ҚАЗАҚ ЖАЛҚАУ МА?

ҚАЗАҚ ЖАЛҚАУ МА?

Біздің қоғамдағы бәрімізді алаңдататын негізгі мәселе – халықтың әлеуметтік жағдайы. 

Бұл жайт әлемдегі қай заманда болсын барша адамзаттың тіршілігіне тән екені белгілі. Өйткені адамдардың өмір сүруінің негізі – тамақтану мен өзінің күнделікті тұрмыстық қажеттілігін шешуіне тікелей байланысты. Халықтың «Ораза, намаз – тоқтықта, аш болсаң сәлдең қалар боқтықта» деген мақалында адамдардың өмір сүру болмысының философиялық қағидасының ақиқаты жатыр. 

Өкініштісі, біздің елдегі мемлекеттің саясатын қалыптастыратын саяси элита осы ұғымды ескере бермейтін сияқты. Еліміздің экономикалық дамуының негізгі мақсаты өз халқының кедейшіліктен құтылып, ауқатты өмір сүруіне жер қойнауы байлығы мен басқа да мүмкіншіліктерді толық пайдалануында болуын іске асыру.

Біздің еліміздегі қалыптасып отырған жағдайларға терең үңілетін болсақ ел экономикасы өз халқы үшін емес, керісінше әлемдегі халықаралық алпауыт елдердің қалыптастырған саяси-экономикалық даму жүйесіне тез арада тереңдей кіру, соның жолында халықтың мүддесінен гөрі саяси элита мен мемлекет атына имидж жинау қымбат сияқты болып көрінеді. Яғни, қоғамның табиғи даму заңдылығы ескерілмей әсірелікке (авантюра) жол берілу көрінісі белең алғанға ұқсайды. Және де осы жағдайлардың болуын дүниежүзілік либералдық капитализмнің нарықтық экономикасы мен жаһандану (интеграция) үдерісінің заңдылығына байланысты деген ұғымды халықтың бойына сіңіріп келеді. Осының салдарынан еліміздегі кедейшілік кемудің орнына қаржылық дағдарыс пен дайындықсыз кедендік одаққа кіруден туындаған қымбатшылық зардабынан асқынбаса, азаймайтын түрі бар.

Кедейшіліктің зардабын шегетіндер, негізінен, мемлекет құрушы республика халқының көлемінің үштен екісін құрап отырған өзіміздің қазақ. Ресми деректердің өзі де кедейшіліктің ошағы ауыл екенін растайды. Оған елімізде дау туғызбайтын сонау кеңес дәуірінен қалыптасқан үйсіз-күйсіз қала қазақтары мен кейінде ауылда табыс көзінің тапшылығынан қалаларда шоғырланып, тұрағы жоқтық пен жұмыссыздықтан маргиналға айналған ауыл жұртшылығын қосу қажет. 

Кедейшілікті ұлғайтатын фактордың бірі – жұмыссыздық мәселесі өз шешімін табудың орнына жылдан-жылға тұйыққа тірелгендей күмән билейді. Ең жаманы – бертінде осы мәселені ушықтырмай түбегейлі шешудің орнына біздің қоғамда қазақтардың кедей болуы олардың табиғатынан жалқау болуына байланысты деген ұғымды қалыптастыруға бейімделе бастады. Және осы ұғымды ел арасына таратып отырғандар ел билігіндегі көрінекті азаматтардан бастап, кейбір қоғам қайраткерлері, ғалымсымақтар, тағы басқа да оқығандардың болатыны өкінішті-ақ. Сонда қалай, бұл – қазақты еліміздегі онсызда не мүддесін, не тілін, не мәдениетін, не құқын мойындағысы келмейтін кейбір диаспораның әпербақан тәкәппарларына жығып беру ме? Әлде, «мықты көршілерге» қазағымыз осындай, сіздерсіз бізде келешек жоқ деп мойын ұсынғанымыз ба? 

Біздіңше, ұлттың зиялы азаматтары бұны қазақтың арын, намысын таптау және жастардың жігеріне құм құю деп ұғады және барша көпшілікке топырақ шашып «қазақ жалқау» дегенмен мүлде келісе алмайды. Ал, өткен аптада қазақ телеарнасында (көбіміз жақсы көретін арнаның атын әдейі атамадым) ұйымдастырылған екі пікір сайыстағы болған әңгіме көңілге көлеңке түсіріп, ашу-ыза туғызды.

Бірінде, шақырумен келген екі жастың пікірін тыңдап, қоғамның ішіндегі жағдайды ұғудың орнына оларға жұмыссыз болсаңдар неге жоғары білім туралы диплом алып, жұмыс таба алмай қаңғырғанша слесарь, дәнекерші, шаштараз, т., б. жұмысшы мамандығын қайта алмағансыңдар деп ауыз аштырмаған танымал саясаткер, ғалым, колледж директоры, кәсіпкерледі көргенде жаға ұстадық. Олар сендер жалқаусыңдар дегенге дейін барды. Сайыстың тапсырмамен ұйымдастырылған деуге, жүргізушінің шақырған жас қонақтардың пікірін есту арқылы жұмыссыздық мәселсінің кейбір сырларын ашудың орнына, оларға өз пікірін тықпалап, мәдениетсіздік пен дөрекілік көрсетіп, «етікші – сорлы мамандық», қазіргі жастар жалқау дегені қатты таңдандырды.

Осы пікір сайыстарына қатынасушылардың – ауыл жастары неге жоғары білім алуға құмар, одан да ауылда қалып тракторшы, автокөлік жөндеуші, электр және газбен дәнекерші жұмысшы мамандығын оқып ауылында жұмыс істемей қалаға жүгіруі жалқаулық дегендері тіпті шектен шыққандықты көрсетіп отырды. Олардың қазіргі ауылдың жағдайында бір ауылға бір медицина маманы мен аздаған мұғалімдерден басқа жұмыс табатын орынның жоқтығын, ауылдық әкімшіліктегілерді аудан тағайындайынын білмейтіндері таңдандырды. Осы «зиялылардың» тұжырымдары: қазақ – жалқау, сондықтан ауыл жастары болсын, қаланың қарапайымдары болсын өз әлін біліп жұмысшы мамандығына ғана барғаны жөн, сонда ғана ешкім жұмыссыздықтың тауқыметін тартпайды дегенге келеді.

Сонда бұл қара халықтан шығып жоғары білім алған «жалқаулар» қайда ұмтыласыңдар, өз орындарыңды біліңдер деген сөз бе? Әлде министрдің, депутаттың, әкімнің, басқа да шенеуніктер мен оларға жақын тұрғандардың балаларының орнына таласуларың орынсыз дегенді ұғындыру ма? Министрдің баласы – министр, дөкейдің баласы дөкей болады, ал қарапайым қазақтың ұрпағы әкелері мал бақса, көше сыпырса сол кәсіпті ары жалғастыра берсін дегенді меңзей ме?

Біздің елде, соңғы жиырма-отыз жыл ішінде биліктегі мен басқа да лауазымдылардың балаларының жоғары оқу орнын бітірген соң жұмыс таба алмай сенделіп, аяғы жұмысшы мамандығын таңдаудың арқасында еңбек жолын бастады деп мысал келтіретін тірі жан бар ма екен? 

Мұндай «саясатқа» не деуге болады? Осының түбінде халықты жікке бөлу пиғылы жатқан жоқ па, яғни ел билейтін «жаңа төрелер» мен «жаңа малайларды» (қанаушылар мен қаналушыларды) қалыптастыруды армандау, не болмаса қазіргі саяси элитаның мәңгілік үстемдігін сақтау емес пе деп аңтарылымасқа лаж қалмайды.

Біздіңше, қазақтың кедей болуы олардың жалқаулығынан емес, оның себебі еліміздегі экономикалық дамудағы қателіктердің салдарынан әлеуметтік мәселелердің тиянақты шешілмеуінен туындап отыр. Бұл жерде, жалқау қазақ жұмыссыз жүргеніне өзі кінәлі деп, қоғамдағы орын алған жемқорлық пен «мықтылардың» қол үшімен жалғасып бірін-бірі сүйреуі сияқты жағымсыз істерді ақтап қалу ниеті болуы ғажап емес.

Кейбір деректер бойынша елімізде тұрып жатқан 16,5 миллион тұрғынның 9,2 миллионы жұмысқа жарамдылар болса, оның 55 пайыздан астамы өндіріс, ауылшаруашылық, көліктік тасымалдау мен құрылыс салаларында еңбек ететін көрінеді, яғни бұл салалардың еңбек қорының (ресурсының) 75 пайызын құрайды екен. Қалғандары халыққа қызмет ету салалары білім беру, сауда, денсаулық сақтау және басқару орындарында еңбек етеді. Осы көрсеткіштерді тереңірек сараптайтын болсақ, сол салаларда жұмыс істеп жүргендердің бәрі жыл бойына үздіксіз еңбек етіп тұрақты табыс таба ма деген сұрақ туындайды. Өйткені, әр жылдық мерзім ішінде осы салаларда туындаған қиыншылықтарға байланысты жұмыстан шығарылмай, бірақ еңбекақысыз ұзақ мерзімге демалысқа жіберілгендер, қысқартылған жұмыс сағаттарына байланысты толық еңбекақы төленбейтін және жұмыс жоғалтып басқа жұмысқа туру кездерінде айлап табыс таппау адамдардың әлеуметтік жағдайының төмендеуіне себепкер болады. Осы жағдайлар мемлекеттің әлеуметтік қорғау шараларынан тыс қалған, яғни адамдарды кедейшіліктен қорғау механизмі жетілмегенінен пайда болып отыр.

Сонау 2011 жылдың қортындысы бойынша елдегі жұмыссыздықтың көрсеткіші – 5,4%, ал бертініректегі есеп – 5,2% болып, жұмыссыздардың саны 487,6 мыңға жетіпті. Бұл да дамыған шет елдердің көрсеткіштерінен әлдеқайда төмен болғандықтан, біталай күмән тудырады. Яғни, көзбояушылық. Осындай көрсеткіштер халықтың әлеуметтік жағдайларының айнасы бола алама? Өндіріс өнімдерін шығару, ауылшаруашылық өнімдерін қалдықсыз өңдеу, тамақ өнеркәсібі мен жеңіл өнеркәсіптері дамыту мен орташа және шағын бизнестің жұмыс істеуіне қолайлы мүмкіншілік жасалмағандықтан, елімізде өз халқының қажетін толық өтейтіндей бірде-бір тұтыну тауарын өндірмей отырғанда, жұмыссыздық деңгейінің төмен болуы қалай деген сұрақтың тууы қисынды. Оған жауапты мемлекеттік статистика қызметінің сол 2011 жылғы жұмыссыздықтың 5,4% төмендеуіне байланысты: «... Бүгінгі күні еңбек нарығы өз қалпына қайта келіп, еліміздегі тұрғындардың жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі 1993 жылғы 6% төмен болған жақсы көрсеткішіне таядық» деген, өте «қызық» мәліметі жауап беретін сияқты. Ал осы жағдай қазір қаншалықты өзгерді?!. 

Ойланатын жайт, 1993 жылы еліміздің экономикасы тұралап, өндіріс орындарының бұрынғы кеңес өкіметінің ыдырауына байланысты барлық шаруашылық байланыстары үзіліп, барша халық қайда барып күн көрерін білмей жүрген кездегі көрсеткіштердің ақиқатқа қаншалықты жақын болатынына кім кепілдік береді. Осыдан туатын ой – «біздің елде әлеуметтік мәселелерге байланысты экономикалық стратегия жасаған кездерде көрсеткіштердің есебін (расчет) жасағанда оларға ғылыми негізделген дұрыс критерий таппағандықтан методикалық қателіктер жіберіп отыр ма?» деген сұрақ туындайды.

Тағы бір есттен шығармайтын нәрсе – жұмыссыздарға тағайындалатын жәрдемақы. Оны алу үшін арнайы орындарда бекітілген ереже бойынша тіркелумен қатар, сол орынның ұсынған қызметіне бару және қайта жұмысшы мамандығын алу қажет. Жоғары білімі бар жастар болсын, орта жастағы адамдар болсын оған бара қоюы неғайбіл. Бұл да ескерілмей келе жатқан жағдай.

Жұмыссыздық көрсеткіш деңгейінің ақиқаттан алшақ болуына көп ықпал ететін «еңбекпен өзін өзі қамту» деген қате ұғым қалыптасқан. Осы ұғымның ғылыми негізделген критерийі заңдастырылмаған. Содан да болар, осы көрсеткіш ауылды жер тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешетін экономикалық стратегия жасауына көп зиян әкеледі.

Өйткені, өзін өзі еңбекпен қамтитын адамдардың 71,2% ауылды жерлердің тұрғындары болса, осы деңгейге жататындар жұмыспен қамтамасыз етілгендер деген көрсеткіштің үштен бірінен астамын құрайды. Соның салдарынан ауыл адамдарының таяу арада кедейшіліктен құтылуына мүкіншілік жасалмаған. 

Қайталап айтайық, әлеуметтік мәселелерді шешуге байланысты экономикалық шараларды жоспарлап, оған сараптама жасап баға берудегі кемшіліктердің қазақтың кедейшілікте өмір сүруіне әкелетін ықпалын анықтаудың орнына қазақ жалқау содан да олар кедей деп айдар тағудың түбінде не жатыр? Біздіңше, қазақтың кедейшілікте өмір сүруі олардың жалқаулығынан емес, оның тамырын мүлде басқа тұстан іздеу қажет.

Әлемдік қоғамдық даму заңдылығы әр мемлекеттің ең негізгі міндеті өз халқының мүддесін, әлеуметтік жағдайын, азаматтық құқықтарын, намысы және қауіпсіздігін қорғау екенін көрсетеді. Олай болса, біздің мемлекет билігінде жүрген саяси элита қазақ халқының намысын көз қарашығындай қорғауды естен шығармауы қажет.

Қазақтың «Өсер елдің баласы бір-бірін батыр дейді, өшер елдің баласы қатын дейді» деген сөзі әркімге мәлім. Ендеше намысымызды ешкімге таптатпайық.

Болат ДҮЙСЕМБІ, 

саясаткер-экономист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі