Нұрлан Имам конституциялық реформа кезеңінде қазақстандықтарды бірлік пен жауапкершілікке шақырды
2026 ж. 16 ақпан
59
0
Белгілі қоғам қайраткері Нұрлан Имам TikTok желісіндегі тікелей эфир барысында Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасының төңірегінде қоғамның топтасуы қажет екенін мәлімдеді. Ол бұл пікірін қазіргі саяси өзгерістер мен алдағы референдумның маңызы туралы жазылушылардың сұрақтарына жауап беру кезінде білдірді.
Нұрлан Имам ең алдымен негізгі заң жобасын әзірлеп, халыққа түсіндіріп жатқан мамандар мен отаншыл азаматтарға сенім білдіру қажеттігін атап өтті.
«Жалпы, осы өзгерістерді халықтың алдына алып шығып, айтып жатқан азаматтарымыз – ең бірінші бұлар біздің мемлекетіміздің азаматтары, жарандары. Еліміздің келешегін, болашағын ойлаған елеулі азаматтар және соның мамандары деп есептеймін», – деді ол.
Оның айтуынша, заң жобасын әзірлеушілердің мақсаты – елдің дербестігін сақтау және халықтың мүддесін қорғау.
«Бізге қианат ойлап, бізді алдап, біреудің иелігіне, біреудің меншігіне, біреудің қолының астына тәуелді қылып бергісі келмейтін арлы, ожданды, намысты, болашағын ойлаған
Мемлекет басшысынан бастап барлығы сондай азаматтар деп есептеймін», – деп атап өтті Нұрлан Имам.
Сондай-ақ ол әрбір азаматтың референдумға қатысуының маңыздылығына тоқталып, мемлекет халықтың пікірін ескеретінін айтты.
«Сондықтан да осы жағдайды қабылдап, баршамыз бір ауыздан дауыс беріп, референдумға қатысып, еліміздің қажеттілігі, болашағы, уайымымызды ашық білдірген кезде, Мемлекет басшысының өзі оған зерделей қарап, айтылған сөздермен санасуды табыстағанын жақсы білесіздер. Демек, бұл – біз үшін, болашағымыз үшін өте маңызды қадам», – деді қоғам қайраткері.
Нұрлан Имамның айтуынша, өзгерістер кезеңінде ел бірлігін сақтау және арандатушылардың жетегіне ермеу аса маңызды.
«Ойымызды еркін жеткізген кезде, кей кезде арандатушыларға, ортадағы ірткі салушыларға, пайда көрушілерге, яғни провокатор дейміз, ондайларға ілеспеуге шақырамын. Елімізге бір тері тамбаған, бір тиын салым салмаған азаматтардың, сөз сөйлеп, бір бірімізге айдап салып жатқан айдағына ерімеңіздер», – деді ол.
Нұрлан Имам қазақстандықтарды бірлікке шақыра отырып, ел амандығын тіледі.
«Бірлікті болайық, тірлікті болайық. Ісіміз алға басып, еліміз аман болсын, ағайын!», – деп түйіндеді сөзін Нұрлан Имам.