Ажар Мәлікқызы: Ғылым – ел болашағының стратегиялық өзегі
2026 ж. 03 наурыз
42
0
Елімізде ғылым мен білімді дамыту мақсатында қандай шаралар атқарылып жатыр. Осы мәселе жөнінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Экологиялық тұрақтылық және биоресурстар ҒЗИ жетекші ғылыми қызметкері, PhD, ассистент-профессор Мәлік Ажар Мәлікқызымен сұхбат құрған едік.
– Соңғы жылдары елімізде ғылым саласын ілгерілету бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Қазіргі кезеңде Қазақстан ғылымы жаңа сапалық деңгейге көтеріліп келеді деп сенімді түрде айта аламын. Мемлекет тарапынан ғылымды қаржыландыру көлемі артып, ғылыми гранттар саны көбейді, жас ғалымдарға арналған арнайы конкурстар жүйелі түрде өткізіліп жатыр. Әсіресе Қазақстан Республикасының Білім және жоғары ғылым министрлігі тарапынан ғылыми жобаларды гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру процестері жетілдіріліп, рәсімдер ашық әрі бәсекеге қабілетті форматқа көшуде.
Сонымен қатар, халықаралық дерекқорларда жарияланым белсенділігі артты, отандық ғалымдардың Q1–Q2 деңгейіндегі журналдардағы еңбектері көбейіп келеді. Университеттерде заманауи зертханалар ашылып, ғылыми инфрақұрылым жаңартылуда. Бұл – ғылыми нәтижелердің сапасын арттыруға тікелей әсер ететін фактор.
Өзім қызмет атқарып келе жатқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғылыми зерттеулерді интернационализациялау, жас зерттеушілерді қолдау және ғылым мен өндіріс интеграциясын күшейту бағытында жүйелі стратегиялық саясат жүргізіп келеді. Бұл бағыттағы бастамалар Қазақстан Республикасының Білім және жоғары ғылым министрлігі жүзеге асырып отырған ғылымды жаңғырту және халықаралық ғылыми кеңістікке кіріктіру саясатына толық сәйкес келеді. Соның ішінде профессорлар мен ғалымдар Жұбанова Ажар Ахметқызы, Акимбеков Нұралы Шардабекович, Тастамбек Қуаныш Талғатұлы, Абдиева Гулжамал Жанадиловна, Уалиева Перизат Серикказиевна және жас ғалымдар, докторанттар мен магистранттардан құралған ғылыми топпен бірлесе отырып, бірқатар халықаралық деңгейдегі зертханаларды іске қостық. Атап айтқанда, «ҚАЗАҚ-НЕМІС-ҚЫТАЙ Халықаралық қолданбалы микробиология ғылыми зерттеу зертханасы» және «ҚазҰУ – XUST бірлескен биоконверсия зертханасы» ашылды. Бұл зертханалар Қазақстан ғылымының жаһандық ғылыми-академиялық кеңістікке интеграциялануының нақты көрінісі болып табылады. Аталған ғылыми зертханаларда заманауи микробиологиялық, биотехнологиялық және биоконверсиялық зерттеулер жүргізіліп, халықаралық серіктестермен бірлескен жобалар жүзеге асуда. Ең маңыздысы – бұл зертханалар жас ғалымдардың ғылыми дербестігін арттыруға, олардың жоғары импакт-факторлы журналдарда жарияланым жасауына және ғылыми нәтижелерді технологиялық өнімге айналдыруына мүмкіндік беріп отыр. Яғни, университет деңгейіндегі бұл бастамалар мемлекеттік ғылыми саясаттың тиімді іске асуының жарқын мысалы деп айтуға болады.
– Мемлекет жас ғалымдарды қаншалықты деңгейде қолдап отыр деп ойлайсыз?
– Соңғы жылдары жас ғалымдарға көрсетіліп жатқан қолдау нақты әрі нәтижелі сипат алды деп есептеймін. Арнайы «Жас ғалым» гранттары, постдокторантура бағдарламалары, шетелдік тағылымдамалар, ғылыми стартаптарды қаржыландыру – мұның бәрі жастарды ғылымда қалуға ынталандырады.
Сонымен қатар, әлеуметтік қолдау шаралары да ерекше маңызға ие. 2024 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен жас ғалымдарға арналған тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылып, мен де осы бағдарлама аясында баспаналы болдым. Бұл – тек материалдық қолдау ғана емес, ғылымға адал еңбек етіп жүрген жас зерттеушілерге деген үлкен сенім мен құрметтің белгісі. Тұрақты әлеуметтік жағдай жас ғалымның ғылыми ізденіске толықтай көңіл бөлуіне мүмкіндік береді. Бүгінде ғылымды таңдаған жастар саны артып келеді. Бұл – мемлекет жүргізіп отырған жүйелі саясаттың жемісі деп білемін.
– Ғылым саласын дамыту үшін тағы қандай шаралар атқарылуы керек деп санайсыз?
– Біріншіден, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту қажет деп санаймын. Ғылыми нәтижелер нақты технологияға, инновациялық өнімге айналуы тиіс. Университет–өнеркәсіп–мемлекет үштігінің тиімді моделі қалыптасса, ғылымның экономикалық қайтарымы артады.
Екіншіден, жас ғалымдардың халықаралық ғылыми кеңістікке интеграциясын күшейту маңызды. Бірлескен зертханалар, халықаралық жобалар, қос дипломды бағдарламалар – ғылым сапасын жаңа деңгейге шығарады.
Үшіншіден, өңірлік университеттердегі ғылыми инфрақұрылымды дамыту қажет. Ғылым тек ірі қалаларда шоғырланбай, бүкіл ел көлемінде тең дамуы тиіс.
Төртіншіден, мектеп қабырғасынан бастап ғылыми ойлауды қалыптастыру маңызды. Ғылым – тек мамандық емес, ол – ойлау мәдениеті. Егер біз жас буынға зерттеу мәдениетін ерте бастан үйретсек, болашақта инновациялық экономика қалыптастыру әлдеқайда жеңіл болады.
Жалпы алғанда, Қазақстан ғылымының болашағына сеніммен қараймын. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау, университеттердің стратегиялық дамуы және жас ғалымдардың белсенділігі – осының айқын дәлелі. Ғылым – еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі фактор, ал жас зерттеушілер – сол болашақтың қозғаушы күші.