Мемлекеттік тілді заңды талап ету – қылмысқа жатпайды!

Мемлекеттік тілді заңды
талап ету – қылмысқа
жатпайды!

СОТ ҮКІМІ СОЛ КҮЙІ ҚАЛДЫ

Өткен апта әралуан айтулы оқиға арқылы есте қалғаны мәлім. Қазақ қауымы елеңдей көз тігіп, шешуін асыға күткен сондай сәттің бірі – белгілі блогер, әрі белсенді Мирболат Бишуиновтың аппеляциялық соты еді. 

Мирболат Мырзатайұлы былтыр қыркүйек айында «Көк-Төбе» тұрғын үй кешені кооперативінің қоқыс жинайтын мекеме басшысымен сөзге келіп, оған «Мемлекеттік тілде сөйлеуге міндеттісіз» дегені үшін істі болғаны аян. 

Осылайша ұсталған оны сот 174-баптың 1-бөлігі (әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) бойынша айып тағып, төрт жылға түрме жазасына кескені де мәлім. 

Мирболат Бишуинов соңғы сөзінде өзінің бұл үкіммен келіспейтінін айтқан-ды. 

Ал Алматыда биылғы қаңтардың 27-сі күні Мирболат Мырзатайұлының аппеляциялық соты өтті. Сарапшыларының айтуынша, аппеляциялық шағымды қорғаушылар жағы түсірген.

 Мұның алдында Мирболаттың туған-туысы мен зайыбы және балалары қалалық сот ғимараты алдына барып, белсендіні босатуды талап еткен-ді. 

«Жолдасымды мекеме қызметкерінен қазақ тілінде сөйлеуді сұрағаны үшін төрт жыл бас бостандығынан айырып отыр. Біз қалалық соттан әділ шешім күтеміз. Қазір ақша табу да, баланы мектепке апару да – менің мойнымда. Егер әділетті сот болса, қамқоршысыз қалған ұл-қыздың әкесін бас бостандығынан айырмауды өтінеміз» – деді Гүлшат Бишуинова.

Мирболат Мырзатайұлының жақтастары да соттың ашық өтуін сұрап Мемлекет басшысына, Бас прокурорға, сондай-ақ Жоғарғы сотқа жүгінген-ді.

Бастапқы сотта өзіне тағылған айыпқа келіспеген Мирболат Бишуиновтың өзі кейінгі апппеляциялық сот залына әкелінбеді. Осыған орай блогердің жақтастары: «Судья сот залына келтірмей, Мирболат Мырзатайұлының конституциялық құқығын шектеп отыр» – деп реніш білдірді.  

Қорғаушылардың айтуынша, осынау аппеляциялық соттың қаулысы шығып үлгермесе де, Мирболатты Тараздағы абақтыға ауыстырылған көрінеді.  

Қорғау тарапы оны толық ақтауды сұрағанымен, прокурор блогердің «Көк-Төбе» тұрғын үй кешені кооперативінің жетекшісіне тіл мәселесіне қатысты арандатушылық сұрақтар қойғанын, сонымен бірге өзге де қайшылықты әрекеттерге барғанын алға тартып, ақыры, аппеляция қанағаттандырылмады. Сөйтіп, Алматы қалалық сотында судья блогер әрі белсенді Мирболат Бишуиновтың төрт жылға сотталғаны туралы үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Бұған жиналған жұрттың көпшілігі ашық түрде қарсылық білдірген.  

Мәселен, тіл жанашыры, белсенді Руза Бейсенбайтегі: 

– Біз халық болып ұлттығымызды сақтап қалуға ұмтыламыз. Қалайда ділімізге, тілімізге, басқа да халықтық қағидаларымызға берік болуды діттейміз. Яғни, әрбір қазақ санасы оянып, анау Балтық жағалауы елдері секілді қстерлі елдік ұстанымдарымызды сақтауға тырысамыз. Әсіресе, бертінде тұс-тұстан алып сырт мемлекет жұртшылығы қаптап кіріп жатқан кезеңде ұлттық қасиетімізді сақтап қалуға құлшынамыз. Міне, Мирболат Мырзатайұлы бауырымыз да сондай ізгі мұратты көздеген азаматтардың қатарынан көрінген еді. Өкінішке қарай, сол мақсат жолында күйіп отыр. Әділетті көксеп, өз ел, өз жерімізде мемлекеттік тілде сөйлеуді талап етуді қылмыс деп санамаймыз. Бұл – осындағы әрбір азаматтың парызы. Сол себептен сот шешімінің бұрынғы күшінде қалдырылуымен мүлде келіспейміз, – деді. 

Ал саяси белсенді Хасен Қожа-Ахмет:  

– Тиісті орындарымыз баяғы сталиндік замандағыдай елді қатты қыспаққа алғаны байқалады. Енді халық болып өз тағдырымызды өз қолымызға аламыз деген тұста Мирболаттай бауырымыздың істі болуы жанға батады. Бұл соттың әуелгі шешімді сол күйі қалдыруын әділетсіздік деп білеміз. Бұл, біздіңше, заң орнының Мирболат Бишуиновты ғана қамауы емес, жалпы қазақ тілін соттауы деп түсінеміз. Өткенде әзірбайжан ағайындар түркі елдері бірігуі қажет; сол мұрат жолында бүкіл түркі елдерінің ортақ тілі ретінде қазақ тілін таңдауымыз керек деген еді. Ал мынандай қисынсыз әрекетпен біздің ана тіліміз ол үдеден қалай көрінеді?! Мен, тіпті, мынандай әділетсіздіктен кейін аштық жариялауды ұйғардым, – деп ашынды. 

Сондай-ақ желтоқсаншы Сайлау Лепесов:  

– Өзінің ана тілін, мемлекеттік тілді, қазақ тілін қорғағаны үшін абақтыға жабу деген ақылға сыятын нәрсе ме?! Бұл, меніңше, адамды кәдімгідей қуғындау. Әрі-беріден кейін бүкіл халыққа көрсетілген қысым. Сондықтан Мирболат Мырзатайұлына бостандық беруін талап етеміз, – деп ашу-ызаға мінді. 

Әсіресе, Мирболат Мырзатайұлының адвокаты Жанар Балғабаева бұл әрекеттің мүлде қиғаштығын айта келіп, өз ойын: 

– Мирболат Бишуиновтың кеңсе қызметкеріне қазақша сөйлеңіз деуі ұлтараздығын туғызатын уәж емес. Оған қатысты шығарылған шешімді әділетсіз, заңсыз, негізсіз үкім деп санаймыз, – деп түйіндеді. 

Қысқасы, сот сарапшылары әуелгі шешімнің дұрыстығын алға тартып, алдыңғы байламнан айныған жоқ. 

Еске сала кетейік, Мирболат Мырзатайұлының жақындары мен жақтастары былтыр жыл аяғында Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаға 261 азаматтың қолы қойылған ұжымдық өтініш хат тапсырған еді. Мұнда олар халық қалаулысының нақақтан күйіп бара жатқан азаматқа араша түсуін сұраған болатын. 

Осыған орай депутат Қазыбек Иса желтоқсан айында Бас прокурор Берік Асыловқа Мирболат Мырзатайұлын босатуды сұрап, хат жолдады.

Депутат сол жазбасы арқылы Мирболат Мырзатайұлының кәмелет жасқа толмаған балалары бар екенін және сотталушының денсаулығы нашар екенін, атап айтқанда, Семей ядролық сынағынан зардап шегіп, басында киста барын және сол жақ мойын тамыры (артерия) 50 %-ға бітеліп, инсульт алу қаупі бар екенін баяндаған. 

Сонымен бірге Мирболат Мырзатайұлының әрекетінде ешқандай қылмыстық әрекет жоқ деп санайтынын жазып, қазақ тілін талап ету қылмыс емес екенін жеткізген. Осылайша: «Ешбір тілге, ұлтқа тіл тигізбей, тіл туралы заңды талап етіп отыр. Мемлекеттік тілді заңды талап ету – ешқандай қылмысқа жатпайды! Мемлекеттік тілді заңды талап еткені үшін соттау – Қазақстан Республикасының ешқандай заңнамасында жоқ!» – дей келіп, Бас прокурордан Мирболат Бишуиновқа қатысты қылмыстық істі мұқият тексеруді сұраған.

Сондай-ақ жазушы-публицист Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев) та әлеуметтік желіде: 

– Қазір ғана маған Журналистік зерттеулер агенттігінің төрағасы Мирболат Мырзатайұлының (Бишуинов) келіншегі Гүлшат Бишуинова қоңырау шалып, «Көк-Төбе» деп аталатын қоқыс жинау мекемесінің қызметкерімен сөзге келіп, мемлекеттік тілде жауап беруін талап еткені үшін Қылмыстық кодекстің 174 бабының 1 тармағы бойынша «ұлтараздықты тудырды» деген айыппен күйеуі жауапқа тартылып, Алматы қаласы Медеу аудандық №2 аудандық сотының шешімімен төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айырылғанын хабарлады. Ең қызығы, ешкім арыз-шағым жазбаған. Тек жалпы мониторинг дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. 

Жалпы Мирболат Мырзатайұлы жиырма жылдан астам уақыт КТК, НТК, «Қазақстан» телеарналарында «Бітімгер», «Қылмыс пен жаза» сияқты бағдарламаларды жүргізген, қай жерде қалай сөйлеуді білетін кәсіби журналист. Оның үстіне Қазақстан Конституциясының 7 бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» екендігі айтылған. Қазақстан Республикасы Тіл туралы Заңының 4-бабында «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» деп көрсетілген. Яғни Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуге міндетті екен. 

Әлгі ауызекі даудан ешкім зардап шекпеген. Ешкім шағымданбаған. Сонда мемлекеттің мемлекеттік тілін қорғағаны үшін қалай соттауға болады? Қазақ мектебінде балаға қазақша жауап беруін талап еткені үшін мұғалімді де соттай беруге бола ма? 

Алда осы істі қайта қарайтын Алматы қалалық аппелляциялық соты дұрыс шешім қабылдайды деп үміттенеміз. Мирболат Мырзатайұлы – үлгілі отбасы иесі. Төрт перзенттің әкесі. Оның екеуі әлі кәмелетке толмаған. Ең кішісі сырқат, арнайы мектепте. Қазақстан қоғамын сауықтыру мақсатында аянбай жұмыс жасап жүрген журналист түрмеден босатылуға тиіс! – деп жазды. 

Әйткенмен, Сот алқасы қорғаушы адвокаттардың аппеляциялық шағымдарында келтірілген наразылығын негізсіз деп тауып, олардың талабын қанағаттандырмады. 

Сонымен қатар сотталушының мекеме басшысымен тартыс барысында: «Сіз қазақтарға қарсысыз ба?! Ендеше орныңызды босатуды талап етеміз. Бойкот жариялаймыз» деген ұлтаралық алауыздық туғызатын қоғамдық қауіптілік дәрежесі жоғары бірқатар сөздерін инстаграм желісінде жариялап, шулы сипатта пікір жинағанын алға тарта келе, әуелгі қылмыстық іс санкциясы бойынша тағайындалған кесімді дұрыс жаза деп санайтынын мәлімдеді. 

Аппеляциялық сот үкімі оқылған соң жиылған қауым, нақтырағы, аппеляциялық сотқа жиналған екі жүзге тарта адамның бір бөлігі ғимарат алдында сотталушының суретін ұстап: «Мирболатқа бостандық!» – деп ұран көтерді.  

Оқиға орнында полиция қызметкерлері күшейтілген режімде жұмыс істеді. Сондай-ақ жедел жәрдем көлігі кезекшілік атқарды. Қоғамдық тәртіп сақтауға қосымша күш тартылғаны аңғарылды. 

Мирболат Мырзатайұлының жұбайы Гүлшат Бишуинова да апелляциялық сот шешіміне мүлде келіспейтінін айтты: 

– Жолдасым, елінің егемендігі мен отбасының бақыты үшін күрескен төрт баланың әкесі «қазақша жауап беріңіз» деген екі ауыз сөз үшін қамалды. Бұл үкім – өте әділетсіз. Енді тиісті мекемелерге кассациялық шағым түсіремін, қуынуды ешқашан тоқтатпаймын, – деді.

Құлан САҒАТҰЛЫ, 

Қазақ үні 

Фото Bes.media сайтынан алынды