Кәсіподақтар қауымдастығы үшін Президенттің салық реформасына қатысты көзқарасы ерекше маңызды - Сатыбалды Дәулеталин

Кәсіподақтар қауымдастығы үшін Президенттің салық реформасына қатысты көзқарасы ерекше маңызды - Сатыбалды Дәулеталин

Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы, экономика салаларының түрлі бағыттарында еңбек етіп жүрген шамамен екі миллионға жуық қызметкерді біріктіре отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бағдарламалық сұхбатында айтылған стратегиялық бағыт пен негізгі ұстанымдарға жан жақты қолдау білдіреді.

Жалпы ой анық әрі байыпты жеткізілген. Жетістіктер бар, бірақ соған тоқмейілсуге болмайды. Экономика өсіп келеді, көрсеткіштер жаман емес, алайда қарапайым адам үшін ең маңыздысы сол сандардың күнделікті өмірде нақты сезілуі.

Ауқымды реформалар мен жаһандық өзгерістер жағдайында мемлекеттік саясаттың адам еңбегіне, ел дамуының басты қозғаушы күші болып табылатын еңбек адамына бағытталуы ерекше мәнге ие.

Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы және оның мүшелік ұйымдары Мемлекет басшысы айқындап берген әділет, заң және еңбекқорлықты Қазақстанның жаңа моделінің негізгі қағидаттары ретінде жоғары бағалайды. Бұл құндылықтар әлеуметтік тұрақтылық пен орнықты дамудың іргетасы болып саналады. Ал оларды іс жүзінде жүзеге асыру әлеуметтік әріптестіктің мықты институттарынсыз, еңбек құқықтарын құрметтеусіз және қызметкерлердің өзгерістер үдерісіне нақты қатысуынсыз мүмкін емес.

Президент экономикалық өсім азаматтардың әл ауқатының шынайы артуымен қатар жүруі тиіс екенін орынды атап өтеді. Инфляция мәселесіне де назар аударуы орынды. Егер бағаның өсуі халықтың табысын жеп қойса, адамдар ешқандай өзгерісті сезбейді. Сондықтан негізгі міндеттердің бірі бағаны тежеу, бюджет қаражатын ұқыпты пайдалану және қабылданған шешімдердің нәтижесі азаматтардың қалтасынан көрінетіндей ету болып қала береді. Әл ауқат қағаз жүзінде емес, нақты өмірде өсуі керек. Осыған байланысты кәсіподақтар федерациясы бюджеттік тәртіпті нығайту және инфляциялық үдерістерді тежеу бағытын қолдай отырып, экономикалық реформалардың жалдамалы жұмысшылар мен олардың отбасыларының өмір сүру деңгейіне әсерін тұрақты бақылау қажеттігін атап өтеді.

Сұхбаттағы негізгі идеялардың бірі реформалардың қайтымсыздығы. Қазақстан заңға, тәртіпке және еңбекке құрметті күшейте отырып, өзгерістер жолына түсті. Бұл жай ұран емес, елдің болашағы үшін қажет бағыт. Реформалар әрдайым оңай қабылдана бермейді, кейде қарсылық та туғызады. Алайда Президенттің ұстанымы айқын. Қиын болса да, тоқтауға болмайды, алға жылжу қажет.

Кәсіподақтар қауымдастығы үшін Президенттің салық реформасына қатысты көзқарасы ерекше маңызды. Мемлекет, бизнес және азаматтар арасындағы әріптестікке негізделген тәсіл Халықаралық еңбек ұйымының қағидаттарына және әлеуметтік диалогтың үздік тәжірибелеріне сай келеді. Кәсіподақтар салықтағы өзгерістер жалақының сатып алу қабілетін сақтаумен, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейтумен және бюджет қаражатын білім беру, денсаулық сақтау, еңбекті қорғау мен әлеуметтік қолдау жүйесін дамытуға ашық әрі әділ жұмсаумен қатар жүруі тиіс деп санайды.

Сұхбатта экономиканың нақты секторының, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің стратегиялық рөлі айқын көрсетілген. Кәсіподақтар үшін бұл бағыттар жұмыспен қамту, қауіпсіз еңбек жағдайлары және өңірлердің тұрақты дамуы мәселелерімен тығыз байланысты. Ауқымды инфрақұрылымдық жобалар мен салаларды жаңғырту ұжымдық шарттар жасасумен, еңбек заңнамасын қатаң сақтаумен және қызметкерлердің кәсіби құзыреттерін дамытумен қатар жүруі тиіс. Тек осы жағдайда ғана экономикалық өсім шын мәнінде инклюзивті сипатқа ие болады.

Кәсіподақтар Президенттің жұмысшы және техникалық мамандықтарға ерекше назар аударуын жоғары бағалайды. Білікті мамандардың жаңа буынын қалыптастыру, еңбектің беделін арттыру және кәсіби білім беруді дамыту табысты жаңғыртудың негізгі шарттары болып табылады. Кәсіподақтар дуалды оқытуды кеңейтуді, жұмыс берушілер мен оқу орындары арасындағы байланысты нығайтуды, сондай ақ стратегиялық және әлеуметтік маңызы бар салаларда еңбек ететін қызметкерлерді мемлекеттік қолдауды жүйелі түрде қолдайды.

Цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу тақырыбы да айрықша назар аударуға лайық. Мемлекет цифрлық даму бағытын таңдады, ал біз, кәсіподақтар, осы үдерістің қақ ортасындамыз. Кәсіподақтардың цифрлық трансформациясы біз үшін сән қуалау емес, нақты қажеттілік. Бұл еңбек құқықтарын заманауи қорғау, ашықтықты арттыру, адамдармен тікелей әрі жедел диалог, тәуекелдерді ерте анықтау, артық бюрократия мен әділетсіздікті қысқарту. Цифрлық құралдар адамға қарсы емес, оның мүддесіне жұмыс істеуі тиіс. Кәсіподақтар технологиялық дамуды сөзсіз қолдай отырып, жаңа технологияларды енгізу барысында әлеуметтік жауапкершіліктің маңызын атап өтеді. Цифрлық трансформация қайта даярлау бағдарламаларымен, балама жұмыс орындарын ұсынбай қызметкерлерді босатуға жол бермеумен және еңбек заңнамасын жұмыстың жаңа нысандарына бейімдеумен қатар жүруі қажет. Еңбек адамы цифрлық өзгерістердің объектісі емес, белсенді қатысушысы болып қалуы тиіс.

Бизнесінің әлеуметтік жауапкершілігіне қатысты Президенттің принципті ұстанымы бүкіл қоғам үшін маңызды белгі болып табылады. Кәсіподақтар кәсіпкерлік қызмет қызметкерлер мен қоғам мүдделерінен тыс өмір сүре алмайды деген көзқарасты толық қолдайды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі дегеніміз лайықты жалақы, қауіпсіз еңбек жағдайлары, персоналды дамытуға инвестиция салу және әлеуметтік мәселелерді шешуге адал қатысу. Дәл осындай бизнес мемлекет пен кәсіподақтардың сенімді әріптесіне айналады.

Мемлекет басшысы айтқан патриотизм түсінігі де айрықша мәнге ие. Кәсіподақтар үшін патриотизм күнделікті адал еңбек, заңды сақтау, еңбек адамына құрмет және ұжымдағы ынтымақ. Президент атап өткен жұмысшылар, инженерлер, мұғалімдер, дәрігерлер, фермерлер және өзге де еңбек адамдары елдің тірегі болып табылады және реформалар кезеңінде мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы Президент айқындаған реформаларды іске асыруға алдағы уақытта да белсенді қатысуға, әлеуметтік диалогтың рөлін күшейтуге, қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік экономикалық құқықтарын қорғауға, сондай ақ экономикалық өсім нәтижелерін әділ бөлуді қамтамасыз етуге бағытталған ұсыныстар енгізуге дайын екенін растайды. Азаматтық қоғам мен кәсіподақтардың міндеті осы өзгерістердің әрбір жұмыс орнына, әрбір отбасыға нақты жетуіне ықпал ету. Елдегі өсім адамдардың күнделікті өмірінде сезіліп, ертеңгі күнге деген сенімге айналғанда ғана реформалардың мәні толық ашылады.

Сатыбалды Дәулеталин, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы