САҢЛАҚ САРДАР САБЫРЖАН ЕДІ...
2026 ж. 18 ақпан
109
0
Аты аңызға айналған жекпе-жек өнерінің саңлақ сардары Сабыржан Махмет ағамыз да өмірден өтіпті... Суық хабарды алғаш Азамат Тасқараұлы бауырымнан есіткенде, төбемнен жай түскендей болды... «Ауырып жүрген бе еді?» деп едім, «Осыдан он күн бұрын, ақпанның 6-сы күні телефонмен сөйлескен едік. "Бір аунап тұрдым, жақсы боп қалдым, бұйырса, жолығамыз" деп еді» деді. Алладан үкім келген екен, алдынан жарылқасын.
КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, КСРО және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО әуе десант әскерінің 3 дүркін чемпионы, ережесіз жекпе-жектен 9 дүркін әлем чемпионы, КСРО мен Қазақстанда кикбоксингтің іргетасын қалаушы, Дүниежүзілік "Жекпе-жек" қауымдастығының президенті де болған Сабыржан Махметті білмейтін қазақ жоқ шығар.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдары Сабыржанның аты дүрілдеп тұрды. «Жекпе-жек» федерациясының президенті болып, қазақ кикбоксингінің негізін қалап, мәртебесін асқақтатты. Алғашқы кикбоксинг шеберлерінің бәрі Сабыржанның қол астынан шықты. Сабыржандарды қылмыс әлемінде билік ету үшін емес, қазақ жерін келімсектерден қорғау үшін қайрат көрсетті деп біледі көпшілік.
Сабыржанның ел ішіндегі беделінен қорыққан билік пен құқық қорғау орындары оған «бопсалаушы» деген айып тағып, 7 жылға соттады, соның 6 жылын ол абақтыда өткізді.
Сол кезде Шығыс Қазақстан облысында түрмеде отырған Сабыржан Махметті “қайтыс болды” деген қауесетпен, ұмытпасам “Караван” не “Время” газеттерінің бірі “Сабур уходит в небо” деген шулы мақала шығарды. Кейін мақала авторы түрмеге барып, Сабыржаннан кешірім сұрап, сұқбат алды. Сол кезде журналистің сұрауымен Сабыржан сақал алатын алмастың біреуін қорабынан шығарып, саусағымен шертіп қалғанда, қашықта тұрған картон қағазды тіліп түсті деп жазғаны есімізде.
Сабыржан ұлтшыл еді. Сондықтан ұлттық қоғамдық ұйымдардың басында жүрді. Саясаттағы спортшыларға тән доғалдау тірліктерімен серіктерімен тіл табыспай қалатын кездері де болып жататын. Бірақ тумысынан қулық-сұмдыққа жоқ ақкөңіл арда азамат ешқашан ешкімге кек сақтамайтын, айқайласқандарын артынша ұмытып кетіп, олармен емін-еркін араласып жүретін. Сол кезеңде “Халық рухы» партиясын құру үшін қол жинаған Мұхтар Шаханов ағамыздың жанынан табылды. Бұл туралы Мұқаңның өзі: “Бірде түнде серуендеп шықсам, артымнан екі жігіт ілесіп келеді – қайда барсам, сонда барады. Өзімді біртүрлі сезіндім. Бірақ олар: «Бізден қорықпаңыз, біз сіздің қоғамдық қорғаушыларыңызбыз, сізді күзетіп жүрміз”, – деді» деп жазады. Олар Сабыржанның сарбаздары болып шыққан.
Сабыржан түрмеде жатқанда мен рухани қолдау болсын деп, «Жекпе-жектің сардары Сабыржан» атты жыр жазып, баспасөзге шыққан ол өлеңді Сабыржанның сенімді серіктерінің бірі түрмеге апарып берген. Содан Сабыржан түрмеден шыққасын, мені іздеп, телефон арқылы хабарласты жігіттері. Шымкентте жүргенде кездесіп қалып, сонда «Жекпе-жектен» халықаралық сайыс өтіп жатқан, соған шақырып, мені жүлдегерлерді марапаттауға қосып, құрмет көрсетті. Содан бері ара-тұра хабарласып тұратын едік. 2004 жылы мен Оңтүстік Қазақстан облысынан парламент депутаттығына түскенде, саясаттың қазаны қайнап тұрған кез еді... Әсіресе, біз сайлауға түскен Шардара, Арыс, Отырар аудандары және Жетісай ауданының оншақты ауылы кіретін округта жағдай шиеленісіп тұрған болатын. Сол кезде Сабыржан хабарласып, «Менің оңтүстіктегі жігіттерім барлық кезде қасыңнан табылады» деп қайрат беріп, қолдау жасаған еді.

Сабыржан ағамыз кейінгі 3-4 жылда тек телефон арқылы ғана сирек хабарласып жүретін.
2020 жылы халық қазынасынан триллион үнемдеймін деп түрмеге түскен Ислам Әбішевтің соты өтіп жатқанда, хабардар ел қайта-қайта бізге хабарласып тұрды. Бір күні Сабыржан Махмет хабарласты. Қай жерде, қай елде жүрсе де "Қазақ үні" сайтын қарап жүретінін айтып, түрмеде жатқан Ислам Әбіш пен Серік Төкеевтің жағдайын сұрап, соттың қашан болатынын біліп алды. Өзі де кезінде жазықсыз сотталып, 6 жылдай абақтыда отырып, мерзімін өтеп шыққан адам ретінде түрмедегі екі азаматтың тағдырына алаңдап тұрғаны айқын аңғарылды. Қызу әңгімесінің арасында біреулерді жақсылап тұрып шетел тілінде сыбап алды... "Ислам Әбішев ағамызды бұрыннан асыл азамат ретінде сыртынан танитынмын. 2011 жылы Өскемен қаласы әкімі кезінде, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев еді, Қазақстанның ұлттық спорт ойындарының республикалық фестивалын керемет ұйымдастырып өткізгені есімде. Одан кейін солай тамаша өткен фестиваль Қырымбек Көшербаевтың әкім кезінде Қызылорда облысында болды. Ал Исекең Дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясы президенті болғалы бері қазақтың ұлттық спортына шын жанашырлығын байқадым. Оның себебі - Қазақ күресінің қайраткері Серік Төкеевті өте жақсы білемін. Ал Серік болса, өзі бүгінгі күнгі биігіне жеткізген Дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясының тізгінін кез келген кісінің қолына ұстата қоймайды. Серік Төкеев кезінде Қазақ күресі ешкімге керек болмай қалған кезде бір өзі бар ауыртпалығын көтеріп, бар күшін жұмсаған азамат! Біз де “Қазақ үні” сайтында араша сұрап, бәрі қолдап, президентке жазылған ашық хатқа қол қойып жатқан 250 мыңдай елмен бірге қазақтың ардақты азаматтары Ислам Әбішев пен Серік Түкеевтің ісі әділ шешілуін тілейміз! Іссапарда жүргендіктен, сотқа алдағы уақытта үлгерсем барып қатысамын. Ал ертеңгі болар сотқа Ақиқат пен Әділдік іздеген барша ұлтшыл азаматтар келуі тиіс қой!"-деген еді батыр да, батыл ағамыз. Біз де аты аңызға айналған атақты спорт тарланына Ақ жол тілеп, алғыс айтқан едік.
Сабыржан 2021 жылы Астанадағы "Алатау" спорт кешенінде Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы мен Ауған соғысы ардагерлеріне арналған «Жекпе-жек» ұлттық спорт федерациясының қалалық ашық чемпионатын өткізді. Аты аңызға айналған арда қазақ, қиын кездерде ұлт намысын қорғап, жат жұрттықтарды шаңыраққа қаратқызып, бас идіріп қойған Сабыржан ағамыз мені осы астаналық чемпионатқа құрметті қонақ етіп шақырып, Алғыс хатын беріп, шапанын жапты. Мен ағамызды қазақтың дарынды ақыны, "Қазақ үні" ұлттық порталының бас редакторы Азамат Тасқараұлымен таныстырып, Сабыржан сол күні "Ақ жол" партиясы офисіне келіп, кең көлемді сұхбат берді. Содан бері кейінгі 5 жылда жекпе-жек өнерінің саңлақ сардары газетімізге оншақты сұхбат берген еді…

Сабыржан қазасына қайғырып, көңіл айтқан белгілі қаламгер Бейбіт Сапаралы «Сабыржан Махметов 1991 жылы Оралдағы казактардың әрекетіне батыл тойтарыс беруімен және қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, Қазақстанды бірұлтты мемлекет деп тануды жақтаған ұстанымымен ел есінде қалған тұлға. Қай жерде қазақ ұлтының мәселесі ушықса, сол жерден алдыңғы қатардан табылатын батыр еді. Сол батыр Сабыржан қасиетті Рамазан айының қарсаңында 67 жасында Раббысына қайтты. Құдай тағала біліп-білмей істеген барлық күнәларын кешіріп, мәңгілік мекенін жәннат етсін»,- деп жазды.

Сабыржан Ғалымжанұлымен қоштасқан халық бүгін жаназасын Астанадағы бас мешіттен шығарыпты... Көкшетауға шығар жолдағы жаңа зиратта жаны жай тауыпты... Топырағы торқа болғай. Ауырып жүріп, бара алмай қалғаным, топырақ сала алмай қалғаным өкінішті...
Саңлақ Сабыржан арынды, арда азамат еді... Алды пейіш, арты қайырлы болсын! Құдай артындағы ұрпақтарына ұзақ ғұмыр берсін. Отбасына, балаларына, туған-туыстарына көңіл айтамыз. Қазақ спортына көңіл айтамыз. Иманы саламат болсын!
Қазыбек ИСА
ЖЕКПЕ-ЖЕКТІҢ САРДАРЫ
Сабырхан Махметке
Әлемдік додаларда асты бағаң,
Таубұзар қайратыңнан тас құлаған.
Иттік пен иір мінез бақастықты
Кешірді даладай кең қасқыр ағам...
Халық та тұрқы бөлек тұлпарды ұққан.
Қараулық жасады екен кім тарлықтан?
Ұлтына ұлтандықты артық көрді,
Жұртына пайғамбардың сұлтандықтан...
Саңлаққа айналсын деп сәби кейін,
Ел үшін ерек жаның сағи, бейім,
Ділің мен діншілдігің хазіреттей,
Мәрттік пен қайсарлығың Мәдидейін.
Танысып едік өзің жайлы аңызбен,
Бар кезде артылмайды айла бізден.
Тар кезде табылмаймыз, пайдамыз кем...
Қапастан халық қалап, босайды ерім,
Қасқырдай қақпанын да шайнап үзген...
Батылы бағаланбай бұл күндері,
Әкімі бүйірді ойлап бүлкілдеді...
Ақыны төрде отырса, төре сөйлеп,
Батыры торда отыру мүмкін бе еді?..
Біртуар бұл өмірге бір келе ме,
Ендеше қолдамаймыз күнде неге?
Тартса да тауқыметін тар заманның,
Таймаған хақ жолынан түрмеде де...
Баһадүр қапы кеткен аңғал, ірі,
Алладан тілеген соң алда күні...
Нахаққа назар түсер деуші еді ғой,
Жетеді Жаратқанға жан дабылы...
Қайран күн өкінішпен өтті дедің,
Қайралдың, онсыздағы өткір едің.
Қаламым қалау сөзін төкті менің,
Құраннан қуат алған құрыш ағам,
Жырмен де жігерленсін деп тіледім!..
Қазыбек ИСА
1992 жыл