ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҰПАЙЫ ҚАШАНҒЫ НӨЛ БОЛАДЫ?!. - Қазыбек Иса (видео)

ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҰПАЙЫ ҚАШАНҒЫ НӨЛ БОЛАДЫ?!. - Қазыбек Иса (видео)

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛУІ МІНДЕТТІ БОЛУ КЕРЕК!

Бүгін 2026 жылдың 18 наурызында ҚР Парламенті Мәжілісі Жалпы отырысында “Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы” “Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бірінші оқылымда қабылданды.

Біз ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” фракциясы мүшесі Қазыбек Исаның ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайға Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді меңгеруі міндетті болуы туралы төтесінен қойылған өткір сұрағын жариялап отырмыз.

Құрметті Дархан Медеғалиұлы!

Осыдан екі жыл бұрын 2024 жылы Мемлекеттік тіл жөніндегі ведомоствоаралық Үкімет комиссиясында да осы сұрақты қойғанымда мемлекеттік қызметкерлердің саны 89 мың деп айтқансыз. Екі жылдан бері көбейген де болар, мейлі дөңгелектеп 100 мың деп алайық. Бұл 20 миллионнан асатын халықтың 0,5 пайызы. Ал мемлекеттік қызметкерлердің 90 пайыздан астамы қазақтар екенін де өзіңізден естігенбіз. Сонда 100 мыңдай мемлекеттік қызметкердің көп болса 10-15 пайызы ғана мемлекеттік тілді білмейді деуге болады. Бұл 20 миллионнан асатын халықтың 0,05 пайызы. 

Осы 0,05 пайыз мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкерлер үшін ғана мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді міндеттеу қашанғы кейінге шегеріле береді?

Бұл 20 млн демей-ақ қояйық, 15 миллион мемлекет құрушы қазақ халқына жасалып жатқан тілдік дискриминация емес пе?

Биыл Тәуелсіздік алғанымызға 35 жыл толады!

Мемлекеттік қызметке тұру үшін Қазтест сынақ алғанда Қазақ тілін білу туралы сұрақтарға 0 ұпай, нөл балл қойылады?!.

Қазақ Елінде Қазақ тілінің - Мемлекеттік тілдің балы қашанғы 0 болады?!.

Қазақ тілін білу деңгейіне қашан баға қойылады?!.

Мемлекеттік қызмет агенттігінің Қазтест талабына мемлекеттік тілдің мүддесін қорғау үшін қашан түзету енгізіледі?!.

Біз депутат Самат Мұсабай екеуміз осыған байланысты осы заң жобасына Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білуі туралы тиісті норма енгіздік. 

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың “Қазақстанның азаматтары мемлекеттік тілді білуі парыз және міндетті” деген тапсырмасын орындау ең алдымен Мемлекеттік қызметкерлердің міндеті емес пе?!. Ол үшін алдымен Мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдау керек!

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛУІ МІНДЕТТІ!

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай:

-Рахмет құрметті Қазыбек Жарылқасынұлы! 

Өзіңіз айтқандай осы заң жобасына тиісті норма енгізген екенсіздер. Екінші оқылымға дейін осы Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білуі туралы норманы бірге талқылайық. Рахмет.

Депутат Қазыбек Исаның сұрағын депутат Самат Мұсабай қолдап сөйледі:

- Мемлекеттік тілге қатысты көптеген сұрақтардың пайда болуының себебі бар болып тұр. Осы қаралып отырған заң жобасының Парламент Мәжілісінде презентациясы жасалған жоқ. Яғни, депутаттардың осы заң жобасына берген түзетулері талқыланбай, біржақты сіздің агенттік жағынан қабылданбай қалды. Еш талқылаусыз бірінші оқылымға шығарылып отыр. Менікі нақтылау сұрағы. Жаңа Қазыбек Исаның сұрағына байланысты. Сіздің ойыңызды, нақты айтқаныңызды қалап отырмыз. Жалпы мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді міндеттеуге қашан нақты талап қойылады?

-Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білуі міндетті!-деп жауап берді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Дархан Жазықбай.

Енді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының сөзі мен ісінің бірлігін алдағы заң жобасын талқылаудың екінші кезеңі көрсетеді.

Қазыбек Иса айтқандай, 35 жылдан бері Мемлекеттік қызметкердің мемлекеттік тілді білмей келуі парадокс қой шынында да.

Азамат ТАСҚАРАҰЛЫ,

Қазақ үні