«АУЗЫ ҚИСЫҚ БОЛСА ДА», АКАДЕМИКТЕР АРТЫҚ СӨЙЛЕЙ БЕРУГЕ БОЛМАЙДЫ...

«АУЗЫ ҚИСЫҚ БОЛСА ДА», АКАДЕМИКТЕР АРТЫҚ СӨЙЛЕЙ БЕРУГЕ БОЛМАЙДЫ...

✅ МАТЕМАТИКТЕРГЕ НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫ БЕРІЛМЕЙТІНІ ӨТЕ ДҰРЫС БОЛҒАН ЕКЕН... 

✅ ТІЛ БАЙЛЫҒЫНА ТІЛ ТИГІЗУГЕ БОЛМАЙДЫ! 

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАСИЕТТІ СӨЗ БАЙЛЫҒЫ ТЕРЕҢНЕН МАРЖАН ЖИНАҒАНДАЙ МАҢЫЗДЫ 

Әлеуметтік желіде қазақтың тіл байлығына тиіспесе, жүре алмайтын атақты академик Асқар Жұмәділла ағамыздың кезекті шабуылын байқап қалғанмын. Бірақ ден қоюға уақытым болмады. Көбісі сынап, кейбіреулер ақтап жатқанын көзім шалып қалған.

Бүгін Фейсбук желісінен қазақ сөзінің дәмін сезіп, бояуын жақсы білетін Бейімбет Жақанұлы бауырымыздың қазақтың сөз байлығы туралы жазбасын кездейсоқ көріп қалдым. Бейімбет не істеген, не дейді?

«Әлеуметтік желіден танымал академик А.Жұмаділдаев ағамыздың қазақ тілі тарихи тұрғыда көркемдікке, ауызша дәстүрге көбірек бейімделгенімен, бүгінгі прагматикалық, ғылыми және технологиялық ортада тиімді құрал бола алмай отырғанын тілге тиек еткен сұхбатын көзім шалды. «...Бізде тіл көбіне әдемілеп айтуға, ән айтуға, ертегі мен аңыз айтуға, бата беруге бағытталған. Бұлар – жаттанды, көркем дүниелер. Бірақ тілдің басты мақсаты – нақты ақпарат беру. Барлық заманда солай болған. Әйтпесе тілді не үшін үйренеді? Бата беру үшін емес, пайдалы кәсіп ету, нан табу үшін үйренеді, – дей келіп: - Бір ұғымға бірнеше сөздің сәйкес келуін біз “тілдің байлығы” деп мақтан етеміз. Негізінде, ондай байлықтың ғылым үшін пайдасы шамалы», – деген тұжырымға табан тірепті ағамыз. 

Біз мақтан етіп жүрген байлықты іске алғысыз еткендей көрінеді екен біртүрлі.

Өзімнің ойымша, қазақ тілінің байлығы тұрақты сөз тіркестері деп аталатын шебер қиюластырып қолданылатын бейнелі сөздер тізбегіне тікелей байланысты болса керек. Ағамыздың пікірін оқыған соң, дене мүшелеріне (анатомиялық атауларға) қатысты тұрақты тіркестерді жинақтап жазып жүрген «қойын дәптерімді» ақтара бастадым. Сол қолжазбамдағы адамның ауызы төңірегінде айтылатын тұрақты тіркестерді қамтыған бөлігін парақшама салуды жөн көрдім. Осы жазғаным көзіңізге түсіп жатса, пікір қосып, кем-кетігін толтыра кетсеңіз - нұр үстіне нұр.»-деп жазады тілді зерттеп жүрген азамат. Солай деп, ауызға байланысты 75 сөз тіркестерін келтіреді. 

Бірақ ішінде 3 сөз екі реттен қайталанып кеткен екен. Сонда оларды алып тастасақ, 75 емес, 72 түрі болады. 

Ол қайталанған сөздер:

12 және 53-тегі «ауызы дуалы»(айтқаны дәл келеді);

35 пен 58-дегі «ауызы күю»(қателік жасап қойып, одан сабақ алу);

50 мен 56-дағы «бір ауыздан»(бәрі бір сөзді болу, бір-бірін қолдау) сөздері екі реттен қайталанған.

Ал “ердің құнын екі-ақ ауыз сөзбен шешу”; “ауыз ауырту” (сөз түсінбейтіндерге босқа сөйлеу) деген сөз тіркестері жоқ секілді. Қосып қойсақ, 74-ке жетеді.

ТІЛ БАЙЛЫҒЫНА ТІЛ ТИГІЗУГЕ БОЛМАЙДЫ! 

Өте дұрыс Бейімбет Жақанұлы бауырым! "Ауыз" сөзі қолданылған фразеологизмдерді жинап жүрген еңбегіңіз өте зор. Өйткені, бұл тұрақты сөз тіркестері қазақтың сөз байлығын көрсетеді. Бұл - үлкен жетістік, зор мәдени байлық. Ғылымда сөз байлығын зерттеу – тереңнен маржан жинағандай маңызды! «Негізінде, ондай байлықтың ғылым үшін пайдасы шамалы» -деп, академик Асқар Жұмаділла ағамыз айта береді, ол кісіге оқу өтіп кеткен...))) «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» деген мақал тіл мәселесінде жүрмейді. «Аузы қисық болса да» академиктер артық сөйлей беруге болмайды... (Міне, ауыз туралы тағы бір сөз тіркесі шыға келді, қосып қой тізіміңе Бейімбет бауырым.) Математик қазақтың қасиетті сөз байлығына тиісіп, өзі жақсы білетін есебінен жаңылып қалып жүрмесін... 

Академик математик Асқар Жұмаділда өзі кінәлаған қазақтың сөз байлығынан, осы Бейімбет бауырым жинаған бір ғана ауыз туралы сөз тіркестерінен-ақ ағамыздың атына біраз сөз сұранып тұр екен, келтіре кетейік. «Ауызға» байланысты сөздің бәрін тырнақшаға алып отыратынымды ескертемін.

Ал, кеттік! 

Шетелдерде де математикадан дәріс оқыған атақты академик, Еңбек Ері Асқар Жұмаділда ағамыздың аты «ел ауызында», бәрі біледі, бәрі таниды, біз де сыйлаймыз. «Ауызымыздан тастамай» үнемі айтып жүреміз.

Бірақ, «Ауызын ашса, жүрегі көрінетін» ақ көңіл академикті «ауызы дуалы» деп жүрсек, «айтуға ауыз бармайтын» ерсі сөздерді айта бастауды «ауыз жаппай» үдетіп келеді. 

Бәрін білетін академик ағамыз қасиетті қазақ тілінің байлығы туралы «ауызына келгенді айтып», орынсыз сөйлеуі әлеуметтік желіде орынды қарсылық туғызуда. Әрине, қазақ үшін ең қасиетті тіл байлығына тіл тигізгенде ешкім «аузын буған өгіздей» «ауызына құм құйылып», «жұмған ауызын ашпай» қарап отырмайды ғой? Атам қазақ «екі елі ауызға - төрт елі қақпақ» қою, орынсыз сөйлемеу туралы жақсы айтқан. Әрине, біз Асқар ағамызды «ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін», әр іске білсін-білмесін, орынды-орынсыз киліге беретін адам деп отырған жоқпыз бұл жерде. Ол кісі де «елді ауызына қаратып», әйтеуір жұрт назарын өзіне аудару үшін жасап жатпаған болар деп үміттенеміз. Бірақ, «ата сақалы ауызына бітіп», ел ағасы болар жасқа жеткен абыройлы, үлкен кісілер «ауыз – өзімдікі» деп, «ауызы-ауызына жұқпай», «ауызы кепкенше» көп сөйлеп, шаңғытып шаба бермей, алды-артын байқап сөйлегені абзал.   

МАТЕМАТИКТЕРГЕ НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫ БЕРІЛМЕЙТІНІ ӨТЕ ДҰРЫС БОЛҒАН ЕКЕН... 

«Тілімізге тіл тигізді» деп сынағандардың ешқайсысы академик ағамызды «ауызынан ақ ит кіріп, көк ит шығып» даттап жатқан жоқ, Бейімбет бауырымыз секілді тілмен ғана емес, нақты іспен дәлелдеп, соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіп беріп отыр. Яғни, «сәзіңді біреу сөйлесе, аузың қышып бара ма?»-дегендей тыныш отыруға болар еді бізге де. Бірақ, қазақ тілі үшін күресіп, қазақ тілі байлығын насихаттап келе жатқан біздің атымызды да біраз жерге тіркеп, сауал тастап отырғандар аз емес екен. Сондықтан біз де өз пікірімізді білдіріп, «бір ауыз сөз» айтуға тура келді. 

Ал академикті жақтағандар, ол кісінің әлемде алдыңғы қатарлы математик екенін, қазақша математикалық журнал шығарып, көп игілікті істер тындырып жүргенін алға тартады. Оны бәріміз өте жақсы білеміз, оған дауымыз жоқ, қуана құптап, қолдаймыз, рахмет! Бірақ ешкімнің қанша жерден данышпан, тіпті Нобель сыйлығының лауреаты болып кетсе де, қасиетті қазақ тіліне, қазақ тілінің байлығына, қазақтың ұлттық құндылығына қарсы тіл тигізуге қақысы жоқ. Математиктерге Нобель сыйлығы берілмейтіні өте дұрыс шешім болған екен, данышпан Нобель атамыз бірдеңені біледі ғой...

Ал кейбіреулер, атақты академиктің қазақ тілі байлығына қарсы шыққанына қуанып кеткендей, сол «бірінің ауызына бірі түкіріп қойғандай», «ауыз жаласқан» (бір-бірінің сөзін сөйлеу, жақтасу) түрде «ауызы-мұрындары қисаймастан» «тіл маңызды емес, іс маңызды» дегендей жаттанды жауыр болған жауаптарды жазуда. Тіл-қатынас құралы, сөздің құдыреті күшті әсер етіп, игі ықпал етеді. Билік пен бизнестегі кейбір өз тіліне миы жетпейтіндердің жасап алған жаттанды сөз тіркесін жалаң пайдалана беруге болмайды. Тілін білмегеннің тірлігі дамымайтынына дамыған елдер дәлел.

Тумысынан тілге бай, дарынды қазақтар, тек «ауызбен орақ орып», «алма, піс, ауызыма түс» деп, еңбек етпей, бөсіп сөйлеп отыр деп ешкім айта алмайды. «Ауызын құр шөппен сүртіп» отырған қазақ жоқ, «ауыз толтырып айтатын», дәріптеуге лайықты ғалымдарымыз, математиктерден бастасақ, осы Асқар Жұмәділда ағамыздың өзін алсақ та жетеді. Мен мұны ағамыздың «ауызын алып», көңілін табу үшін босқа “ауыз ауыртып” отырған жоқпын деп ойлаймын.Әлемдік Клэй математикалық институты «Мыңжылдық мәселесі» деп жариялаған 7 есептің бірі Навье-Стокс теңдеуінің шешімін ұсынған академик ғалым, қазақ тілін үнемі қорғап жүретін Мұхтар Өтелбаев ағамызды айтсақ та болады. Ал қазіргі қазақ жастарының ІТ мамандары әлемде зор сұранысқа ие. Цифрландырудан Қазақ Елінің әлемде алдыңғы 10-дыққа кіретіні де белгілі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Қазақстан үш жылда жасанды интеллектіні меңгерген ел болуы тиіс» деп бастама көтеруі тегін емес, болашақты ойлаған өте дұрыс шешім. 

 Қазақта «ауызы күйген үрлеп ішеді» деген мақал бар. Ал жұрт баласының аузына түкіртіп алатын атақты академик Асқар ағамыз қазақ тілінің байлығы туралы артық әңгіме айтып отырғанда, ол кісіден мұндайды күтпегендіктен «ауызыңа сөз түспей», айтатын сөз таба алмай қалатының рас. 

Қазақтың тіл байлығын сынау үшін, тіл саласын «ауызға алу» үшін тіл ғылымынан академиктік болмаса да, болмағанда бакалаврлық білімің болуы керек. Қазақтың керемет лирик ақыны Тұманбай Молдағалиевтің күйеу баласы Асқар ағамыздың да өлең жазатынын, журнал шығаратынын жақсы білеміз, бірақ ол тіл ғылымы туралы айтуға жеткіліксіз... Осы біз, қаламгерлер, филологтар математикаға араласпаймыз ғой, дәл солай математиктердің де қазақ тіл ғылымында, білмейтін ісінде шаруасы болмасын, өз есептерін білсін. 

Қазіргідей көп әкімдер мен министрлер, шекесі тар шенеуніктер өз ана тілдері, мемлекеттік тіл – қазақ тілінде “екі ауыз сөздің басын қоса алмай”, ойын еркін жеткізе алмай, елден сөз естіп жатқанда, тіл байлығын мансұқтау ғылыми тілмен айтқанда абсурд, нонсенс. 

Математик ағамыз қазақ тілінің қорғаушысы, білгір Бельгер ағамыз секілді қазақтың тіл байлығы Шекспирдің елі ағылшындардан, Гетенің елі немістерден, Пушкиннің елі орыстардан да бай екенін санап отырып, дәлелдеп берсе, «ауызыңа – май, астыңа - тай» дер едік.

Асқар ағамыздың «ауызының суы құрып» айтатын дамыған елдері егер осындай Қазақтың сөз байлығындай бай тілі болса, математикасынан кем мақтан етпес еді… 

Қазақтың сөз байлығы тек санында емес, саф алтындай салмақты сапасында. Сондықтан әйгілі би-шешендеріміз қанша сөзге бай болса да, ердің құнын “екі-ақ ауыз сөзбен” шешкен. Сол секілді бұл жерде «аңдамай сөйлеген - ауырмай өледі» деп, қысқа қайыруға да болар еді. Бірақ қазақтың сөз байлығын көрсету, дәлелдеу мақсатында, барлығы да ауыздан шыққан бір сөз арқылы болған соң, тек «ауыз» деген бір сөзге байланысты қаншама тұрақты сөз тіркестерін тұтас келтіріп отырмын. Кейбір ауыз жайлы қатты айтылған сөздерді пайдаланбағанымды ескертемін.

Академик ағамызға қарсы шығып, өткір сынап жатқандар босқа «ауыз ауыртып», қабырғаға сөйлеп жатқан жоқ деп үміттенемін. Өйткені, бәріміздің ойлағанымыз - «алты бақан, ала ауыз болмау», «бір ауыздан» ұлт мүддесі мен ұлттық құндылықтарымызды қорғаған бірегей ұлт, біртұтас ел болу.

Тек ауыз туралы қанша сөз қолданғанымды санауға уақытым болған жоқ, өйткені математик емеспін, жаңылысып кетуім мүмкін... Егер академик математик ағамыз өзі есептеп беріп жатса, айтарымыз алғыс қана.

Жаңа жыл Жақсылық жылы болғай!

Жылқы жылы аламанда ақ маңдайымыз жарқырап, алда келе берейік!

Тіліміз төрде, Еліміз өрде бола бергей!

Алла жар болып, Жұлдызымыз жарқырай бергей!

Баршаңызға әрдайым Ақ жол тілеймін!

Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты 

АУЫЗ ТУРАЛЫ АУЫЗ ТОЛТЫРЫП АЙТАР СӨЗ

Ал Бейімбет Жақанұлының ауыз төңірегінде айтылатын тұрақты сөз тіркестерімен танысқыларыңыз келсе, осындай тақырып қойып жазып отырмын. 

1. «бірінің ауызына бірі түкіріп қойғандай»(жақтаушы, не айтса, соны қолдайды)

2.«ауыз толтырып айту»(дәріптеуге лайықты)

3. «ауызынан түсе қалғандай»(ұқсайды, аумайды)

4. «ауызына сөз салып беру»(ой салу)

5. «сөзің ауызыңда»(сөйлеушінің сөзін бөлуге рұқсат сұрау тіркесі)

6. «ауызынан сөзі, қойынынан бөзі түскен»(сылбыр)

7. «ауызының суы құру»(сүйсіну, тамсану, қызығу)

8. «алма, піс, ауызыма түс» деу (жалқаулық)

9. «ауызы-мұрнынан шығу»(көп, жетіп-артылады)

10. «ауыз жаласу»(бір-бірінің сөзін сөйлеу, жақтасу)

11. «ауызын алу»(көңілін табу)

12. «ауызы дуалы»(айтқаны дәл келеді)

13. «айтуға ауыз бармау»(айтуға ерсі нәрсе)

14. «оймақ ауыз, күлім көз» (сұлу)

15. «ауызын құр шөппен сүрту»(ештеңесі жоқ болу)

