Үш заманды өткізген ардагер
2025 ж. 22 желтоқсан
2621
0
Жазушы Мұхтар Әуезов өз естелігінде айтқан еді: мен 3 саяси-әлеуметтік жүйеде өмір сүрдім: феодализм, капитализм және социализм. Мұхтармен замандас биыл 120 жасқа толып отырған Батырша Әжібаевта сол 3 жүйенің суығын да, ыстығын да және құдалаудан да өткен тұлға.
Мен әкем Батыршаны «көке» дейтінмін. Ол кісі 1905 жылы Жамбыл облысы, Шу болысында (ауданы) дүниеге келіп, діни медресесінде білім алған. Ол кезде Қазақстанның оңтүстігіндегі Шымкент, Бөген, Шаяннан қалалардан молдалар, медресе ұстаздары Әулиеатаның Шу өңіріне келіп, оқуға балаларды жинап, алып кетеді екен. Алдымен әліпті танитын, пысық жас балаларды таңдайтын көрінеді. Әкем білімге ынталы, зерек болыпты. Құран Кәрімнің аяттарын жатқа білетін. Сонымен, Шу өңірінен әкеммен бірге оншақты баланы Бөген ауылындағы медресеге апарады. Балалардың әкелері азық-түлік ретінде молдаларға бір қора қой, ешкі береді екен. Сол жерде оқып жүргенде қызыл әскерлер келіп, Кеңес үкіметі орнай бастаған. Медресе мен мешіттер жабылып, шәкірттер жан-жаққа кетті.
Большевиктер білген халықтың негізгі тірегі тіл мен дін бірте-бірте құрдымға кетірсе, халық өздігінен жоғалады. Себебі социализм, коммунизм қоғам идеологы Карл Маркс дінге, Құдайға сенбеген, Германияда туып өсіп, немістеніп кеткен еврей еді. В. Ленин, И. Сталин де осы Маркс айтқан жолымен жүргені белгілі. Әкем Батырша оқыған Бөген медресесінде Ақ Ишан деген имам болған. Ол аппақ киініп жүретін, нағыз дін жолына берілген жан болыпты. Сол кісіні большевиктер мешіт пен медресені жапқан кезде қатты қорлағанын әкем айтып отыратын. Қазақтың өз ішінен шыққан шолақ белсенді милициялар Ақ Ишанды жұрттың алдында ұрып-соғып, балағаттайды. «Сендерді қанап жүрген осылар» деп халыққа дінді, дін ұстанған адамды жиіркенішті етіп көрсетуге барын салады. Ақырында, «Сендерге теңдік алып береміз, бай, манаптар езгісінен құтқарамыз» деген желеумен қазақтың оқымысты, қайраткер азаматтарын, байларды абақтыға отырғызады, ал біразын атып жіберді. Бір халықты бай және кедей деп екіге бөліп тастады. Сол арқылы Совет үкіметіне жалпы Орта Азия елдерді большевиктерге жаулап алу оңайға түсті, азаматтық соғысты жүргізді.
Кейін 1966 жылы Қазақ ССР Сыртқы істер министрлігінде қызметте жүрген кезімде Шымкентке командировкаға барғанмын. Сонда Бөген, Шаяндағы медресе, мешіттердің есік-терезелерін ағашпен тас қылып шегелеп тастағаның көрдім. Күн тиіп, су өтіп тозған мешіттер 80-жылдарға дейін жабық тұрды. Тәуелсіздік алған соң осы діни ошақтары қайта ашылды. Совет үкіметінің елге жасаған лаңын айта берсеңіз таусылмайды, әрине...
Медреселер жабылып қалған соң, қызыл әскер ондағы қазақ балаларын жинап, Түркістан Республикасы орталығы Ташкенттегі интернатқа алып барады. Ол уақытта Ташкенттің жартысына жуық қазақтар болатын. Әкем сол жерде орта мектепті тәмамдап, Орта Азия мақта институтына (бүгінде ауыл-шаруашылық) оқуға түседі. 1925 жылы Қазақстанның Солтүстігі мен Оңтүстігі бір республика болып біріккен соң, астанасы Қызылорда болды. Қазақ студентттерді елдеріңе барып оқыңдар деп Ташкенттен қайтарып жібереді. Сөйтіп, әкем 4-курста оқуын толық аяқтай алмайды. Ол заманда елде маман тапшы болғандықтан 4-курс студенті әкемді агрономдық салаға жұмысқа қабылдайды. Кейін, Алматы облысы Ұзынағаш ауылына жібереді. Ол жерде бес-алты жыл қызмет істеген соң, жолдамамен Шымкент облысы Шолаққорған ауылына агроном болып барады. Онда машина-трактор станциясында еңбек етіп, кейін туған жері Шу ауданына оралады. Ол кезде Шу мен көрші Мойынқұм бір аудан болатын. Бұрын Мойынқұм ауданы Көктерек ауданы деп аталатын. Әкеміз Төлеби ауылы (бұрынғы Новотроицкое) Тұқым бақылау лабораториясында қызмет етті. Кейін, Шу мен Мойынқұм аудандары бөлінгенде екі ауданның Тұқым бақылау бірлескен лабораториясын жиырма жыл басқарды. Жерге қандай тұқым егілуі керек, сапасы қандай, қай мезгілде піседі, топыраққа үйлесімді ме дұрыс бола ма? – деген мәселелерді анықтайын лаборатория еді. Кейін Батырша Ленинград қаласында Ауылшаруашылық институтын тездетіп бітірді, Ақтөбек ауылда совхоздың бас агрономы болды. Қазір жоғарғы атақтар көп қой, оған қол жеткізу де оңай. Ал ол кезде бүкіл облысқа бір-ақ атақ берілетін. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шешімімен әкемнің қырық жылғы еңбегі және Ұлы отан соғысы кезінде одан кейінде мол ауыл шаруа өнімдерін бергенін елеп, «Қазақ Республиканың Еңбек сіңірген агрономы» ең жоғарғы атағын алды.
