КӨП ЖАСАЙЫН ДЕСЕҢІЗ...
2026 ж. 25 наурыз
53
0
Жуырда Түркітілдес Журналистер Қорының бастамасымен бір топ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Алматы облыстық көпсалалы клиникасында онкологиялық ауруларға байланысты тегін тексеруден өтті. Бұл игі шараны жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқан – қор жетекшісі Нәзия Жоямергенқызы. Таң сәріден 25-30 журналисті бастап келген ол медицина қызметкерлерімен бірлесе отырып, қоғам үшін аса маңызды профилактикалық тексерудің үлгісін көрсетті.
Шара барысында қатысушылар маммография, ультрадыбыстық зерттеу, қан талдауы және дәрігер-онкологтардың кеңесінен өту мүмкіндігіне ие болды. Мұндай бастамалар тек журналистердің денсаулығын тексерумен шектелмей, қоғамда профилактикалық мәдениетті қалыптастыруға да ықпал етеді.
Кездесу барысында онколог-дәрігерлер қатерлі ісік туралы жан-жақты ақпарат беріп, аурудың алдын алу жолдары мен ерте диагностиканың маңызын түсіндірді. Мамандардың айтуынша, халықтың бір бөлігі «рак» диагнозынан қорқып, тексерілуден қашқақтайды. Соның салдарынан дерт көбіне кеш анықталып, емдеу мүмкіндігі күрделене түседі. Ал ауру ерте кезеңінде анықталса, толық жазылып шығу ықтималдығы әлдеқайда жоғары.
Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі таңда қатерлі ісік ауруларын анықтауға арналған медициналық технология айтарлықтай дамыған. Заманауи аппараттар мен зертханалық талдаулардың арқасында ісікті бастапқы кезеңінде анықтап, тиімді ем жүргізуге мүмкіндік бар. Сондықтан профилактикалық тексерулер – әрбір адамның денсаулығын сақтаудың маңызды қадамы.
Көпшілік біле бермейтін маңызды жайттың бірі – еліміздегі барлық медициналық ұйымдарда ай сайын «Ашық есік күні» өткізіледі. Бұл күні міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәртебесіне немесе тіркелген жеріне қарамастан кез келген азамат тегін тексеріліп, қажетті аппараттық зерттеулерден өте алады.
Дәрігерлер мұндай мүмкіндікті тиімді пайдалану қажеттігін айтады. Себебі көптеген аурулар бастапқы кезеңінде ешқандай белгі бермейді. Тек медициналық тексеру арқылы ғана оларды ерте анықтауға болады.
Бүгінде еліміз бойынша онкологиялық дертпен диспансерлік есепте тұрған науқастар саны 240 мың адамға жуық. Тек 2025 жылдың өзінде 41 мыңға жуық азаматқа алғаш рет қатерлі ісік диагнозы қойылған.
Дегенмен медицинадағы жетістіктердің, ерте диагностиканың және скринингтік бағдарламалардың нәтижесінде соңғы жылдары өлім-жітім көрсеткіші шамамен 14 пайызға төмендеген. Бұл көрсеткіш онкологиялық аурулармен күресте профилактикалық шаралардың тиімді екенін көрсетеді.
Алматы облысында халық саны 1 586 875 адам болса, олардың 12 285-і онкологиялық есепте тұр. 2025 жылы өңірде 2 222 жаңа науқас тіркеліп, есепті кезеңде 716 адам өмірден озған.
Мемлекеттік скринингтік бағдарламалардың нәтижесі де назар аударарлық. 2025 жылы 74 мың әйел сүт безі обырына тексеріліп, 160 жағдай анықталған. Сондай-ақ, 62 мың әйел жатыр мойны обыры бойынша қаралып, 36 жағдай тіркелген.
Сонымен қатар, 90 мыңға жуық адам колоректалдық обырға тексеріліп, 34 ісік анықталған.
Жалпы скрининг нәтижесінде 230 қатерлі ісік дерегі және мыңдаған обыр алды өзгерістер анықталған. Бұл – ауруды асқындырмай анықтауға мүмкіндік беретін маңызды көрсеткіш.
Өткен жылы жылжымалы медициналық кешендер арқылы 13 мыңнан астам зерттеу жүргізіліп, алыс елді мекен тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетілді. Мұндай кешендер шалғай ауыл тұрғындарына медициналық көмекті қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Нәтижесінде 32 адамға қатерлі ісік диагнозы қойылып, 290 науқас күдікке ілінді. Сонымен қатар 490 тұрғыннан обыр алды аурулар анықталған.
Колоректалдық қатерлі ісік бойынша 2025 жылы 172 науқас тіркеліп, оның 111-і аурудың бастапқы екі сатысында анықталған. Жыл соңында есепте тұрғандар саны – 892 адам.
Сүт безі қатерлі ісігі – әйелдер арасында ең жиі кездесетін дерттердің бірі. Өткен жылы 319 жаңа жағдай тіркеліп, оның 294-і ерте сатысында анықталған. Жалпы есепте 2 691 науқас тұр.
Жатыр мойны қатерлі ісігі бойынша 119 жаңа жағдай тіркеліп, оның 112-сі бастапқы кезеңде анықталған. Қазіргі таңда есепте 1 188 науқас тұр.
Науқастарды дер кезінде мамандандырылған көмекке жеткізу үшін елімізде «жасыл дәліз» жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйеге 112 жалпы практика дәрігері тартылған.
Аталған жүйе күдік туындаған науқастарды қысқа мерзім ішінде толық тексеруден өткізіп, нақты диагноз қоюға мүмкіндік береді. Соның арқасында емдеуді кешіктірмей бастауға жол ашылады.
Мамандардың айтуынша, қатерлі ісік – үкім емес. Егер ол уақытында анықталса, тиімді ем жүргізіп, адамның өмірін сақтап қалуға болады.
Ең қауіптісі – қорқыныш пен немқұрайлылық. Әсіресе ер адамдар денсаулығын кейінге ысыра беретін әдеттен арылуы тиіс. Көп жағдайда ер азаматтар дәрігерге тек ауру асқынған кезде ғана жүгінеді.
Дәрігерлер халықты профилактикалық тексерулерден жүйелі түрде өтіп, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден бас тарту, физикалық белсенділік және уақытылы медициналық тексеру – көптеген аурулардың алдын алудың тиімді жолы.
Өйткені уақытында анықталған дерт – сақталған өмір.
Жаннұр ЫСҚАҚ