ғана кәсіби баға емес, жүректен шыққан алғыс, өмірлік ризашылық. Қорыта айтқанда, жақсы басшы – ұжымның айнасы. Ал ұстаздарға ұстаз бола білген, жүрекпен басқара білген басшы – елдің нағыз қазынасы. Жақсылардың кеудесі – алтын сандық десек, сол сандықтың ішіндегі асылдың бірі – Гүлбағда Әденова сынды тұлғалар екені даусыз.
Айшакүл Ыбрайым,
зейнеткер ұстаз