Иранда 160 оқушы қыздардың қаза табуы туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдадым - ҚР Оқу-ағарту министрі
2026 ж. 02 наурыз
159
0
Иранда орын алған қайғылы оқиға – 160 мектеп оқушы қыздардың қаза табуы туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Бейбіт күнде білім алып, болашаққа қадам басуы тиіс балалардың өмірінің үзілуі – барша адамзат үшін орны толмас қасірет.
Бала тәрбиесімен айналысатын адам ретінде балалар ешқашан қандай да бір қақтығыстың, жанжалдың немесе саяси текетірестің құрбаны болмауы тиіс деп санаймын. Олардың қауіпсіздігі мен амандығы – халықаралық қауымдастық үшін де, әр мемлекет үшін де ең басты құндылықтардың бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықаралық мәселелерді әрдайым бейбіт, дипломатиялық жолмен шешу қажеттігін үнемі айтып келеді. Бұл – адам өмірін, әсіресе балалардың болашағын қорғауға бағытталған салмақты әрі дәйекті ұстаным. Мен бұл көзқарасты толық қолдаймын.
Қаза болған ирандық балалардың ата-аналары мен жақындарына көңіл айтамын.
Жұлдыз Сүлейменова, Оқу-ағарту министрі