ҚАЗАҚ ҚАЛАЛЫҚ ЭТНОСҚА АЙНАЛУЫ КЕРЕК ПЕ?
2026 ж. 25 наурыз
55
0
Біз бұл реттегі сөзді халқымыздың қоныстану саясаты, демография, әлеуметтік қорғау мәселесіне арнағымыз келеді. Қазір ақпарат құралын пайдалана отырып, әр бір адамның сана сезімін оятып, оны керекті бағытпен қоғамдық сананы қалыптастыруға итермелейтінін мойындамайтын адам жоқ.
Неге десеңіз, бұл қазіргі ғылым мен технология дамыған дәуірдің бұлтартпас шындығы. Біздің елімізде осы қоғамдық сананы қалыптастыру қандай бағытта жүріп жатыр деген ой әрбір өзін зиялы қауымның төңірегінде болуды мақсат тұтқан азаматтың ойына маза бермей, көкірегін қақ айыратыны анық. Бұл орайда, біз зиялы қауым деп, тек жоғары білімі бар және атақ-шенді жамылып елге «ақыл» айтып, «жол» сілтеп жүргендерді айтпаймыз. Зиялы деп өз білімін, жігері мен қайратын, бар болмысын елінің, жерінің, ұлтының тағдырына арнап, соның жолында еш нәрседен тайсалмай, шырылдап жүрген, көкірегі шерлі азаматтарды айтамыз.
Газет, жорнал беттерінде елдің қамын ту ғып ұстап, айғайы да, байсалды ойлары да жарық көріп жатқан азаматтар жеткілікті. Демократиялық мемлекет боламыз деген пікір құлаққа сіңіп, ойды одан арман мазалап, кей уақыттарда небір қиялды тудырады. Кейбір кездерде, осы біз бұрынғы өткен қоғамды құрған кездегі әкелеріміздің бақытты болашақ «коммунизм» дегеніндей «демократияны» ту ғып желбіретіп, айғайлап жүріп, еліміздің қай бағытта дамып, қандай мемлекет құрып, ұлтымыз үшін қандай құндылықты сақтап, оны қалай тұрақты ғылыми жолмен өркендететінімізді анықтай алмай, жоғалтып аламыз ба деген сұрақ тудырады. Сондықтан, сап-сап көңілім сап деп, асықпай байыпты сабырмен, жан-жақты сараптай отырып ойланайық.
Алғашқы тәуелсіздік алған кездерде елімізде экономика мәселелері өте қиыншылық жағдайларда шешіліп, көптеген ауыр белестерді өткерді. Ал енді макроэкономикалық мәселелері сауатты шешіліп, соның салдарынан ел экономикасында біраз жетістіктердің барлығына ешкім шүбә келтіре алмайды. Осы экономикалық даму сәттерінде ел басқару жүйесінде біраз қателіктер жіберілгені ол да шындық. Бірақ сол қателердің болуына субъективті де, объективті де себептердің барлығына дау айтпауға тиіспіз.
Солай дей отырып, енді мемлекеттің экономикалық даму саясатында субъективті қателер жібермеуді қадағалау қажет. Қазіргі біздің ел үшін ең маңызды мәселе, ол әлемдік жаһандану үдерісіне байланысты ұлтымыздың тәуелсіздігін формальды түрде емес, нақты сақтап қалу болады. Бүкіл әлемдік қоғамдық даму үрдісі заңдылығын ескере отырып, кейінгі 50-60 жылдарда колониялық жүйе күйреуінің салдарынан пайда болып, өркениетті дамып келе жатқан мемлекет құра білген елдердің тәжірибесінің елімізге тиімді жағын әкелуді ұмытпауымыз қажет.
Өкінішке қарай, әлі күнге дейін Қазақ елі келешекте қандай мемлекет болады, мемлекеттік деңгейде қандай құндылықтарды қорғайды деген сауал ашық қалып отырғандай. Олай дейтінім, мемлекеттің ұлттық идеясын әлі күнге дейін нақтылай алмай, әзірше өткен кеңес дәуірінің идеялық ықпалы мен батыстың либералдық модернизациясының жетегіне еліктеп, табиғи байлықты сатудан шыға алмайтын экономикалық саясат жүргізіп отырғандаймыз.
Елдің Тәуелсіздігі мен ұлтымыздың сақталуына тек ғылыми тұрғыдан қарап, тарихи дамудың жолын халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан менталитетіне байланысты жол ғана кепіл бола алатынын ұмытпасақ керек-ті. Осы өзіндік жолды таңдауда көз жұмып еліктемей әлемдік өркениеттің, тек тиімді жақтарын орынды пайдалану қажет шығар. Сонда ғана билік мемлекеттің ішкі таусылмас қуаты халықтың сеніміне ие бола алады.