16. «ала ауыз болу»(араздық)

17. «ауызы – асқа, ауы атқа жарымаған» (кедей, жарлы адам)

18. «ауызына ақ ит кіріп, көк ит шығу»(бейпілауыз адам)

19. «ауызын ашса, жүрегі көрінеді»(ақ көңіл)

20. «екі елі ауызға – төрт елі қақпақ»(орынсыз сөйлемеу)

21. «от ауызды, орақ тілді»(шешен)

22. «ай десе – ауызы, күн десе көзі бар»(сұлу)

23. «ауызына құм құйылу»(ештеңе айта алмай қалу)

24. «ауызының салымы бар»(несібесі мол)

25. «ауызынан жырып беру»(барын бөлісу)

26. «елді ауызына қарату»(ел назарын өзіне аудару)

27. «ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейді» (әр іске орынды-орынсыз киліге беретін адам)

28. «ауызыңа – май, астыңа - тай»(жағымды жаңалыққа жақсы жауап)

29. «ауызынан ақ май аққан»(бай, молшылыққа кенелген)

30. «ауызы-ауызына жұқпайды»(жылдам сөйлейді)

31. «жұмған ауызын ашпау»(сөйлемеу, үндемеу)

32. «ата сақалы ауызына біту/түсу»(үлкею)  

33. «ауызы аққа іліну»(жоқшылықтан құтылу, несібеге қол жеткізу)

34. «ауызға қақпақ болу»(сөйлеуге кедергі жасау)

35. «ауызы күю»(қателесу, сәтсіздікке ұшырау)

36. «айтып ауыз жиғанша»(іле, өте жылдам)

37. «бейпіл ауыз»(әдепсіз сөйлейді)

38. «ауызын аңду»(не айтатынын күту)

39. «ауызбен орақ ору»(еңбек етпей бөсіп сөйлеу)

40. «ауызы көпіру»(көп сөйлеу)

41. «ауызына су тамызу»(дәрменсіз адамға жәрдем ету)

42. «ауызы ауыр»(сөзге сараң адам)

43. «ауызына құм құйылу»(ақталуға сөз таппау)

44. «бір ауыз сөз»(

45. «ауызына келгенді айту»(орынсыз сөйлеу)

46. «ауызыңды жап»(сөйлеме)

47. «ауызы аңқиып қалу»(алдану)

48. «ауызына сөз тұрмайды»(құпия сақтай алмайды)

49. «ауызы кебу»(көп сөйлеу)

50. «бір ауыздан»(бәрі қолдайды)

51. «ауызы лас»(былапыт сөз қосып сөйлейді)

52. «ауыз шаюға жетпейді»(аз)

53. «ауызы дуалы»(айтқаны келеді)

54. «ауызынан тастамау»(үнемі айтып жүру)

55. «үріп(үрлеп)ауызға салғандай»(сүйкімді, әдемі)

56. «бір ауыздан»(бәрі бір сөзді болу, бір-бірін қолдау)

57. «ашық ауыз»(аңғармай сөйлейді, құпия сақтамайды)

58. «ауызы күю»(қателік жасап қойып, одан сабақ алу)

59. «ауызы қисық болса да»(орынсыз сөйлеу)

60. «ауызға алу»(белгілі бір тақырыпты қозғау, еске түсіру, айту)

61. «ауызын майлау»(пара беру)

62. «ауыз бастырық беру»(құпияны ашып қоймау үшін сыйлық зат беру)

63. «ауызына түкірту»(ырым)

64. «ауызына сөз түспеу»(айтатын сөз таба алмай бөгелу)

65. «сәбидің ауызына түкірту»(ырым)

66. «ауыз әдебиеті»()

67. «ауыз салу»(кірісу, бастау)

68. «нан ауыз тию»(ырым)

69. «ауылдағының ауызы - сасық»(менсінбеу)

70. «ел ауызында»(бәрі біледі, бәрі айтады)

71. «ауызы-мұрны қисаймастан»/ «айтқанда ауызы қисаймайды»(өтірікші)

72. “ауыз өзімдікі”(не айтсам да өзім білем)

73. “ауызын арандай ашу”(көп дәмету)

74. “ауызы берік”(ораза)

75. “екі ауыз сөздің басын қоса алмау”(ойын еркін жеткізе алмау)