ПЕДАГОГИКА ПСИХОЛОГ КӨМЕГІНЕ ЖҮГІНЕДІ
2026 ж. 25 наурыз
53
0
Қазіргі білім беру жүйесінде оқушылардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуы басты назарда. Осы тұрғыда мектептегі психологтердің атқаратын қызметі ерекше маңызды. Психологтер балалардың психологиялық ахуалын бақылап, оқу үдерісіне бейімделуіне, тұлғалық дамуына және білімді толық меңгеруіне қолдау көрсетеді. Сондықтан мектепте балалардың дұрыс әрі сапалы білім алуына психологтердің қосар үлесі зор екенін атап өту қажет.
Біздің басты назар аударатын мәселе – балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілеріне жедел ведомствоаралық әрекет ету, мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету және жәбірленуші бала мен оның отбасына кешенді қолдау көрсету. Мамандардың айтуынша, уақытылы әрекет ету өте маңызды, себебі кешігу баланың психологиялық жағдайына ауыр салдар әкелуі мүмкін.
Психологтер баланың эмоциялық күйіндегі күрт өзгерістерге ерекше назар аударады. Тұйықталу, үрей, агрессия, сабақ үлгерімінің төмендеуі – баланың қиын жағдайға тап болғанын көрсететін белгілер. Мұндай жағдайда мамандар баламен мұқият жұмыс істеп, тиісті органдарға ақпарат береді.
Алгоритмге сәйкес зорлық-зомбылық фактісі анықталған жағдайда ішкі істер органдары, прокуратура, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау органдары бірлесіп әрекет етеді. Қажет болса, бала қауіпсіз ортаға орналастырылады. Сонымен қатар жәбірленуші балаға және оның отбасына арнайы әлеуметтік және психологиялық қызметтер көрсетіледі.
Білім беру ұйымдарында психологиялық сүйемелдеу жұмысы да маңызды бағыттың бірі. Педагог-психологтер жәбірленуші балаға, оның ата-анасына және қажет болған жағдайда сынып ұжымына психологиялық қолдау ұйымдастырады. Жеке кеңес беру, травмаға бағытталған терапиялық әдістер, баланың эмоциялық тұрақтылығын қалпына келтіру және қайталама виктимизацияның алдын алу – осындай жұмыстың негізгі құрамдас бөліктері.
Ақпараттық қауіпсіздікке де ерекше назар аударылады. Мамандар баланың жеке деректерін қорғауға міндетті, әлеуметтік желілерде немесе БАҚ-та оның мәліметтерін жариялауға жол берілмейді. Бұл – баланың құқықтарын қорғаудың маңызды шарты.
Психологтердің кәсіби жауапкершілігі жоғары. Олар фактілерді жасырмай, заң талаптарын сақтап әрекет етуі тиіс. Эмоционалдық бейтараптықты сақтау және ведомствоаралық әрекет алгоритмін нақты меңгеру – кәсіби жұмыстың негізгі талаптары. Мамандардың айтуынша, әрбір уақытылы жасалған әрекет баланың болашағына оң әсер етеді. Сондықтан балалардың қауіпсіздігі – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Қарасай ауданы, «Елтай жайлы мектеп» КММ базасында Елтай аймақтық мектеп педагог-психологтерінің ұйымдастыруымен мектеп және колледж педагог-психологтеріне арналған «Сенім және көмек: жәбірленушілерге қолдау көрсетудің тиімді жолдары» тақырыбында супервизия өтті.
Супервизияның негізгі мақсаты – педагог-психологтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, жұмыс барысында кездесетін күрделі жағдайларды бірлесіп талдау, мамандардың эмоционалдық күйзелісін азайту, сондай-ақ тәжірибе алмасу арқылы кәсіби қолдау көрсету.
Шара аясында Алматы облысы бойынша психологиялық қолдау оқу-әдістемелік орталығының Қарасай ауданы бойынша үйлестірушісі Жасұлан Нұртазаев аудан педагог-психологтеріне осы алгоритм бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Қазіргі білім беру жүйесінде педагог-психологтердің рөлі ерекше. Олар оқушылардың психологиялық саулығын сақтауға, түрлі қиын жағдайларды шешуге, балалар мен ата-аналарға қолдау көрсетуге бағытталған маңызды жұмыстар атқарады. Осындай күрделі әрі жауапты қызметті тиімді орындау үшін мамандарға кәсіби қолдау мен тәжірибе алмасу алаңдары аса қажет. Солардың бірі – супервизия.
Іс-шара барысында қатысушылар білім беру ұйымдарында кездесетін түрлі жағдайларды талқылап, жәбірленуші балаларға психологиялық көмек көрсету жолдарын қарастырды. Нақты мысалдар мен тәжірибелік жағдайлар негізінде мамандар өз пікірлерін білдіріп, тиімді әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Сенімді қарым-қатынас орнату, қауіпсіз психологиялық орта қалыптастыру және этикалық нормаларды сақтау мәселелері де кеңінен талқыланды.
Супервизия педагог-психологтер үшін кәсіби тұрғыдан ғана емес, эмоционалдық тұрғыдан да маңызды алаң болып табылады. Маман өз тәжірибесінде кездесетін күрделі жағдайларды талдап, әріптестерінен қолдау алады. Бұл кәсіби шаршаудың алдын алып, жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мұндай кездесулер педагог-психологтердің кәсіби дамуына оң ықпал етіп қана қоймай, білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің сапасын арттыруға да септігін тигізеді. Сондықтан педагог-психологтерге арналған супервизиялар – қазіргі таңда аса қажетті әрі маңызды кәсіби қолдау формаларының бірі.
Шара барысында психолог мамандар психологиялық сергіту жаттығуларын жасап, эмоционалдық күйді тұрақтандырудың әдіс-тәсілдерін ортаға салды. «Сенім көпірі» тренингі барысында сенімді қарым-қатынас орнату, эмпатия және белсенді тыңдау дағдыларын дамытуға арналған тапсырмалар орындалды.
Сонымен қатар мамандар «БаДуанЦзинь» жаттығуын жасау арқылы бір-бірімен тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдай түсті.
Сәния ҚОСАН,
«Б.Тамабаев атындағы орта мектеп» КММ педагог-психологі