Ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемі жыл сайын ұлғайып келеді - Ерғали Құрманов
2026 ж. 02 наурыз
44
0
Елімізде ғылым мен білімді дамыту мақсатында қандай шаралар атқарылып жатыр. Осы мәселе жөнінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Физика-техникалық факультет, Электроника және астрофизика кафедрасы оқытушысы, PhD, қауымдастырылған профессор, жетекші ғылыми қызметкер Ерғали Құрмановтың пікірін білген едік.
1. Ғылым саласын ілгерілету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы
Соңғы жылдары елімізде ғылымды дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі ретінде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемі ұлғайып, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру арқылы жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік жасалуда. Бұл ғылыми ұйымдардың әлеуетін арттырып, халықаралық деңгейдегі зерттеулер жүргізуге жол ашып отыр.
Жас ғалымдарды қолдау мақсатында арнайы конкурстар, дербес гранттар, академиялық ұтқырлық бағдарламалары енгізіліп, халықаралық ғылыми ынтымақтастық кеңейіп келеді. Мұндай шаралар отандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және ғылыми нәтижелердің сапасын көтеруге ықпал етуде.
Жалпы алғанда, қабылданып жатқан саясат ғылымды экономиканың қозғаушы күшіне айналдыруға, ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізуге және елдің зияткерлік әлеуетін нығайтуға бағытталған.
2. Мемлекет жас ғалымдарды қаншалықты деңгейде қолдап отыр деп ойлайсыз?
Қазіргі таңда мемлекет жас ғалымдарды қолдау бағытында жүйелі саясат жүргізіп отыр деп есептеймін. Ғылыми жобаларды қаржыландырудың артуы, арнайы гранттық конкурстардың енгізілуі, халықаралық тағылымдамалардың кеңеюі және әлеуметтік қолдау шаралары ғылымға келетін жастар үшін нақты мүмкіндік қалыптастырып отыр.
Өз тәжірибемде бұл қолдаудың нақты нәтижесін көріп отырмын. Мемлекеттік гранттық қаржыландырудың арқасында қазіргі уақытта екі ғылыми жобаның жетекшісімін:
– AP23488743 «Қараңғы материяның бозондық және феноменологиялық модельдерін зерттеу» (2024–2026);
– AP19575366 «Қара құрдым және олардың имитаторларының айналасындағы аккрециялық дискінің физикалық қасиеттерін зерттеу» (2023–2025).
Сонымен қатар, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде бірқатар ғылыми және кәсіби жетістіктерге қол жеткіздім. Атап айтқанда,
2024 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Қ. К. Тоқаевтың қолынан жас ғалымдарға арналған тұрғын үй сертификатын алдым.
Бұл марапат мемлекет тарапынан ғылымға көрсетіліп жатқан нақты қолдаудың айқын көрінісі болды. Сонымен қатар, жас ғалымдардың қоғамдағы рөлін арттыруға Мұндай қолдау ғылыми зерттеулердің тұрақты дамуына сенімді негіз қалыптастырады.
«ЖОО-ның үздік оқытушысы-2024» атағын алу сәті. Бұл марапат ғылыми зерттеу мен сапалы білім беру қызметінің өзара байланысының нәтижесін көрсетеді.
Сонымен қатар, 2022 жылы талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері атандым.
Жалпы, ғалым ретінде қалыптасуыма зор ықпал еткен ғылыми жетекшім, ғалым, профессор Қуантай Авғазыұлы Бошқаевқа ерекше алғысымды білдіремін. Оның кәсіби бағыт-бағдары, ғылыми мектебі және тәлімгерлігі менің зерттеуші ретінде қалыптасуыма үлкен әсер етті. Ол маған ғылыми әдіснаманы үйретіп қана қоймай, халықаралық ғылыми кеңістікке шығудың маңызын түсіндірді. Бүгінгі ғылыми нәтижелерімнің қалыптасуында оның жетекшілігі шешуші рөл атқарды.
Қазіргі уақытта бірқатар жетекші шетелдік ғалымдармен бірлескен зерттеулер жүргізудемін. Халықаралық ғылыми конференцияларға тұрақты түрде қатысып, Италия, Франция, Қытай және басқа елдерде баяндамалар жасадым.
Бүгінде 70-тен астам ғылыми еңбектің авторымын, олардың бірқатары Scopus және Web of Science базаларындағы жоғары импакт-факторлы журналдарда жарияланған. Хирш индексім - 8. Сонымен қатар, InCites деректері бойынша 2020-2024 жылдары «Физика ғылымдары» саласы бойынша Қазақстандағы ең көп дәйексөз алынған Top-50 автордың қатарына ендім.
Сондықтан мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін ашуға, халықаралық деңгейде жұмыс істеуіне және ел ішінде ғылыммен айналысуына нақты мүмкіндік беріп отыр деп санаймын.
3. Ғылым саласын дамыту үшін тағы қандай шаралар атқарылуы керек деп санайсыз?
Ғылым саласын одан әрі дамыту үшін ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың тұрақтылығы мен ұзақ мерзімділігін қамтамасыз ету қажет деп санаймын. Қаржыландыру циклдерінің қысқалығы кей жағдайда іргелі зерттеулердің толық жүзеге асуына кедергі келтіреді, сондықтан ұзақ мерзімді ғылыми бағдарламаларды кеңейту маңызды.
Екінші маңызды мәселе - ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізу тетіктерін күшейту. Университеттердегі зерттеулердің нақты технологияға немесе инновациялық өнімге айналу жолы әлі де жеткілікті деңгейде қалыптаспаған. Бұл бағытта университет-өнеркәсіп-мемлекет арасындағы байланысты нығайту қажет.
Үшіншіден, халықаралық ғылыми интеграцияны жүйелі түрде қолдау маңызды. Ортақ зертханалар құру, бірлескен жобаларды көбейту және халықаралық деректер базаларына қолжетімділікті кеңейту отандық ғылымның сапасын арттырады.
Осындай кешенді шаралар жүзеге асқан жағдайда ғылым еліміздің экономикалық және технологиялық дамуының негізгі драйверіне айналады деп сенемін.