TikTok білім құралы ма, әлде уақытты ұрлайтын алаң ба?

TikTok білім құралы ма, әлде уақытты ұрлайтын алаң ба?

Заман талабына сай қоғамда жаңалықтар көбеюде. Әсіресе, технологиялардың қарқынды дамуына байланысты бүгінгі таңда жастар әлеуметтік желісіз өмір сүре алмайтындай деңгейге жетті. Мәселен, соның бірі – TikTok. 

Қытайлық ByteDance компаниясы 2016 жылы бұл қосымшаны іске қосқанда желі пайдаланушысы ән мен бидің айналасында бейне таспалар жасасын деген мақсатты алға тартқан. Араға бір жыл салып америкалық Musical.ly платформасын сатып алғаны да – сол ниет. Себебі, адам назарын бірден ұстап, нарықта алдыңғы орынға шығу үшін YouTube-тағыдай ұзақ бейнетаспа көрсету тиімсіз еді. Ал қысқа бейнеролик дофамин беретіндіктен адам да көре беруден шаршамайды. Бұл ғылым тілінде «скроллинг» деп аталады.

Шегі мен шеті жоқ контентті көру арқылы адам жаңа эмоция, әсер, күй алуға тырысады. Ми автоматты түрде мұны марапат деп қабылдап, экранды тоқтаусыз басуға жұмыс істейді. Себебі, алгоритм бойынша бейнетаспа ұнаса адам лүпіл жіберіп, ерекше ақпарат алады, ұнамаса астын жылжыту арқылы адамға соған ұқсас не басқа видео шығады. Соның кесірінен ми қабатында ақаулар пайда болады. Мысалы, назар әдеттегідей тұрақты болмайды, бір орнында отыру, оқу қиындайды, жеңілдің үстімен ойлайтындай деңгейде ғана ми жұмыс істейді, ақпарат үстірт қабылданады. Бұл орта жастағы адамдар үшін ғана емес, балалар үшін де қауіпті. Өйткені Қазақ елінде заң тұрғысынан кішкентай балаларға қолдануға болмайды десе де, оны қарап, қадағалап отырған ешкім жоқ. Статистикаға сүйенсек, әлеуметтік желіні үздіксіз пайдаланатын жастарда психологиялық ауытқу 15-25 % көп.

Алайда соңғы уақытта ойын-сауық, арзан күлкіге құрылған контенттерден бөлек білім беретін қысқа бейнероликтер де пайда болды. Әсіресе, дамуға, ерік-жігерді арттыруға, қаржылай сауаттылыққа, кітап оқуға, тарихқа, психологияға қатысты тақырыптар көбеюде. Бірақ ескеретін екі мәселе бар. 

Біріншіден, ғылыми бағытта салынатын контенттердің көбі аз қаралым жинайды. Яғни бұл ел назары әлі де көңіл көтеретін, адамды күлдіретін контенттен алыстамағанын көрсетеді. Екіншіден, Tik Tok әлеуметтік желісіне жұртқа пайдалы контентті жасайтындардың дені, мақсаты ақша табуға құрылған. Ғылым тілінде мұны маркетинг дейді. Нақтырақ айтқанда, өзінің өнімін, қызметін сату үшін Tik Tok-қа видео салу арқылы адамдар желі қолданушыларын Instagram-ға шақырады. Кейіннен сторис арқылы қызықтырып, қыздырып, сауда жасайды. Демек, бұдан шығатын қорытынды – бас пайдада. Табысты ойламай, қазақ баласы көрсін, білсін деген ниетте бейнетаспа салатын адам аз болғандықтан, контентті де сирек көресіз. 

Енді көрші мемлекеттердің саясатына көз жүгіртсек, TikTok-қа тыйым салған елдің көп екенін байқаймыз. Мәселен, Қырғызстанда жасөспірімдерге кері әсерін береді деген ниетпен 2024 жылдан бері бұл қосымшаға тыйым салынған. Мұндай заң Өзбекстан, Албания, Иран, Үндістанда да бар. Тіпті, қытайлардың өзінде бұл қосымша қатаң бақылануда. Әлеуметтік нормаларға қарсы келетін тақырыптар жоқ болғандықтан біздің елдегідей TikTok-та еркіндік жоқ. Жергілікті заңға толық бағынатындықтан, әр бейнетаспа қатаң цензурадан өтеді және жас ерекшеліктеріне байланысты он төрт жасқа дейінгі балаларға күн сайын 40 минуттан артық контент қарауға болмайды, соның өзінде бұл Тек таңғы 6:00-ден кешкі 22:00-ге дейін ғана қолдануға рұқсат етілген. 

Қорытындыласақ, TikTok өздігінен адамға зиянын тигізетін жаман платформа деуге келмейді. Ол құрал болғандықтан, оның ізденетін, білім алатын алаң болуы, болмауы қолданушының өзіне байланысты. Яғни, егер TikTok-ты мақсатты түрде, пайдалы контентті таңдап қолданса білім көзіне, шабыт алаңына айналады. Ал егер бақылаусыз, тек көңіл көтеру үшін пайдаланылса уақыттың қалай жоғалғанын аңғармай қаламыз. Сондықтан әр адамның көкейінде «Мұны қалай қолданамыз?» деген мәселе болуға тиісті.

Айдана ҚОЖАҒҰЛ,

Алматы қаласы, Түрксіб ауданы, 

№ 84 жалпы білім беретін мектептің

11 сынып оқушысы