Бұл жерде біз Түркия, Қытай, Жапон, Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур және Скандинавия елдерінің тәжірибесінен үйренуіміз керек-ақ. Бір қуанарлық жайт, біраз ғалымдар мен саясаткерлер осыны түсініп, қоғамдық сананың дұрыс бағытта өрбуіне ат салысып жүргендері үміт отын жағады. Сонымен қатар батыс өркениетіне еліктеп, терең ойсыз жаттанды, жалпылама тұжырымдарды сараптан өткізбей насихаттап жүргендерде аз емес. Ұлт құндылықтарына байланысты теріс бағытты уағыздау ұлтымыздың келешегіне тас атқанмен бірдей. Сондықтан осы бағытта бір ғана мәселеге тоқтауды жөн көреміз.
Кейбір қазақ саясаткерлері мен саясаттанушыларының ұлттық құндылықтар туралы газет бетінде жарық көрген пікірлерінің ой салатынын жоққа шығармай отырып, бірақ «қазақ қалалық этносқа айлану керек» деген пікіріне қарсы уәж айтқым келеді.
Өткен ғасырдың ортасынан әлемдік қоғам дамуында урбанизация үдерісінің экономикалық, әлеуметтік дамудағы жаңа серпілістегі ерекшелігі мен ықпалын көптеген ғалымдар жаңа даму дәуірінің жаңа ерекшелігіне жатқызып жүргені мәлім.
Урбанизация адам баласының мәдениетте, әлеуметтік дамуда, психологиялық өзгерістерге жеделдете аяқ басатынын растап отыр. Сонымен қатар осы урбанизация үдерісі әр халықты ғасырлар бойы қалыптасқан адами, рухани қасиеттерінен ада етіп қатыгездік, дүниеқорлық, өзімшілдік, маскүнемдік, нашақорлық және жантүршігерлік қылмыскерлікті қалыптастыруды жеделдететіні де белгілі. Оны ешбір адам жоққа шығара алмайды. Және де урбанизация үдерісінің әлемдегі қоғамдар дамуының заңдылығына сай ары қарай дами беретіні де шындық. Урбанизация жолын жаңадан еркіндік алған елдерге әдейі насихаттап, олардың өз ұлтының ерекшеліктері мен рухани байлығынан аластау үшін жасап отырған саяси бағыт екенін де ұмытпауымыз қажет болар. Біз қалаландыру (урбанизация) үрдісі ғана қазақ елінің келешегі деп ұлтымыздың тарихи қалыптасқан менталитетіне зорлық жасауымыз – үлкен қате деп санаймыз.
Урбанизация үдерісі әлемдегі барлық халықтың өмірі- не өзгерістер әкелетіні ақиқат, бірақта бұл үрдіс табиғи даму заңдылығына байланысты әр жерде әртүрлі екпін- мен әсіресіз (авантюра сыз) өмірге енетініде заңдылық. Әсірелік пікірді үсынудың өзі, әр халықтың өсіп дамуының, психологиялық қалыптасуының және экономикалық өркендеу заңдылығын терең түсінбеуден туындайды. Біз қазірдің өзінде өткен қоғамның солақай саясатының әсерінен урбанизация үдерісінің ықпалын жеделдету үрдісі болғанынан кейбіреулер «асфальт қазағы», енді біреулері «мәңгүрт» атауларымен айдарлаған жүздеген мың ұлтық рухтан, патриоттық сезім мен мәдениетімізден айрылған қандастарымыздың тағдырын ұмытпауымыз керек. Бұл азаматтар, ұлтымыздың қазіргі кезеңде көптеген технологиялық бағыт пен білім салаларын меңгерген, соны ескеріп еліміздің келешегі үшін олар ауадай қажет екенін де ескерейік.
Асығыс ойлап, батыс елдерінің тәжірибесіне еліктеу ауылдың келешегіне қиянат. Экономикамызды жаһандану үдерісіне сай дамытудың басты жолының бірі – ұлтымыздың тарихи шаруашылық ерекшелігін қазіргі заман талабына сай дамыту жолын таңдау. Біздің еліміздің ерекшелігі – кең-байтақ жерінің қазба байлығы мен оның даласы мен тауларының және теңіз, көлі мен өзенінің азық-түлік, тағы басқа өнімдерді өндірудегі мол мүмкіншілігін ескерсек керек. Еліміздің осы ерекшелігін пайдалану үшін ұлттық идея негізіне сүйене отырып, ауылды дамыту туралы арнайы заңдастырылған ұлттық бағдарлама жасалуы тиіс. Оған мұнайдан, қазба кендерінен түсетін пайданың 30 пайызын жұмсап отыру қажет деп есептейміз. Ұлттық қордың көп жылдан кейін ұрпаққа әкелетін жақсылығын осы ұлттық бағдарламаға бұру іс жүзінде келешек ұрпаққа қазір жасалатын қамқорлық болмақ.
Ауыл – халқымыздың рухани байлығының темірқазығы, таусылмас көзі екенін, біз соны әлі де лайықты бағалай алмай келеміз. Себеп ауыл мен қаланың мәдени дамуының ара алшақтығында болып отыр. Сондықтан ұлтымыздың келешегін ойласақ, онда ең бірінші шешілетін мәселе ауылдың экономикасы, әлеуметтік жағдайы мен мәдениетін қалаға теңестіру жолын іске асыру болады. Дамыған Еуропадағы кішкентай ғана Дания елін алсаңыз, экономикасы аграрлық сипатта дамыған осы ел бүкіл Еуропаның елдерінің азыққа қажеттілігінің 30 пайызға жуығын береді. Голландия елі де сондай. (Әлем тәжірибесінде мемлекеттің үлкен-кішісі олардың жер көлеміне емес, тек халық санына қарай бағаланады.)
Осы елдерде ауылшаруашылығымен шұғылданатын мекен-жайлардың әлеуметтік, мәдени деңгейлері қала тұрғындарымен бірдей. Осының өзі еңбек өнімінің өсуі мен жаңа технологияны пайдалануға зор ықпал етеді. Қазақстанда ұлттық бағдарлама жасап, ауылдың тұрмыс мәдениетін қала деңгейіне жеткізіп, ауыл шаруашылық өнімін ғылыми негізде жоғары технологияны пайдалана отырып, шағын өнеркәсіп әр мекенжайда орналасуын шешу негізгі мәселе (бұл дайындықсыз электрон-сандық технология жүйесін енгізу емес). Осы өнеркәсіп орындарында мал мен жер және судан алатын шикізаттарды қалдықсыз жоғары сапада тауар шығаруды жүйелі жолға қою керек. Және де олардың тауарлық сипаты сұранысқа сай жоғары дизайн деңгейінде болумен қатар, тауардың бағаларын өсірмей тез тұтынушыларға жеткізетін (делдалсыз) азық-түлік дайындау жүйесін құру керек болар. Осы экологиялық таза өнімдер ең бірінші ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуі шарт. Сонда ғана ол өнімдерге Азия, Ресей, Кавказ, Балтық жағалауы, Еуропа елдерінде сұраныс пайда болуы заңдылық.
Нарықтық даму заңдылығы, өнімнің тек ішкі сұраныстың қажеттілігін қамтамасыз ететіні ғана әрқашанда әлемдік сұранысқа төтеп бере алады.
Сонымен қатар біздің ел жақын кезеңдерде ешқандайда бір өнеркәсіп өнімімен әлемдік деңгейде бәсекелестікке түсе алмайтыны ақиқат. Өйткені, экономиканың заңына сәйкес әлемдік деңгейде бәсекеге төтеп беретін өнім сол жұрттың тарихи қалыптасқан кәсіби ерекшелігіне байланысты болатынын естен шығармау қажет.
Ауылдың тұрмыс-мәдениетін қала деңгейіне жеткізу қиялдан туған дейтіндер де табылар. Оған айтар уәжім: Өткен ғасырдың 60-70 жылдар арасында Қазақстанда тың өлкесіндегі совхоздардың орталығындағы тұрмыстық-мәдени жағдайлардың қалай шешілгенін еске саламын. Ол кездерде оңтүстік, орталық, шығыс облыстардың ауылы тұрмақ көптеген аудан орталығында жоқ тұрмыстық мәдениет осы тың совхоздарының орталығында болғаны белгілі. Осы мекен-жайларда орталық жылу, су жүйесі, байланыс, сауда, тұрмыстық қызмет көрсету және мәдени орталығы, қонақ үйі мен кафе-асханасы тұрғындарға қызмет көрсетті. Ал қазақ ауылдары мен аудан орталықтарында мұндай жағдай орындалмайтын арман еді. Ол кездерде аудан орталықтарын былай қойып кеңшарлар мен кіші-гірім қалалар теледидарды бірі көрсе, бірі көрмеді. Ал, қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның экономикалық мүмкіншлігі бар жағдайда ауылды көтеруге болмайды деудің өзі ұлтымызға қиянат жасау деп білеміз. Ауыл мәселесін шешу үшін тек ынталы, жігерлі және іскерлі қадам жасау керек. Ол үшін ел билігінде отырған азаматтар сөзден іске көшіп, халықтың мүддесін шын қорғайтын құлық көрсетуі қажет.
Біз ұлттық дамуымызды қазақты қалаландыру деген жаңсақ, ұлтымыздың менталитетіне қайшы бағытқа итермелеудің қателігін Польша, Балтық жағасы елдерінің ұлттық ерекшеліктерінің дамуына өзек болып отырған аграрлық саясаттары – хуторлардың тұрмыстық, мәдени дамуына аса көңіл бөліп отырғандары мысал бола алады. Тағы бір маңызды мәселе – бос қалған байтақ жерімізді келімсектердің иемденіп, келешекте ұрпағымыз Отанынан айырылуы қаупін де естен ешбір шығаруға болмайды.
Болат ДҮЙСЕМБІ,
саясаткер-экономист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі