ӨМІРДЕН ЖЕҢІЛМЕЙ ӨТКЕН ЕР ЕДІ…

ӨМІРДЕН ЖЕҢІЛМЕЙ ӨТКЕН ЕР ЕДІ…

Қазақ күресінің қайраткері, Оңтүстіктің айбатты ері, Мырзашөлдің мырзасы Бақыт Жаңбырбайұлы дүниеден өтіпті. Алла алдынан жарылқасын!

Биыл ғана көктемде есімі елге белгілі ер көкеміздің жемісті 75 жасқа толғанын тойлап едік. Көптен бері қатерлі аурумен ауырып жүрсе де, сырбаз қалпын сақтап, сыр білдірмейтін.

Бақыт Жаңбырбайұлы - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР Құрметті спорт қайраткері, «ФИЛА» Халықаралық Күрестер қауымдастығының «Алтын қыран» орденінің иегері, аса жоғары дәрежедегі халықаралық төреші, Түркістан облысының Құрметті азаматы, Жетісай және Мақтарал аудандарының Құрметті азаматы. 

Б.Жаңбырбайұлы атында 2020 жылға дейін 24 халықаралық деңгейдегі жарыс өткізіліп, оның барлығында дерлік темір тұлпар тігіліп, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей сынды көрші мемлекеттерден балуандар қатысып, бақ сынап, сый-сияпатқа ие болғанын халық жыр қылып айтады. 

Бақыт Жаңбырбайұлы 2004 жылы Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында 112 мемлекет қатысқан симпозиумда Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының құрылуына мұрындық болады. Әлем жұртшылығының басын қосқан осынау ауқымды іс-шарада қазақ күресін дүниежүзіне таныстырып, дүниежүзілік күрес одағына кіруіне ықпал етеді.

Қазақ күресінің дамуының басы-қасында жүрген ол 11 рет Азия чемпионатын, 8 рет әлем чемпионатын өткізуге септігін тигізді.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, Бақыт Жаңбырбайұлының талай дүбірлі додаларда шашасына шаң жұқтырмаған шәкірттері ел мақтанышына айналып, ұстаз абыройын асқақтатып жүр. Облыстық жастар құрамасында талай болашақ чемпиондарды тәрбиелеп шығарды. Кезінде қазақтың түйе палуаны атанған, кейін Спорт министрлігінде басшылық жұмыстарда істеген есімі елімізге белгілі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, аса жоғары дәрежелі халықаралық төреші, спорт серкесі Серік Түкиев Бақыт Жаңбырбайұлының қол астында шыңдалған балуандардың бірі. Сонымен бірге еркін күрестен Қазақстанның төрт дүркін чемпионы болған Ерубай Намазбаев, КСРО Қарулы күштерінің чемпионатында топ жарған Юрий Аккермани, Өзбекстанның 7 мәрте чемпионы болған Константин Мелтиди және ағайынды Бақытбек пен Бауыржан Махамбетовтер секілді спорт саңлақтары білікті бапкердің бағына айналған балуан шәкірттері.

90-шы жылдары Бақыт ағамыз көлік апатына түсіп, екі жыл алты ай төсек тартып жатты. Сол кезде ол өзінің рухы мықты екенін көрсетіп, асқан ерік-жігерінің арқасында қайта қатарға қосылып, атқа мініп кетті.

Жаратылысынан қуатты Бақыт Жаңбырбайұлы қоғамдық-саяси жұмыстардың да бел ортасында жүрді. 2015-2017 жылдары Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының Жетісай ауданындағы өкілі болып, абыройлы қызмет атқарды. 

Алаш жолын ұстанған «Ақ жол» партиясыныңбастамасымен елдің ынтымақ-бірлігін сақтау мақсатында көптеген іс-шаралар өткізді. Сонымен қатар, партияның қолдауымен жастар мен жасөспірімдер арасында қазақ күресінен халықаралық додаларды өткізіп жүрді. Тек өз ауданында ғана емес, облыстағы Отырар, Ордабасы және т.б көптеген аудандарда қазақ күресінен дүбірлі жарыстарды өткізді. 

Өткен ғасырда, 1996 жылы белгілі кәсіпкер-меценат, руханиятқа қамқор рухы биік қайраткер Ислам Әбіштің демеушілігімен менің тұңғыш кітабым «Керімсал» жарық көрді. Еліміздің жаңадан Тәуелсіздік алғандағы қиын-қыстау кезең еді. Қазір де оңай емес, ал ол кезде кітап шығару бір ақырет болса, оны тарату одан өткен қиямет еді. 

Исекеңнің кеңесімен туған жерім Мырзашөл өңіріне аты дүрілдеп тұрған Бақыт Жаңбырбай көкемді іздеп, кітап өткізуге бардым. Ол көкеміз 1960-шы жылдары Киров ауданы «ХХ партсъезд» совхозында әкеміз Жарылқасынмен бірге тұрған, інісіндей болып кеткен еді. Өзі балуан болғанмен, қазақ поэзиясын кез келген әдебиетші мұғалімнен жақсы білетін, көрнекті қазақ ақындарын жатқа оқитын Бақыт көкеміз мені құшақ жая қарсы алды. "Аты дүрілдеп тұрған мақта зауыттарының қожайындарының бәрі өзіңнің көкелерің болады» деп, Мырзашөлдің мырзаларының бәріне алып барды. Осы өңіріндегі үш аудан басшыларымен, мақта зауыттары мен шаруашылық басшыларына алып барып таныстырды. Аты белгілі асаба Бақыт көкеміз менің өлеңдерімді нәшіне келтіріп тұрып, жатқа оқып, мақтауымды асырып таныстырғанда, «осы кісі шынымен мен туралы айтып тұр ма?» деп ойланып қаласың. Тарландар Тойым Жүніс, Омарбек Нұржан, Ибадулла Үмбетай, Ережеп Қанай, Айдархан Өтен, Салдар Жамал, Кенжехан Төлебай, Кенжебай Мамыт, Таңат Үмбетай, Әділхан Есқара, Ағман Сабырхан, Пердеш Есенбек, Сәкен Сейтім секілді есімдері елге белгілі ағаларымызбен сол жолы таныстық. Кейін Омарбек көкеміздің таныстыруымен Өзбекстанда аудан басқарып, парламент депутаты болған Бегім Серік ағамызбен де дидарласудың сәті түсті. Жыр жұлдызы Жұматай Жақыпбайдың жырға қосқан досы, елімізге есімі белгілі ақын Әлібек Мейірбек сол кезде аты шығып тұрған кәсіпкер-меценат ағамыз Батырхан Төлебайға ертіп алып барды. «Батырхан бауырым, сен кітаптарын шығарып беріп жүрген республикадағы ақын-жазушыларың жүздікке кірсе, Қазыбек Иса үздікке кіретін дарынды ақын» деп, әдемілеп таныстырды ағамыз. Батекең де аңқылдаған атпал азамат екен, жақсы жәрдем беріп, қолдау көрсетті.  

Сонымен сол кездегі мақта зауыттың басшылары алып барған 1,5 мың кітабымды пышақ үсінен бөлісіп алды. 

«Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпейді» дегендей, көкемнің көмегіне қатты риза болдым. Кейін Алматыға келгенде жақсылап құрметтеп, қонақ етіп, Алаштың арынды ақыны Ғалым Жайлыбай бастаған біраз қаламгерлермен таныстырдым. Ғалекең де қазақ ақындарын жатқа оқитын, ақынжанды, ер көңіл Бақыт Жаңбырбайды бірден ұнатып, үйіне қонаққа шақырып, екеуі біраз бірге жорыққа шығып жүрді... Бақыт көкеміз кейін Ғалымның да өлеңдерін жатқа айтатын болды.

Қай кезде де елдің жақсылығының ортасынан табылатын ақкөңіл ағамыз Шардара ауданы Қызылқұм ауылындағы қарашаңырағымызда талай болып, інілеріміздің тойында ақ тілектерін ақтарды.

2021 жылы ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты ретінде Түркістан өңіріне жұмыс сапарымен барғанымда Жетісай, Мақтарал аудандарындағы елмен кездестік.

Сонда Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, белгілі бапкер Бақыт Жаңбырбай мен туралы кеңінен айтып, “Қазыбектің әке-шешесі осы өзіміздің өңірде, бұрынғы Киров (Асық ата) ауданы «XX партсъезд» кеңшары, қазіргі Қызылқұм ауылдық округі Алғабас ауылында тұрған, әкесі Жарылқасын көкеміз мақта майталманы болып, еңбек еткен, ел тарихын, жазушылармызды жақсы білетін зерек кісі еді” деді. Елдің бір түкпірінде қалған, айналасындағы аудандарды қосқанда 500 мыңдай халық тұратын Мырзашөл өңірінің орталығы Жетісайға темір жол мен әуежай салуға ықпал етуін сұрады. Бұл маңызды мәселені Мақтарал ауданындағы кездесуде ел ағасы, ақын Пердеш Есенбек те көтерді.

Жиын соңында Жетісай ауданының Құрметті азаматы, белгілі спорт қайраткері Бақыт Жаңбырбаевқа спорт саласындағы жемісті еңбегі мен қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігіне, атқарып жүрген еңбегіне алғыс білдіріп, «Ақ жол» демократиялық партиясы мен Қазақстан тарихшылары қауымдастығының «Қазақ хандығына 550 жыл» мерекелік медалімен марапаттадық.

Бұл теміржол мәселесін біз сол кезде «МЫРЗАШӨЛ ӨҢІРІНЕ ТЕМІРЖОЛ мен ӘУЕЖАЙ КЕРЕК?»-деген тақырыпен республикалық баспасөзде, «Қазақ үні» газетіне жариялап, Үкіметке жолдаған едік. 2023 жылы күзде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Түркістан облысында ұзындығы 152 шақырым болатын Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды. Ол 2026 жылы толық аяқталады. Теміржолмен бірге қапталдас төрт жолақты асфальт жол болады. Яғни, Бақыт көкеміз тапсырған ел аманаты нәтижелі орындалуда.

"Дүние жалған" дегендей, есімі елге белгілі ел ағасы, Қазақ күресінің қайраткері, абзал азамат, ардақты ағамыз Бақытжан Жаңбырбайұлы бақи дүниеге бағыт алып барады...

Оның жарқын бейнесі, жасаған жақсылығы оны құрметтейтін жандармен бірге жасай береді.

“Жемісін де төгеді ағаш жерінде, 

Сертке берік серкесің ғой еліңде!

Кілемде де көрмеп едің жығылып, 

Өмірде де ешуақытта жеңілме!” 

деп, осыдан 30 жыл бұрын жазғанымыздай, өр ағамыз өмірден жеңілмей өтті!

Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Түркістан өңірі, ордалы Оңтүстік халқына, еліміздің спорт саласына көңіл айтамыз. 

Алды пейіш, арты кеніш болғай. 

Иманын жолдас, жатқан жерін жайлы етсін!

Қазыбек ИСА - ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

23 желтоқсан, 2025 жыл

ӨМІР-КҮРЕС

Қазақстан Республикасынының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Халықаралық дәрежедегі төреші, қазақша күрестен Қазақстанның, Өзбекстанның, Орталық Азияның бірнеше дүркін жеңімпазы, Түркістан облысының және Жетісай, Мақтаарал аудандарының Құрметті азаматы Бақыт Жаңбырбайұлына

Тура келген апатқа бұл жоқ айла, 

Тар төсекке таңылдың сен көп айға... 

Боз кілемде ойнақтаған балуанға, 

Бозарып-ақ жату деген оңай ма? 

Қайрауында жігер менен намыстың, 

Сегіз жүз күн аурумен алыстың. 

Рухыңды түсірмедің жыр оқып, 

Әр ақыннан алып жаның әр ұшқын... 

Білектің жоқ... 

Жүректің көп дірілі... 

Сазға бөлер Сабырханның сыры, үні... 

Толғатады Төлегеннің жыры ұлы.

Қадыр қайрап, 

Мұқағали мұңдасып, 

Сезім шайқар Тұманбайдың тұнығы... 

Тағдырымен тайталасып тірескен. 

Ақын жанды ең жүрегінен жыр ескен.

«Өмір күрес» дегендей-ақ, өр аға, 

Бақытыңды таптың ақыр күрестен. 

Келісті ерден кете қоймас бақ көшіп... 

Талай тарлан шәкірттерің жатты өсіп. 

Алыс-жақын жатыр бүгін шапқылап, 

Атыңдағы жарысқа да ат қосып... 

Қажымұқан қайрат берген қалпыңда, 

Нағыз бапкер атандың сен нар тұлға. 

Талай тойда қызмет еткен асаба ең, 

Тамашаңды тойлауда енді халқың да... 

Жемісін де төгеді ағаш жерінде, 

Сенімге ие серкесің ғой еліңде!

Кілемде де көрмеп едің жығылып, 

Өмірде де ешуақытта жеңілме! 

Қазыбек ИСА

1995 жыл