БАЛА САУЛЫҒЫ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ
2026 ж. 19 наурыз
37
0
Қызылша – қауіпті дерт
Қазіргі таңда елімізде қызылша дерті өршіп тұр. Аурудың кең етек алуы көпшіліктің алаңдаушылығын туғызып отыр. 2026 жылдың басынан бері Қазақстанда қызылшаның 1950-ден астам жағдайы тіркелді. Ауру көрсеткіші әлі де өсіп келеді, науқастардың басым бөлігін балалар құрайды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, олардың көпшілігі қызылшаға қарсы екпе алмаған.
Қазіргі таңдағы статистикалық көрсеткіш вакцинацияның болмауы мен жұқтыру қаупі арасындағы тікелей байланысты көрсетіп отыр. Ауырғандардың шамамен 79 пайызы вакцинаның бірде-бір дозасын алмағандығы анықталып отыр. Сондай-ақ, 18 пайызы тек бір рет егілген, ал небәрі 3 пайызы екі дозадан тұратын толық вакцинация курсынан өткен болып отыр. Дәрігерлердің сөзінше, ұжымдық иммунитет деңгейінің төмендеуі инфекцияның жылдам таралуына тікелей себепші болып отыр.
Балалардың екпе алмауына ата-аналардың саналы түрде екпеден бас тартуы түрткі болып отыр. Мұндай жағдайлар 59 пайызды құрауының өзі қоғамның аурудан сақтануға салғырт қарап отырғандығын көрсетеді. Ал 27 пайызы – жоспарлы вакцинация жасына әлі жетпеген сәбилер болса, 14 пайызы – уақытша медициналық қарсы көрсетілімі бар балалар. Жалпы айтқанда, дерт дендеп кетпеуі үшін атқарылар іс ауқымды болып тұр.
Алматы еліміздің ең ірі мегаполисі болғандықан, өзге қалаларға қарағанда аурудың көрсеткіші жоғары болып отыр. Жыл басынан бері аталмыш аурумен ауырған 591 науқас тіркелген. Тарқатып айтар болсақ, ең көп науқас Алатау ауданында – 239 болса, одан кейінгі тізімді Наурызбай, Бостандық және Әуезов аудандары жалғап тұр. Ауруға шалдыққандардың 89 пайызы қызылшаға қарсы екпе алмағандар. Ал 94 пайызы 14 жасқа дейінгі балаларды құрайды.
Алматы қаласының бас санитариялық дәрігері Қасымхан Алпысбайұлы қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түсуіне вакцинацияның жеткіліксіздігі де инфекцияның кең таралуына түрткі болған көрінеді. Ауру ошағында жедел түрде эпидемияға қарсы іс-шаралар дер кезінде жүргізілген. Қызылша жұқтырғандармен байланыста болған 6 мыңнан астам адам толыққанды медициналық бақылауға алынған. Сондай-ақ, 700-ден астам адам эпидкөрсеткішке сәйкес вакцинациядан өтті.
Осы орайда ауруға қарсы қарқынды күрес жүргізу мақсатында қала көлемінде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, бұл тұрғыда балаларды толықтыру мен қосымша иммундау жұмыстары да белсенді жүргізілді. Оның ішінде бір жас пен алты жасқа толған, бұрын екпе алмаған 18 жасқа дейінгі балалар және 6-10 айлық сәбилер жоспарлы түрде қосымша вакциналанды. Жыл басынан бері қала бойынша 7 мыңнан астам бала қызылшаға қарсы екпе алды. Медицина қызметкерлері тарапынан бұл бағытта тындырымды тірліктер атқарылуда. Ауруды ауыздықтау үшін жүйелі жұмыс өз жалғасын таба бермек.
Ел көлемінде орын алған жағдайға Денсаулық сақтау министрлігі де бей-жай қарамай, мүмкіндігінше аурудың алдын алуға шақыруда.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қызылша ауруы өршіп тұрған кезеңде ата-аналардың балаларын қорғауы – кезек күттірмейтін мәселе екендігін атап айтты. Осы орайда сала басшысы вакцинацияның қауіпсіздігі мен тиімділігін атап, қызылшаның пневмонияға, нерв жүйесінің зақымдануына және басқа да асқынуларға әкелуі мүмкін екенін ескертті.
– Ана ретінде де, дәрігер ретінде де мен әрбір ата-ана үшін ең басты құндылық – баласының қауіпсіздігі екендігін өте жақсы білемін. Республика бойынша қызылша ауруының өсуі тіркелгені белгілі. Осы орайда біз бұл «қарапайым балалар инфекциясы» емес екендігін ескеруіміз керек. Қызылша – ауыр асқынуға алып баратын қауіпті әрі жұқпалы аурулардың бірі. Оның ақыры пневмония, нерв жүйесінің зақымдануы сынды және басқа да күрделі салдарға әкелуі әбден мүмкін. Әсіресе ерте жастағы балалар осал келетіндіктен, оларды мейілінше қорғауды қажет етеді, – деді ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына салған үндеуінде.
Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің тарапынан бірқатар профилактикалық шаралар қабылданған. Ведомство басшысы балаға екпе жасату арқылы тек өз балаңызды ғана емес, өзге балаларды да қорғауға болатынын атап көрсетті.
Екпе – қорғанудың ең тиімді тәсілі
Ауру асқынып тұрған мезетте екпе алу – аса маңызды. Мұны көпшілікке түсіндіру, екпе алуды ел арасында кеңінен насихаттау да аурумен күресте оң нәтижеге жетуге бастайтын негізгі жолдың бірі. Осы орайда мәселенің мәнісіне тереңірек үңілуге тырыстық.
Қазақстанда соңғы 8 жылда вакцинадан бас тарту жағдайлары 4,8 есе өскен. Бұл үрдіс ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне әкеліп, қызылшаның таралуын тежейтін шараларды қиындатуда. Жұқтырғандардың 77%-ы екпе алмаған адамдар, ал олардың 55%-ында вакцина алмаудың негізгі себебі – ата-аналардың бас тартуы.
2026 жылдың басынан бері елімізде қызылшаның 4184 жағдайы тіркелді, оның 83,8%-ын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Өткен аптада сырқаттану көрсеткіші алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 1,3 есеге өскен. Бұл негізінен балалардың вакцинациямен жеткіліксіз қамтылуына байланысты.
Министрлік инфекция ошақтарын оқшаулау, ауру ошағында байланыста болғандарға шұғыл вакцинация жүргізу, балаларды жоспарлы және толықтырушы вакцинациялау сияқты ауқымды эпидемияға қарсы шараларды жалғастырып жатыр. Сонымен қатар байланыста болған адамдар 21 тәулік бойы күнделікті медициналық бақылауда, ал балабақшаларда қызылша жағдайлары тіркелген кезде екпе алмаған балалардың келуі уақытша шектеледі.
Сонымен қатар барлық өңірде медицина қызметкерлері үшін вакцинамен басқарылатын инфекцияларды диагностикалау және пациенттерді клиникалық жүргізу мәселелері бойынша 4 000-нан астам семинар өткізілген.
Қарасай аудандық көпсалалы ауруханасының отбасылық дәрігері Меруерт Өтегенова қызылшаның ең ауыр асқынулары мидың қабынуы (энцефалит), өкпе қабынуы және құлақ ауруларына әкеліп соқтыратындығын айтып дабыл қағуда. Дәрігердің сөзінше, әсіресе вакцина алмаған балаларда ауруға қарсы тұрарлық иммунитет болмайды. Жүкті әйелдер қызылшаға шалдығатын болса, ерте босану немесе түсік тастау сияқты ауыр жағдайларға ұшыруы мүмкін. Сонымен қатар ересектерде, әсіресе созылмалы аурулары бар адамдарда, қызылша өте қиын өтеді.
– Қызылшадан қорғанудың жалғыз тиімді жолы – дер кезінде вакцина алу. Қазіргі уақытта екпені алу бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Вакцина екі кезеңнен тұрады: бірінші кезеңнен кейін иммунитет толық қалыптаспауы мүмкін, ал екінші кезеңнен кейін толық иммунитет пайда болады. Екі кезеңді вакцина алған балалардың ауруға шалдығуы сирек кездеседі, ал ауырған жағдайда да ауру жеңіл өтеді, – дейді дәрігер.
Қызылша – ауа арқылы жұғатын жедел вирустық инфекция болып табылады. Ауру қарапайым тұмау сияқты басталуы мүмкін. Десе де, негізгі белгілері айқын: дене температурасы 39-40 градусқа дейін көтеріледі, көз қызарады, ауыз қуысының шырышты қабатында ақ дақтар пайда болады, – деп дәрігер аурудың қалай пайда болатынына тоқталып өтті.
Маман пікірінше, аурудың төртінші-бесінші күнінде беттен бастап аяққа дейін бөртпе шығады. Инкубациялық кезеңі 7-21 күнді құрайды. Аурудың алғашқы белгілері шамамен 10 күн ішінде байқалады. Көбіне балалар ауыратындықтан, оларға аса сақ болуы қажет. Бала кезінде ауырмаған немесе екпе алмаған ересектер жұқтырған жағдайда олардың ауруы ауыр өтетін көрінеді.
– Вирус адам түшкіргенде немесе жөтелгенде ауада бірнеше сағат бойы сақталады. Сосын барып, өзгелерге таралады. Бір науқас 18-20 адамға дейін инфекция таратуыәбден мүмкін. Сондықтан қызылшамен байланыста болған жағдайда 72 сағат ішінде вакцина мәртебесін тексеру аса маңызды. Егер екпе алмаған болса, жергілікті емханаға барып вакцина алуы тиіс. Уақытылы салынған екпе аурудан қорғайды. Алмаған адамдарда ауру асқынып, энцефалит, отит, пневмония сынды ауыр дертке шалдығуы әбден мүмкін, – деп ескертеді дәрігер.
– Қызылша инфекциясы көптеген жылдар бойы тек вакцинацияның арқасында бақылауда ұсталып келеді. Елімізде қолданылатын вакциналар сапа талаптарына толық сай. Сол себепті ата-аналар әлеуметтік желілердегі алып-қашпа пікірлерді тыңдап, негізсіз үрейге бой алдырмай, уақытылы екпе алса ғана ауруға қарсы тұруға болады. Жалған ақпарат жарға жығатынын жұрт білуі керек деп ойлаймын. Екпе алмаған жағдайда адам тек қызылшаны ғана емес, өзге де жұқпалы инфекцияларды жұқтырып, өз денсаулығына қауіп туғызуы мүмкін. Ауру ауыр түрде өткен жағдайда, ағзаның қайта қалыпқа келуі ұзаққа созылады. Әсіресе балалар мен созылмалы ауруы бар адамдар үшін қауіп жоғары, – дейді Меруерт Маратқызы.
Қызылшаға қарсы шаралар күшейтілді
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық шаралар кешенін күшейтті. Аурудың таралуын тежеу үшін қосымша иммундау науқаны кеңейтілді. Атап айтқанда, жағдай тұрақталғанға дейін 6-10 айлық балаларға қосымша вакцина енгізілді. Бұған қоса, бұрын екпе алмаған 2-5 және 7-18 жас аралығындағы балаларға, сондай-ақ вакцина алғаны расталмаған 30 жасқа дейінгі медицина қызметкерлеріне толықтыру иммундауы жүргізілуде.
Эпидемияға қарсы шаралар аясында медициналық ұйымдардағы санитариялық талаптар күшейтіле түсті. Сонымен қатар ауруханаға жоспарлы жатқызу тәртібі қайта қаралды. Балабақша, мектеп сияқты ұйымдасқан ұжымдарда және әскери бөлімдерде қызылшаға қарсы екпе алмаған азаматтарды уақытша шектеу шаралары қолға алынды.
Өз кезегінде қабылданған шаралар нәтижесін беруде. Ауру көрсеткішінде аздап төмендеу байқалады. Атап айтқанда, алдыңғы аптада тіркелген 417 жағдаймен салыстырғанда қызылша деректері 311-ге дейін азайды. Яғни 106 жағдайға немесе 25,4 пайызға төмендеген. Десе де, әлі арқаны кеңге салуға негіз жоқ. Эпидемиологиялық жағдай әлі толық тұрақталған жоқ.
Сала мамандарының айтуынша, ауру жұқтырғандардың басым бөлігін 14 жасқа дейінгі екпе алмаған балалар құрайды. 2026 жылдың басынан бері ел бойынша қосымша иммундау жұмыстары жалғасып келеді. Атап айтқанда, 6-11 айлық 36,7 мың бала қосымша вакцинамен қамтылған. Сонымен қатар жоспарлы вакцинация аясында 1 жастағы 21,4 мың бала (6,7%) және 6 жастағы 17 мың бала (4,7%) екпе алды.
Бұдан бөлек, толықтыру иммундауы арқылы 18 жасқа дейінгі 8,1 мың адам вакцина егілген. Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық жағдайды бақылауды жалғастырып, алдын алу шараларын күшейтіп отыр.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп дана халқымыз айтпақшы, екпеден бас тартып, ауруды одан әрі асқындырғанша, екпе алып, балаларымыздың денсаулығын сақтауға тырысқанымыз абзал. Себебі, дені сау ұрпақ қана кемел келешегіміздің кепілі болмақ.
Гүлмира САДЫҚ