Болашақ халықаралық стипендиялық бағдарламасының маңызы ерекше - ғалым

Болашақ халықаралық стипендиялық бағдарламасының маңызы ерекше - ғалым

Елімізде ғылым мен білімді дамыту мақсатында қандай шаралар атқарылып жатыр. Осы мәселе жөнінде  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Медицина және денсаулық сақтау факультеті Іргелі медицина кафедрасының аға оқытушысы Қайранова Гүлзат Қанатқызымен сұхбат құрған едік.

1. Ғылым саласын ілгерілету бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Қазіргі уақытта елімізде ғылым саласын дамыту бағытында жүйелі әрі кешенді жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемін жыл сайын арттырып келеді. Жас ғалымдарға арналған арнайы гранттық жобалар, ғылыми тағылымдамалар, халықаралық ғылыми байланыстарды дамыту бағдарламалары жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта ғылым саласына өте көп гранттар бөлінуде, бұл - мемлекет тарапынан ғылымға деген стратегиялық көзқарастың айқын дәлелі.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан жүзеге асырылатын, Мемлекет басшысының бастамасымен 2021 жылдан бастап тағайындалатын «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты секілді бастамалар жастардың ғылыми және инновациялық жобаларын қолдауға бағытталған. Бұл грант жас зерттеушілердің идеяларын жүзеге асыруына, ғылыми жобаларын дамытуына және қоғамға пайдалы бастамаларды іске асыруына үлкен мүмкіндік береді.

Халықаралық деңгейде маман даярлау ісінде Болашақ халықаралық стипендиялық бағдарламасының маңызы ерекше. Аталған бағдарлама арқылы қазақстандық жас ғалымдар мен мамандар әлемнің жетекші университеттерінде білім алып, ғылыми тағылымдамадан өтіп, елге оралып, отандық ғылымның дамуына үлес қосуда. Сонымен қатар «500 ғалым» бағдарламасы аясында зерттеушілер шетелдік ғылыми орталықтарда тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алуда.

Ғылыми жетістіктерді ынталандыру мақсатында түрлі мемлекеттік сыйлықтар мен марапаттар тағайындалған. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі жыл сайын ғылым саласындағы премиялар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялар конкурсын жариялайды. Атап айтқанда, төмендегі премиялар белгіленген: Қ.И. Сәтбаев атындағы сыйлық (жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік ғылыми зерттеу үшін); Ш.Ш. Уәлиханов атындағы сыйлық (гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік ғылыми зерттеу үшін); Ы. Алтынсарин атындағы сыйлық (педагогика саласындағы үздік ғылыми зерттеу мен жұмыс үшін); Күлтегін атындағы сыйлық (түркітану саласындағы үздік жетістік үшін); Д.А. Қонаев атындағы сыйлық (жас ғалымдарға жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік жұмыс үшін); М.О. Әуезов атындағы сыйлық (жас ғалымдарға гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік жұмыс үшін).

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы жас талантты ғалымдарды қолдауға бағытталған.

Ал «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауы арқылы жоғарғы оқу орнының ғалымдарына қаржылай қолдау көрсетіліп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын әрі қарай дамытуға нақты мүмкіндік берілуде.

2. Мемлекет жас ғалымдарды қаншалықты деңгейде қолдап отыр деп ойлайсыз?

Біз жас ғалымдар, әрі оқытушылар ретінде мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауды жақсы, әрі нақты сезінеміз. Қазіргі таңда тек ғылыми гранттар, премиялар мен тағылымдамалардан бөлек, әлеуметтік қолдау да айтарлықтай күшейтілген. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жас ғалымдарға тұрғын үй беру жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінде жүздеген жас зерттеуші пәтермен қамтамасыз етілді, және бұл жұмыс жалғасуда. Сонымен қатар жас ғалымдарға арналған жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар бар, олар төмен пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үй алуға мүмкіндік береді. Осындай қолдаудың арқасында жас ғалымдар енді тұрғын үй мәселесіне алаңдамай, бар күш-жігерін ғылымға, зерттеу жұмыстарына және білім беру жолына бағыттай алады.

3. Ғылым саласын дамыту үшін тағы қандай шаралар атқарылуы керек деп санайсыз?

Қазақстан Республикасы - салыстырмалы түрде жас мемлекет, бірақ соған қарамастан ғылым саласында сенімді түрде алға жылжып келеді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау - біз үшін үлкен серпіліс, әрі дамудың берік негізі. 

Алдағы кезеңде халықаралық серіктестікті одан әрі күшейту маңызды деп ойлаймын. Шетелдік жетекші ғалымдармен бірлескен зерттеулер жүргізу, ортақ жобалар ашу және ұзақ мерзімді ғылыми серіктестіктер орнату қажет. Сондай-ақ әлемнің жетекші жоғарғы оқу орындары мен зертханаларымен тәжірибе алмасуды кеңейту қажет. Бұл отандық ғылымның сапасын арттырып, жаһандық ғылыми кеңістікке толыққанды интеграциялануына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өндіріс пен ғылым арасындағы байланысты нығайтып, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру тетіктерін дамыту қажет. Ғылым нақты экономикалық тиімділікке жұмыс істеген кезде оның қоғамдағы маңызы арта түседі.