АЗАМАТТЫҚ АЛУ ҮШІН ҚАНДАСТАРДАН ҚАЗАҚ ТІЛІНЕН ТЕСТ АЛУ ЗАҢСЫЗ
2026 ж. 12 наурыз
2790
0
Қандастарымыз Қазақстан азаматтығын алуда алдарынан күтпеген тосқауылдарға тап болуда. Этникалық қазақтардан Тұрақты тұруға ықтиярхат алу үшін Қазақ тілінен, ел тарихы мен Конституциясынан тест тапсыруды талап етуде. Бұл мәселе бойынша қандастар мәселесімен айналысатын ұйымдар парламентке, менің атыма да жиі хат жазуда. Желілерде де сұрау салуда? Бірден айтарым, Үкіметтің 2026 жылға арналған
Көші-қон жөніндегі жаңа тәртібіндегі қандастардан тест тапсыруды талап ету - Заңға қайшы!
“Ақ жол” партиясы талай жылдан бері көтеріп, Мемлекеттік және ұлттық мүддені қорғаудағы маңызы өте зор бұл ҚР Азаматтығын алу үшін Мемлекеттік тілден, Ел Конституциясы мен тарихынан емтихан тапсыратын талапты 2024 жылы заңға енгізген еді, ол ұсынысты Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, яғни, мен өз қолыммен ұсынғанмын, оны жақсы білесіздер.
Яғни, осы “Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабы, 14 тармақшасы бойынша этностық қазақтар емтихан тапсырмайтыны айқын жазылған.
Сондықтан біз Үкіметке жазбаша депутаттық сауал жолдадық.
Сабыр сақтаңыздар, бұл
мәселе шешілуі керек!
Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты
ҚР Премьер-министрі О.Бектеновке
депутаттық сауал
Құрметті Олжас Абайұлы!
АЗАМАТТЫҚ АЛУ ҮШІН ҚАНДАСТАРДАН ҚАЗАҚ ТІЛІНЕН ТЕСТ АЛУ ЗАҢСЫЗ
ЗАҢНАМАЛЫҚ АНЫҚТАМА
Шет елден тарихи Отанына қайтып жатқан этникалық қазақтарға (қандастарға) «Қандас» мәртебесін беру процесінде жасанды кедергілер, атап айтқанда қазақ тілі бойынша емтихан (КАЗТЕСТ) тапсыру талабы енгізілген. Бұл талап Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына, Конституциялық нормаларына қайшы келеді.
Атап айтқанда, 2026 жылғы 16 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің №41, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің №60 және Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің №47 бірлескен бұйрығымен бекітілген:
«Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру» және «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік көрсетілетін қызметтері бойынша пилоттық жобаны іске қосу және іске асыру туралы» бұйрық құқықтық талдау нәтижесі көрсеткендей, еліміздің заңнамаларына қарсы.
КӨШІ-ҚОН САЯСАТЫ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫНЫҢ ҚАНДАСТАРҒА ҚАТЫСТЫ ТАЛАБЫ ЗАҢҒА ҚАЙШЫ
1.«Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» 1991 жылғы 20 желтоқсандағы Заңы (2025 жылғы 30 маусымдағы № № 203-VIII Заңмен өзгертілген):
Заңның 17-бабының 14-тармақшасына сәйкес, Қазақстан Республикасыныңазаматтығын алу үшін мемлекеттік тілді (қазақ тілін), Конституция негіздерін және Қазақстан тарихын білу туралы емтихан тапсыру талабы этникалық қазақтарға қолданылмайды. Бұл ереже этникалық қазақтардың азаматтық алу рәсімін жеңілдету мақсатында енгізілген және Заңның үшінші бөлігімен толықтырылған.
Яғни, “Ақ жол” партиясы талай жыл көтеріп жүріп, заңнамамызға толықтыру мен өзгерістер жасалғанда Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның ұсынуымен енгізілген бұл талап 2024 жылы 16 мамырда ҚР Парламенті қабылдаған, ҚР Президенті қол қойған № 82-VIII ҚР Заңда бекітілген. Яғни, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін мемлекеттік тілді (қазақ тілін), Конституция негіздерін және Қазақстан тарихын білу туралы емтихан тапсыру талабы этникалық қазақтарға қолданылмайды.
2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылы қабылданған 2030 жылға дейінгі Көші-қон саясаты Тұжырымдамасы. Тұжырымдаманың негізгі ережелеріне сәйкес, 2026 жылдан бастап тұрақты тұруға ықтиярхат (рұқсат) алу үшін, соның ішінде этникалық қазақтар үшін қазақ тілі бойынша тест, сауалнама және әңгімелесу енгізілген. Бұл тұжырымдама жоғарыдағы аталмыш Заңға қайшы келеді, өйткені Үкімет қаулысы Заңның күшінен жоғары бола алмайды.
БІРЛЕСКЕН БҰЙРЫҚТЫҢ ЗАҢҒА ҚАЙШЫЛЫҒЫ ТУРАЛЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОРЫТЫНДЫ
1. «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру» және «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік қызметтері бойынша пилоттық жоба туралы Бұйрық:
Бұйрықта (Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің, Ішкі істер министрінің және басқа министрлердің бірлескен бұйрығы) қазақ тілі бойынша КАЗТЕСТ тестілеуі міндетті деп көрсетілген. Бұл пилоттық жоба 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады және этникалық қазақтарға арналған ерекшеліктерді қарастырмайды, бұл Заңның 17-бабына қайшы.
2. Қандас мәртебесін беруге қатысты ереже:
Ережеде бес кезеңдік цифрлық бағалау, соның ішінде қазақ тілі бойынша тест (А1 деңгейі) міндетті. Этникалық қазақтарға ерекше жеңілдіктер көрсетілмеген, бұл қандастардың репатриациясын қиындатады.
Қазақстан Республикасының Конституциясы 4-бабының 2-тармағына сәйкес:
Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар және Республика аумағында тікелей қолданылады.
Өзге нормативтік құқықтық актілер Конституцияға және заңдарға қайшы келмеуге тиіс.
Осы конституциялық қағида нормативтік құқықтық актілер иерархиясын айқындайды:
Заң – министрліктердің бұйрықтарынан жоғары тұрады.
⸻
3.Қайшылықтың құқықтық мәні
Қалыптасқан құқықтық жағдай келесідей:
• Заңда — этностық қазақтарға мемлекеттік тілді білу және емтихан тапсыру талабы қолданылмайтыны нақты көрсетілген.
• Бірлескен бұйрықта — қандас мәртебесін алу барысында қазақ тілінен тестілеу міндеті енгізілген.
• Нәтижесінде — заңда көзделмеген қосымша міндет жүктеліп отыр.
Бұл — атқарушы органдардың заңда тікелей босатылған тұлғалар санатына қосымша шектеу енгізуі болып табылады.
Мұндай әрекет:
1. Заң нормасын тарылтуға,
2. Заңда көзделмеген жаңа міндет енгізуге,
3. Министрліктердің өз құзыретінен шығуына әкеледі.
Нормативтік құқықтық актілер теориясы бойынша ведомстволық акт заң нормасын өзгерте алмайды, кеңейте алмайды және оған қайшы талап белгілей алмайды.
⸻
4. Құқықтық баға
Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып:
• Бірлескен бұйрық этностық қазақтарға қатысты заңда белгіленген жеңілдікті шектеген;
• Осы арқылы заңдық реттеудің мазмұнын өзгертіп бұйрыққа қолданған.
Бұл — заңға қайшы реттеу болып табылады.
5. Осы құқықтық талдау қорытындысы:
2026 жылғы 16 ақпанда қабылданған №41, №60 және №47 бірлескен бұйрықтың этностық қазақтардан қазақ тілінен тестілеу талап етуге қатысты нормалары Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңының 17-бабының 14) тармақшасының ережелеріне қайшы келеді.
Министрліктер заңда көзделмеген қосымша міндет енгізу арқылы өз құзыреттеріі шегінен шыққаны дәлелденіп тұр.
Аталған кедергілер Қазақстан Республикасы Конституциясының келесі нормаларына қайшы келеді:
- 4-бап: Қолданыстағы құқық Қазақстан Республикасының Конституциясынан, оған сәйкес заңдардан, Республиканың өзгеде нормативтік құқықтық актілерінен, Республика ратификациялаған халықаралық шарттардан тұрады. Конституция жоғары заңдық күшке ие. Үкімет қаулылары мен бұйрықтар Заңға қайшы келмеуі тиіс. Қазақ тілі емтиханы талабы Заңның (Азаматтық туралы) 17-бабына қайшы, сондықтан Конституциялық күшін жоғалтады.
- 10-бап: Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес алынады және тоқтатылады, ол қандай негізде алынғанына қарамастан, бірыңғай және тең болып табылады. Этникалық қазақтардың Азаматтық алу рәсімі жеңілдетілген, бірақ Үкіметтің пилоттық жобасы бұл теңдікті бұзады.
- 12-бап: Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі. Қандастардың Отанына оралу құқығы – адамның табиғи құқығы, оны шектеу, заңсыз кедергілер жасау Конституцияға қайшы.
Тест талабы этникалық қазақтарға реаприатант ретінде өз атамекенінің Азаматтығын алуына , кедергі келтіреді. Өйткені шетелдегі қазақтардың көбі қазақ тілін кирилл әрпінде немесе басқа жазу жүйесінде білмейді.
Қандастар – өздерінің тарихи отанына оралған, біздің ұлттық болмысымызды, мәдениетіміз бен тұрмыс-салтымызды, дәстүріміз бен тілдік құбылысымыздың түп тамырын сақтап қалған адамдар, ендеше тест талабы олардың тілдік және мәдени құқықтарын өрескел бұзады.
Заңнамалық қорытынды:
Қазақ тілі емтиханы және басқа кедергілер этникалық қазақтардың азаматтық алу құқығын шектейді және заңсыз болып табылады. Бұл талаптар «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңына, Конституцияның 4, 10, 12, 14, 39-баптарына қайшы келеді. Үкімет бұйрықтары Заңға қайшы болмауы тиіс, сондықтан аталған пилоттық жобаға және ережелерге қандастарға байланысты түзету енгізілуі қажет.
«Ақ жол» фракциясы талап етеді:
1.Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылы қабылданған 2030 жылға дейінгі Көші-қон саясаты Тұжырымдамасы мен «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру» және «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік қызметтері бойынша пилоттық жоба туралы Бұйрықтағы
2026 жылдан бастап тұрақты тұруға ықтиярхат (рұқсат) алу үшін, соның ішінде этникалық қазақтар үшін қазақ тілі бойынша тест, сауалнама және әңгімелесу талабы аталмыш Заң мен Конституцияға қайшы келеді. Өйткені бұл кедергілер этникалық қазақтардың азаматтық алу құқығын шектейді және заңсыз болып табылады.
2.Үкімет қаулылары мен министрлер бұйрықтары Заңға қайшы болмауы тиіс, сондықтан аталған Тұжырымдама мен пилоттық жобаға және ережелерге қандастарға байланысты түзету енгізілуі қажет.
• аталған Тұжырымдама мен бірлескен бұйрықтың қандастарға қатысты талабын қайта қарау;
• этностық қазақтарға қатысты тестілеу талабын алып тастау;
• заңға сәйкессіз нормалардың күшін жою мәселесін көтеру ұсынылады.
Қандастардың репатриациясын жеңілдету – мемлекеттік мүдде, оны шектеу ҚР Президенті Қ.Тоқаев ұстанып отырған ұлттық бірлік пен қандастарға қамқорлық жасау саясатына нұқсан келтіреді. Бұл құқықтық мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаттарына қайшы келіп, әлемдік аренада мемлекеттің саяси тұрақтылық имиджіне де нұқсан келтіреді.
Парламентке, біздің атымызға келіп жатқан қандастармен жұмыс істейтін ұйымдардың, соның ішінде,«Elsana Amanat» қоғамдық қоры, “Тұран” қандастарға қызмет көрсету орталығы», "TAUEKEL" қоры, Қандастар мәселесі бойынша маман заңгерлер Рахым Айыпұлы, Досымбек Мұратұлы, журналист Қалиакбар Үсемханұлы және тб азаматтардан көптеген хаттар түсуде. «Qazaqstan dauiri» газетінде елімізге белгілі журналист, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызының «Қандастарымыздың оралуына зор тосқауыл қоятын пилоттық жоба қайта қаралуы тиіс!» атты ел тағдырына алаңдаған көлемді мақаласы жарияланды. Әлеуметтік желілерде әлеумет түгел алаңдап, қандастар мәселесінің заңсыз тосқауылға ұшырағаны туралы Үкімет пен Парламент мүшелерін белгілеген жазбалар қаптап жүр.
Бұл хаттарда тестілеу талабының күрделілігі, қаржылық жүктемесі және қандастардың шетелдегі білім жүйесіне байланысты мүмкін еместігі көрсетілген. Бұл талаптар қандастардың тарихи Отанына оралу құқығын шектейді.
Бұл Ұлттық қауіпсіздігіміз бен демографиямыз үшін мемлекеттік маңызы зор мәселені қоғамды шулатпай, заңға сай шешу – Үкіметтің қолында деп білеміз.
Егер бұл ел тағдыры үшін күрделі мәселе әділ шешілмесе, Конституциялық сотқа жүгінетінімізді ескертеміз.
Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты