ҚАҺАРМАН

ҚАҺАРМАН

Бүгін, міне, ҚР Президенті Қ.Тоқаев аты аңызға айналған ақиық батырымыз Бауыржан Момышұлына "Халық Қаһарманы" жоғары атағын берді.

Бұл бүкіл халықтың 80 жылдан бері күтіп жүрген әділдік үшін берілуі тиіс атақ еді…

ҚР Президенті Қ.Тоқаев: 

«Кеше Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толды. Даңқты қолбасшының нағыз ерлік жолы елімізбен қатар, шетелдерде өте танымал. 

Халқымыз оны қаһарман тұлға ретінде құрмет тұтады. Бірақ әйгілі батырға ресми түрде «Халық қаһарманы» атағы берілмеген. Облыс жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері, тіпті, жастарымыз да осы мәселені көтеріп жүргенін білеміз. Тарихи әділдікті қалпына келтіруіміз керек. 

Сондықтан мен Мемлекет басшысы ретінде Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдадым. Тиісті Жарлыққа бүгін қол қойдым. 

Батырдың есімі нағыз отаншылдық пен өшпес ерліктің символы ретінде әрдайым көпке үлгі-өнеге болуға тиіс. 

Баукеңнің ерлігі жай аңыз емес, бұл – нақты құжаттармен дәлелденген, Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлар мойындаған сөзсіз ерлік. 

Елге ерлігімен танылған, еңбегі сіңген азаматтарын бағалай білген жұрт ешқашан ұтылмайды»- деп жазды.

Аллаға шүкір дейік! Бахадүр батыр Баукеңнің пейіште рухы шалқи бергей! 

Ал кеше ғана, 2025 жылдың 24 желтоқсан күні қаһарман батырымыз Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына арнап белгілі қоғам қайраткері, дипломатияның дүлдүл ардагері Сайлау Батыршаұлы ағамыз салтанатты дастархан жайған еді. Оған елімізге белгілі тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткері Сағынбек Тұрсын, экс-сенатор Т.Симамбай, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары Қазыбек Иса, Болат Керімбек, Ұлтық қауіпсіздік комитетінің отставкадағы генералы Сейітбек Қойбақ және тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысты. 

Бүгінгі ақ түйенің қарны жарылған сүйінші хабарды естігенде, кешегі ақжолтай дастархандағы ақ тілектеріміз періштенің құлағына шалынған екен ғой деп ерекше қуандық.

Биыл көктемде екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңіске 80 жыл толған 9 мамыр күні ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов бастап, парламенттегі 6 партия фракциясы өкілдері қостап, аты аңызға айналған Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойдық.

Біз өткен ғасырда, 1979 жылы Алматыға оқуға келгенде батыр Бауыржан Момышұлы бар еді… Қаһарманға жолығу, қолын алу біз үшін орындалмаған арман болып қала берді…

Студент кезімізде бірінші Бауыржанға нешінші Бауыржан екендері белгісіз ҚазҰУ-дың сайыпқырандары Үсенов пен Омарұлы, Светқали Нұржан мен Нүсіп Әбдірахымдар барып жолығып, мерейлері тасып келгендері есімізде. Бізді қаһарманға жолықтыратын олардың кураторы, жазушы-ғалым Мамытбек Қалдыбайдай мықты ағаларымыз болған жоқ. Әлгі төрт досымызға қандай бақытты деп қызығып қарап жүрдік. Аты аңызға айналған батырмен қалай кездескендері туралы талай әңгіме айтқызып, әр айтқанда бірінші рет естіп отырғандай, қызыға тыңдай беретін едік. Бұл 1981 жылы 19 желтоқсан күні болған керемет кездесу туралы сол кездегі студент, бүгінде ҚР Ұлттық академия академигі, Президент кеңесшісі Бауыржан Омарұлы кезінде “Бірінші Бауыржан” деп қатырып тұрып естелік жазған. Светқали да келістіріп әдемі өлең жазды.

Содан көп ұзамай жазда Баукең де дүниеден өтті. Қазақ аспанынан жай түскендей болды. Өмірге келген адам кететінін Баукең қайтқанда білгендей болдық. Тура Қазақстанның Ресейге “өз еркімен қосылуының” 250 жылдығы тойланып жатқан 1982 жылдың 10 маусымы күні бақиға бет түзеді. Атағы да, шатағы да көп батырдың Қазақстанның Ресейге қосылуын тойлаған күні соған көрсеткен қарсылығындай мәңгілік сапарға кете қалуын жақтырмай, әрі қорыққан кеңес билігі бұл қазаны халықтан жасырып, екі-үш күн кейін жариялағаны белгілі…

Сонда Алматыда үш жыл жүріп, батыр Баукеңді бір көре алмай қалғанымызға қатты өкініп, қайғырып отырып жыр жазған едім. 

Енді міне, Ұлы Жеңіс күні Астана төрінде қаһарлы Қаһарманның өзін көрмесек те, ескерткішіне тағзым етіп тұрып, 1982 жылы жазылған “Қаһарман” атты осы жырымды “Қазақ үні” газетіне жариялағанмын. 

Бір қызығы, сол 43 жыл бұрын Баукеңнің қазасына арнап жазылған өлеңімнің тақырыбын “Қаһарман” деп қойған екенмін. Иә, шын мәнінде батырға Қаһарман атағын халық баяғыда беріп қойған еді.

Енді бүгін - сол 80 жыл бұрын халық берген атақтың ресми құжатталған күні! Ел тілегін орындаған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына халықтың алғысы шексіз.

Баһадүр Бауыржан Момышұлы қазақ халқымен бірге мәңгі жасай береді.

Қазыбек ИСА

25 желтоқсан 2025 жыл

ҚАҺАРМАН

Бауыржан Момышұлына 

Тiрлiгiмен танылатын тiршiлiк,

Ессiз жүрiп естiп хабар бiр суық.

Есiн жиып алды дағы кенеттен,

Жiбердi ауыр күрсiнiп...

Қара жердi қанатымен қайғы алып,

Басып қалды бауырынан байланып.

Ода жазбақ боп отыр ем ойланып,

Көз алдымда кеттi дүние айналып.

Көре алмай да қалдым сенi жүргенiмде жайланып...

О, сұм ажал, көзсiз едi мұншама,

Жүргендей-тiн жүрексiнiп бiршама.

Қарсы алдыңда қалтыраған шығар ол,

Сыр бiлдiрмей тұрса да...

Байғұс ажал берекесiн алып тым,

Сынай қарап мырс еттiң де, марғау кейiп таныттың.

Тұлғасына Бауыржандай алыптың,

Тар екенiн көрсетiп ең тiрлiктегi қалыптың,

Тар екенiн көрсеттiң сен 

қандайы да табыттың!

Махаббатын жамылып ап халықтың,

Ақбоз атпен ағып бара жаттың сен.

Қапасқа емес,

Қақпасына тарихтың...

Қазыбек ИСА

1982 жыл

БАҒАЛАНБАЙ ҚАЛҒАН БАТЫРЛАР БАР

Баһадүріміз Бауыржан Момышұлының өзі бүгін ғана, екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл, өзінің туғанына 115 жыл толғанда “Халық Қаһарманы” атанып отыр. Батыр Баукеңнің өзі кезінде екі рет ұсынса да, қан майданда қайтпас ерлік көрсеткен майдандас серігі, ержүрек батальон командирі Мұхамедқұл Исламқұловқа да “Кеңес Одағының батыры” атағы берілмей қалды. 

Мұхаметқұл Исламқұлов қан майданда ерлікпен қаза тапқанда “Көзсіз ер еді!”-деген Бауыржан Момышұлының жаны күйзеліп жазған “ЕР СЕРКЕСІ” атты толғауы сол соғыс кезінің өзінде 1942 жылы “Социалистік Қазақстан” газетінде жарияланды.

Кеш те болса, батыр Мұхаметқұл Исламқұловтың қан майдандағы ерлігіне лайықты «Халық қаһарманы» атағын беру жайында елдің бас газеті «Егемен Қазақстан», бастап, «Қазақ үні» қостап, көптеген басылымдар 25 жылдан бері қаншама жазғанымен, ол бастама өкінішке орай орындалмай келеді... 

Мектептің 6 сыныпқа арналған “Қазақ әдебиеті” оқулығындағы Б.Момышұлының “Жауынгер тұлғасы” атты әңгімесі мен көптеген шығармалары Мұхамедқұл Исламқұловтың ерлігіне арналған. А.Бектің “Волокаламск тас жолы” атты атақты кітабы мен оншақты белгілі авторлардың кітаптарында батырдың аты аталады. Мұхамедқұл Исламқұловтың қан майдандағы қаһармандық ерлігіне даңқты генерал И.Панфиловтың, Мәлік Ғабдуллиннің, яғни Баукеңмен бірге үш бірдей атақты Кеңес Одағы Батырының жоғары бағалауынан артық қандай баға, қандай құжат, қандай куәлік керек???

Баукең 1963 жылғы хатында: "Мен М.Исламқұловтың ерлігі туралы ондаған қазақ және орыс тіліндегі еңбектерімде жариялап, оның әруағы алдында жеке моральдық парызымды орындадым." деп жазыпты.

Баукең Мұхаметқұл Исламқұлов алдындағы парызын орындағанын осыдан 62 жыл бұрын жариялады.

Ал біз қашан орындаймыз?

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы да өтіп барады?!.

Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты