ҚАЗАҚ ТІЛІ ҮШІН ҚАЗЫБЕКТЕН АРТЫҚ КІМ КҮРЕСТІ?! - Мырзан Кенжебай

ҚАЗАҚ ТІЛІ ҮШІН ҚАЗЫБЕКТЕН АРТЫҚ КІМ КҮРЕСТІ?! - Мырзан Кенжебай

Осы кешегі ескі билікті де, бүгінгі жаңа билікті де менің үнемі сынап жазып жүргенімді ел жақсы біледі. Сондықтан, қолымнан келгенінше, әділдікті жақтап келе жатырмын деп айта аламын. 

Не десеңдер о деңдер, бірақ Парламентте де, оған шейін де “Қазақстанда тек қазақ тілі ғана мемлекеттік тіл болуы керек!” деп, шыбын жаны шырқырап, шын күресіп жүрген жаңғыз Қазыбек Иса емес пе, қазағым-а-а-а-ау?! 

Қазыбек Исаның Конституция комиссиясына жіберген “Атазаңдағы 7 баптың 2 тармағын алып тастауды” ұсынған ұсынысы өтпеді. Сонда да ол парламентте қасқайып тұрып, “Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң керек!”, Мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді білуі міндетті болу керек!” деп, сөзінің қорытындысын: “Қорыта айтқанда, АТА ЗАҢДА МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІМІЗДІҢ МӘРТЕБЕСІ АЙҚЫН БОЛУЫ КЕРЕК!”-деп, бұрыннан айтып келе жатқан талабын тағы айтып тұр ғой! Иә, Конституцияда МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІМІЗДІҢ МӘРТЕБЕСІ АЙҚЫН ТІЛ БОЛУЫ КЕРЕК! - Тура осы сөзде тұруымыз керек бәріміз енді! Бұл сөз Конституциядан 9/2 бапты өзгерту талабын қолдау ғой! Екі сөз де бірдей мағына, формулировкасы бөлектеу болғанмен бір сөз, бір талап!

Ендеше, Қазыбек Иса Атазаңнан 9/2 бапты алу керек деп айтпады деп негізсіз кінә тағуды қалай түсінуге болады? Бұл баяғыда біздің ауылдағы колхоз бастығы “Ауладағы алдыңғы арбаға мін” десе, “неге 1-ші арба деп айтпайсың” деп, жанжал шығарған кесір шалдың кертарпалығымен бірдей тірлік қой? 

Ойбай-ау, біз бүкіл жазушыларға, парламенттегі депутаттарға да дәл осы парламентте Қазыбек Иса айтқан сөзді, “Конституцияда МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІМІЗДІҢ МӘРТЕБЕСІ АЙҚЫН БОЛУЫ КЕРЕК!”-деген талапты айтқыза алмай отыр емеспіз бе? 

Кейбір сөзді бұрмалап, кінәлап жатқандарға айтарым, “маған тіл керек емес, мін керек, Қазыбекті қайтсем де сүріндіруім керек, сол үшін жала жабуым керек” деп шындарыңды айтсаңдаршы?!.

Олардың біріншісін, кезінде Қазыбек Исаның Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау ұсынысына қарсы шығып, боғын пышақтаған орыстілді Қуат Ахметовтың Қазыбек Исаға “орыс тілін қолдады” деп жапқан жаласына басқа түгілі өзі де сенбейтіні анық… Шетелде отырып алып, бүкіл қазақтың тілге жанашыр ұлтшылдарын тізімдеп жамандап отырған Қуатты өткір тілді журналист Қажымұқан Ғабдолла бауырым әшкерелеп, сойып салыпты!

Белгілі журналист Сәуле Мешітбайқызы жала жауып жатқандардың аузын жапқан түйінді сөзін түйіп айтып, өнеге көрсетті. Рахмет! 

Қазыбек Иса 2011 жылғы Конституцияның 7/2 бабын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды ұсынып, ҚР Президентіне жазылған әйгілі “138-дің хатын” жазып, осы қозғалысқа бастамашы болды. Қоғамда үлкен қозғалыс тудырған бұл Ашық хатты ұйымдастыру штабы “Мемлекеттік тіл”қоғамы төрағасы, мұзбалақ ақынымыз Мұқтар Шаханов басқаратын “Жалын” журналының редакциясы болды. Әдеттегідей билік қана емес, орыстілді оппозиция да бұл Қазақ тілінің мүддесін қорғаған Ашық хатқа ашық қарсы шықты. Баспасөзде Мұхтар Әблязовтың Мұхтар Шаханов бастаған тіл күрескерлеріне қарсы “Мұхтардың Мұхтарға хаты” атты ашық хаттары жазылды. Ол қазақ тіліне ашық қарсы жазылған ашық хатқа ұмытпасам, 60-70-тей аты белгілі орыстілділер қол қойды. Оның 80 пайызы қазақтар еді. (Осы тізімді тауып, қайта жариялап қою керек екен, Қазыбек бауырыма құлаққағыс.)

Мұқаңның өзі бастап шыққан Алматыдағы “Сарыарқа” кинотеатры артындағы алаңда өткен, 5 мыңға жуық тіл жанашырлары жиналған митингі болды. Осы митингіде жалынды сөз сөйлеп, жиналғандарды дүр сілкіндірген Қазыбек Исаның “Біздің орысқұл билігімізден айнымаған орысқұл оппозициямыз бар”, “Президент кеңесшісі, мемлекеттік тілге миы жетпейтін Ертісбаевты мен кеңесшілік түгілі күзетшілікке алмас едім”, “Тәуелсіздіктің 20 жылында Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға әлі ерте дейтіндер қазақтың жауы!”, “Егер Тіл мәселесін Ақорда шешпесе, біз алаңда шешеміз!”-деген сөздері қанатты сөзге айналып, баспасөзде бас тақырыпқа айналып шығып жатты…

Бұл 138-дің хаты туралы сол кезде Мұқаңның қасында бірге істеген, «Мемлекеттік тіл» қоғамының жауапты хатшысы болған тіл күрескері Нұржан Ошанбек бауырымыз «Қазыбек Иса – қазақ тілінің қорғаны» атты мақаласында өте жақсы жазыпты.

2020 жылы “Қазақ үні” ұлттық порталында Конституцияның 7/2 бабын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап етіп, ҚР Президентіне жазылған, 132 335 адам қол қойған Ашық хатты Қазыбек Исаның қалай ұйымдастырғанын, менің нағашым, әлемге әйгілі классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың үйіне қазіргі Қазақстанның Халық жазушысы Смағұл Елубай екеуі қалай барып, бүкіл ұлт зиялыларын қалай ұйымдастырғанын мен жақсы білемін. Өмірі ешкім ұнамайтын, өз шығармаларының өзін түзетумен өткен Әбекең Қазыбек Иса жазып әкелген “Ата заңымызда Мемлекеттік тіліміз айқын көрінсін!” атты Ашық хатты бірден қатты ұнатты. Тізімдегі жазушылардың орнын ғана ауыстырып, өзінен кейін өзі өте жақсы көріп, аса жоғары бағалайтын жазушы інісі Дулат Исабековты қойды… “Асанәлі Әшімов, Камал Ормантаев неге жоқ?” Мен айтты дегін, қолдарын қойсын!”-деп Қазыбекті соларға жұмсады. Осы Қазыбек жазып, Әбекең өзі бастап қол жинауға қол ұшын созған, қолдаушылары 132 мыңнан асқан Ашық хат қоғамда зор серпіліс туғызды. “Тіл үшін митингі болса, ең алдында мен жүремін”-деген сөзін тоқсан бестегі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов осы кезде айтқан.

Қазыбек Исаның 2022 жылы парламентте Конституциядан орыс тілін алып тастауды және Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдауды көтеруі елімізді дүр сілкіндірді. Бұл талап - Кеңес одағы империясының 70 жылында, Тәуелсіздік алған 30 жылда, бәрі 100 жылда парламент тарихында тұңғыш рет жасалған депутаттық сауал еді!

Бұл 2022 жылғы Конституцияға өзгеріс енгізуге референдум өткізерде ұсыныс ретінде жаасалған депутаттық сауалды парламенттің 41 депутаты қолдады. 

Бүкіл халық, қаны қазақтар, белгілі зиялылар фейсбукта “Мен конституциядан 7 баптың 2 тармағын алып тастауды талап етемін!”-деп челендж жасап қолдады. Еговтағы петицияда қолдаушылар саны 500 мыңнан, жарты миллионнан асып кетті! Халық арасында қоғамдық резонанс тудырды! 

Шошып кеткен орысқұл шенеуніктер мен орыстілді БАҚ аяқтарынан тік тұрып, Қазыбек Исаға қарсы шабуылдады.

Мен Қазыбек Исаның бұл қазақ тілін қорғап, ұлт мүддесі үшін жасаған көзсіз ерлігін Мұхтар Шахановтың Мәскеудегі Кремльдегі Желтоқсан шындығын әйгілеуінен кейінгі қазақ үшін жасалған үлкен ерлік деп білемін.

2023 жылы 19 наурызда Петропавлда 19 сепаратист “Халықтық кеңес” ұйымын құрып, Қазақстан Тәуелсіздігін мойындамайтынын жариялады. Сол кезде 5 сәуір күні Қазыбек Иса парламентте дабыл қақты. “ҰЛТШЫЛДЫҚПЕН ЕМЕС - ҰЛТСЫЗДЫҚПЕН КҮРЕСЕТІН КЕЗ КЕЛДІ!”-деген депутаттық сауалында “СЕПАРАТИСТЕР ҮЙЛЕРІНДЕ, АЛ СЕПАРАТИЗМГЕ ҚАРСЫ КҮРЕСКЕН МАРҒҰЛАН БОРАНБАЙ ТҮРМЕДЕ ЖАТЫР!?.”-деп мәлімдеді.

✅Тәуелсіздік идеясына қарсы, сепаратизм уын себетін шет елдік телеарналар, сайттар тоқтатылуы тиіс!

✅Шеттегі қалың қандас көшіне шектеу қойғандар жауап беретін кезі келді!

✅Бір тілде ғана сөйлеген ел біртұтас болады! 

✅ Атазаңына ата-бабасын аштықпен де, қастықпен де қырған отарлаушы елдің тілін жазып қою - қандай Тәуелсіздік?!.

Сепаратизмге Алаш ұлттық идеясы жол бермейді! Ұлттық идеологиялық Концепция қабылдануы тиіс!-деп, 

сепаратистік топты қатаң жазаға тартуды талап етті.

Артынша Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті төрағасы Е.Сағынбаевтың жауабы жарияланып, ол 19 сепаратист тиісті жазаларын алды.

Енді қазір мынау әлеуметтік желіде бір өзімшілдер бар, тек менің айтқаным дұрыс дейтін. Тіпті олардың ел үшін, тіл үшін тырнағын да қимылдатпай, жап-жас болып, сексеннен асып, ауырып жатқан ақиық ақынымыз Мұқтар Шахановтың өзіне “Неге біздің айтқанымызды айтпайсың, неге Тоқаевтың саясатын жақтайсың?”-деп зіркілдеп, ауыздарына келгенін айтып жатқандарын көргенде түңіліп кетесің?!..

Қазақтың қайсар ақыны, ұлтшыл саясаткері Қазыбек Исаның ұлттық мүддені қорғаудағы әр күресі елге үлгі, сондықтан қай кезде де қолдай білуіміз керек!

Мырзан КЕНЖЕБАЙ,

Фейсбук парақшасынан