ҚЫЛҚАЛАМ ЖӘНЕ ТАҒДЫРЛЫ ТАЛАНТ

ҚЫЛҚАЛАМ ЖӘНЕ ТАҒДЫРЛЫ ТАЛАНТ

Тоқболат Тоғысбаев... Осынау есімді сонау өткен ғасырдың 60-шы жылдарында қазақтың әдебиеті мен өнеріне имене басып келіп, алғашқы, тырнақалды туындыларымен топ жарып, танылған, қысқа ғана он-жиырма жылдың ішінде елге танымал болған саңлақтардың қатарында атаймыз.

Сол тұста бір шоғыр жас қаламгерлер, жазушылар, ақындар Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Сайын Мұратбеков, Дулат Исабеков, Төлен Әбдіков, Асқар Сүлейменов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова және тағы басқалар жарқ етіп көрінді. Осынау дарынды, жас буынның алғашқы аяқ алысына оқырман назар аударды, туындыларын қуана қабылдады. Себебі бұл буын талантты буын болды.

Тап осындай құбылыс, бір ғажайыбы, сурет, қылқалам өнерінде де қайталанды. Кешегі, алдыңғы буын ағаларының ізін басып, өздерін жаңа қырынан, жаңа тақырыптарымен, жаңаша бояу жағу стилімен, тың ізденістерімен көрінген бұл буынның тегеуріні қатты болды. Себебі бұлар дүркірей көтерілді...

Бұлар өз қолтаңбасын таныта келді. Бір-бірін қайталамай келді. Жоғарыда айтып өттім, кешегі қазақ қылқалам өнерінде сеңді бұзып, әрқайсысы бір-бір мектептің негізін қалап, алғашқы қазығын қаққан Әбілхан Қастеев, Қанафия Телжанов, Молдахмет Кенбаев, Айша Ғалымбаева, Жанатай Шәрденов, Үкі Әжиев сынды метрлердің үлгісін көрген, солар бастап берген жанрлық бағыттардың, көркемдік ізденістердің тереңіне бойлап, енді өзіндік стилдік өрнектерін іздей бастаған жемісті тұс болатын бұл.

Әсіресе бұл буынның маңдайына ұлттық колоритті терең аңғарып, сонымен қатар әлемдік қылқалам өнерінің шыққан биігімен ұштастырып қылқалам өнеріндегі ұлттық бояуды өркендету бақыты бұйырды. Ұлттық бояуға табан тіреп, тамыры терең ұлттық құндылықтарға арқау сүйеуден алдыңғы буын ағаларымыз да кенде болған жоқ еді. Мысалы, Әбілхан Қастеевтің, Айша Ғалымбаеваның, Қанафия Телжановтың ұлттық бояуы кем еді деп кім күмән келтіре алады? Ұлттық бояу, ұлттық діңгек тұтас арна ретінде әрине әу дегеннен қазақ суретшілерінің барлығының асыл мұраты, алтын өзегі, шығармашылық қиялға жаңа тыныс берген қымбат қазынасы болды. Оған еш талас жоқ. 

Ал енді Тоқболат Тоғысбаев өз қатарлары, өнер сапарына бірге аттап, бірге шыққан Салихитдин Айтбаев, Шаймардан Сариев, Әбдірашит Сыдыханов, Исатай Исабаев, Мақым Қисамединов, тағыда басқа бір шоғыр сол тұстағы Қазақстан кескіндемесінің жаңа буынын бастап келді. Өз үнімен, өз дауысымен, яғни өз қолтаңбасымен келді. 

Осы буынның алды міне бүгін сексен беске, тоқсанға келіп жатыр. Биыл аман жүргенде Тоқболат көкеміз де сексен бес жасқа толар еді... Өкінішке орай ол алпыс жасын да тойлай алмай кетті. Елу алты жасында өмірден озды. 

Тоқболат Тоғысбаевтың үш талантты шәкірті болды. Бірі – Ерболат Төлепбаев, екіншісі Бексейіт Түлкиев, үшіншісі – қолдаңбалы өнердің шебері, суретші, гобелен өнерінің шыңына шыққан тұлға Қанат Қалқабаев. Осы інілерін тәрбиеледі, бәйгеге салды, өз қанатындай жанынан тастамайтын. Ата қыранның балапандарын баурап өсіретіні сияқты Тоқаң да осынау үш інісін баулып өсірді. Қанаттыға қақтырмады, тұмсықтыға шоқыттырмады. Алғашқы, сенімді шәкірттері де осылар болды. Ананың сүті, ауылдың самалы еді үшеуін бір бұлақтың басында, Тоқболаттың қасында тоғыстырған...

Үшеуі де таудың бауырында дүниеге келді, тауға қарап ержетті. Осынау ұшар басын мұз, қар көмкерген тұмса табиғат, жарыса, жамырай аққан қос өзен Қасқасу мен Сайрамсу осынау үшеуіне ата, анасынан кейінгі ең қымбат, ең қастерлі, жанына жақын, баға жетпес құндылықтар болғанын білемін.

Біздің ауылдың өзі сурет еді. Табиғаттың өзі бойында ана сүтімен келген дарының болса соның көзін ашатын құдірет еді. Сондықтан Тоқболат ағасына еліктеп Ерболат та, Бексейіт те, Қанат та жеті жасынан бастап сырлы бояуға үйір болды. Олар мектеп қабырғасында жүріп-ақ алғашқы туындыларын өмірге әкелді.

Тоқболат ағамыз алғашқы туындыларын Абай образынан бастапты. Құнарлы тақырыпты бірден тапқан. «Ойшыл Абай» атты 1971 жылы салған суретіне көз салсаңыз ой үстінде отырған данышпан ақынды жазбай танисыз. Заманынан көп қиянат шеккен, елінің, ағайынның алауыздығын, дұшпан көңілін көп көрген, жүрегінен өткізген, енді келіп жалғыздықты өзіне серік еткен қайран ақынның тығырыққа тірелген ішкі жан дүниесін майлы бояу айна қатесіз жеткізеді.

Кемеңгер ақын сонда да елінің болашағына сенеді, ертеңінен үміт күтеді, білім, ғылым, Алла жолына кәміл сенетін Хакім Абай өз халқының жарық жолға түсіп, күллі адамзат жүріп өткен ұлы сапарда көш соңында қалмайтынына сенімді. Артқы фонда салынған күн іспеттес жер шары, алдында парақтары ашық жаюлы жатқан кітап, қос алақанын қаусыра ұстаған салалы саусақтары, сонан соң таңның шапағындай әсер тастайтын қызыл бояу мен жер бетінің шексіздігін бейнелейтін көк бояу бір бірімен жарасым тауып он сегіз мың ғаламның сыры мен құпиясын Абаймен бірге таны, түйсін дегендей ой тастайды. Қылқалам құдіретін суретші алғашқы туындыларынан бастап сәтті пайдаланған екен. 

Келесі суреттер – «Қызыл түстегі натюрморт» (1967), «Қажы-Мұқанның портреті» (1971), «Аламан бәйге» (1971), «Махамбет Өтемісов» (1972), «Асхана» (1972), «Ән салып тұрған таулар» (1973), «Құрылысшылар үні» (1973), «Жастық шақ» (1975), «Халық суретшісі Айша Ғалымбаеваның портреті» (1976), «Ұя» (1987), «Түркісіб» (1987), «Жылылық» (1988), «Киіз үй» (1990), «Хабар» (1991), «Айдың тұтылуы» (1991), «Жазғы бақ» (1992), «Аналар» (1978), «Асанәлі Әшімовтың портреті» (1973), «Бауыр» (1985), «Шаттық күндер» (1987), «Шығыс интерьері» (1990), «Ана мен бала» (1996), «Гүлдер» (1996), «Күз» (1965), «Зибагүл» (1983), «Суретшінің тұғыры» деп аталады. Сан-салалы бағыттағы, әралуан тақырыптағы полотнолар. Бір бірін қайталамайтын суреттер. Сюжеттер. Пішіндік, формалық үлгілері де әралуан.

Суретші бір туындысынан екінші туындысына ауысқан сайын өсіп отырады. Шеберлік мағынасында. Суретшінің қылқаламынан туған «Абай» картинасы мен «Махамбет» картинасының бір-бірінен айырмашылығы жер мен көктей. Қайталау жоқ. Бояулары да бір біріне ұқсамайды.

Алдаспан ақын Махамбеттің бейнесінде қара бояу мен алқызыл бояу басым. Неге? Махамбеттей жалынды, азулы ақынның портретін беруде суретші осынау түстерге кездейсоқ басымдық беріп отырған жоқ. Маң далада, арқасын жон-жон Нарын құмдарына тіреп отырған айбатты, айбарлы ақынның бойынан бірден қайрат пен қайсарлық қатар көрінеді.

Салалы саусақтары мен күш, қайраты тасыған батырдың құрыштан құйылғандай сом денесі, туған жеріне табанын тіреп, қандай жау келсе де селт етпей отырған батырдың от шашқан көзі, іріліктің белгісін беріп тұрған сом-сом білектері мен тепсе темір үзетін аяқтары, осының барлығына жарасып тұрған баһадүрлер ғана киетін темір торлы сауытқа ұқсас сыртқы киімі, барлығы Махамбеттей арысымыздың арманда кеткен тағдырын түгел баяндап тұрғандай...

Ханның басын шауып, отырған алтын тағын тас талқан ете алмай кеткен, еліне, бауырларына сеніп опық жеген, қандыкөйлек досы Исатай батырдан соғыс үстінде тірідей айрылып, енді барар жері, басар тауы қалмаған қайран ақынның, бірақ өлімді де сескенбей, селт етпей күтіп алған, бір елі шегінбей, жаралы жолбарысша соңғы демі біткенше тайталасып, арпалысып өткен батырдың тұлғасын сәтті сомдаған полотнолар өнер әлемінде сирек. 

Тоқаңның замандасы, досы болған дарынды суретші Мақым Қисамединов қана графика жанрында Махамбет бейнесін тосыннын, терең бейнелеген туындылар сериясын өмірге әкеліп еді...

Тоқболат ағамыздың өзі де өмірде батыр тұлғалы, ұзын бойлы, жауырындары қақпақтай, жұдырықтары тоқпақтай, өте сұсты, бірақ достарына келгенде өте мейірімді, соңғы нанын бөліп беретін, соңғы дәмін қонағының алдына қуана қоятын мәрт, жомарт жан болды. 

Шеберханасы Алматының жүрек тұсында, қазіргі Арбатқа айналған Панфилов көшесі мен Әйтеке би көшесінің қиылысқан жеріндегі тоғыз қабатты суретшілер үйінің жетінші қабатындағы ұядай бөлме болды. Біздер, Қасқасудан шыққан бір топ бозөкпе студенттер, үнемі аш, үнемі жалаңаш жүретін жастар ағамыздың шеберханасын паналаушы едік. Біреумізді де кеудемізден итерген жоқ, қашан барсаң да қайнап, пісіп, дайын тұратын кеспесі мен сәбіз, пияз қосылған қуырдағы дайын тұратын. Осынау сағымға айналған сағаттарымды, сақалын сипап қойып аңқылдап алдымыздан шығатын ағамызды, көкемізді сағынамын.

Жастық шағым, жақсы күндерім көкемізбен бірге кетіп қалғандай көрінеді. Сол бір 1996 жылдың алғашқы жаз күндерінде суық хабар келді де, көкемнің үлкен жүрегі, батыр жүрегі кенеттен тоқтады да біз, бір топ бауырлары тұл жетім қалдық. Асқар тауымыз, жердің шетінде, желдің өтінде бізге пана болып тұрған жартас құлады. Бүгінгі күнге дейін орны ойсырап тұр. Көкемізді ешкім ауыстыра алмады.

Бір ақиқат бар. Шын мәнінде, бір өзі сөз басында айтқанымдай сонау ғасырдың 60-70 жылдары қылқалам өнеріне қадам басып үлкен серпіліс әкелген, дүр етіп келген, «алпысыншылар» деп аталған кілең дарындылардың қатарында «бір әлем» болып ғұмыр кешкен, соңында жүзге тарта елеулі туындылар қалдырған, әсіресе, «ұлттық колорит» деп аталатын бағытты байытқан, бояу жағу стилінде үлкен төңкеріс жасаған, тұтас мектеп қалыптастырған біртуар суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, шәкірттер тәрбиелеген ұлағатты ұстаз Тоқболат Тоғысбаевтың есімі қазақ өнерімен бірге мәңгі жасай береді.

Өзі туып, өскен Тасарық атты елді мекенде суретшінің атында үлкен, еңселі мектеп бар. Түркістан облысы, Төле би ауданында. Сол мектептің кіре берісінде суретшінің батыр тұлғалы, айбынды, қызыл мәрмәр тастан қашалған биік мүсіні күніге осынау қасиетті қазақ мектебінің киелі табалдырығын аттаған жүздеген оқушыларды қарсы алып, үйлеріне шығарып салып тұрады. 

Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы, профессор