ҰЛТТЫҢ ҮНБАЙРАҒЫ ЖАҢА БЕЛЕСКЕ КӨТЕРІЛДІ

ҰЛТТЫҢ ҮНБАЙРАҒЫ ЖАҢА БЕЛЕСКЕ КӨТЕРІЛДІ

Алматыдағы «Радио үйі» ғимаратында «Шалқар» радиосының толық жөндеуден өткен жаңа студиясы салтанатты түрде ашылды. Жаңа студияға қазақтың тұңғыш радиодикторы, Қазақ радиосының ардагері, КСРО-ның құрметті радисі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мина Сейітованың есімі берілді.

Салтанатты шараға радио саласының ардагерлері, қазіргі қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Студияның тұсаукесер рәсімінде Руслана Құдайбергенова, Сауық Жақанова, Алтын Иманбаева сынды радионың бірқатар аға буын өкілдері сөз сөйлеп, бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті. Жаңа студия «Шалқар» радиосының 60 жылдық мерейтойы аясында, талай дикторға тәлім берген ұстаз, радио өнерінің көрнекті өкілі Мина Сейітованың жарқын есімін ұлықтау мақсатында ашылды.

Сөйтіп жаңа студиядан «Шалқар» радиосының тікелей эфирдегі оннан астам бағдарламасы тыңдарманға жол тартты. Заманауи үлгіде жабдықталған студия қабырғасына Мина Сейітованың портреті орналастырылып, интерьерде Астана мен Алматы қалаларының көрікті жерлері бейнеленген. 

 «Ұлттың үнбайрағы» атанған «Шалқар» радиосы қазақ руханиятындағы ерекше құбылыс деп айтуға болады. Кеңес Одағының қызыл саясаты белең алып тұрған шағында таза ұлттық арнаның, тек қана қазақ тілінде хабар тарататын, ән-күй, жыр-дастандар беретін «Шалқар» атты бағдарламаның, ұлттық радионың өмірге келуі – бұл сол тұстағы, сол замандағы ұлтын сүйген, елінің қадір-қасиетін, болашағын ойлаған ардақты аға-апаларымыздың ерлігі деп айтуымызға толық негіз бар. 1960 жылдардың ортасында Мәскеуде «Маяк», Украинада «Промин» деп аталатын алғашқы ақпаратты-сазды бағдарламалардың дүниеге келуі қазақ халқына да өз пайдасын тигізді. Кең байтақ Қазақстанның түкпір-түкпіріне орталықтан таралатын саяси-қоғамдық хабарларды айтпағанның өзінде, қазақтың әдебиеті мен мәдениеті туралы хабарлар шалғайдағы еңбек адамдарына жете бермейтін. Бұл да өз кезегінде сол кезеңнің көкейкесті мәселесі болып тұрған еді. Мәскеудің «Маягы» мен Украинаның «Проминін» алға тартқан Қазақ радио комитеті басшылары да Орталық Комитет арқылы Мәскеуге талай-талай хат-хабар жолдап, Қазақстанда да ұлттық бағдарлама ашудың қажеттілігін күн тәртібіне қойды. 

Қазақ радиосының ардагер журналисі, «Шалқар» радиосының алғашқы редакторларының бірі Руслана Құдайбергенова апамыздың айуынша, бұл ретте Қазақ радиосының журналисі, Ұлы Отан соғысының ардагері Мифтах Жантикин ағамыздың еңбегі зор. Көбіне сырғытпа жауаппен, келер күннің еншісіне қалдыра берген соң радио басшылығы екі тілде бірдей сөйлей алатын, жаза алатын кәнігі журналист Мифтах ағамызды 1965 жылы Мәскеуге тиісті құжаттармен аттандырған екен. Әлденеше рет қатынай отырып, тіпті соңында Мәскеуде екі ай жатып, қажетті құжаттарды Қазақстаннан алдыртып отырып, «Шалқар» бағдарламасын ашуға бұйрық шығартып қайтқан көрінеді. Сол тұстағы Қазақстан Орталық Комитетінің, қазақ зиялыларының, Қазақ радиосы басшылығының және Мифтах ағамыздың табандылығының арқасында «Шалқар» бағдарламасы Қазақ радиосының «Соңғы хабарлар» редакциясы аясында әуе толқынына жолдама алды.

Дауылпаз диктор, Қазақстанның Халық артисі Әнуарбек Байжанбаев ағамыз 1966 жылдың 1 қаңтарында кешкі сағат жетіде ақпаратты-сазды «Шалқар» бағдарламасы дүниеге келгенін хабарлаған. Қазақ радиосының жиілігінен бөлек жеке арнада эфирге шыққан «Шалқар» бағдарламасы тек қана еліміздегі ғана емес, күллі қазақ халқының ортақ жеңісі деуге болады. Өйткені «Шалқар» алдымен екі сағат қана эфирге шықса, біртіндеп уақыты ұзара келіп, тәулік бойы эфирге шыққан кездері болған. Сонымен қатар, «Шалқарды» кезінде, бүкіләлемдік Интернет байланысы жоқ заманда Қазақстаннан тыс Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан тағы басқа да шет елдердегі қандастарымыз тыңдауға мүмкіндік алды.

«Шалқардың» керегесін кеңейтіп, шаңырағын көтеріскен: Мифтах Жантикин, Едіге Әбдіғапаров, Таңатқан Рсаев, Бек Дәулетбаев, Кенжебек Есімов, Мадрид Рысбеков, Уақап Қыдырханұлы, Зәмзам-Шариф Тарғақов, Мансұр Сағатов, Дулат Исабеков, Досан Жанботаев, Жеңіс Қашқынов, Кеңесжан Шалқаров, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Мәлік Қарағұлов, Сәркен Оспанов, Кекілбай Нүсіпбеков, Нұрсейіт Ерубаев, Санақбай Бөлеков, Абай Өтегенов, Уәлихан Шыңғысұлы, Ахат Жақсыбаев, Қасымхан Ерсарин, Жеңіс Ақпанбет, Серік Тұрғынбеков, Руслана Құдайбергенова, т.б. аттары аталған-аталмаған аға-апаларымызды «Шалқар» радиосының бастауында тұрған ардагерлер деп айта аламыз. Одан бері де Қазақ радиосының құрамындағы «Шалқар» радиосының қалыптасып, дамуына көптеген ардагерлер тер төкті, еңбек етті. Тұрғынбек Шопанов, Махмет Түменбаев, Мұқай Бәйсейітов, Сағынғали Өтәлиев, Үмбет Әбназаров, Айтмұқаш Сәдуақасов, Сейітмахан Қоңқақов, Төлеу Қосанұлы, Жұмаш Ақыпбекова, Гүлсара Қабланова, Сансызбай Бидақыметов, Ғалия Бақбергенова, Кенжебек Әбдімәуленов, Тілеуберді Досбаев, Көпен Әмірбек, тағы да Ғалым Есенсариев, Аманжан Еңсебайұлы, Қалқаман Сарин, Болатбек Төлепберген т.б. сынды азаматтар «Шалқарды» дүйім елге танытты, керегесін қатайтып, шаңырағын биіктетті.  

«Шалқар» – алдымен бағдарлама аталса, одан кейін екінші республикалық арна, «Шалқар» ұлттық арнасы, одан кейін «Шалқар» радиосы атанды. Осы даму жолында «Шалқар» радиосы қазақтың ұмытыла бастаған жыр-дастандары мен қиссаларын, әні мен күйін әуе толқыны арқылы шалқытып, елдің рухын көтерді, ұлттың түп-тамырына бойлауына жол ашты. Сол арқылы «Шалқар» қазақтың төл тарихын, шежіресін түгендеп, «өшкенімізді жандырып, өлгенімізді тірілтіп» келеді.

Бұл күнде «Шалқарды» ел тыңдаушыларының 73%-ы тыңдай алады. Бұл жұмыстар, «Шалқар» хабарларын ауыл-ауылға, шекаралас елді мекендерге тарату ісі әлі де жалғасын тауып келеді. «Шалқарды» ғаламтор арқылы дүниенің кез келген нүктесінен тыңдауға мүмкіндік те бар. Сонымен қатар бұл күнде радионы тыңдап қана қоймай, әлеуметтік желілер арқылы көруге де болады. «Шалқардың» алғашқы видеоконтенті 2013 жылдан бастап жарық көре бастаса, бұл күнде радиолардың мүмкіндігі бұрынғыдан да кеңейе түсуде. Мұндағы мақсат – «Шалқардың» құнды хабарларын тыңдайтын, әлеуметтік желілер арқылы көретін өз көрермені мен тыңдармандарын табуына мүмкіндік жасау.

2020 жылдан бері «Шалқар» радиосы бірыңғай ұлттық руханият, әдебиет пен мәдениет, дәстүрлі ән-күй, бұрынғы Қазақстан композиторларының шығармалары орындалатын және «Алтын қорымыздағы» құнды хабарлар берілетін арна болып қалыптасты. Осы ретте «Алтын қорымыздағы» алтын дауыстар «Шалқар» радиосының да зор мақтанышы деп санауымыз керек. Ондағы қазақтың тарихы мен әдебиетіне, өнері мен мәдениетіне еңбегі сіңген бірегей тұлғалар – Мұстафа Шоқай, Әміре Қашаубаев, Латиф Хамиди, Бауыржан Момышұлы, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Күләш Байсейітова, Шәкен Айманов, Әнуарбек Байжанбаев, Шәмші Қалдаяқов, Мұқағали Мақатаев, Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев, Зейнеп Қойшыбаева, Кәукен Кенжетаев, Ескендір Хасанғалиев, Венера Қармысова, Нұрғали Нүсіпжанов, Суат Әбусейітов, Сауық Жақановалардың т.б. дауыстары әлі талай ұрпақтың рухани қазынасы болып қала беретіндігі күмәнсіз.

«Шалқар» радиосы – талай дарынды журналистер мен дикторлардың, өнер мен сөз қадірін түсінген мамандардың шығармашылық мектебі. Бұл ортада шыңдалған мамандар қазақ журналистикасының дамуына елеулі үлес қосты. Радио тек хабар таратып қана қоймай, жаңа буын мамандарын тәрбиелеп, ұлттық журналистиканың кәсіби деңгейін көтеруге қызмет етті. Бүгінгі күні де бұл үрдіс жалғасып, жас мамандар үшін үлкен тәжірибе алаңына айналып отыр.Уақыт өзгерді, технология дамыды, ақпарат тарату тәсілдері жаңарды. Соған қарамастан, радионың қоғамдағы орны әлсіреген жоқ. Керісінше, ақпараттың жылдам ағымында адамға тыныштық сыйлайтын, ойландыратын, ұлттық тамырмен байланыстыратын құрал ретінде оның маңызы арта түсті. «Шалқар» радиосы осы өзгерістер кезеңінде де өзінің бағытынан жаңылмай, дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіре білді. Бұл – ұжымның кәсіби біліктілігі мен ұлттық жауапкершілігінің айқын көрінісі.

Алпыс жылдық тарих — бұл тек уақыт өлшемі емес, ол мыңдаған хабар, миллиондаған тыңдарман, сансыз тағдырлар мен естеліктер. Радио эфирінен берілген әрбір ән, әрбір сөз, әрбір ой халық жадында сақталып, рухани мұраға айналды. Сондықтан «Шалқар» радиосының тарихы — қазақ халқының мәдени және ақпараттық даму тарихының ажырамас бөлігі.

 Радио алғаш құрылған күннен бастап ұлттық өнер мен әдебиетті, халықтық мұраны, дәстүрлі құндылықтарды насихаттауды басты мұрат етіп ұстанды. Арнаның атауы - «Шалқар». Кеңдік пен тереңдікті, молдық пен рухани байлықты білдіретін бұл атау ұжым тарапынан қолдау тауып, жаңа радио дәл осы мағыналы әрі көркем есімге ие болды. Уақыт өте келе бұл атау қазақ тыңдарманы үшін ұлттық рухтың символына айналды. Бүгінде «Шалқар» радиосы елдің рухани сұранысына жауап беретін, мазмұны терең, бағыты айқын ұлттық арна ретінде өз тыңдарманын қалыптастырды.

Арнаның басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық және рухани құндылықтарын кеңінен дәріптеу, әдебиет пен өнердің озық үлгілерін халыққа жеткізу. «Өнерім – өмірім», «Атадан қалған асыл сөз», «Жеті ғасыр жырлайды», «Алтын тамыр» сынды хабарлардан бастау алған игі дәстүр кейін «Бүгінгі әдебиет», «Ғасыр ғибраттары», «Күй-шежіре», «Сал домбыра», «Інжу-маржан», «Терме» тәрізді мазмұнды бағдарламалармен жалғасын тапты. Бұл жобалар арқылы қазақтың ән-күйі, сөз өнері, тарихи танымы мен рухани мұрасы тыңдарманға үздіксіз ұсынылып келеді.

«Шалқар» радиосының эфирінен қазақ өнерінің көрнекті өкілдерінің дауысын тыңдау – ұлттық мәдениеттің алтын қорымен қауышумен тең. «Замана бұлбұлдары», «Бізге қымбат дауыстар» айдарлары арқылы Жүсіпбек Елебеков, Жәнібек Кәрменов, Жамал Омарова, Роза Бағланова сынды өнер саңлақтарының мұрасы тұрақты түрде насихатталып келеді. Өнер қайраткерлерінің үнтаспаға жазылған шығармаларын сақтау және халыққа жеткізу – арнаның мәдени жауапкершілігінің айқын дәлелі. «Шалқар» радиосы қазір ұлттық мәдениетті дәріптейтін, мазмұны терең, бағыт-бағдары айқын рухани арна ретінде тыңдарман қауымның зор ықыласына ие болып отыр. Радионың басты миссиясы – қазақ халқының ұлттық және рухани құндылықтарын сақтау, насихаттау және кейінгі ұрпаққа жеткізу. 

Бүгінде мазмұнды жобалармен жалғасын тауып, ұлттық мәдениеттің алтын арнасын қалыптастырды. 2012 жылы Астана қаласындағы заманауи үлгіде салынған «Қазмедиа орталығына» көшуі шығармашылық жұмыстардың жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік берді. Заманауи сандық технологиялардың енгізілуі арнаның мультимедиялық кеңістікке бейімделуіне жол ашты. Ал 2014 жылдың ақпан айынан бастап «Шалқар» ұлттық арнасы дербес радио ретінде қайта құрылып, өз бағытын одан әрі нығайта түсті.

«Шалқар» ұлттық арнасының тағы бір маңыздылығы – хабарлардың толықтай мемлекеттік тілде жүргізілуі. Радио эфирінде қазақ тілінің табиғи тазалығы, сөз мәдениеті, әдеби нормалары сақталып, тыңдарманға үлгі ретінде ұсынылады. Бұл – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп қана қоймай, оның қоғамдық маңызын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс. Радио жүргізушілерінің сауатты сөйлеуі, көркем тіл қолданысы мен ұлттық сөз өрнегін сақтау дәстүрі қазақ тілінің мәртебесін көтеруге елеулі үлес қосып келеді. Бүгінгі жаһандану кезеңінде ұлттық болмысты сақтау мен рухани құндылықтарды дәріптеудің маңызы арта түскені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, «Шалқар» радиосы – халықтың тарихи жадын жаңғыртып, ұлттық сана мен мәдени сабақтастықты сақтауға қызмет етіп отырған маңызды ақпараттық-рухани алаң. Арна эфиріндегі әдеби, мәдени және танымдық бағдарламалар тыңдарманды тек ақпараттандырып қана қоймай, ойлануға, өткенді бағалауға, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге үндейді.

Радио арқылы таралатын мазмұнды бағдарламалар, дәстүрлі музыка мен әдеби мұра үлгілері жас ұрпақтың ұлттық дүниетанымын қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан «Шалқар» ұлттық арнасының қоғамдағы орны ақпарат кеңістігімен ғана шектелмей, тәрбиелік және ағартушылық мәнімен де ерекшеленеді.

«Шалқар» радиосы – өткен мен бүгінді сабақтастырып, болашаққа бағыт сілтеген рухани арна. Сондықтан оның тарихы мен тағылымы қазақ қоғамының мәдени дамуымен тығыз байланысты құндылық ретінде бағаланады.Ұлттық үнді сақтап, халықтың рухани сұранысына қызмет етіп келе жатқан «Шалқар» радиосының ғұмыры ұзақ, алар асуы биік болғай!

Болатбек Төлепберген,

 «Шалқар» радиосының Бас редакторы