Ол заманда коммунистік партия қатарында болмасаң, басшылық қызметке кіруге мүмкіндік жоқ. Алайда, көкем партияда жүрсе де, мұсылмандықты сақтап, намаз оқитын.
Әкеміз бес ағайынды болған. Екі бауырын кулактармен жерге талас кезінде ұрып өлтірген. Біреуі ашаршылық уақытында қайтыс болыпты. Ал үлкен ағасы Шолпанқұл дін ұстанған, Құран оқып, құлшылық етіп жүретін тақуа молда еді. Әкемнің діни білімі бар болғандықтан, кісі қайтса жаназа шығарып, өзге іс-шараларда, жиындарда Құран оқитын. Бірде Шу аудандық партия комитетінің хатшысы Жапар Түйебеков деген кісі әкемнің Құран оқып жүретінін біліп, тиісе сөйлесе керек. Өзі әкемді «күйеу бала» дейтін. Бір ауданның адамдары болған соң, бір-бірін жақсы таниды ғой. Сол кісі әкеме «Жолдас Әжібаев, сен өзі партбилетті қалтаға салып алып, намазға жығылады екенсің, Құран оқисың, бұны қалай түсінеміз, партиядан шығару керек қой сені», – деп әзілдеп, елдің алдында ығыстырып алмақ болыпты. Сонда Батырша: «Жапар, біз де, сіз де коммуниспіз, сіз өмір бойы Райком хатшысы болып жүре бермейсіз, бәріміз де уақытымыз келгенде ана дүниеге аттанамыз. Сонда мұсылман ретінде жаназамыз шығарылып, Құран оқылып жерленгеніміз жөн емес пе?» – деп бұл жағдай оның өз басына да келетінін ескертіпті. Райком хатшысы Жапар содан кейін әкеме дін жайында қайтып ауыз ашпайтын болыпты.
Батырша 30 жылдарғы күштеп колхоздандыру, аштықты да, ОГПУ және КГБ-нің қудалауын да көрген адам. Мәскеудің озбырлығын, халқымыздың аштықтан қойша қырылғанын ашына айтып отыратын. Бірақ, ол кезде ОГПУ, КГБ репрессиялық органдардың қысымы, бақылауы қатаң болғандықтан, ашық сөйлеуге ешкімнің батылы жетпейді. Бір жерде аудан қызметкерлері Сталиннің саясаты туралы бір ауыз бұрыс сөз айтып қалса, ертеңінде-ақ тұтқындалады. Бар-жоғы үш белсенді қол қойдырады да, тергеу де, сот та жүргізбей, түрмеге алып кетеді. Комиссияның аты «Үштік» деп аталатын. Осыдан қорқып қалған анам Бибігүл маған: «Балам, шындықты, әділетті іздей бермей, қойсаңшы, «ұлт пен шындық» саған ғана керек пе? Айтатын басқа биліктегі адамдар бар емес пе, ұлтшылдығың айналып келіп басыңа таяқ болып тиеді ғой», – деп талай ескерте беретін. Мен анама: «анау айтсын, мынау бірдеңе жасайтын шығар» деп қарап отыра берсек қазақтың тағдыры не болмақ, әрекет жасау керек қой, қорғанбасақ қалай жан сақтаймыз», – деп өз пікіріме көндіруге тырысатынмын. Расында, 1986 жылы желтоқсан көтерілісінен кейін де тіл, ұлт, намыс үшін күресте биліктен талай таяқ жедім. Менің Кремлдің озбырлығына, Қазақстан Компартиясын басқаруға жіберген Колбинге қарсы күресім үшін ашылған қылмыстық іс Совет Одағы тарағаннан кейін ғана тоқталды. Үш жыл бойы «Үштік» жазалау комиссиясы мені тергеудің астына алып, қудалады.
Қазір ойласам, әкемді мәңгі қасымызда жүретіндей сезініппін. Бір кемшілігім – көп жайларды сұрап, жазып алмай, әңгімелесуге ден қоймағандығым. Көкем ел тарихын, дәстүрді, қазақы жан-дүниені сақтау жөнінде айтатын. Республикадағы қазақ мектептері жабылып, театрлардың жұмысы тоқтағанда, қатты назаланды, «партия басшысына тікелей мін тақпаса да, республика басшысы кісі не істеп отыр, неге бір әрекет жасамайды» деп қынжылатын. Дәл осыған байланысты айтқан мына бір сөзі есімде қалыпты. Сол кезде, Әкем: «Басшылық қызметте Бауыржан Момышұлындай 100 батыр болса, Қазақ халқы мұндай нашар халде болмас еді», – дегені бар.
Шындығында, сол уақытта батыл белсенді жүз адамның өзі жай арман еді, тек сол жүз адамға үлгі болған Бауыржан Момышұлы, Жұмабек Тәшенов, Өзбекәлі Жәнібеков, Асанбай Асқаров, Салық Зиманов, Өмірбек Жолдасбеков, Ілияс Есенберлин, Балжан Бөлтірікова, Шона Смаханұлы, Әбіш Кекілбайұлы, Қадыр Мырзалиев, Ақселеу Сейдімбек, Мақсұт Нәрікбаев, сынды санаулы тұлғаларды осы күнге дейін мен құрметпен айтамын.
Сайлау Батыршаұлы, ҚР Дипломатяилық қызметінің қайраткері, Экономикалық ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі, Еуразия ұлттық университетінің профессоры